« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Атажұртын басқыншылардың езгісінен азат етуде қылышынан қан тамып, өмірінің соңына дейін жойқын жорықтар мен сұрапыл соғыстардың ортасында жүріп, елін қызғыштай қорғаған батырларымыздың бірі – Жанқожа Нұрмұхаммедұлы (1774-1860). Ол XIX ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтарының өктемдігі мен Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатына қарсы шыққан халық батыры.
Тумысынан томаға тұйық Жанқожа жастайынан жылқы бағып, қатарынан бөлекше өскен. Осындай жайсаң өмір сүріп жатқан бозбаланы тағдыр ерте есейітті. Соғыс десе жанын шүберекке түйіп жазықсыз жапа шеккендер, опасыз отаршылдық құрбандары, олардың мұңы мен зары Жанқожаның шымбайына қатты бататын. Әсіресе, Хиуа хандығының жер, мал-мүлікті қойып, қаракөз бұрымдыларымыздың намысын аяқасты етуі оның қолына қару алып, ерте соғысқа аттануына түрткі болды. 70 жыл бойы соғыстың бел ортасында жүріп, 80-ге келгенде қайтадан қолына найза алып, атқа мінуінің себебі де сол. Сондықтан болар, қарсыласқан дұшпанын тізе бүктірмей қоймайтын қайсарлық батырдың болмысында бар еді. Барлық жорықтар мен көтеріліс кезеңдерінде Жанқожаның қолбасшы немесе ұйымдастырушы ретінде жүруі, өзіне артқан сенімді ақтап, елінің сағын сындырмайтындығына бек сенгендіктен болар.
Жоғарыда айтқанымыздай, Нұрмұхамедұлы Жанқожа 1774 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. Дегенмен, батырдың туған жылы мен дүниеден өткен жылдарында күмән тудыратын жағдайлар баршылық. Олай дейтініміз, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясында 1774 жылы туылған десе, «Қазақстан тарихының» 3-томында 1780 жыл көрсетілген. Ал, көз көргендердің ұрпақтары былтыр Жанқожаның туылғанына 238 жыл, биыл дүниеден өткеніне 152 жыл толғанын алға тартады. Дегенмен, жұртшылық 1774 жылға тоқтап отыр.
Нұрмұхамедұлы Жанқожа батыр Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болды. ХІХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.
Жанқожа батыр 17жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Бұл кездерде Жанқожа ауылы Қарақұмды жайлап, Ырғызды қыстайтын. Қоқан хандығының Созақ бекінісіне орналасқан әкімдерінің жергілікті халыққа салынатын алым-салықтан тыс көрсеткен зорлықтары қазақтардың бас біріктіріп, бұл қамалға шабуыл жасауына себепкер болады. И.Аничковтың мәліметі бойынша, Қоқан әкімі Дәурен Созақ қалаларының бектері Отыншы, Сушымен бірігіп, Сарман биді өлтіреді.
Созақта тұратын Құрман би араша түсуін өтініп, Жанқожаға арнайы хабар жібереді. Жанқожа елден қол жинап, Созаққа жорыққа аттанып, жолда Жаңақорған, Жөлек бекіністеріндегі қоқандықтарды қуады. 1830жылдың күзінде Созақ бекінісін қоршауға алып, көмекке келген қоқандық Таған палуанды жекпе-жекте қолға түсіреді. Одан кейін Жанқожа жасақтарымен бекіністің дарбазасын бұзып кіріп, Созақты басып алады. Қоқан бектері Отыншы мен Сушыны қолға түсіріп, баласын өлтірген өтеуі үшін Құрман биге тапсырады. Кейбір деректерге қарағанда, Жанқожа Қоқан хандығының Шымқорған, Қосқорған, Күмісқорған тәрізді бекіністерін де талқандаған.
Жанқожа батырға арқа сүйеп, алым-салық төлеуден бас тартып, Хиуа бегі Бабажанның озбырлығына көнбей жүрген Сырдың төменгі сағасындағы қазақтарды тәртіпке келтіру үшін Хиуа ханы Аллақұл жасақтарымен түрікмен Аймұхамед палуанды жібереді. 1836жылы Ақирек деген жерде елге тізесі батқан осы Аймұхамед палуанды Жанқожа жекпе-жекте өлтіреді. Басшысы мерт болған палуанның жасақтары бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Жанқожа бұдан кейін де Сыр бойындағы қазақтарды хиуалықтардың езгісінен құтқару үшін, олардың бекіністеріне жиі-жиі шабуыл жасап отырады. Оның бұл жорықтары нәтижелі болып, Хиуа бекіністері көп шығынға ұшырайды.Қазіргі тарихнамалық зерттеу бағалауынша: «1845 жылы Кенесарының өтініші бойынша Жанқожа қоқандықтардың Созақ бекінісін алуға қатысты» («Қазақстан тарихы»: 5 томдық, 3-том, Атамұра, 2010. – 388-б.). 1845жылдың көктемінде Хиуа хандығы Сыр бойындағы қираған бекіністерін қалпына келтіру үшін 200жасақ аттандырады. Жанқожаның жігіттері бұлармен ұрыс салып, кері қайтарады. 1847жылы көктемде Хиуа бегі Уайыс-Нияздың әскері Атанбас, Ақирек, Қамыстыбасты жайлап отырған қазақтарға шабуыл жасап, 1400үйді ойрандап, тонап кетеді. Осы жылдың тамыз айында Хиуа бегі Қожанияз бастаған шапқыншылар қазақ ауылдарын тағы да тонауға ұшыратады. Хиуалықтардың мұндай шапқыншылығы бір жылда бірнеше рет қайталанады. Тонауға ұшыраған елін қорғауға Жанқожа 700сарбазбен қарсы шығады. Құрамында екі мың әскері бар хиуалықтар Жаңақала бекінісінің төңірегіне шоғырланады. Жанқожаға Ресейдің Райым бекінісінің бастығы Ерофеев бастаған отряд келіп, хиуалықтарды талқандауға көмектеседі. 1847жылы Райымға келіп, бекініс сала бастаған Ресей әскерлеріне Жанқожа қарсылық көрсетпейді. Сол кездегі Орынбор генерал-губернаторы В.Обручевпен жолығып сөйлескен соң Жанқожа онымен орыс әскері жергілікті халықтың тыныштығын бұзбайтындығына және хиуалықтардың шапқыншылығынан қорғайтындығына келіседі. Бірақ кейін іс жүзінде керісінше болады. Патша шенеуніктері мен әскерлері ауық-ауық елдің тыныштығын бұзып, бұл кезде егде тартып отырған Жанқожаға да маза бермейді. Орынбор шекаралық комиссиясының Сырдария жүйесі бойынша өкілі И.Осмаловскийдің көмекшісі болып есептелетін тілмаш Мұхаммедхасан Ахмеров шабармандарын пара жинауға Жанқожа ауылына жұмсайды. Жанқожа оларды «орыс заңында мұндай салық мүлде жоқ» деп қуып жібереді. Осындай келеңсіз құбылыстарға ашуланған Жанқожа көтеріліске шығуға мәжбүр болады. 1856жылы желтоқсанның соңғы күндерінде көтерілісшілер Қазалыны қоршауға алады. Қаратөбе маңындағы Л.Булатовтың отрядына бірнеше рет шабуыл жасайды. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300атты казак, 320жаяу әскер, 1зеңбірек, т. б. қаруларымен қоса сұлтан Елекей Қасымов бастаған бірнеше жүз қазақ жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болады. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болады.«Қазақстан тарихының» 5 томдығының 3-томында (Атамұра, 2010) «Ермұхамед (Елекей) Қасымов көтерілісті басуға мейлінше белсене қатысты» (389-б.) деп нақты баға берілген. Қазақ халқының осындай ұлттық-азаттық көтерілістерін Ресей патшалығы отаршыл жазалаушы әскерлермен бірге басып-жаншыған осындай жергілікті билік иелерінің (аға сұлтан, би Есеней Естемесұлы; сұлтан, генерал-майор Баймұхамед (Баймағамбет) Айшуақов; сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендеұлы, т.б.) іс-әрекеттері тарих беттерінде мәңгілік жазылып қалды. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетеді. Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратады. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды. 1856-1857жылдары қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567сомның малы сатылады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен ел ағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожа 1860 жылы кісі қолынан қапыда қаза табады. Бірақ, тарихтан белгілі басқа хандар мен батырлардың басын алғаны сияқты Жанқожаның басын алмақ түгілі денесіне тиісе алмайды. Тіпті, сол жерде Жанқожаны арулап көмуге бұйрық береді. Мұның өзі батырдың аса құрметті, әруақты адам болғандығын айқындап тұрса керек.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы тек батыр ғана емес, әділ шешім айтатын би, діндар болған. Қасына үнемі кіші жүздегі пірлердің ұрпағы Сәйеке ишан деген пірін ертіп жүрген. Перовский сынды отаршылдардың сан рет қолқа салған шені мен байлығынан бас тартқан. Маңдай тері сіңбеген нәрсеге қол салу иманнан аттау деп түсінген. Тіпті, соңғы демі қалғанша намазын бұзбастан хақ мұсылманша Жасаған иесінен иман тілеп, қасқайып тұрып пәниден бақиға өткен.
Жанқожа Есет батыр сынды зор денелі батыр болмаса да, үстіндегі сауытын киген адам орнынан тұра алмайтын жолбарысты батыр болған. Қылышы мен айбалтасын жанынан тастамаған. Қанша дұшпан болса да ол жауына мылтық атпаған. Қаһарлы қабақтары көзіне түсіп, сақалы төсіне жеткен. Деректерде оның жауға шапқанда кедергі болмасын деп сақалын өріп қоятындығы туралы мәліметтер кездеседі.
«Ер есімі ел есінде» дегендей, Жанқожа батырдың есімі ешқашан ұмытылған жоқ. Батыр өмірден өткен кезден бастап осы уақытқа дейін ол туралы талай туындылар, зерттеулер жазылды. Жанқожа туралы ақын-жыраулардың (Мұсабай, Л.Кенжеев, Н.Жұбатұлы, О.Сұлтанов, М.Айдарбекұлы, М.Құттықов, Ә.Нарымбетов, С.Қожағұлов, т.б.) дастандары мен арнау толғаулары жарық көрді. Суреткер ғұлама Мұхтар Әуезов «Тарихи жырлар» атты еңбегінде халық батырларына лайықты баға берген: «ХVIII ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың алғашқы жартысы бойында қазақ халқы өзін езіп-қанаушыларға қарсы қару алып күресті. Күреске шыққан халықтың осындай ерлік айбары бірқатар тарихи жырлар тудырды. Сырым, Исатай мен Махамбет, Бекет пен Жанқожа жайындағы тарихи жырлар осындай» (Әуезов М.О. Уақыт және әдебиет, 1962, 75-б.). Жанқожа батыр туралы дастанға арналған зерттеу «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» (Алматы: Ғылым, 1979) атты ғылыми зерттеулер жинағында жарық көрген. Сонымен бірге Тәуелсіздік жырларында ғылыми зерттеулер мен мақалалар, дастандар мен арнау өлеңдер, тарихи-деректі құжаттар жинағы «Ел қорғаны ер Жәкем» жарық көрді. 1978 жылы дарынды ақын, қаһарман қаламгер Зейнолла Шүкіров басты кейіпкері Жанқожа батыр сомдалған төрт кітаптық «Сыр бойы» роман-эпопеясын «Жазушы» баспасына тапсырған екен. Сол роман-эпопеяның алғашқы екі кітабы Қызылордадағы «Тұмар» баспасынан 1998 жылы жарық көрді. Халық батырының Тәуелсіз Қазақ елінің тарихында мәңгілік ұлықталуы үшін әлі талай жұмыстардың атқарылатыны ақиқат.
Қорыта айтқанда, қазақ халқының бостандығы мен Тәуелсіз Мемлекеттігі үшін Ресей отаршылдарымен де, Хиуа, Қоқан басқыншыларымен де өмір бойы күресіп өткен ұлттық батыр қайраткеріміз Жанқожа батырдың ұрпақтарымызға кеңінен таныстырылуы, ұлағатының ұлықталуы – бәріміздің абыройлы борышымыз.
Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |