ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТҰҢҒЫШ СУРЕТШІСІ

Әдетте қандай бір мемлекет  болмасын, ақша реформасы сол елдің экономикасы тұрақты дами бастаған кезеңде іске асырылатын. Ал біздің еліміздің теңге алмастыруы нағыз қиын сәттерге тап болды. Кеңестік қоғам ыдырап, ел экономикасы барлық салаларда кері кеткен тұста төл теңгені қалайда ендіру қажеттігі туды. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Ұлттық валюта – теңгені айналымға ендіру жайындағы Жарлығы да нағыз тоқырау жылдарына тұспа-тұс келді. Бұл шешім сол замандағы қалыптасқан қиын да ауыр жағдайдан  шығудың бірден-бір дұрыс және  дер кезіндегі  жолы болып  табылды.
Көпұлтты республикалардан құрылған Кеңестік одақ  кезінде қалыптасқан қоғам жүйесінің  құрылыс моделін өзгертіп, оны қайта құру  аса қауіпті болатын-ды.  Тек теория негізінде құрылған алғашқы кеңестік қоғамның өзіндік артықшылықтары мен қатар кемшін түсіп жатқан тұстары да жетерлік еді. Сондықтан сол кездегі Орталық Комитет басындағылар кеңестік қоғамды қайта құрып, оны демократиялық жолмен дамытпақшы болды. Бірақ жетпіс жыл бойы әбден шегіне жеткен, тоқыраған социализм  қайта құру барысынан ғана емес, өзге де себептерге орай одақтың ыдырауын тездетті. Он бес одақтас республика әрқайсысы өз алдына  егемендік алуға ниет етіп, одақтастықтың толық жойылуына мүмкіндік жасалды. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін кезінде қуғын-сүргінге ұшырап, көрші елдерден пана тапқан ағайындар елге оралуды мақсат етті. Солардың қатарында мен де бар едім. Әкеміз отызыншы жылдары тұтқындалып, атылған соң өзге туыстар көршілес өзбек  жерінен пана тапқан екен. Елге оралдым, шүкір, қазір жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан жайым бар. 
Менің айтайын дегенім,  адам есейіп, балалық шағынан жырақтаған сайын жастығы мен жас күнін жиі еске алады екен. Адамзат баласы өмірге бір деңгеймен келгенімен, пешенеге  жазылғанымен, әртүрлі өмір сүреді. Содан да барып біреу қарапайым тірлік кешсе, енді бірі аты әлемге әйгілі, ұлы тұлғаға айналады, тағы бірі жайлы аңыздай әңгіме айтылады. Мәселен, мен кезінде республика жұртшылығына кеңінен танымал, сәулетші, талантты суретші әрі дизайнер, еліміздің ұлттық теңгесін даярлау ісіне қатысқан санаулы азаматтардың бірі болған Хайролла  Мағауияұлы Ғабжәлеловпен бірге оқыдым, жақын дос болдым десем, біреу сенер, біреу сенбес еді. Шындығында мен Хайролламен бірге Самарқанд мемлекеттік сәулет-құрылыс институтында бір курста оқыдым. Ол архитектура, мен инженерлік-құрылыс факультетінде қатар оқыдық. Оның зеректігі, елгезектігі ерекше еді. Біз, достары оның қабілеттілігі мен еңбексүйгіштігіне бек сүйсінетінбіз. Сенің айтқан ұсынысың мен ой-пікіріңді қалт жібермей, жүзеге асырып жататын-ды. Өзі де тынымсыз, шаршауды білмейтін әрі ұлт мүддесі десе жанып түсетін жан еді. Әттең, барлық қазақ осындай болса ғой деп армандаушы едім. Хайролланың керемет ойларын  тыңдай отырып, Қазақстанның егеменді ел болғанында оның ұлттық валютасы болатындығына бәріміз де сенген едік. 
1993 жылы Хайролла Ғабжәлелов бастаған бір топ суретші-дизайнерлер Лондонға барып, ұлттық валютамыз – теңгені бастырып шығарды. Өз халқымыздың тарихымен астасқан, оның салт-санасымен сабақтасқан ұлттық теңгені  жасап шығару, қолданысқа ендіру оңай шаруа еместігі айқын. Тіпті өзге қиыншылықтарын айтпағанның өзінде төл теңгенің бетінде  нені, болмаса кімді бедерлейміз деген сұрақтың да салмақты болғаны анық. Төл теңгенің дүниеге келуінде  басы-қасында болған Хайролла Мағауияұлының басынан кешкендері өз алдына бір төбе. Қапшық толы теңгені әрі-бері тасыған күндерін, ондағы  қызықтары мен кеден бекеттерінен өткендегі қиыншылықтарын әр кез еске алады. Ол өзінің мемлекеттің қаржылық жүйесі күйреп жатқан қиын жылдары өз Отанына  сәл де болса  пайда әкелгенін мақтаныш етеді. 
Міне, биыл 15 қарашада  елімізде  теңгенің  енгеніне  20 жыл  толады. Шет елде қаншама алтын төлеп бастырылған алғашқы ұлттық валюта айналымға енген күннен бастап инфляция салдарынан күн сайын құнсыздана бастады.  Осы жылдар аралығында ақша дизайны бірнеше рет өзгерді, тиын, қазақтың ұлы тұлғалары белгіленген алғашқы банконаттар қолданыстан шығып қалды. Дегенмен, қазіргі қолданыста жүрген ақшамыз шырайлы, қорғанысы да мол.  Барлығымыз да есте ұстайтын бір қағида, ол  ақшаны  мыжып, ылғалдап ұстауға болмайды. Ол киелі зат, мыжылған  ақша жарамсыз болып, айналымнан шығып қалуы да ғажап емес. 
Өмірде күтпеген төтенше жағдайлар көп кездеседі. Егеменді ел болғандықтан  мұндай жағдайларға  алдын ала даярланып жүруіміз жөн секілді. Мен 1979-1981 жылдары Алматыға іс-сапармен жиі келетінмін. Келген сайын Хайроллаға соғушы едім. Сонда екеуміздің әңгімеміз ел жағдайы, халықтың өсу деңгейі жайында болатын-ды. Мен Өзбекстанда, ол Қарақалпақстанда ержеткендіктен бе, әйтеуір екеуміздің де ойымыз бір арнаға тоғысатын. Қазақ отбасындағы  бала санын шектеудің қажетсіздігі, бір жанұяға үш баланың өзі аздық ететіндігі туралы пікірлесетінбіз. Әсіресе мен әр келген сайын демографиялық мәселе жайында көп айтатынмын. Жақында Алматыға барғанымда Хайроллаға тағы соқтым. 
– Әттең, бар қазақ тап сен секілді ойлағанда, мемлекеттік деңгейде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілгенде ендігі 35 млн.-ға жетер едік,– деген. 
Кең-байтақ атамекеніміздің болашағы, елдің ертеңі оны жанындай сүйген ұрпақтарының қолында. Жеріне алты мемлекет сыйып кететін елімізде алып құрылыстар салу, ауыл шаруашылығын дамытып, астық, ақ өнімдерінің молшылығын жасау – біздің еншімізде. Меніңше, жан-жақты дамыған елде аянбай еңбек ететін, оның гүлденуіне қомақты үлес қосатын ұрпағы мол болуы тиіс. Елбасының салып берген сара жолымен келе жатқан елімізде бәрі де реттеледі деп сенемін. Халықтың саны көп әрі еңбеккеш болса, болашақ ұрпағымыз алтын ғасырда өмір сүретін болады. 
Бекназар ӘБСАДЫҚОВ.
Қызылорда қаласы. 

ТАНЫМ 05 қараша 2013 г. 1 451 0