ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ – ТӨЛ ТЕҢГЕ

Бүгінгі Қазақстан әлемдік қауымдастықта лайықты орны бар мемлекетке айналды. Бұл Елбасының тәуелсіздік жылдары мемлекетті нығайту бағытында атқарған қыруар тынымсыз еңбегінің жемісі. Иә, тәуелсіздіктің арайлы таңы атқалы еліміз қиын-қиын асулардан өтті. Енді, міне, сол тәуелсіздігіміздің айшықты, айбынды символы теңгенің айналымға енгізілгеніне 20 жыл толып отыр.
Әрине, ұлттық валютаны енгізу туралы саяси шешім бір күнде қабылданған жоқ. Тәуелсіздік пен ұлттық валюта бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар екені күн өткен сайын айқындала бастады. Оның үстіне Ресей рублі құнсызданып, қағазға айналды. Тіпті Ресей рубліне деген тәуелділік айналымда қолма-қол ақшаның тапшылығына әкеп соқтырды. 
Бүгінде тарихқа айналған уақыт жылнамасын ақтарсақ, елімізде 1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаны енгізу мүмкіндіктерін саралайтын комиссия құпия түрде өз жұмысын бастағаны белгілі болып отыр. Бұл комиссия туралы жоғары басшылықтағы бірнеше адамның ғана хабары болды. Алдымен жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Құпия кеңес ұзаққа созылған талқылаулардан соң ұлттық валютада қазақ мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлғалар бедерленуі тиіс деген шешім қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аса қажетті қадам еді. Сан жылдар бойы сананы езген режимнің темір құрсауы босаған шақта ұлттық мақтаныш сезімін көтеру керек болатын. Алғашқы ұсынылған нұсқаның бірінде теңге бетіне Елбасының бейнесі де бедерленген еді. Бұл туралы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында «Ең әуелі суретшілер Бірінші Президент кескінделген, яғни менің суретім салынған банкноттарды ұсынды. Е.Асанбаев, Т.Сүлейменов және Ғ.Байназаров үшеуі маған ішкі бетіне менің суретім бейнеленген 50 теңгелік купюраны алып келді. Бірақ мен «Мен тарихи тұлғамын ба, жоқ па, оған ұрпақтар қазы болады», – деп жауап бердім. Суретімнің ақшада басылғаны қолайсыз болар, себебі Африка елдерінің билеушілерінен басқа, көзі тірі мемлекет басшыларының ешқайсысы ақшаға өз суреттерін орналастырғанын көргенім жоқ деп, әңгімені қалжыңға бұрып жібердім. Бәріміз бірге күлісіп, бұл нұсқаны алып тастадық», – деп еске алады.
Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылды. Олардың қатарында «сом», «ақша», «теңге» деген атаулар болды. Қорытындысында комиссия ежелгі Қыпшақ даласында сауда айналымында болған «теңгеге» тоқталды. Теңгенің айналымға енгізілуі тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі болды. Тәуелсіздікті нығайту үшін, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін аса қажетті тарихи қадам осылайша жасалған болатын.
Қазақстан экономикасы нарықтық қайта құруға бет бұрғанда бұрынғы Кеңес Одағындағы бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз еді. Жас мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын, уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. Рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Жоғарыда айтқанымыздай, республикаға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Төл валютаны енгізу арқылы Ресейдің қаржы институттарына бағыныштылықтан арылу, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізу көзделді.
Елбасы Жарлығымен құрылған Ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны енгізудің тұжырымдамасын дайындады. Бұл құжатта жаңа валютаның енгізілу мерзімі, тәсілі, жаңа валютаны айырбастау пункттеріне жеткізу мәселелері, қолма-қол ақшаны айырбастау коэффициенті мен лимиттері, валюта бағамын қалыптастыру және басқа да маңызды мәселелер нақтыланды.
Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев теледидар арқылы халыққа түсіндірме берді. Ақшаның ауысуы жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі және алдағы мүмкіндіктері ескерілгенін атап өтті.
Теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ел «сабан» ақшаны Әл Фараби, Абай, Шоқан, Сүйінбай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген су жаңа ақшаға айырбастап жатты. Сондағы халықтың асып-тасыған көңіл қуанышының өзі неге тұрады? Қазақ тіліндегі, ұлттық нақыштағы банкноттарды бір-біріне көрсетіп сүйіншілеген ағайын тәуелсіздікке тәубе айтты. Ендігі міндет тіпті күрделі еді. Теңгенің құнын жоғалтпай ұстап тұрудың маңызы күннен күнге арта түсті.
Ұлттық валюта енгізілгеннен кейінгі алғашқы екі жыл еліміздің экономикалық дамуындағы күрделі кезең ретінде сипатталады. Айналысқа енгеннен кейін алғашқы 7 айда теңге 8 есе құнсызданды.
Қаржы операциясы теңге арқылы есептелінгендіктен, оның бағамы басқа елдердің валютасымен күнбе-күн нақтыланып отырды. Ендігі міндет теңгенің экономикалық өсімге тікелей қызмет жасауын қамтамасыз ету болатын. Бұған дейін теңге құлдырап бара жатса, Ұлттық банк өзіндегі алтын-валюта қорынан қосымша ақша жұмсап, оны реттеп отыратын. Бірақ бұл әрекет жасанды бағамның жасалуына жол ашты. Теңгенің шын бағамын белгілеу үшін оны еркіндікке жіберу керек болды. Аталмыш шарадан кейін теңге бағамы АҚШ долларына шаққанда бірден екі есеге сатылап жоғарылап кетті. Бұдан кейінгі жылдары теңгенің АҚШ долларына қатынасы бойынша құнсыздану қарқыны едәуір баяулады. Мәселен, егер 1995 жылы теңгенің бағамы 17,9 пайыз болса, 1996 жылы - 15,4 пайызға төмендеді, 2001 жылы теңгенің номиналдық құнсыздануы 5,17 пайыз, ал 2002 жылы 3,25 пайыз болды. 
Бүгінгі теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішінде түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Олай дейтініміз, 1999 жылдан бері нарық реттейтін еркін бағам ағысына шығарылған ұлттық валюта соңғы кездері 1 АҚШ долларына қатысты тұрақтылығын ұстап келеді. Оған дейін жасанды түрде тежеліп келген теңге бағамы еркіне жіберілген кезде, 1 АҚШ долларының құны сол уақыттағы 67-70 теңгеден 200 теңгеге дейін барғанын жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Алайда, бұл құнсыздану ұзаққа бармай, айналасы бір-екі аптада доллар құны қайта төмендеді. Қазір ол 153-154 теңгенің шамасында тұрақталды. Содан бері теңгенің бағамын нарық реттеп келеді. Ел экономикасы өсіп, ішкі жалпы өнім ұлғайғалы бері теңге жұртшылық назарын тұрақты, сенімді валюта ретінде аудара бастады. 
Теңге ұлттық валюта ретінде еліміздің экономикалық даму үдерісінде өзінің лайықты орнын тапты. Еліміз «Қазақстан-2050» стратегиясын басшылыққа алып, әлемнің өркениет көшімен қарышты қадаммен алға басып келеді. Бұл әлемнің озық 30 елінің қатарына бағытталған ізгілікті қадам болып табылады.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.

ТАНЫМ 02 қараша 2013 г. 2 157 0