КҮНГЕЙГЕ БЕТ АЛҒАН КЕРУЕН

Қазақ елінің тарихындағы қасіретке толы беттердің бірі – 1931-1933 жылдардағы ашаршылық апаты. Кеңестік тоталитарлық жүйенің үстемдік құрған шағында, ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқына қолдан қиянат жасалды. Тарихшылардың айтуынша, оның астыртын құпия себептері болған. Мысалы, дәстүрлі қоғамда өмір сүріп келе жатқан қазақ халқының мал-мүлкіне өкімет алдымен 1928 жылы тәркілеу жүргізді. Мұның соңы халық наразылығын тудырып, олардың көтеріліске шығуына, қырылуына, одан кейін ашаршылыққа ұрынып, босқан қазақ жұрты алыс және жақын шетелдерге шұбыра көшуіне ұласқаны тарихтан жақсы белгілі.
Кеңестік қызыл империяның өктем саясаты кесірінен кезінде Сыр бойындағы қалың жұрт та атамекенді тастап көшуге мәжбүр болды. Солардың қатарында Шиелінің Тартоғай атты шағын ауылынан үдере көшкен жұрттың ішінде Смайылұлы Бекбай да бар еді. Бүгінгі таңда 100 жасқа келіп отырған Бекбай ата ұрпағының қазіргі таңдағы үлкені Дүйсенкүл Бекбаева апамыз қазір Шиелі кентінде тұрады. Дүниеден өткеніне ширек ғасырдан асқан әкесі жайлы апай былайша толғанды:
 – Үлкен әкеміз Смайылдан екі ұл тарайды: әкем Бекбай 1914 жылы, ал інісі Аманжол көкем 1933 жылы туған. Қиыншылық заманда туған балалары шетінен шетінеп кете берсе керек, тек екеуі ғана тірі қалады, – деп апа әңгіме бастады. – Әкем Бекбай ағайын-тумасын төтеннен келген нәубеттен сақтап қалу үшін жанталасады. Елді жаппай ашаршылық жайлаған кез. Ол 1932 жылы Тартоғайдан туыстарын алып, Өзбекстанның Наманган жағына қарай ауа көшеді. Қайратты жігіт 16 жасынан бастап керуеншілерге ілесіп, кіре тартқан екен. Сол себепті, жүрер жолы жақсы таныс. Өзбек елінде адалдығының арқасында ортасына сыйлы болып, ағайындарын, отбасын осы кәсіппен асырапты. Мұны әкемнің інісі Аманжол көкем айтып отыратын.
 Бірде кезекті сапардан келсе, май шамнан өрт шығып, үйде қалған інісі Аманжолды күйік шалған. Осы оқиғадан соң шешесінің айтуымен 1947 жылы туған елге, Сыр өңіріне қайта оралады.
Қазақтың текті жерден қыз алғысы келетіні тегін емес. Әкем қалыңдық таңдау жайын ұзақ ойланса керек. 1948 жылы Сұлутөбеге құда түсіп барып, анамыз Нәзенді айттырып алған екен. Анамыз Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған майдангер Жан­дияр деген қадірлі кісінің қызы еді.
Нағашыларым да өсіп-өнген жандар. Нағашы атам Жандиярдың Айымторы, Сейсенбек, Нәзен, Сән атты  балалары болған. Үш қызы да үйлі-баранды болып, отанда тұрып, өтті өмірден өтті. Нағашым Сейсенбек 10 перзент сүйген елге белгілі азамат, теміржол саласының ардагері еді. Заманында еңбегі бағаланып, «Ленин» орденін төсіне таққан жан. Балаларының бәрі жоғары білімді азаматтар. Ұрпақтарының дені әке жолын қуып, теміржол саласында абыроймен еңбек етіп жүр.
Анамыз Нәзен өте еңбеккер жан болды. Біз 8 ағайындымыз. Оның 5-і ұл, 3-і қыз бала. Ол қыздарын қолөнерге тәрбиеледі. Ардақты ата-анымыз шаруашылықтың жұмысынан басқа, жазда шөп орып, күзде отын шауып, бейнет кешіп жүріп жеткізді бізді. «Тазалық табалдырықтан басталады» дегенді жасымыздан үйретті. Біздің от­басы­ның балалары еңбекпен шыңдалып өсті. Шүкір, онан жаман болған жоқпыз. Қазір ой­лап отырсам, қыз баланы ізетті, инабатты, ісіне көркі сай шебер етіп тәрбиелеу, сый­лау халқымыздың қанына сіңген қасиеттің бірі екен. Дана халқымыз қыздарын құрметтеп, киімнің сәндісін, бұйымның жақсысын, ер-тұрманның әшекейлісін соларға тарту еткен. Әкем жолға шықса, маған ормал, көйлек әкеліп беруші еді. Бір жолы әкем­нің шешен досы маған Мәскеуден капрон орамал әкелді. Елдің бәрі ұстап көріп таң­ғалды. Әкемнің «замокты хром» етікті әкеліп тұрып: «Біз кимеген етікті сен ки, балам!» дегені әлі есімде. Осылайша, мұндай тәуір киімдерді ауылда бірінші болып мен кидім. Жалпы, қыз баланы құрметтеп, жақсы көру әкеміздің басты қасиеті болды. Әкем бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, мейірім шуағын төге білді. Ал, кесте тоқу, жүн түтіп, тігін тігу, тіпті алаша, кілем тоқу секілді керек істі біз анамыздан үйрендік. Шешеміз қыс бойы түнде май шамның жарығымен жүн иіретін. Оны көктемде бояйды. Онан текемет басады. Бәріміз осы істі атқарып отырғанда «Мұрныңнан моншақ түседі» дейтін. Біз соған сенетінбіз. Қайран, балалық-ай, қазір соның бәрін сағынышпен еске аламын.
Әкем астарлап, жұмбақтап сөйлейтін, аса салмақты кісі еді. Елге жайлы, қадірлі жан болды. Балаларына ешқашан зекіп, ұрысқан емес. Ең ауыр сөзі «Әй, тілеуіңді бергір» еді. Жарықтық, «Дарақ бір орында тұрып көгереді» деп отыратын  үнемі. Ашаршылық жылдардағы көрген қиындығы туралы бізге жақ ашпайтын. Жалғыз інісі мен анасын елге әкелгеніне шүкіршілік ететін. Бауыры Аманжол екеуі кейінге дейін енші бөліспеген адамдар. «Біз екеуміз түйенің өркешіндей болып қатар өскенбіз» дейтін. Ал, 10 перзент тәрбиелеп өсірген Аманжол көкем осыдан 1 жыл дүниеден озды. Әкем туралы көп білетін ағайынның үлкені осы көкеміз еді.
Балаларының үлкені, 1949 жылы туған ағам Қыдырбай Қызылорда қаласында оқып жүріп 1968 жылы тосыннан мерт болды. 18 жасқа шыққан тұңғышының қазасы балажан әке-шешемізге аса ауыр тиді. Үндемей шағыл құмның арасына кетіп қалатын мінез шығарған. Көршілердің бірі «Құмның ішінде не істеп жүрсіз?» деп сұраса, «Шерімді тарқатып келе жатырмын» дейді екен. Ташкеннің маңындағы ауылдардағы ағайынға қыдырыстап барса да бізді ертіп жүретін болды. Перзенттерін жанынан шығарғысы жоқ. Менімен тете өскен інім Қаржау екеумізді  жыл сайынғы қойшылардың мерекесіне ертіп апаратын. Егер бізді апара алмаса, сырттан көрген-білгенін дастарқан басында тәптіштеп айтып отырушы еді марқұм. Бұл да тәрбие екен.
1962 жылдан бастап Ташкент облысындағы ағайындарымыз елге көшіп келе бастады. Көштің соңы 1982 жылға дейін жалғасты. Осылайша, 1932 жылы ашаршылықтан қашып, жыраққа кеткен ағайын-тумалар араға 50 жыл салып елге бір қауым ел болып қайта оралды. Ташкенттің Янгиюль ауданынан көштің соңын ала Пірназар көкем бастаған 40 отбасы көшіп келді. Сол кезде әкемнің қуаныштан көзіне жас алып, бұны көргеніме де шүкір дегені есімде.
Бекбай Смайылұлы 1947 жылдан 1962 жылға дейін Тартоғай ауылында әртүрлі қол жұмысын істеді, құрылыста еңбек етті. 1962 жылдан бастап «заготовитель», яғни, елден төрт түлік малдың терісі мен жүнін жинайтын агент жұмысын мойнына алып, зейнет жасына келгенше соны абыроймен атқарды. Бұл үлкен қызмет емес, десе де, ауыл тұрғындарына сыйлы болып, елдің қадірменді ақсақалы атанды. Қарапайым ғана ғұмыр кешкен анамыз 1987 жылы, араға жыл салып, яғни 1988 жылдың 20 қазаны күні әкеміз дүниеден озды. «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген қанатты сөз бар жұртымызда. Біз шын мәнінде таза, ғибратты өмір сүрген әкемізді еш уақытта ұмытпаймыз.
Дүйсенкүл апаның әңгімесінен соң қу далада керуенге  еріп бара жатқан қол басындай баланың бейнесі көз алдымда тұрып қалды. Содан қанша азапты жылдарды артқа салып, Бекбай ата әулетінің ардақтысына айналды. Ал баяғы керуен бүгінгі бақытты ұрпағын ертіп, күнгейді бетке алып жол үстінде әлі кетіп бара жатқандай. Бұл – өмір керуені...
 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
ТАНЫМ 27 қыркүйек 2014 г. 1 377 0