« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Жанқожа батыр жайлы жырларда азаттық идеясының көрініс табуы
Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан халық ХІХ ғасырдың басынан-ақ Қоқан және хиуалықтар мен орыс патшалығының езгісіне тап болды.Әрине, бұл төтеннен бір күнде тап келген, бірден болған оқиға емес. Сан ғасырлар бойы көршілес болып келген хандықтардың қазақ елінің жері мен байлығына құмартумен, ашкөздік мақсаттарынан туындаған еді.
Орта Азияда Бұхара, Хиуа, Қоқан хандықтарының тұрақты әскері, өз шекара-қонысы болды. Олардың бір-бірімен өзара жауласуынан хандықтар билігі бірінен-біріне алмасып, күштісі әлсізін қаратып, басып-жаншып отырған кезеңдер жиі-жиі болып тұрған осы тұста Ресей әскерлерінің қазақ жеріне сұғына ене бастауы басталған-ды.
Талай ұрыс-соғыстарды басынан өткізіп келген қазақ халқының жауынгерлікпен аты шыққанымен, біртұтас хандыққа бірікпеген әрбір жүздің өз хандығы, өз биі мен батырлары болды. Бір орталықтан басқарылып отырылмады. Тұрақты әскерлері болмады және қару-жарақтары да нашар-ды. Осындай жағдайларды анықтап білу үшін керуенші болып келген Қоқан және хиуалықтар қазақтардың жай-жапсарын байқап көрді. Кең далада еркін жатқан қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, қорғаныс қабілетін осы бір ұрымтал тұста дұрыс пайдалана білді де. Керуеншілердің сөзімен айтылатын жырда:
...Арқаның құба жолында,
Өнерге шебер, малға бай.
Әрі шаруа, һәм момын,
Алдануы өте оңай –
Қазақ деген осындай, – деп сипаттаған.
Осылайша қоқан ханы Әлімхан (1809-1822) Ақмешіт, Шымқорған, Қармақшыға дейінгі жерлерді өзіне бағындырады. Екінші жағынан, басып алған жерлерінде бекініс-қамалдар жасап, қазақ ауылдарын аяусыз шауып зобалаңға түсіреді. Осындай тар жол, тайғақ кешу заманында халық арасынан Жанқожадай батыр шығып, басқыншы жаулармен күресе бастады. Жанқожаның ерлік істері ақын-жырлардың хикая, дастан, толғауларында көрініс берген.
Ең алғаш Жанқожа батыр турасындағы жырды таратқан қазалылық жырау Мұсабай (Мысыбай) (1820-1909) Аманқұлов болатын. Одан ең алғаш орыс ғылымы Н.Г.Веселовский 1893 жылы Қазалыда жазып алып, 1894 жылы Петербургте "Киргизский рассказ о русских завоеваниях в Туркестанском крае” атты кітапта жариялаған. Жырдың көлемі 170 жол. Ал бұдан кейін Қазалыдағы сот қызметкері И.В.Аничков 1894 жылы Мұсабайдан сол жырды жазып алып, Қазан баспасында "Киргизский герой Джандхожа Нурмагамбетов (очерк из первых шагов русских на Сыр-Дарье)” атты кітабында бастырған. Мұндағы өлең жолы – 200. Екі кітаптағы жыр да өзгеше, іргелі өзгерістері жоқ, кейбір өлең жолдары болмаса. Бұл, әрине, екеуінің де бір адамнан жазылып алынғандығынан болар.
"Жанқожа батыр” жырларының ішіндегі толымды жырлар қатарына Лұқпан Кенжеевтің қиссасы мен дастаны және ырғыздық ақын Жөкей Шаңғытбаевтың "Жанқожа батыр мен Бабажан сарт” деп аталатын дастаны жатады. Л.Кенжеевтың қиссасы – 900, дастаны 500 жолдай. Ж.Шаңғытбаевтың дастанының көлемі 2000 жолдай. Жалпы Жанқожа батыр турасында күні бүгінге дейін 10-нан астам шығарма жинақталған. Олардың әрқайсысына тоқтап, талдау негізгі мақсатымыз болмағандықтан, әңгіме Жанқожа батыр жырларындағы басқыншылық саясатқа қарсы азаттық идеясының көрінуі хақында болмақ. Батыр бастаған көтеріліс Сыр бойындағы өзге қарсылықтардың ішіндегі ірісі. Сондықтан да болар, Жанқожаның ерліктері жырға айналып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Сыр еліндегі болған көріністі Ресей зерттеушілері зерттеп, ол турасында өз пікірлерін білдірсе, кеңестік дәуірде қазақтың белгілі әдебиетші-ғалымдары, тарихшылары қалам сілтеп, Жанқожа батыр бастаған шаруалар қозғалысын зерттеп, өздерінің пікірлерін жазған-ды. Дегенмен, Жанқожа туралы жырлардың композициялық құрылымы мен айтайын деп отырған ойы, ондағы басқыншылық саясатқа қарсы күрес идеясы, азаттыққа шақырған үні бүгінге дейін арнайы түрде ғылыми негізде талданбады. Біз бүгін осы мақаламызға Жанқожа батыр турасындағы жырлардағы азаттық идеясын талдап көрмекпіз.
Жанқожа батыр турасындағы дастан, толғаулар ішіндегі шоқтығы биігі – Лұқпан Кенжеевтен қалған мұра. Жазушы, зерттеуші Молдахмет Қаназ біраз жылдардан бері Жанқожа батыр жырларының нұсқаларын салыстырып қарап, бір жүйеге түсіру жолында жұмыстар жүргізді. Осы бір сөз етіп отырған жырдың үш нұсқасы болғанын, біріншісі Лұқпан Кенжеев, екіншісі Нағымбек Қарабатыров, үшіншісі Қобылан Күрегеновтің қолжазбаларының бір-біріне өте жақын екендігін дәлелдеп, осы үш нұсқаны қайта қарапты: "Сонымен, үш қолжазбаны салыстырып, бірінде жоқты біріне қайтарып, бірінде жоқты екіншісіне толықтыра келе, қолыңыздағы нұсқа шықты” деп жазған "Жұлдыз” журналының 1999 жылғы №1 санындағы мақаласында Молдахмет Қаназ. Авторы Л.Кенжеев болып табылатын жырда қарақалпақтық Тықы батыр мен Жанқожаның ұрысы бейнеленіпті:
"...Қайт!” дегенге қайтарылмай,
Ұмтылды батыр арланға.
Айқасып қалған кезінде,
Айбалтамен ұрғанда,
Жалаңдаған Тықының
Тұрмады жаны бұл маңда.
Ақбоз аттың саурынан
Аунады Тықы ақ шаңға.
Атын алып шығарды.
Иесін шалып құрбанға.
Міне, осы өлең шумақтарындағы "қайт” дегенге қарамай, өзі жас бола тұра, ел намысы үшін айбатты батыр Тықымен жекпе-жекте шығып, оның өлтірілгені өлеңге арқау болған. Жанқожа батыр қырда жүргенде мұның ағайындарын шауып, Бабажан бек есіреді. Түрікмен батыры Әйімбет пен қарақалпақ Нұртайды Жанқожаға қарсы дайындайды. Жырда Әйімбет пен Жанқожаның бір-біріне қарсы келген ұрысы былайша жырланған:
... Екі батыр сол жерде
келе қалды жекпе-жек.
Балтасы мен қылышын
Қағып тастап Жанқожа
Жетіп барды дүркіреп, – деп.
Әрине, Қоқан және хиуалықтардың бір-екі батыры өлтірілгенімен, олардың қорған-қамалдары бұзылмағанын, оған қарсы дайындықтың қажеттігін сезінген Жанқожа батыр елдегі батырлар мен білікті билерге хабар тастайды.
Осынау кең құлашты жырда Жанқожа батырдың Созақ қамалын алуға аттануы, Кенесарымен келіссөздері баяндалады. Созақ жырының басталуындағы өлең жолдарында:
... Ойда – қоқан, қырда – орыс,
Қазақтың кетті мазасы.
Еркімен көшіп жүруге
Таршылық болған сияқты,
Екі жаудың арасы, – деп, ақын сол кезеңнің нақты жайын, қазақ халқының жан-жақтан теперіш көріп келгенін дәл көркемдеп, кестелеген. Осы Созақ ұрысында Төремұрат жырау сарбаздарға дем беріп, үн қосып былайша толғанады...
Атаның арын арлайтын,
Мінекей, ерлер, күн жетті.
Атаға ұқсап ұл туса, бүгінгі ұрыстың шешуші майдан екенін сездіре рух береді.
"...Дарбазасы ашылса, кейінгі әскер қол бастар, Ежелден абырой үлгі алған, қамалды бұзып жол салған, қандыкез туған қасқырлар, екпініңнен жау қашар”. Осы төгіліп тұрған толғау жыр Төремұрат жыраудың екпінді даусымен сарбаздарға ерекше жігер мен қажыр беріп, Созақ жеңісіне батырлармен бірге Төремұрат жыраудың зор үлес қосқаны дәлелдене түспек. Қашанда дауылпаз сөз ерлерге қанат беріп, намыс шоғын қыздырады. Жанқожа батыр бастаған ұрандаған сарбаздар Созақ қамалын осылайша ерлікпен алады.
Дастанның аяғында хиуалықтар мен қоқандықтардан кейінгі жағдай баяндалған. "...Ұзамай-ақ арасы, орыс келіп Арқадан, біріне-бірі жамалды” деп жырлауы қоқандықтың басқыншылығы орысқа жалғасқаны әдемі де өткір тілмен өрнектелген. Одан әрі дамыта түскен ақын өзінің "Жанқожа батыр” жыр-дастанының қорытынды шумақтарында:
... Екі басты бүркітке
Жұмыла жұртты түнеткен.
Мың шүкірлік қыларсың
Құтылған соң сол дерттен.
Тақысы жоқ таза сөз –
Тыңдаған сайын шөлдеткен.
Қалам алған бес саусақ,
Сен де құтыл міндеттен.
Молла Лұқпан Кенжеев,
Ерініп қалған жері жоқ
Қиялдап жазған ермектен, – деп, үлкен шабытпен қорытындылаған.
Қорыта айтар болсақ, бір мақала аясында Қоқан және хиуалықтардың басқыншылық саясатына қарсы күрескен Жанқожа батыр туралы ғана жырды сөз еттік. Болмаса, Сыр өңірі мен Қаратау қойнауында, Жетісу өңірінде басқыншы жауларға қарсы күрескен батырлар мен қайраткер азаматтар турасында шығарылған басқа да көптеген жыр бар.
Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші жазушы.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |