АҚ ТУЫ ТӨБЕСІНЕ ТӨҢКЕРІЛГЕН

Алаш жұртының арын арлап, елдік туын көкке көтерген ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы туралы әр кезеңде жазылған көркем шығармалар, эсселер мен ғылыми мақалалар, монографиялық еңбектер мен тарихи-ғұмырбаяндық зерттеулер аз емес. Батыр бабаның болмыс-бейнесін сомдап, ол өмір сүрген дәуір суретін қанықтыра түсетін Зейнолла Шүкіровтің «Сыр бойы» романы, Бекділда Алдамжаровтың «Ұлы сел» тетрологиясы, Молдахмет Қаназдың «Жанқожа» кітабы, Әбсаттар Оспановтың «Жанқожа батыр» деректі хикаяты мен шежіреші қарт Өмірзақ Ахметов шығармаларында байтақ тақырыпты әркім өзіндік таным биігінен игеруге талпыныстар жасаған. Әйтсе де, біртуар батырдың барша болмысы мен кісілік келбеті, ерлікті жорықтары мен елдікті сақтаған бітімгершілік қасиеттерін сөз ететін халық ауыз әдебиеті үлгілері – реальді тарихи жырлар мен поэмалардың орны бір төбе.

 

Алаш тарихшысы М.Тынышбаев Жанқожа Нұрмұхаммедұлын Үш жүз­ге даңқы жайылған батыр деп ба­ға­лайды. Рас, Жанқожа батырдың ер­лікке толы тағдыры шытырман әрі қа­сіретті. Бұл зерттеуші қауымның жау­апкершілігін еселей түседі. Бір ғана батыр киген сауыт пен оның қазасына қатысты қисынды-қисынсыз аңыз-деректердің өзі қаншама?! Сондықтан осы уақытқа дейін айтылған ой, жа­зылған мәлімет-деректерді тең сал­мақ­тағанда, таразы басын әлі ай­тыл­маған сөздердің батпаны баса түсе­тініне куәміз.

Бір заманда Сыр бойындағы Та­бын мен Шөмекей руларын қол ас­ты­на қаратып отырған полковник Ер­мұхаммед Қасымовтың әу бастағы із­гі арманы байтақ жатқан Шектіні де қоса билеп, өзінің жайлауы мен қыс­тауының көлемін кеңейту еді. Бұл мы­сықтілеу мақсатының іске асуына Жан­қожа батыр жол бермеді. Өйткені, ба­тыр әуел бастан-ақ жапсарлас Хиуа, Қоқан хандығына, айдаһардай қа­һарын төгіп отырған қоңсыласы Ресей империясына, тіпті, жеке мүддесінен алыстай алмайтын қазақ төрелеріне де сенімсіздікпен қараған.

Ермұхаммед сұлтан Сыр бойында шексіз билікке қол жеткізу үшін жа­саған құйтырқы әрекеттерінде әуелі Хиуа хандығынан беті қайтқанымен, жымысқы саясатын ақырына дей­ін жеткізуде қолдауды Ресей империя­сынан тапты. Жанқожа батырдың Ресей мен екі ортадағы алғашқы «дос­тығы» кейін әуелгі уәдесінен тайқып, бір жамбасынан екінші жағына оңай аунай салған орыстардың Арал­дан бекініс-қала, Райымнан порт салға­нын, қоқандықтардың Ақме­шіттен қа­мал тұрғызғанын, Хиуа ханының Сыр бойы қазақтарынан ретті-ретсіз зе­кет-ұшыр жинап, бейбіт халықты то­най бастағанын көргенде бітіспес жау­лыққа айналып сала берді. Жанқожа батырдың барлық мақсаты мен ой-арманы Алаш ұлының басын қосып, бағзы бабалардан қалған байтақ дала­ның барша байлығы мен дәулетін жау пиғыл жат жұрттың қолына бер­мей, келер ұрпақтың үлесіне адал ама­наттау болатын. Бірақ...

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бас­та­ған Ұлт-азаттық көтерілісі, сол кезеңдегі тарихи және саяси аху­ал­ды бажайлаған Н.Веселовский, И.В.Аничков еңбектері, Э.Мейер, Н.Маев, А.И.Макшеев, П.Иванов жаз­­ба­лары қай кезде де ізі суып үл­гер­меген уақиғаларға уақытын тап ба­сып шолу жасалған құнды мә­лімет кө­зі болып қала бермек. Кейін, қазақ фо­льклорының эпостану саласы­ның тарихи жырлар мәселесін әр ке­­зең­де түрлі аспектіде сөз еткен Е.Бек­маханов, С.Сейфуллин, Т.Шойын­ба­ев, Ә.Қоңыратбев, Р.Бердібай, С.Қас­қабасов, Н.Төреқұлов, Е.Тұр­сынов сияқты ғалымдар тари­хи та­ны­мымыздың көкжиегін мүмкін­ді­гінше кеңейткенін ерекше айту па­рыз. Әсіресе, профессор Жұмат Ті­лепов «Елім деп еңіреп туған ер­лер жыры», «Тарих және әдебиет» ат­ты монографиялық еңбектерінде Жан­қожа батыр туралы халық жырларын, батыр өмір сүрген қоғам мен заман тынысын, бодандық дәуірде туған азаттық көтерілісін бейнелейтін жыр­лардағы тарихи шындықтың таби­ға­тын жан-жақты талдап, байыпты таразылады.

Бір жылдары Қазақстан үкіметі та­рапынан Сыр бойына арнайы та­ри­хи-этнографиялық экспедиция шы­­ға­­рылып, ел арасынан Жанқожа ба­­тыр туралы деректер мен жыр-дас­тан­дар жиналған. Әйтсе де, көп ке­шік­­пей солақай саясат салдарынан бұл саладағы зерттеушілердің дені жа­зық­сыз жазалана бастап еді. Осыдан кей­ін-ақ Жанқожа батыр тақырыбын сөз етуге құзырлы орындардан арнайы тый­ым салынбағанымен, аталған ба­ғыттағы ізденістер ілби берді. Де­генмен, батыр туралы жазылған та­ри­хи жырларды жарыққа шығару ни­еті сол кездің өзінде там-тұмдап бол­са да қолға алына бастағаны аң­ғарылады. Мұрағаттардағы кейбір қол­жазбаларға түскен таңбалардың та­бынан бұл жырларды баспаға ұсы­ну үшін «редакциялауға» тал­пы­ныс жасалып, кер заманның идео­логия­сы­на томпақтау келетін қасиетті ұғым­дар, жырдағы батырдың орыс бе­кіністеріне жасайтын қанды жорық­тарын баяндайтын тұстарын ептеп күзеп-түзеуге мәжбүр болғандықтары байқалып отырады. Сонымен, бұл мә­селелердің су бетіндегі бір батып, бір көрініп абыржы күйде тұратын қалтқы сияқты әркез қолдауы табылса да, қолданылуы табылмай, ақыры батыр туралы жырларды жарыққа шығару ісі кейінге сырғи бергенін көреміз.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы ха­қын­да, ақ патша әскерінің Сыр бой­ындағы алғашқы қадамы тура­лы «Қазақ батыры Жанқожа Нұрмұ­хам­медұлы» атты тарихи очерк жазып, оны 1894 жылы Қазан қаласында бастырып шығарған И.В.Аничков осы еңбегінде сахарада өткен сайыпқыран баһадүрдің далалықтар арасындағы атақ-абыройына таңғалып: «Осыдан елу жылдай бұрын қайтыс болған батырдың есімін, істеген істерін біл­мейтін, ауыздарынан суы құри оты­рып айтпайтын бірде-бір ауыл, бірде-бір үй жоққа тән», – деп жазыпты. Расында да, Сыр бойы жұрты қа­һар­ман батыр, әулие баба туралы ақи­қат пен аңызға тізгін берсе, ол сар­қыл­майтын сырға, таусылмайтын жырға бастайтыны рас.

Жанқожа батыр туралы жазылған батырлық және реальді тарихи жыр-поэмалардың хронологиялық жүйесі де бір ізге түсірілмеген. Ендеше, ХIХ ғасырдың аяғында Қазан қаласында татар тілінде жарық көрген «Жанқожа батыр» деп аталатын қысқа эпостық үзіндіні Мұсабай жыраудың белгілі жырының алдына түсіруге мәжбүрміз. Жыр Жанқожа батырдың ата-тек ше­жіресін баяндаудан басталады. Ал, Мұсабай жыраудан жазылып алын­ған сюжетті ұзақ толғаудың орны бө­лек екенін ерекше атап айтқан жөн. И.В.Аничков өз еңбегінде ел ара­сында ауызша тарап жүрген аңыз-әң­гімелердің «...ең көбін батыр туралы әң­гіме-аңызды төкпей-шашпай сақтай білген, оның ең жақын туысқаны боп келетін, барлық айтушылардың әр түрлі нұсқаларын түгелге жуық жи­наған, Майдан аталығынан тараған атақты Мұсабай жыраудан есіттім», – дейді. Бұл да Мұсабай сияқты эпик жыршының эпикалық білімі мен жад қуатының өте жоғары болғандығын айғақтайтын құнды мәлімет.

Ғылыми әлеуметке әзірге «Жан­қожа батыр» деп аталатын жыр­лар циклінен Л.Кенжеұлы, Ж.Шаң­ғыт­баев, Қ.Сұлтанұлы, Н.Жұбатұлы, І.Жал­ғасов, Т.Меңдібаев, т.б. жыр­ла­ған сегіз нұсқа белгілі. Жырдың Нұр­сұлтан Жұбатұлы жазған нұсқасы аяқталмай қалған. Нұрсұлтан ақын вариантының басты ерекшелігі: жырдағы негізгі қаһарман – Жанқожа бейнесі батырлық эпостың жасалу принциптеріне негізделген. Жыр қа­һарманы дүниеге келерден бұрын оның анасын «Жолбарыстың жүрегіне же­рік болып еді» деп ұлғайта су­реттелетін, барша халықтардың ба­тыр­лық эпостарына тән көшпелі мо­тив осы нұсқадан берік тұғыр тапқан.

ҚР Ұлттық Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорларында Жанқо­жа батырға арналған жыр-поэ­ма­­лар мазмұнын қайталамайтын бір бөлек аңыздар қордаланған. Ал, жа­зушы Молдахмет Қаназдың жеке мұ­рағатында аталмыш нұсқалардан бас­қа Әбу Сәрсенов, Балымбет Көп­тілеуов сияқты ақсақалдардан алын­ған Жанқожа батыр туралы ав­тор­лы-авторсыз жырлардың қалың көп­­шілікке беймәлім бірнеше қол­жаз­­балары сақтаулы келеді. Бір ес­ке­рерлік мәселе: Жанқожа батыр ту­ралы барша дәстүрлі эпикалық және тарихи жыр-поэмалардың көпшілігіне тән ортақ белгі – шығармалардан орыс әскерімен екі арада өтетін со­ғыс­тың толық сұлбасының көрінісі көлеңке бетте қалуы. Бұған әуелгі се­беп, Жанқожа батырдың орыстың зеңбіректі әскерінен жеңілуі болса, екіншіден, жырлаушы ақындардың орыс­шыл саясат салқынынан жан сақ­тауы сияқты екі түрлі жағдаятты көлденең тартуға болатын сияқты.

Бір таңғаларлығы, Жанқожа ба­тыр­­дың рухына жыр арнап, батыр ба­баның ерлікті істерін қасиетті қара өлеңнің өзегіне өріп, өлмес тарихтың еншісіне табыстағысы келген сөз зер­герлері аз болмаған екен. Бірақ со­лардың көбісі өмірлік мақсаттарына балаған ол ізгі армандарына жете ал­май, дүниеден өткен. Арал, Қаза­лы өңірінде өмір сүрген белгілі шай­ыр Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Нұр­ма­ғамбет Қосжановты біз осы қатардан көреміз. Ел арасында күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан есті сөздің бірінде: «Нұртуған ақын науқасы ұл­ғайып, дүние дидарынан көшер ша­ғы болғанда көңілін сұрай барған ел­дің ақсақалдарына: «Ноғайлының ба­тырларын жаза бергенше, ер Жәкемді неге жырламадым екен?», – деп, өмі­рінің ақырғы күндерін запыранды өкі­нішпен өткізген екен дейді. Шайыр фә­ниден бақи дүниеге көшкенде бар бол­ғаны қырық бір ғана жаста екен. Ал, қырық деген жастың қырқасына шығар-шықпаста жалыны барша қазақ зиялысын шарпыған 1937 жылдың ала құйынына ілініп, қыршынынан қи­­ылған Нұрмағамбет Қосжанов «Сар­тай батыр» атты дастанының кі­ріс­песінде:

...Жанқожа батыр бұл өтті,

Патшаға сілтеп қылышын.

Николайға бағынбай,

Тарылтты біраз тынысын.

Ұстамай кетті қолына

Алтын менен күмісін.

Қисса қылып шығарсам,

Екеуінің бұл ісін – деп, жан-дүниесін жегідей жеген ізгі арманын ағы­нан ақтарыла жырлайды. Амал нешік, арқалы ақынның білте шамның жарығындай келте ғұмыры сағымға бөленіп, бұлт асып көз ұшында бұл­дыраған тәтті тілегін жалынды жыры­ның отты құшағына бір орап өтуге ғана жетіпті...

Жанқожа батыр туралы жыр-поэма жазып қалдырған кейбір ақындардың өмір жолдары мен шығармаларының тағдыры мүлдем қасіретті. «Жанқожа батыр» деп аталатын қомақты дү­ние­нің авторы, жалындай лаулап отыз екі жасында дүниеден өткен қа­за­лылық Лұқман Кенжеұлы сон­дай ауыр тағдырлы жандардың бі­рі. Бұл дастанның әр жылдарда қа­ғазға түсіп, ұлттық мұрағаттарға тап­сырылған Қаражан Рүстемов (1946), Нағымбек Қарабатыров және Қа­бы­ланды Көрегеновтерден (1945) қал­ған үш бірдей қолжазбасы бар. Соң­ғы қолжазбаны ҚР Ұлттық Ғылым ака­демиясының ОҒК сирек қорына тапсырушы, кейін үш мәтіннен ортақ нұсқа түзіп, шығыстанушы Серікбай Қосанға араб, латын графикасынан ки­риллицаға түсіртіп, жырды 1999 жы­лы «Жұлдыз» журналының №1 са­нына алғысөзімен жариялаған жазушы Молдахмет Қаназ. Бір қызығы, қолына қалам ұстаған күрмеуге келмейтін қысқа ғұмырында Лұқман ақын бұдан басқа бірде-бір өлең-жыр жазбапты.

«Жанқожа батыр» деп аталатын келесі шығарма иесінің қамшының қыс­қа сабындай қысқа ғұмыры, өлең өлкесіндегі алғашқы және соң­ғы қадамы, тіпті шуда жіптей шие­леніскен шым-шытырық тағдыры да ешкімге ұқсамайды. Жанқожа ба­тырдың қаһармандық ерлікке толы істері жан дүниелеріне әсер еткендігі соншалық, көкірек түбінде булыққан шер бұл авторларды үлкен жүрек тебіренісі мен телегей ой толқуына әкелген сияқты. Соңғы екі автор да келте ғұмырларында дүнияуи ша­руалардан бойларын аулақ ұстап, өз­­дерінің негізгі өмірлік мұрат-мүд­де­лерін аруақты батыр бабаның өнегелі істерін, ерлік-аманаттарын ұлықтау деп біліп, әсерлі өлең тілімен халыққа жеткізіп кетуді қастерлі міндеттеріне санаған. Екі ақынның да соңында «Жанқожа батыр» деп аталатын шы­ғар­мадан басқа жыр-мұраның қал­мауын, екеуінің де халық үшін жан қи­ған теңдессіз ерлік иесі – шаһидтің шырақшысы болғандығымен түсіндір­ген абзал.

Орнықбай Сұлтанов шығармасы осы тақырыптағы жырлардың ішін­дегі көркемдік дәрежесі жоғары, әрі көлемдісі болып саналады. Жырдың мазмұны негізінен, Жанқожа батыр­ға қатысты болғанымен, мұнда со­нау «Ақтабан-шұбырынды...» ке­зе­ңі­нен бергі жердегі Кіші жүз қа­зақтарының басынан өткен әр түр­лі тарихи уақиғалардың іздері сақ­талған. Жырда Сыр бойы хал­қының тарихи жадында мәңгі жат­талып қалған Хиуа, Қоқан, Ресей бас­қыншыларына қарсы жергілікті қа­зақ батырларының жанкешті ерлік­тері шынайы суреттелген. Әсіресе, Жылқайдар, Ақмырза, Жалмырза, Ақтан, Дабыл, Құлбарақ сияқты Шек­ті батырларының бейнесі эпос­тық дәстүр деңгейінде тамаша сурет­телген. Сондай-ақ, Жанқожа бастаған Кіші жүз қазақтарының Кенесары Қасымұлының қозғалысына қатысып, Созақ қамалын алуда көрсеткен ерен қимылдарының жырдағы обра­зы­ның реңі қанық, өзге эпостық шы­ғар­маларға қарағанда деңгейі әлде­қайда биік тұр.

Көзкөргендердің айтуларына қа­рағанда, Орнықбай Сұлтановтың бұл поэмадан басқа шығармасы жоқ. Мүмкін, болса да сақталмаған си­яқты. Ақын поэмасын оқып оты­рып, Орнықбай Сұлтановты қолына қа­лам­ды «кеше-бүгін ұстаған» деген ал­ғашқы екіұдай ойдан қайтып үлгердік. Әйтсе де, шындығы сол – Орнықбай бұрын өлең жазбапты. Сыр бойындағы үлкен ақындық ортада оның есімінің белгісіз болатыны да сондықтан. Жазушы Молдахмет Қаназға ашылып айтқан әңгімесі: «Түсіме Жанқожа бабам кіріп, қолыма кітап ұстатып кетті!» деген жалғыз ауыз сөз екен. Поэ­маның «Қыздаршыққан» деген та­раушасында оны Орнықбайдың өзі былайша түсіндіреді:

Өткен жоқ өлең жазып, сөзім сыннан,

Шықпайды қиналсам да терме тыңнан...

Орнықбай Сұлтанов батырлық жырларда жиі кездесетін дәстүрлі сте­реотиптер мен дайын кейіптеулерді көп қолданбаған. Аталмыш батырлық жырларда негізгі объектіде бас қа­һар­ман образы жүруі жазылмаған заң­­дылық саналатын. Десе де, ақын­ның пайдаланатыны жеті-сегіз бу­ын­ды жыр үлгісі, он бір буынды, төрт тармақты шумақ, кейде оннан аса жолмен түйінделіп отыратын шұ­быртпалы, төкпе ұйқасты түркі ғазалы. Орнықбай шығармасының басқа та­­рихи жырлардан бір ерекшелігі: ақын өз поэмасында кейінгі кәсіби, су­реткерлік поэзияның өлшемдеріне қол артқандықтан, жырдың реалистік си­паты басым.

Орнықбай шығармасында та­би­ғат суреті, ішкі психологизм, этно­графиялық көріністер сияқты поэмаға тән элементтер өте мол. Сондықтан бізге жинаушылар тарапынан ай­дарланған «дастан» деген жанрлық анық­тама кемшіндеу көрінді. Ал, «Ор­нықбай ақындығының алды-ар­тында басқа жыр жоқ» дегенге оның өлең өрімі мен сөз өрнегіне қа­рап отырып көңіл сеніңкіремейді. Ен­деше, бір мезет Орнықбай ақын сом­даған бейнелі теңеулерге тізгін бе­ріп көрелік. Ақын Жанқожа батыр бейнесін «Түнерген түнгі бұлттай түсі суық», «Сұрланып сабыр бұлты бетінде ойнап», «Ақ туы төбесіне төңкерілген» деп тың эпитеттермен айшықтайды. «Халық бүлінді хан үшін, Хан бүлінді жан үшін» деген контрастар да асқан шеберліктің же­місі екенінде дау жоқ. «Әкеліп Ба­бажанды көпке салды, Халық өзі шы­ғарсын деп жаназасын», – деп Жан­қожа батырдың Ба­ба­жан өлімін ха­лыққа салатын жеріндегі жаудың бей­несін жа­сауы да соны серпін. Шы­ғармада Аппаз құлға қаратып ай­тылатын «Қарттықтың кәдесімен өмі­рі өтті» деп келетін ақсақал бо­лу­­дың сипаты да биязы әрі жұм­сақ бе­рілген. Поэмадан бұ­дан да басқа: «Ел­ден шықты бө­лініп, Бөлінген бұлттай кө­рініп», «Сусын ішіп, сұлы жеп, Сұлуланған семіріп» деген шен­дестірулер, өлеңнің сыртқы пі­ші­мін ойнату арқылы жасалатын омо­нимдік кейіптеулерді көптеп кез­дестіреміз. Мұндай хас ақынға тән ерек құбылысты сәтті сәйкестік деп қарағанның өзінде, тек адам-пенденің араласуымен болмаған тылсым екенін еріксіз мойындай түсеміз.

Орыс мәдениетінде летопис-жыл­на­маларды түзу арқылы қоғамдық та­рихқа альтернатива ретінде балама тарих жасалатын дәстүр бар. Ал, қазақ мәдениетінде Еуропа және Ресей тарихшыларының қасаң теориялық қа­ғидаларына малшынбаған, қоғам­дық тарихтың босағасынан бейкүнә қа­рап тұрған ұлттық танымдағы ше­­жірелік аңыз-тарих ғасырлар бойы ауызша жырланып келе жат­қан эпостық мұраларымызда бірсы­дыр­ғы жақсы сақталған. Мұнда фольк­лортанушы ғалымдарымыз күні бү­гін­ге дейін жөнді назар аудармай, қо­сымша, «күмәнді» дереккөз ретінде ғана қарастырып келе жатқан эпик жыршылар мен ақын-шайырлардың өткен тарихқа деген авторлық көз­қарасы, уақыт пен кеңістік талабы, орындаушының тарихты таразылай бі­луі, көңіл көкжиегі таныған тақы­рыбын өз дәрежесінде меңгере алуы сияқты жайттер маңызды рөлге ие екенін айту лазым.

Ресей архивтерінде Жанқожа Нұр­мұхаммедұлына қатысты тарихи құ­жаттар мен батыр өмір сүрген дәу­ірдің шындығын шыжғырып һәм шиырып айтатын айғақтар аз емес. Солардың басым көпшілігі Ресей патшалығына даланың шен-шекпенге құмар би-сұлтан, старшындары тара­пынан жазылған рапорттар мен доне­сениелер. Бұл құжаттардың дерегін батыр баба туралы күні бүгінге дейін жазылып, хатқа түскен батырлық эпос, тарихи жыр-поэмалар, дастандар мен қолжазба күйінде сақталған кей­бір айтыс өлеңдерінің үзінділері нақ­тылап, белгісін бекітіп, арқауын ши­ратып, барынша қуаттай түседі. Мұ­рағат сөрелерінің еншілі мүлкіне айналып отырған деректі құжаттар мен құнды қолжазбалар қай заманда да терістеуге көнбейтін, кім балталаса да қирата алмайтын қамал тәрізді. Олардың түптің-түбінде әйтеуір бір жарық көретіні ақиқат. Сондықтан, Жанқожа Нұрмұхаммедұлы өмір сүрген тұтас дәуірдің шымшытырық тарихы, батырдың өмірі мен қазасы­ның аңызы мен ақиқаты, жақаттас ағай­ын арасындағы сағымның дірі­лін­дей толқып тұрған нәзік тін – со­нау оқиғалардан қалған аталар тари­хының ұмытылмас іздері, бәрі-бәрі бұл байтақ тақырыптың болашақ зерт­теушілеріне ауыр салмақ артып, жау­апты сынақ жүктері хақ.

Келер күндерде аталмыш деректер мен Жанқожа батырға қатысты барша тарихи жыр-дастандардың басын бі­рік­тіріп, фольклортану ғылымының озық теориялық талаптарына сай, әр жыр­ды жеке вариант-нұсқа ретінде қа­растырып, бас-аяғын түгендеп жа­­рық­қа шығару мәселесі тұр. Бо­лашақтағы боямасыз, шынайы та­рих­қа алып баратын басты қадам да, батыр бабаның кесек тұлғасын аңыз­дар сорабынан арши түсетін құн­­ды дереккөз де, талай ғылыми зерт­­теуге арқау болатын баян да осы болмақ. Ендеше, Жанқожа батыр ту­ралы жазылған реальді тарихи жыр-поэмалардың басын қосып, әрбір жыр­ды төлқұжат-түсініктемесімен, си­пат­тама-анықтамасымен, шығармада кездесетін жер-су атаулары мен тұл­ғалар тарихын толықтай жүйелеп, ата­дан қалған асыл мұраны дербес академиялық жинақ етіп бастырып шығару ісі сылтау көтермейтін, кезек күттірмейтін өзекті мәселе күйінде қала бермек.

Берік ЖҮСІПОВ,

фольклортанушы.


ТАНЫМ 14 қазан 2014 г. 2 378 0