« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
(Қазақстан мұрағат құжаттары негізінде)
Қазақстан интеллигенциясы, яғни қазақтың зиялы қауымы ақын-жыраулары шешен-билері, абыздары дәстүрлі қазақ қоғамының алғашқы өкілдері болды. Қазіргі кезеңде көптеген сөздіктерде интеллигенция дегенде мамандығы бойынша ой еңбегімен айналысатын адамдарды айтады. 1917 жылғы революция қарсаңында осындай қазақ интелигенциясының өкілдері қазақ даласынан шығып Ресей оқу орындарында оқып, қызмет істеп, саяси жұмысқа белсене араласа бастады. Сөйтіп ХХ ғасырдың басында ой өрісі батыстан кем түспейтін, елінің, халқының жанашырлары жаңа толқындағы қазақ интеллигенциясы қалыптасты.
Кеңес заманының келуімен 20-30-шы жылдары қазақ ұлттық интеллигенциясының саны да сапасы да революцияға дейінгі деңгейден артып, мыңдаған қазақ ұлдары мен қыздары Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қоса бастады. 30-шы жылдардағы ашаршылық кезеңінен кейінгі алғашқы жылдар ұлттық интеллигенцияның қайта өрбіген кезі болды. Бұл жылдары көптеген қазақ балалары Ресей оқу орындарында оқып келіп, көрген-білгендерін жергілікті жермен салыстырып өз еңбектерін Қазақстанды дамыту жолына салды. Алайда, 30-шы жылдардың екінші жартысындағы саяси репрессиялар бірінші кезекте қазақ интеллигенциясына тиіп бел орақпен даладағы шөпті шапқандай шайқалып көтеріле бастаған қазақ интеллигенциясын орып салды. ХХ ғасырдың 50-ші жылдары бұлардың көбісі ақталғанымен өкінішке орай олардың еңбектері, атқарған қызметтері көп жағдайда толық ашылмай қалды.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері, кезінде репрессия құрбандары болған көптеген қазақ зиялыларының есімдері қайта жаңғырып қазақ жұртшылығына танымал болып жүр. Солардың қатарында Сыр елінің азаматы, жас кезінен қоғамдық және мемлекет жұмыстарына тығыз араласқан қайраткер Темірбек Қараұлы Жүргенов болды.
Биыл Қызылорда облысы әкімінің ұсынысына сәйкес Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің ғалымдары Алматы, Душанбе және Ташкент мұрағаттарына Темірбек Жүргеновке қатысты құжаттарды жинақтап әкелуге жіберілді. Бұл мақала осы іссапарлар кезінде әкелінген мұрағат құжаттарының негізінде дайындалған. Құжаттардың көпшілігі Т.Жүргеновтің Халық ағарту комиссары болып жұмыс атқарған кезеңіне байланысты болғандықтан, негізгі мәселені сол кезеңдегі құжаттардан бастағанды дұрыс көрдік.
Халық ағарту комиссары болып қызмет істеген Т.Жүргенов Қазақстанда білім, ғылым, өнер, мәдениет салаларының дамуына елеулі үлес қосты. Оның басшылығымен қазіргі белгілі оқу орындарының, театрлардың іргетастары қаланып, ұлттық интеллигенцияның, жоғары білімді мамандардың, көптеген жаңа қатары пайда болды. Бұл мамандарды дайындау үшін оларды Ресейдегі оқу орындарына, оның ішінде Мәскеуге, Ленинградқа, тағы басқа қалаларға жіберіп сол қалаларда қазақ жерлестіктерінің қауымдастығын құрып сол арқылы Комиссариаттан қаржы беріп қосымша стипендия, санаторияларға жолдамалар бөліп, сыртта оқыған қазақ балдарына көмек беріп отырған.
Темірбек Жүргенов Қазақстаннан тыс жерлерде оқитын Қазақстандық студенттерді өзінің назарынан тыс қалдырмай, қолынан келгенше көмек беріп, еліне қайтқанда баяғы орыстың патшасы Петр І секілді шетелде оқып келген орыс дворяндарының балаларынан өзі емтихан қабылдап қызметке тағайындағандай наркомпростың арнайы бұйрығымен [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 325-іс, 360-п.] белсенділігіне, үлгіріміне және маманға сұранысқа байланысты оларды бірінші кезекте педагогикалық техникумдарға, облыстық және қалалық білім бөлімдерінде жұмыс істеуге жолдама беріп отырған. Осындай бұйрықтарды Қазақстанның жоғары оқу орны КазПИ-ді бітірген түлектергеде арнап шығарған [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 326-іс, 371-п.]. Бұл бұйрықтардың кейбіреулерінде жолдама алғалы отырған студент тұсында Т.Жүргеновтің өз қолымен жасаған түзетулер бар. Осыдан Т.Жүргенов студент туралы қосымша мәлімет жинап я ол студентпен жеке кездесті ма деген ой туады. ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстанның орта оқу орындарын, мектептерді, техникумдарды және жоғары оқу орындарын сапалы мамандармен қамтамасыз ету қиын болатын. Арнаулы білімі бар азаматтар аз, болған жағдайда да оларды Кеңес үкіметінің түрлі деңгейдегі мемлекеттік ұйымдары өздеріне жұмысқа тартып әкететін. Т.Жүргеновтің үлкен бір еңбегі – осы мәселені Қазақстанның үкімет басшыларының алдында көтеріп басқа салада жұмыс істеп жүрген педагогика саласының мамандарын қайтадан өз саласына тарту туралы жасаған ұсынысы. Осы ұсыныстың нәтижесінде Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес сол кезде басқа салада жұмыс істеп жүрген жоғары білімді педагогика саласының бір жарым мыңдай маманының сегіз жүзден астамы педагогика саласына қайта оралды [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6614 іс.316-п]. Бұл жерде Т.Жүргеновтің өзіне тапсырылған жұмысты ақылға салып, табандылықпен істейтіні көрінді.
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының басында Қазақстан мектептерінде арнаулы білімің болмаса да, икемділігін, сауатын болса мұғалім болып жұмыс істеу күнделікті шаруа еді. Т.Жүргенов осы проблеманы шешуді, мектептерді дипломы бар мамандармен қамтамассыз етуді өзінің алдына негізгі міндет есебінде қойды. 1934-1935 оқу жылында Қазақстанның 1-ші және 2-ші деңгейдегі мектептерінде жұмыс істеген 15583 мұғалімнің 10 мыңының арнаулы білімі болмаған. Бұл оқу жылында Қазақстан мектептеріне қосымша 4000 мұғалім керек болды, ал 1934 жылы Қазақстандағы барлық пед.техникумдарды 350 студент қана бітіретін еді. Сол себепті 1934-1935 жылғы педагогикалық кадрлардың дефициті 3650 адамды құрады [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6604-іс. 359-361пп]. Осы проблемаларды аз уақытта шешу Т.Жүргеновтің негізгі жұмысы болды.
Бұл кезең қысылтаяң уақыт болатын, мұғалім кадрларының жетіспеушілігіне байланысты жаз айларында бастауыш және орта мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру үшін наркомның тапсырмасымен КазПИ-дің 2-ші және 3-ші курс студенттеріде Қазақстанның аудандары мен ауылдарына екі айға іссапарларға жіберіліп отырды [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 326-іс, 371-п.]. Осы іс-тәжірибе арқылы педагогикалық институттарда енгізіліп жатқан жаңа оқу технологиялары студент институтты бітіріп жұмыс орнына барғасын ғана емес, сол жылы-ақ мектептерге жетіп отырды.
Темірбек Жүргеновтiң тағы бір қасиеті жоғары оқу орындары ішінде университеттік жүйені жақсы қадірлегені. Осыған байланысты деп ойлаймын. 1937 жылы Томск университетін бітіретін 9 қазақстандық студентті оқуын бітірмей жатып біреуін педтехникумның директоры қызметіне, екеуін орта мектеп директорлығына, біреуін мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына, біреуін педтехникумға оқытушылық қызметке, ал қалғандарын ауылдарға жібермей қала мектептерінде қалдыруға бұйрығын шығартқан. Бұдан болашақ педагогикалық кадрларды дайындауда ғылыммен білімнің ұштасқан университеттік білім жүйесінің болашағын Т.Жүргенов сол кездің өзінде білгені және осы жүйені Қазақстанда да дамытуға тырысқандығы көрінеді.
Халық ағарту комиссариаты саласына қарайтын барлық жерлерде Т.Жүргенов жұмысқа деген ынта-жігерін көрсете білді. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры ашылғанда Т.Жүргенов осы театрға мамандар даярлау мақсатында 64 адамды Москваға оқуға жіберу үшін болашақ студенттерді іріктеуге құрамында Брусиловский секілді тұлғалар бар бес адамды Қазақстанның Оңтүстік, Батыс, Шығыс, Алматы, Ақтөбе облыстарына іссапарға жіберді. Кейбір жағдайда біліктілігімен көзге түскен қызметкерлерді, біліктілігін арттыру үшін стипендия тағайындап, оқуға жіберіп отырған. Мысалы, 1935 жылдың соңында ән айту өнерімен көзге түскен Р.Алоширова деген азаматшаға 200 сом есебінде стипендия тағайындап, Москвадағы консерватория жанындағы опера студиясына оқуға жіберген. Жаңадан ашылған опера театрына мамандардың өте керек екенін түсінген Т.Жүргенов Москва консерваториясы жанынан Қазақ опера студиясының ашылуына дем беріп, оның директоры қызметіне Никита Давидович Кармановты тағайындап, 500 сом есебінде жалақысын бекітті [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 325-іс, 10-п.]. Осы кезде Т.Жүргеновтің Халық комиссары есебіндегі жалақысы 450 сом болатын. Т.Жүргеновтің қарапайымдылығын 1935 жылғы Халық ағарту Комиссариаты қызметкерлерінің штаттық кестесінен көруге болады. Ол өзінің тұсында белгіленген 500 сом айлық жалақы дегенді сызып, тұсына 450 сом деп қойған. Сонда наркомның секретариатындағы Т.Жүргеновті қосқандағы 5 адамның 3-нің жалақысы наркомнан артық, ал біреуінікі наркоммен бірдей болған [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 3-тізбе, 325-іс, 366-п.]
Кейбір зерттеулерде жоғары оқу орындарындағы сырттай оқу бөлімдері Ұлы Отан соғысынан қайтқан жауынгерлердің еңбек етіп жүріп жоғары білімді алуы үшін ашылған делінген. Ал Т.Жүргеновке қатысты мұрағат құжаттарымен таныса келе сырттай оқу бөлімдері 30-шы жылдары жұмыс істегені көрініп тұр. 1936 жылы 23 қазанда Қазақстан үкіметі Қазақстандағы оқу орындарында маман тапшылығына сәйкес қосымша 3000 студентті дайындау туралы бұйрығын шығарды. Осыған сәйкес Т.Жүргеновтің бұйрығымен Темір, Лепсі, Жаркент, Үрджар, Семей, Өскемен, Зайсан, Павлодар, Петропавловск, Шучинск, Шымкент, Түркістан педагогикалық техникумдарынан сырттай оқу бөлімдері ашылды [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 4-тізбе, 115-іс. 1-2 пп]. Осы 1936 жылдың 20 қарашасындағы бұйрыққа сәйкес мектептердегі дипломы жоқ мұғалімдерді сол 1936 жылдың соңына дейін сырттай оқу бөліміне оқуға түсуге мәжбүрледі, оқуға түспеген жағдайда я оқуға қызығушылық білдірмеген жағдайда оқуымен қоса, жұмысынан шығаруды тапсырды. Сырттай оқу бөлімдерінің ашылуы да мұғалім кадрларының жетіспеушілігін толтыра алмады. Бұл, әсіресе, жоғары білімді мамандарға қатысты, жақсы көрінді. Осыған байланысты педагог мамандардың жетіспеушілігін қысқа мерзімде жою үшін Қазақ АССР-нің Комиссарлар кеңесінің «мұғалімдік және педагогикалық институттарға мұғалімдерді экстернатқа қабылдау туралы» қаулысына сәйкес толық орта білімі бар, мұғалім болып жұмыс істеп жатқан 250 адамды Алматыдағы Қазақ педагогикалық институтына, 160 адамды Орал пединститутына, 175 адамды Ақтөбе мұғалімдер институтына, барлығы 585 адамды жедел түрде дайындау туралы бұйрықты дайындап, Т.Жүргенов Қазақтан үшін жоғары білімді педагог мамандарды дайындауды, мектептермен арнаулы орта, жоғары оқу орындарында мамандардың көбеюіне өзінің үлкен үлесін қосты.
Бәрімізге мәлім, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы 1944 жылдан жұмыс істеп келеді. Бірақ көпшілік бұл жұмыстың басы Т.Жүргеновтің кезінде жасалғанын білмейді. 1935 жылдың 30 желтоқсанында Т.Жүргенов Қазақ мемлекеттік консерваториясын құрудың дайындығын бастау үшін 7 адамнан тұратын құрамында А.Жұбанов, Е.Брусиловскийлар бар комиссия құрып, оларға консерваторияны білім алушылармен қамтамасыз етуді, сырттан оқытушы-профессорларды шақыруды, музыкалық аспаптармен, оқу құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды және осы бұйрығымен Алматыдан жылына 100 адамды қабылдайтын музыкалық мектепті ашып берді [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс, 1-п.]. Бұл болашақ консерватория абитуренттері еді. Бұған қоса, қазақтың музыкалық аспаптарын көптеп дайындау үшін комиссариат тарапынан музыкалық аспаптарға сұраныстар жасап, аспаптар дайындайтын фабрикаға тапсырыс беріп, ұлттық музыкалық аспаптардың жасалуына, ұмытылмауына, жандануына жағдай жасады.
Темірбек Жүргенов Қазақстанның ағарту саласында Халық Комиссары болған кезде көптеген жұмыстар атқарылды. 1935 жылы Қазақ АКСР-ның 15 жылдығын атап өту бұйрығында [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс, 85-п.]. «Қазақстанда қазіргі таңда 6000 мектеп бар. Онда 600000 оқушы білім алуда, Революцияға дейін бірде-бір орта немесе жоғары оқу орны болмаса, қазір 100-ге жуық техникум, 17 жоғары оқу орны, оның ішінде бірінші Қазақ Мемлекеттік Университеті бар» деген еді. 6000 мектептің болуы сол кезең үшін үлкен жетістік болды. КСРО ыдырағаннан кейінгі 1992-1993 оқу жылында Қазақстанда 8654 мектеп болған, бұл мектептерде 3126,9 мың оқушы оқыған [Региональный статистический ежегодник Казахстана за 1992 год, Алматы, Казинформ центр 1993, стр.234]. Әрине, 30-шы жылдардағы мектептермен 90-шы жылдардағы мектептерді салыстыруға болмайды. Бірақ 6000 деген мектеп саны көп нәрсені білдіріп тұр. Алайда, осы сандардың өзінен 30-шы жылдары мектептер көп болса да, балаларды оқуға тарту әлі де қиындық туғызғаны көрініп тұр.
Оқушылардың сабаққа көптеп келмеуін КАКСР Халық ағарту комиссариатының 28.11.1934 жылғы №581 бұйрығынан көруге болады. Ақтөбе облысының 7 малшаруашылық ауданында 1933-1934 оқу жылында 1 сыныпта 9375 оқушы оқыса, келесі жылы 2 сыныпта 3468 оқушы ғана оқыған [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 4-тізбе, 115-іс, 7-п]. Мұндайда Жүргенов жағдайды жөндеудің жолын көрсетіп, нақты тапсырмалар беретін. Ал егер жұмыс жөнделмесе, қатаң шаралар қолданатын. Мысалы, сол Ақтөбе облысының Карповка елді мекеніндегі толық емес орта мектебіндегі жұмысты әлсіреткені үшін Т.Жүргенов мектеп директоры Галатоны және аудандық білім бөлімінің басшысы Родиенконы сотқа берді. Өз қызметіне салғырт қарайтын басшыларды ақшамен де жазалап отырған. Мысалы, Алматыдағы кітапханашылар курсына 2-3 кластық білімі бар, сауаты төмен, кейбіреулері Ликбезде ғана оқыған адамдарды жібергені үшін бұлардың жолпұл шығындарын толығымен осыларды оқуға жіберген аудандық білім бөлімдері басшыларының мойнына салған [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты., 81-қор, 4-тізбе, 58-іс. 613-п].
Темірбек Жүргенов қазақ балаларын оқуға тартуға, әсіресе қабілетті балаларды тартуға көп жұмыс атқарды, солардың бірі 1935 жылдың 4 шілдесінде өткен балалар үйлерінде тәрбиеленуші қабілетті балалардың слёті. Бұл кезде 30-жылдардағы ашаршылық кезінде жетім қалған балалардың балалар үйінде көп болу фактісі тіркелді және олардың көбісі қазақ балалары еді. Осы слётке шақырылған 60 адамның 25-і қазағы көп Оңтүстік Қазақстан облысынан шақырылған болатын. Слёттің қорытындысы бойынша балалардың қай бағытта қабілетінің мол екені анықталып, түрлі оқу орындарына емтихансыз қабылданды [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс. 111-п]. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жағдай жасап, азамат болып қалыптасуына Т.Жүргеновтің келесі бұйрығы да дәлел. 1935 жылғы оқу орындарына қабылдау жоспарына сәйкес Алматыдағы Муздрамтехникумға 130 адам, хореография мектебіне 50 адам Алматы, Оңтүстік, Шығыс Қазақстан және Қарағанды балалар үйінің балаларынан алынды.
Оқуға алынған бұл балалар шындығында сауатты балалар болу керек, себебі көп ұзамай бұл студенттерді Қазақстанның әр жерінен театрларға жұмысқа шақырып, студенттер стипендиядан гөрі айлық алғанды дұрыс көріп театрларға кете бастады. Бұны білген Т.Жүргенов театр директорларына студенттерді жұмысқа алмау, ал студенттерге оқуларын жалғастыру туралы арнайы бұйрық шығарды [Қазақстан Республикасы Орталық Мемлекеттік Мұрағаты, 81-қор, 4-тізбе, 35-іс. 14-п]. Т.Жүргеновтің ұлттық кадрларды дайындауға үлкен мән бергенін БКП(б) Қазақстан өлкелік бюросының 1934 жылғы 27 мамырдағы қаулысынан көруге болады. Бұл қаулыға сәйкес жоғары оқу орындарына 1934 жылы қабылданатын студенттердің 65-80% қазақ я шығыс ұлттары өкілдерінен болу керек болды [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6651-іс. 379-п]. 1934 жылы Қазақ мемлекеттік университетін ашуға үкім шыққанда, болашақ университеттің профессор-оқытушылар кадрларын дайындау үшін Москва, Ленинград университеттеріне 10 адамды аспирантураға жіберу көзделгенде, Т.Жүргенов бірінші кезекте қазақ ұлтының өкілдерін жіберу туралы мәселені көтерді [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6605-іс. 121-п].
Т.Жүргенов ана тілін оқыту мәселесіне де ерекше мән берді. 1936 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Көкпекті ауданындағы мектептің бірінде оқушылар 44 сөзден тұратын диктантта орташа 38 қатеден, ал Семей қаласындағы 95 мұғалім диктантта 843 қате жібергенін білген Халық комиссары бақылауды күшейтуді, ал ана тілін оқытатын барлық мұғалімді тексеруден өткізіп, ана тілін оқыту үйірмелерін ұйымдастыруды тапсырды.
Қаралған құжаттар ішінде бір қынжылтатыны «Атта отырсаң еретіндер көп, аттан құласаң тебетіндер көп» дегендей, Т.Жүргенов түрмеге жабылғаннан кейін оның орынбасары «Бұған дейінгі Комиссариатта жасалынған көптеген жұмыстар халық жауы Жүргеновтің басшылығымен жоспарсыз, жүйесіз істелініп, мекеменің ішкі өміріне, оқу орындарына бақылау салғырт жүргізілді» деп, көп жылдар бойы Жүргеновтің басшылығымен атқарылған жұмыстарды жоққа шығарып, екі күн ішінде «жоғарыдан берілген тапсырмалардағы қасақана жасалынған кемшіліктерді анықтауды» тапсырды. Бұл кеңестік жүйенің Қазақстанда білім мен мәдениет жүйесін көтеріп, жаңа деңгейге жеткізген Т.Жүргеновке айтқан «рахметі» болды.
Қамауға алынардан 4 күн бұрын Т.Жүргенов, Ғ.Мүсірепов, Исаев, төраға Нүрпейісов, тағы бірқатар Қазақстан КП (б) Орталық Комитетінің мүшелері «кітапханалардағы, дүкендердегі және оқу орындарындағы контрреволюциялық кітаптардың тізімін жасап бекітуге ұсынатын комиссия» құрамына кіргізілді [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 708-қор, 1-тізбе, 42-іс. 54-п].
Қазір Қазақстан энциклопедиясы барлық қазақстандықтар үшін өз елінің тарихы, жетістігі жинақталған жақсы анықтамалық кітап болып табылады. Осы орайда Қазақстанда «Қазақ энциклопедиясын» дайындау туралы Қазақстан өлкелік БКП (б) комитетінің бюросының шешімімен жасақталған бірінші топта Нүрпейісов, Исаев, Кабулов, Васюткин және Жүргенов болғанын атап өтуіміз керек [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 141-қор, 1-тізбе, 6606-іс. 324-п]. Бұған қоса, сауаты аздарға арналған журналдың редколлегиясының мүшесі болған және «Литературный Казахстан» газетінің редакциялық алқасында болған [Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағаты., 708-қор, 1-тізбе, 42-іс. 179-п].
Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметі әлі де өзінің зерттеушісін күтіп отыр. Бұлай айтуымның бір ғана мысалы, биыл Тәжікстанның Душанбедегі мемлекеттік мұрағатында жұмыс істеген әріптестеріміз У.С.Ибраев және Б.Б.Еңсепов Жүргеновтің еңбек жолының бұрын ешкім білмеген жаңа бетін – ағамыздың Тәжікстанның Статистика басқармасының бастығы болғанын анықтап, Тәжікстанда қаржы жүйесінің дамуына байланысты Т.Жүргеновтің жүргізген үлкен жұмысын айқындайтын көптеген жаңа құжаттар әкелді. Бұл мақалада Темірбек Жүргеновтің өмірінің жаңа беттері ашылды. Өкінішке орай, мұндай ақтандақ беттер әлі көп. Алдағы уақытта Егемен еліміздің зерттеуші-ғалымдары Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметінің беттерін толықтырады деген үміттемін.
Айтжан Оразбақов,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |