БАТЫРЛЫҚ ДӘСТҮРДЕГІ ЖАНҚОЖАНЫҢ ОРНЫ

БАТЫРЛЫҚ ДӘСТҮРДЕГІ ЖАНҚОЖАНЫҢ ОРНЫ

Батырдың қызметі мен батырлық әрекет қырларын қайта таразылап, хас батырларымыздың ел қорғаудағы еңбектерін насихаттау мен есімдерін әркез ұлықтап отыру тәуелсіздігімізді баянды ету үшін өте маңызды. Өйткені, батырлар қай қоғамның болмасын тірегі болып саналады. Олай дейтініміз, батырлық іс адам қызметінің құрбандықпен ұштасатын ең биік шегі. Сондықтан батырлық әрекет немесе іс-қимыл тек қана соғыс кезіндегі қанды шайқастарда ғана емес, бейбіт уақытта да көрінеді. Күнделікті еңбекте, мәдениет пен өнерде, ғылымда, медицинада, т.б. с.с. өмір салаларында еңбек Ерлерінің шығып жататыны бұл пікірімізге дәлел. Бейбіт заманда Ерлердің қатарының азаймауы әлеуметтік ортада батырлық дәстүрдің сақталғанын білдірсе керек. Әңгімені батыр сөзінің шығу тегінен бастайық. Қоғамдағы ерлік дәстүр жөнінде біршама зерттеулер жүргізген тарихшы ғалым, т.ғ.д., академик К.Л.Есмағамбетов этимологиясын түркінің «батур» сөзінен таратады. Ол моңғолша-баһадүр, орысша-богатырь, қазақша-батыр. Еуропада олар-рыцарьлар, ал араб-түркі әлемінде-дала батырлары ретінде көрінді. Жалпы алғанда, «батырлық» немесе «ерлік» тақырыптарына арнайы зерттеу жүргізгендер көп емес. Тарихи әдебиеттерде батырлық әрекеттің түп-тамырын тануға алғаш болып антикалық философияның Платон, Аристотель сияқты өкілдерінің зейін қойғаны айтылады. Еуропада ортағасырлар мен қайта өрлеу дәуірінде Дж. Бруно, жаңа заманда Дж. Вико сияқты ойшылдар «батырлық іс-әрекетті» қоғамдық құбылыс ретінде танып, философиялық анықтама берген. Ал классикалық философияда батырлықты мәдени феномен ретінде зерттеу Г.Ф.В.Гегельден басталады. Ол «батырлық әрекетті абсолютті рухты танудың кезекті бір сатысы ретінде жалпы тарихи процестен бөліп алып, қарастырды. Гегель «батыр» ұғымын «ұлы тарихи тұлға» ұғымымен шендестіре талдады. Ол үшін батыр-жалпылықтың жеке адамдағы көрінісі, яғни ол-көпшіліктің талабын дара білдіруші, обьективті қажеттілікті уағыздаушы және оның жоқтаушысы, халықтың өмірін жаңартушы. И.Кант болса батырды кәмілетті адам (сверхчеловек) деп бағалап, батырлық әрекетті адам қызметінің ең жоғарғы шегі санады. Ағылшын ойшылы Т.Карлейльдің зерттеулерінде «батыр-халықтың жиынтық адамгершілік қасиеттерінің қайнар көзі, сондықтан да ол қоғам өмірі үшін аса қажет элемент» болып бағаланды. Кеңес заманында марксизм-ленинизм классиктері де «батырлықты» айналып өткен жоқ. Алайда, олар батырлық іс-әрекетті қоғамды революциялық жолмен жаңартуға қажет әдіс ретінде таптық күрес тұрғысынан қарастырды. Батыр адамның қоғамдағы рөлін аса зор бағалаған түркі текті бабаларымыз болатын. Арғы бабаларымыз елден батыр ұлдарының ел қорғаудағы қайталанбас қызметін қисса-дастандар, жыр-толғауларға арқау етіп, есімдерін ел есінде қалдырып отырды. Жаңа ұрпақ батырлар жырымен сусындап өсті. Олардың қызметін бесікте жатқан кезінен бастап құлағына сіңіріп өскен жас ұлан батырға қарап бой түзеді. Бұл бір жағынан, тәрбие дәстүрі болса, екінші жағынан батырлыққа итермелеген жаугершілік өмірдің шындығы, яғни қоғамның қажеттілігі де еді. Сол себепті де лира-эпостық жырларда батыр образы жағымды кейіпкер ретінде сомдалды. Олардың кейбірінің өз қандастарына тізесін батырған озбырлық істерін сырттан жау келгендегі елді аман алып қалу жолында жасаған ерлік істері жуып-шайып кетіп отырды.

Бұлардан басқа батырлықтың нақты өлшемін Л.Толстойдан табамыз. Ол «батырлық деген – қорқатын жерде қорқа білу, шабатын жерде шаба білу. Қорқа білетін, қауіпті ойлай білетін адам ғана батыр болады» деп түсінді.

Белгілі социолог-ғалым Сапар Оспанов «Арғытектану негіздері» атты еңбегінде батыр- жаудың жанын тәнінен айырушы, ағзасын жерге батырушы дегенді білдіреді деп сипаттайды.

Қалай десек те, ерлік пен батырлық қасиеттер адамның зұлымдық атаулыға қарсы тұратын ерік-жігерін сипаттайтын, әділдікке бастайтын құлық-императивтер болып саналады.

Батырлықты ілім деңгейіне көтерген елдер де бар. Айталық, жапон халқында бұл ілім жүйесін «бусидо» (әскердің жолы деген мағынада-Н.М.) деп атайды. Бұл біріншіден, самурайлардың кодексі болса, екіншіден, жапон халқының дәстүрге енген ұлттық рухы болып саналады және бүгінге дейін жоғары бағаланып келеді. Себебі, самурайлар ұлтқа шын берілгендіктің үлгісі, олардың басты мұраты жапондарды әлемнің алдына шығару болды.

«...Мойыны барды идірдік, тізесі барды бүктірдік» деп түркі қағанатының құдіретін жаһанға жариялайтын Күлтегін, Білге, Иштеми сынды қаһарлы қағандар билік құрған тұста дала батырларының мәртебесі артып, ерлік дәстүрі қаланды. Қағандар да жеке бастарының ерлігімен бедел иеленді. Түркі империясының мұрагері саналатын халқымыз осы батырлық дәстүрді, еркіндіксүйгіш рухтың жасампаздығын әлі күнге жойған жоқ. Дәстүрлі мемлекеттік құрылым-хандық билікті қалпына келтіру, елдің азаттығын алып беру жолында орыс отаршылдарымен 10 жылдай уақыт ымырасыз күресті бастаған Абылайдың тұқымы хан Кенесары да «басқаны қойсам да, батырлығымды қоймаймын» деген қасаң қағиданы азаттық күресінің мәніне айналдырды.

Алайда, батырлар Қазақ елі дербес хандық құрған кезден бастап ел дамуында шешуші күш иеленді деп те айта алмаймыз. Ел басына күн туған алапат жорықтарда бастарын өлімге тігіп, шешуші рөл ойнаған батырлар тобы саяси билікте шеттеліп отырды. Олардың ой-пікірлері хан-сұлтандардың қаперіне бірде ілексе, бірде ілікпеді.

– Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, «қырымның 40 батыры», Қамбар, Нәрік, Шора, т.б. с.с. алдыңғы батырлар шоғыры – дәстүрдің негізін қалаушылар болса, жоңғар шапқыншылығы тұсында тарих сахнасына көтерілген кейінгі батырлар тобы (Қабанбай, Бөкенбай, Райымбек, Баян, Малайсары және т.б.) батырлық дәстүрді жалғастырушылар болып саналады. К.Л.Есмағанбетов, Н.Апполова сияқты тарихшылар батырлар институтының іргесі 1710 жылғы Арал маңында өткен «Қарақұм» немесе «Қаракесек» құрылтайынан кейін қаланды деп санайды.

Тәуке хан, Әбілқайыр хан және табын Бөгенбай, тама Есет, шақшақ Жәнібек, жаппас Баймұрат сынды белді батырлар қатынасқан осынау Ұлы Құрылтайда елді қалмақтардан құтқаруда батырлардың байламы билер мен хан сұлтандардан үстем шыққан. Демек, сол кездегі батырлардың геосаяси дамудың басым бағытын анықтауда шешуші рөл иеленуі батырлар институтының пайда болуы дегенді білдіреді. Аталған жиындағы пәтуадан соң Әбілқайыр хан мен Ақшаұлы Бөкенбай батыр бастаған қазақ қолы 1711,1712 және1714 жылдары қалмақтарды арқа мен Сырға жақындатпай батысқа қарай ішкері қуып тастады. Соның себебінен батыстан келетін қауіп біршама сейілді.

Бұлардан соң Қоқан, Хиуа сынды ортаазиялық хандықтар және отаршыл Ресеймен күрескен арғын ақжолтай Ағыбай, төре Наурызбай, қаракесек Ақтан, шөмекей тоқа Сәмет, «тоқым тыққан» Қыстаубай, Тоғанас, табын Бұқарбай, Қайқы, қыпшақ Жаназар, жақайым Сартай, жаппас Жанғабыл, жолай Мырзагелдіұлы Қожеке, т.б. с.с. байрақты батырлар тобы осы институттың, яғни әлеуметтік әскери қауымдастықтың өкілдері болып есептеледі.

Ұлт тарихының білгірі, данагөй Ә.Кекілбай Бекет Ата жайында берген сұхбатының бірінде қазақ қоғамындағы батырлардың рөліне саралай келе, «Тама Есеттер дүниеден өткен соң елдік жолындағы ортақ шайқастар тиылып, билік жолындағы жадағай жанжалдар мен оңай жерден олжа іздеген көрсебасар көлденең жорықтар көбейді. Тіпті өзгені қойып, бірі бай, бірі кедей, бірі ақ сүйек, бірі қара сүйек, бірі ана жақ, бірі мына жақ болып, жік-жікке бөлініп, өзді-өзіне қол көтерісетін қарабет қаныпезерлік етек жая бастады. Ондайда көзге түсетін ерлік бірлікке емес, бүлдіргіге қызмет ететіні белгілі. Сондықтан да, Есеттің заманынан кейін ел арасында ерлік азайып, есерлік көбейді...» деген болатын. Жанқожа баба мерейтойы қарсаңында Әбіш ағадай кемеңгердің сөзі көкейіме қайта оралды. Батыр қызметіне басқа қырынан қарасаңыз, ол расында да ел ішінде осынау есерлікті тоқтатуды, күнгейдегі көршілерге құл болмау үшін руаралық кикілжіңді тиып бірлікте күресуді, Ресей тарапынан күшейіп келе жатқан отарлық езгіге қарсы тұру үшін жүзаралық қырқысты қойыпбір тудың астына бір дінді идеологиялық біріктіргіш құрал ретінде пайдаланып, жиналуды көздеген, армандаған екен. Сондықтан да аталған батырлар арасында ұлтымыз үшін өлара кезеңде ту көтерген Жанқожа Нұрмұхаммедұлының орны ерекше.

Батыр жөнінде алғаш кітап жазған И.Аничков оның батырлығы 1790 жылы қарақалпақтың Тықы есімді батырымен жекпе-жекте жеңуінен соң көріне бастағанын айтады. Бұл кез хиуалықтардың Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойын мекен еткен қазақтарға қарсы алғашқы әскери жорықтар жасай бастаған уақыты еді. Жанқожатанушы М.Қаназ «Бабажан қырғыны» мақаласында «Ақша бұлтты Ақтан батыр» кітабында келтірілген деректерге сүйене отырып, былай дейді:

«1812 жылдың қыс айында Хиуа ханы Мұхамедрахым (1806-1825жж. арасында хан болған) өзі бастап Сырдария мен Қуаңдария өзендерінің бойында қыстап жатқан бейбіт елге шабуыл жасайды. Осы қырғынның салдарынан өңірдегі кіші жүздің Шөмекей рулары талан-таражға түсіп, 100 мың қойдан, 40 мың түйеден айрылады. 500-дей қыз-келіншек тұтқынға әкетіледі. 1815 жылы Мұхамедрахым 5000 әскерін Сырға аттандырады. Бұл жолы Шекті рулары жапа шегеді. 1816 жылы хиуалықтардың келесі жорығы да осы өңірге бағытталады. Бұл жолы тек қазақар жағынан өлгендер санының өзі 2000 адамнан асып түскен. Ал, 1822 жылы Орта Жүзде, 1824ж. Кіші Жүзде хандық биліктің жойылып, аймақты Ресейдің отарлай бастауы хиуалықтардың Сыр өңірі шабуылын тіпті үдетіп жіберді. Сыр қазақтары екі тараптың тартысынан, талауына түскендей күйге душар болды. Хиуа да, Ресей де су жолдары бар, теңізі бар, мал шаруашылығына жайлы Арал аймағын отарлау тсратнгияларына шұғыл өзгерістер енгізіп бақты. Мысалы, Мұхамедрахымның баласы Аллақұл Жаңадария, Сырдария және Қуаң бойына бекіністер сала бастады. Бұл бекіністер белгілі бір көлемде тұрақты әскер шоғырландырылған тірек пункттер еді. Олардың ханның өкілдері – наибтар басқарды.

Жанқожа батырдың хиуалықтармен ашық қарсыластығы ағасы Ақмырзаның 1836 жылғы өліміне қатысты өршіді. Хиуа наибтарына салық (зекет, ұшыр) төлеуден бас тартқан Ақмырзаны олар аяусыз жазалап, аяғына тас байлап тірілей дарияға атқан. Ағасының өліміне орай оның кегін қуған Жанқожа хиуалықтардың түрікменнен алдырған Әйімбет батырын жекпе-жекте өлтіреді. Жаны да, ары да таза Жанқожа жауының қанын 3 рет ұрыттап тұрып «Қан – иманның қабы» деуші еді. Ағажан-ай өмірі істемесем дегенімді істеттің-ау. Бойдағы мінез 7 атама дарыр деп едім, өзіммен бірге кететін болды» деп налыпты. Осы оқиғадан соң батыр қол бастап халыққа жасалатын зорлық-зомбылықтың ошағына айналған хиуалықтар салдырған бекіністерді талқандауға шығады. 1840 ж. Қуаңдария бойындағы бекіністі бұзады, 2 жылдан кейін оны қалпына келтіруге келген хиуа жасақтарын және қуып тастайды. 1842 жылдың қарашасында Қазалыдағы Бабажан қамалын талқандайды. Батырдың хиуалықтармен ара-қатынасының соғыс жағдайында екенін мәлімдеген хаты А.Рязановтың «Кенесары Қасымовтың көтерілісі» деген еңбегінде келтірілген. Орынбор әкімшілігіне жолдаған осы хатында ол «...Хиуалықтар біздің жерімізде бекіністер салды, бірақ біз оларды талқандадық. Ал қақтығыстар кезінде көптеген хиуалықтарды өлтірдік. Бірқатарын Хиуаға қуып тастадық» дейді. Осы хатында ол Сыр бойында орыс бекіністерінің салынуына да наразылығын білдірген. «Біз орыстардың қырғыз (қазақ) жерінде бекініс салғанына таң қаламыз, бейбітшілікпен бас иеміз» деп жазады осы хатында батыр. Елін Хиуа сияқты жаудың қыспағынан құтқару үшін батырдың алғашында орыстарға иек артқаны рас. Кейінгі тарих оның патша әкімдігінің өкілдеріне деген үміті мен сенімінің ақталмағанын көрсетіп берді. 1846ж. Ресей әкімдігінің шенеунігі Бегловқа жазған хатында: «бізге (кішкене шектілерге-Н.М.) бағынышты 30 ауыл талқандалды, барлық мал алынды. ...Енді біздер Ырғызға көшіп барамыз. Біздің жүрегеімізде Сіздерге деген сезімдерімізде қара дақтар жоқ... Біз хиуалықтарға қарсы жорыққа дайындалудамыз...» деп жазады. 1847 жылдың тамызында Елекей мен Жанғазы сұлтандар Қожанияз қамалының бастығымен бірлесіп, 1500 нөкермен төртқара-шөмекей ауылдарын талқандайды. Қазақтардың бұған қарсы тұрар күші болмағандықтан Жанқожа батыр Райым бекінісінің бастығы Ерофеевке хабар жібереді. «... маған көмек беріңіз, жаулар ауылдардағы барлық күймелерді өртеп жіберді, малдарды алып кетті, нәрестелердің бесіктерін шашып тастады, өздерін суға лақтырды. Сіз сонда да көмек бермейсіз бе?, онда мен өз қырғыздарыма жауап бере алмаймын...өзара сенім болмайды» деген мазмұнда хат жолдайды. Жергілікті жердегі Жанқожадай тірегінен айрылмауды ойлаған Ерофеев батырға әскери көмек беруге мәжбүр болады. Мұздай қаруланған орыс әскерінің көмегімен хиуалықтардың ірі қамалдарының бірі Жанқаланы батыр қасындағы 700 жауынгерлерімен 1847 жылдың тамызында тас-талқан етеді. Нәтижесінде, жергілікті қазақ руларының сорын қайнатып, тұрақты әскер орналасқан және бір орда жойылады. Батырдың басшылығымен болған осындай жорықтардың әсерімен хиуалықтардың жергілікті халыққа қысымы әлсірейді. Дегенмен, отаршыл патша үкіметінің аймақтағы ықпалы күн санап арта түседі. Айталық, жоғарыда аталған Райым бекінісін салу үшін (1847ж.) сол маңның тұрғындары басқа жерге күштеп көшірілген. Сол сияқты Ақбай мен Ақиректі жайлап, суармалы егіншілікпен шұғылданып отырған 300 отбасы бір күнде шұрайлы жерлерінен көтеріліп, алыс өңірге қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазақтардың өзі бекіністердегі фортифициялық жұмыстарға, яғни, кірпіш басу, орлар қазу, гарнизонды ұстап тұру үшін қажет басқа да шаруашылық жұмыстарға (ақы-пұлсыз, кейде мардымсыз еңбекақымен) жегілді. Осындай озбырлықтар қазақтардың әділетті наразылығын тудырды. Себебі, Сырдария желісі бойында орналасқан бекіністердің бастықтары тарапынан жасалған қиянаттар шектен шығып кеткен. 1856 жылдың желтоқсанында Қазалы фортында басталған көтеріліс, бірнеше күнге созылып қаңтардың ортасында жеңіліспен аяқталды. Бұл көтерілістің себептерін бірнеше қырынан талдауға, сараптауға болады, әрине. Дегенмен бізге маңыздысы Жанқожа батырдың сол соғыста өзі жараланса да, жасы 80-нен асса да батырлық дәстүрге беріктігін білдіріп, қол бастап шығуы. Батыр ел ішінен шыққан ерен тұлғалардың бойындағы азаттық сүйгіш рухтың қуатын байқатты және әлеуметтік ортада батырлардың рөлінің әлі де жоғары екенін, олардың қоғамды белгілі бір идея төңірегіне ұйыстыра алатындай рөлін көрсетті.

Ендігі кезекте Батырдың қазақ-қоқан арасындағы қатынастарда көрінуінен бір ғана мысал келтірейік. Кенесары ханның шақыртуымен қасына 20-ға жуық Сыр елінің батырлары мен 500 жауынгер алып, ханның қоқандықтармен соғысына араласады. Ақмешіт, Жөлек, Күміс­қорған қамалдарын қоқандықтардан тазартады. Созақ қамалын алу 18 күнге созылып кетеді. Бұл ретте де Батыр бастаған Кіші Жүз қолының абыройы үстем болып, олар қамалға бірінші болып басып кіреді. Десек те, Батырдың көп ретте Кенесары ханның саясатын қолдамағаны, оны Сырдың төменгі ағысына қарай өтіп, жергілікті халықтан алым-салық жинауына қарсы болғаны белгілі. Хан мен Батырдың арақатынасы өз алдына бөлек әңгіме болғандықтан оған тоқтаудың жөні бола қоймас. Әрине, бабаның батырлық мұрасы туралы кең жазылуы керек. Себебі, бүкіл ғұмырын қолына қару алып ат үстінде өткізген оның ерлік істерін сипаттауға бір мақала жеткіліксіз.

Баба рухын қастерлеу шарасы (ескерткіштің ашылуы, конференция және т.б.) дүниеге келуі де (5 жасында мысы басып жолбарысқа мінген), өлімі де (Елкей хан бастаған 20-ға жуық батырлардың ешқайсының 86 жастағы қарт адаммен дәстүрлі шайқасқа шыға алмауы) ерлікке пара-пар хас батырдың аруағы алдындағы құрметтің көрінісі.

Батыр бабамыздың рухы шад болсын!

 

Нұрлыбек Мыңжас,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі,

тарих ғылымдарының кандидаты.


ТАНЫМ 25 қазан 2014 г. 2 696 0