« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
«Отаныңмен салыстырғанда ең қымбатыңның өзі арзан», деп Қадыр ақын айтқандай, адамның ең қымбаты бір шыбындай жаны болса, бір шыбындай жанын шүберекке түйіп, сол кездегі Қазақстан басшысы Левон Мирзоянның шақыруын қабыл алып, Өзбекстандағы атқарып жүрген халық ағарту комиссары деген биік лауазымды қызметін қалдырып, Темірбек Жүргеновтің 1933 жылы өз Отанына – Қазақстанға халық ағарту комиссары қызметіне келуі, жеке басының амандығынан ұлт мүддесін жоғары қойған биік мұраттан туған шешім еді. Олай дейтінім, сол кезеңде Алаш ардақтыларының басына қара бұлт үйіріліп Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедовтер түрмеде, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезовтер жауапталып жүрген зұлмат кезең болатын.
Оның үстіне 1931-1933 жылдарғы ашаршылықтан Қазақстан екі жарым миллион халқынан айырылған, тірі қалғандардың мұқтажы да, мақсаты да тек қарын тойдыру ғана болатын. Мемлекеттің экономикалық жағдайы тұралаған, қазақтар талшық етерлік нәпақа үшін, әсіресе басының амандығы үшін Өзбекстан мен Түрікменстанды паналап, одан Ауғанстан ауып босқындыққа ұшыраған адам айтса нанғысыз ауыр жылдар еді. Шақыруды қабыл алмай Өзбекстанда сол қызметінде қала бергенде мүмкін «халық жауы» деген жаладан аман қалып, атылып кетпеген болар ма еді деген ой көкейде тұрады.
Халық ағарту комиссары қызметіне тағайындаларда Т.Жүргенов Л.Мирзоянға мынадай үш шарт қойыпты деседі. Әкем Қара Жүргеновтің малы тәркіленген, байдың баласы екендігіме байланысты жауапқа тартылуым мүмкін. Сіз мені қорғайтын болсаңыз. Бұл бір. Екінші, Халық ағарту саласын көтеру мақсатындағы атқарылуға тиісті барлық шаралар үшін қаражатты барынша молырақ бөлу және сол қаражатты мақсатты жұмсау тек өз билігінде болуы. Үшінші, Халық ағарту комиссарының беделі болуы үшін, өзін Өлкелік партия комитеті бюросының мүшелігіне сайлауын. Міне, осы үш шартқа Л.Мирзоянның келісімін алып, іске кіріскен.
Дара тұлғаның қайраткерлігін бағалауда үш өлшем бар – Биіктік, Тереңдік, Кеңдік. Табиғи таланттарды іздеп табу, тану, оларға жағдай жасап, өнер көгінде жарқырай көрінулеріне, аштықтан тұралаған, әлсіреген мемлекетті үш жылда, яғни 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікте қазақ ұлтының рухы биік, мәдениеті мен әдебиетінің ешбір елден кем еместігін көрсетуі Жүргеновтің қайсар қайраткерлігі мен орасан зор іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілетінің биіктігі еді.
Темірбек Жүргеновтің негізгі мамандығы заңгер. Тума талант болғандығынан араб, парсы, шағатай, өзбек, татар, башқұрт тілдерін жетік меңгерген. Тек қазақ әдебиеті ғана емес, әлем әдебиетінің жауһарларымен сусындап өскен, ұлан-асыр біліктілігімен танылған тұлға. «Қызыл Татарстан» газетінде «Татар әдебиетінің әлем әдебиетіндегі орны мен ролі» деген еңбегі де жарияланған. Білім-біліктілігінің арқасында Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсіреповтердей қазақ әдебиеті алыптарының шығармаларына талдау жасап, оларға бағыт-бағдар беріп, әдеби пікірталастарда батыл ұстанымы болған. Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы әдеби, мәдени ортада «хандықты дәріптеуші» ретінде қызу талқыға түскенде, кейбір кереғар пікірлерге тойтарыс беріп, Мұхтар Әуезовті жақтап пьесаның қойылуына жол ашқан. Әлем әдебиеті мен мәдениетінің жауһары саналатын Әбілқасым Фирдоусидің алпыс мың бәйіттік шығармасы «Шахнамені» түпнұсқадан оқып талдап және оның қазақша тәржімаларымен танысқан. Оларды жеткіліксіз деп тауып, жауапталып, әлсін-әлсін тұтқындалып жүрген шайырлардың шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға алдыртып, содан 40 мың жолдық шығарма дүниеге келген. Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов – «Мұны аударма деп емес, қазақша жазылған варианты деп бағалаған дұрыс» деген тұжырым жасаған. Бұл – Темірбек Жүргеновтің телегей-теңіз білімдарлығының, тереңдігінің дәлелі.
Ұлтжандылығының арқасында қазақ даласындай айқара ашылған кең құшағына Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Серке Қожамқұлов, Жұмат Шаниндердей талант иелерін сыйдырған. Алаш партиясының көшбасшысы болғандығынан тұтқында болып, 1934 жылы босап шыққанда Ахмет Байтұрсынұлына ақшалай көмек берген. Мәскеуде оқып жатқан қазақ азаматтарына қаржылай демеушілік жасап тұрған, өзбек, татар, тәжік азаматтарын Мәскеуге, Ленинградқа оқуға жіберген. Олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдерімен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Бұл – Темірбек Жүргеновтің кеңдігінің дәлелі.
Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Тұрар Рысқұлов, Темірбек Жүргенов сынды қазақтың марқасқа перзенттері атылып кетпегенде, сол зұлмат кезеңді қазақ бастан кешпегенде, біздің ұлттық болмысымыз бүгінгіден әлдеқайда жоғары деңгейде болар еді деген ойдамын.
Біздің үлкен кемшілігіміз, өткеннен сабақ алмайтынымыз. Қуғын-сүргін құрбандарының қадіріне қаншалықты жете алдық, кейінгі ұрпаққа олардың қайталанбас өмір жолдарын үлгі ете алдық па, әміршілдіктен қаншалықты арылдық деп бағамдай бермейтініміз. Жыл сайын 18 сәуір – Ескерткіштерді қорғау күні қалалық № 6 кітапхана қызметкерлерімен бірлесіп Т.Жүргенов ескерткішінің жанында марқұмды еске алу, рухқа тағзым шараларын өткіземіз. Кездейсоқ өткіншілерден Темірбек Жүргеновтің кім болғанын білесіз бе десеңіз, әрқайсысы әртүрлі айтатынына куә болдық. Демек, буын алмасқан сайын Жүргенов сияқты ұлтына ұлтан болып қызмет еткен тұлғалар көңілден көшіп, санадан өшіп бара жатқаны жасырын емес.
Өткен жылы Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор құрылды. Қордың атынан облыс әкіміне ұсыныстар беріліп, дара тұлғаның қайраткерлігін ұлықтау мақсатында ауқымды шаралар белгіленіп, жұмысшы тобы құрылды. Екі жыл көлемінде атқарылар шараларды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бекітіп берді. Бекітілген шаралар аясында өткен жылдың қазан айының басында Қызылорда қаласында Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы мен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университет бірлесіп, Дулат Исабек, Асанәлі Әшімовтер бастаған республиканың өнер қайраткерлері қатысқан Темірбек Жүргеновтің есімін ұлықтау, мемлекетіміздің мәдениеті мен өнерінің болашағы жайлы кемел ойлар мен пікір алмасу жиыны өтті. Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының тапсырысымен деректі фильм жасалды. Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысының білім, ғылым және өнер салалары өкілдерінің қатысуымен тұсаукесері өткізіліп, облыстың барлық телеарналарында бір ай бойы фильм көрсетілді. Осы игілікті шараны ұйымдастырушы қуғын-сүргін құрбандарының іздеушісі әрі жоқтаушысы болып қайраткерлік танытып жүрген ұлт жанашыры Ханбибі Есенқараева. Екінші деректі фильмді өз ынта-ықыласымен облысымыздың белгілі журналисі Нұрлан Соңғыбаев жасады. Деректі фильмде Алматы облысы, Ұзынағаш ауылында тұратын Жүргеновтің туған қарындасы жасы тоқсаннан асқан Зағипа Смағұлованың (күйеуінің фамилиясында) бейнесі және КСРО аумағының өнер қайраткерлеріне танымал, белгілі кинорежиссер, ұлты өзбек Али Хамраевтың Жүргенов жайлы Қазақстанның білім, ғылым және өнер салалары басшыларына ой салатын құнды пікірлері бар. Облыстық мәдениет басқармасының тапсырысымен белгілі кинорежиссер Еркін Рақышев жасаған деректі фильмнің Астанада өтетін ғылыми конференцияда тұсаукесері болмақшы. Қазақстанның халық әртісі Құрманбек Жандарбековтің бағалауынша Темірбек Жүргенов – қазақ театрының атасы. Театр атасына деген құрметтің бірі ретінде Темірбек Жүргенов пен оның зайыбы Дәмеш Ермекова бейнелері сомдалған пьесаның болуын үнемі айтудан жалыққан емеспіз. Пьесаның жазылуына ақын Шәкизада Әбдікәрімовтің жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевпен достығы себеп болды. «Мұның ақысы қанша болады» демей-ақ, «Барша қазақтың рухын қайта түлеткен Темірбек Жүргеновтей қайраткерден несіне аянайын» деп іске кірісті. Алла сәтін салса, пьеса қазан айында қолымызға тиеді деген сенімдеміз. Оның қойылымын ұйымдастыруға Хұсейін Әмір-Темір бастаған Н.Бекежанов атындағы театр ұжымы үлкен жауапкершілікпен кіріседі деген ойдамын.
Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген Шығармашылық үйіне Т.Жүргеновтің есімі берілді. Ғимараттың және онда орнатылған Т.Жүргенов бюсінің ашылу салтанатына облыс әкімі Қ.Көшербаев қатысты. Осы үйде Т.Жүргеновтің мұражайлық бөлмесін ашу көзделіп, мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен жәдігерлер, марқұмның еңбектері жинақталу үстінде. Мұражай бөлмесін жабдықтауға «Игілік» корпоративтік қоғамдық қоры 300 мың теңге демеушілік жасады. Мұражайдың нақты жұмыстарын ҚМУ-дың аға оқытушысы Самат Хабар бауырымыздың қол көмегімен іске асырғалы отырмыз.
Қызылорда қаласындағы Т. Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің 25 жылдығы мен қайраткердің 115 жылдығына орай тоғызқұмалақтан мектеп оқушыларының облыстық жарысы ұйымдастырылды. Қазақша күрестен Т.Жүргеновті еске алу мақсатында бірнеше республикалық жарыстар өткізілді.
«Қоғам» телеарнасының ұйымдастыруымен Т.Жүргеновтің өмірі мен қайраткерлігі жайлы «Көзбе-көз, сөзбе-сөз» хабары және білім, ғылым мен мәдениет саласының облыстағы қайраткерлерін қатыстырып дөңгелек үстел өткізілді. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Ақсарай» бағдарламасында қайраткердің есімін ұлықтау мақсатындағы атқарылып жатқан, алда атқарылар шаралар жайлы осы жолдардың авторымен кең көлемде насихат-әңгіме жүргізілді.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ғалымдарының Мәскеу, Орынбор, Ташкент, Душанбе қалаларынан жинақтаған материалдары негізінде «Фолиант» баспасынан «Т.Жүргенов мұрағат құжаттарында» атты кітап 2000 данамен дайындалу үстінде және облыстық газет беттерінде университет ғалымдарының тың зерттеулері басылып жүр. «Аңыз адам» журналының қыркүйек айында шығатын бір нөмірі толығымен Темірбек Жүргеновке арналғалы отыр. Журналдың 300 данасын Қызылордаға жеткізіп, білім, ғылым және мәдениет өкілдеріне таратылатын болады.
Осы жылдың қыркүйек айының екінші жартысында Астана қаласында Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінде Темірбек Жүргеновтің ұрпаққа үлгі боларлық өмір жолы мен қайраткерлігі жайлы Президент Әкімшілігімен, Республика Үкіметімен келісілген халықаралық ғылыми конференция жоспарланып отыр. Осы конференция барысында айтылған ой-пікірлер тиянақталып республика басшылығына Т.Жүргенов жайлы көркем фильм түсіруге қаржы бөлу мәселесі, мәдениет пен білім саласын дамытудағы ірі қайраткерлік еңбектері үшін Жүргенов атындағы сыйлық пен төсбелгі тағайындау, Елордадағы еңсесі биік білім немесе мәдениет ошақтарының және үлкен даңғылдың бірін Т.Жүргеновтің есімімен атау, ескерткіш орнату, республика көлемінде театр фестивалін өткізу жайлы ұсыныстар жасалады деген үміттеміз.
Осындай шаралардың іске асуы, өскелең ұрпақты бабалар рухымен тәрбиелеу, тарихи сананы қалыптастыру бағытындағы кешенді жұмыстардың бір парасы боларына ешкімнің дауы бола қоймас!
Т.Жүргеновтің жары – Дәмеш Ермекова Ташкенттегі Орта Азия университетінің медицина бөлімін Жүргеновпен бірге оқып тауысқан. Адал жар, қайраткер ана. Алаштың ардақты ұлдарының бірі халық жауы деген жаламен репрессия құрбаны болған Ермеков Әлімханның қарындасы. 1937 жылдың 2 тамыз күні Темірбек Жүргенов тұтқындалып, 1938 жылдың 25 ақпан күні атылған. «Халық жауы» деп айыпталғандардың әйелдері сияқты Дәмеш те 8 жылға сотталып, оның 7 жылын алғашында Ақмола лагерінде, кейін Ресейде солтүстүк Орал НКВД-ның түрмесінде отырған. Босағаннан кейінгі он екі жылы Бурабай шипажайында, Қарағанды өкпе аурулары ауруханасында дәрігер-фтизиатор болып қызмет етумен өткен. Алматыға оралуына Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейін ғана мүмкіндік жасалып, Алматы медициналық институтына орналасып дәріскер қызметін атқарған. (Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, Алматы қаласының құрметті азаматы деген құжатпен нақтыланбаған деректер бар). Арнайы қызметтің қадағалауында бола жүріп өмірінің соңына дейін Темірбектің өз халқына толық танылуына, оның еңбектерінің жинақталып жарыққа шығуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Елі үшін атқарған жұмыстарының өз бағасын алуы жолында мемлекеттік ұйымдардың есіктерінен жасқана сығалап, жазықтыдай имене еніп, үміті бірде ақталып, бірде тапталып, талай табалдырықты тоздыра жүріп, бар қайрат-күшін сарп етті.
1957 жылы Т.Жүргенов ақталды дегенмен, бірнеше ондаған жылдар бойы халықтың, әсіресе мемлекет қызметкерлерінің «халық жауы» деп айыпталғандарға деген қандарына сіңісті болған қорқыныш сезімдерден арыла қоймаған, көзқарастары өзгере, қабақтары ашылып, пейілдері жіби қоймаған болатын. 1967-жылы Ілияс Омаров Қазақстанның Мәдениет министрі болып тағайындалғанда жұмыс бөлмесіндегі Темірбек Жүргеновтің ілулі тұрған суретін көріп, Қанабек Байсейітовтің «Мынаны қалай түсінуге болады?» деп таңырқауы осының дәлелі. Оған жарықтық Ілекеңнің «Менің министр болып отырғаным, сіздің халық әртісі болып жүргеніңіз осы кісінің арқасы. Темірбек Жүргеновтен кейін біздің қазақ өнеріне қосқанымыз шамалы» деуі, «талантты тану да таланттының ғана қолынан келетінінің» айғағы және І.Омаровтың ақиқат жолында айнымайтындығының көрінісі деуге болады.
Темірбек Жүргеновтің қайраткерлігі жайлы осы күнге дейін пьеса да, көркем фильм де жоқ. Пьеса жазылып қолға тиетін күн де алыс емес сияқты. Жүргеновтер отбасында әкесі Темірбек атылып, анасы Дәмеш сотталып кеткеннен кейін 14-15 жастағы жалғыз ұл Жұманазар да тағдыр тәлкегіне түседі. Темірбектің әкесі Қара да атылған. Халық жауының баласын паналатуға, қамқорлық жасауға әркім басынан қорыққан заман. Темкеңнің туған қарындасы Зағипа сол кезде бес жаста, Қосжан, Досжан деген бауырлары Қарақұм көтерілісіне қатысушылар есебінде көздері жойылған. Жүргеновтер әулетін тұқым қалдырмай құртып отырған. Немере, шөбере туысқандарынан тірі қалғандары тектерін, туған мекендерін өзгертіп, қашып айла жасап аман қалған. Кім екені белгісіз, бір мың болғыр жан Жұманазарды Алматыдан пойызға отырғызып, артынан бақылап отырып, Қызылорда қаласынан өткеннен кейінгі Қараөзек стансасына дейін жеткізген. «Анау қазақ үйлерінің қайсысына барсаң да, Жүргеновтің баласымын десең, сені сыртқа теппейді», деп түсіріп кеткен. Жұманазар үш жылдай әркімнің есігінде жүріп, 17-18 жас шамасында өзі сұранып майданға аттанып, содан хабар-ошарсыз кеткен. Міне, қасірет.
Темірбек Жүргенов тұтқындалғаннан атылғанға дейін алты ай абақтыда отырғанда, Кеңес жаналғыштарының қолынан талай азаптау мен қорлауды көрді. Қанша мықты болғанымен, күнделікті тергеу барысындағы тепкілеу мен соққылар мойын омыртқа сүйегін майыстырып, таққан жалған айыпты мойындатты. Өз ойымша, заматында атылып кеткен жан онша азапты бастан кеше бермейтін сияқты көремін. Осындай қорлауды Дәмеш те аз көрген жоқ. Жеті жыл түрме мен он екі жыл тіміскілердің мазағына төзу үшін де қанша жүйке жұқарып, қаншама мазасыз күндер, ұйқысыз түндерді бастан кешірді десеңізші.
«Қинайсың жанды, қинайсың жанды, қинайсың. Кең дүниеге сақинадай болып сыймайсың, Өлейін десең тапаншаң тұрып, самайда, Ит қылған әбден, ит өміріңді қимайсың!» дегенді, өзі көрмесе де, көргендей сезініп Қадыр Мырза Әли данышпандықпен жазып кеткен.
«Түбі бір ақиқатқа жетермін, Темкеңім де ақталар, азаттықтың, еркіндіктің күні де туар», деген үміт сәулесімен Дәмеш апа да Тәуелсіздік таңы атқан азат күнге жете алмай, 1990 жылы 85 жасында дүние салды. Топырағың торқа, жатқан жерің жайлы болғай!
Осы арада Мұқағали ақынның: «Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,
Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.
...Жесір келін бір нәресте көрмеген,
Жетім шалды бала орнына тербеген,
...Өміріне кегі кеткен, өлмеген.
Жалған айып тағылғанда көлденең,
Ақиқаттың аппақ туын бермеген...» дегеніндей, Дәмеш сияқты біртуар, қажымас-қайтпас қайраткер, ақиқаттың аппақ туын бермеген аналарға қандай құрмет жасалса да, артық етпеген болар еді деймін.
Сәби АҢСАТ,
Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы.
Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қордың реквизиттері:
«Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қор. БИН 130640020214, ИИК KZ728560000005983015, «Банкцентркредит» АҚ ҚФ, БИК КСJBKZKX, КБЕ 18, Қызылорда қаласы, З. Шүкіров көшесі 72/2. Тел: 8-7242-24-82-66, 8-701-490-45-06.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |