Коронавирус: шетелдік әдебиеттер не дейді?

 COVID-19 пандемиясынан кейін коронавирустар түсінігі мен құбылысына мән берушілер көбейді. Аталған вирус – рибонуклеин қышқылының молекуласы бар сфералық пішін­дегі микроб. Микроб күннің тұтылуы барысындағы тәжге ұқсайтын ерекше тікенегі мен қылшықты қабығына байланысты коронавирустар деп аталып кеткен.

Бүгінгі таңда ғалымдар бұл вирустың 40-қа жуық түрі бар екендігін айтады. Олардың басым көпшілігін жануарлар жұқтырады және таратады. COVID-19 тарауынан адамға зақым келтіретін коронавирустардың саны же­тіге жетті. Оның ішіндегі үшеуі (SARS-CoV, MERS-CoV и SARS-CoV-2) халық арасында тарауы өте жылдам және өкі­нішке қарай адам өліміне әке­леді. Коронавирустардың тари­хын зерттеу мақсатында ғы­лы­ми әдебиеттерге талдауды жөн санап, зерттеу барысын­да­ғы тұжырымдарға мән бергіміз келеді.

1957 жылы Ц.Домер­мутх пен O.Эд­вардс «Journal of Infectious Diseases» журналында құстың инфекциялық бронхитын жұқ­тырған хориоаллантоис мем­бра­насының электронды-микро­­­ско­пиялық зерттеуіне («An electron microscope study of chorio­allantoic membrane infected with the virus of avian infectious bronchitis») арналған мақа­ласында коронавирус­тар түсінігін пайдаланған. К.Ма­кин­тош SpringerLink бас­па­сы шығаратын «Current Topics in Microbiology and Immuno­logy» кітаптар серия­сының 1974 жылғы 63-бөлі­мінде коро­навирустарға арнал­ған салыстырмалы зерттеу жүр­гізіп, вирустардың бұл түрі алғаш рет 1930 жылдары анық­талғандығы жөнінде айтады. Ғалымның пікірінше, қолға үйретілген балапандардың жедел-респираторлық вирустық инфекциясы жұқпалы бронхит вирусынан (IBV) туындаған. 1940 жылдары жануарларға қатысты тағы екі коронавирустар тобы бөлінген: тышқан гепатитінің вирусы (MHV) және трансмиссивті гастроэнтерит вирусы (TGEV).

Адам коронавирусының тарихы 1965 жылы басталады. Д.Таррелл мен М.Быное «Lancet» журналында суық тиюмен ауыратын науқастардан туындайтын вирустарды айқындау барысында В814 микробын табады. Вирус қарапайым суық тиген ересек адамның тыныс алу жолдарынан алынған адам эмбрионының мүшелерінен та­был­ған. 60-жылдардың соңын­да Таррелладам штаммдарымен және жануарлардың бірқатар вирустарын зерттейтін виру­сологтар тобын басқарды. Ға­лымдар морфологиялық түр­де электрондық микроско­пия мәліметтеріне сәйкес жұқ­палы бронхит вирусы, тышқан гепатитінің вирусы және шош­қаның трансмиссивті гастро­энтерит вирусын қарастырды. Осы вирустардың жаңа тобы коронавирустар деп аталып, кейін вирустардың жаңа түрі ретінде ресми қабылданды.

1995 жылы Р.Барич бастаған бір топ ғалымдардың «Advances in Experimental Medicine and Biology» атты журналда тышқан гепатиті вирусындағы қайта әрекет ету (рекомбинация) мен мутацияның жоғары жиілігі ко­ро­на­вирустардың пайда болу ықти­малдылығына ықпал ете­тіндігі туралы болжамдарына еш­кім елең етпеді десек те бола­ды. Өйткені, ғалымдар үшін жаңа коронавирустардың респи­раторлық синдромның ауыр түрінің (SARS) себебі екендігін дәлелденуі таңғал­дырып, қызуғышылық ту­ғыз­бады. Бұл – коронавирустарға жыл­­дар бойы зерттеушілер, әлем­­дік қауымдастық, қоғам наза­­ры­ның болмағандығының дәлелі

Тек 2002-2003 жылдары Қы­тайда атиптік пневмонияның, рес­пираторлық синдромның ауыр түрінің (SARS) өршуі кезінде назар аударылды. Ауру SARS-CoV вирусынан туын­дап, өзге елдерге де тарады, 8273 адам науқастанды және 775 адам қайтыс болды. Осы індеттен кейін зерттеулер жүр­гізген медицина докторлары Дж.Кан мен К.Макинтош «The Pediatric Infectious Disease Journal» басылымының 2005 жылғы 11 санында коронавирусты анықтаудың тарихы мен соңғы жетістіктеріне арналған қорытындыларын ұсынды. Ға­лымдар атиптік пневмония ін­де­тіндегі жануарлардың коро­на­вирустары адам популяция­сы үшін қауіп төндірудің ықти­малдылығын дәлелдейді. Бірақ, олар атиптік пневмония коро­навирусы таралуының нақты тетігі түсініксіз болып қала­тынын еске салады. Алдағы уа­қыт­та адам коронавирусының қо­сым­ша штаммдары анықтала­тын­дығын, аталған жұқпалы ор­га­­низмдердің вирусологиясы мен эти­ологиясын терең зерттеу қажеттілігін сол жылдары айт­қан.

Коронавирустар тобына жататын MERS-CoV виру­сының Таяу Шығыс рес­пира­торлық синдромы (MERS) қоз­дырғыштарының алғашқы белгілері 2012 жылы Сауд Арабиясында тіркелді. 2013 жылдың маусымына дейін 50-ден астам адам науқастанып, оның жартысы қайтыс болған. 2015 жылдың жазында бұл вирус әлемнің 23 елінде тіркеліп, кейбір деректерде 1154 адам ауырып, оның 431-і қайтыс болғандығы жөнінде айтылады. Коронавирустар бойынша бұл оқиғалар ғылым үшін жаңа, белгісіз тақырып болды.

Коронавирустар туралы зерттеулер отандық ғалымдар арасында танымал Скопус базасындағы журналдарда көп кездеседі. Бүгінгі таңда базадан «Coronavirus» кілт сөзімен 18660 зерттеу жұмысын тауып отырмыз. Медицинада – 8302, иммунология және микробиологияда – 7077, биохимия, генетика және молекулярлық биологияда – 4252, ветеринарияда – 2785, ауыл шаруашылығы және биологиялық ғылымдарда – 2556. Бұл ұғым бо­йынша әлеуметтік ғылымдарда – 93, гуманитарлық ғылымдарда – 46 мақала жарияланған. Демек, әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар салалары өкілдеріне бұл еңбектерді талдау арқылы зерттеу жұмысын жасауына болады. Биыл 545 мақала жарияланып үлгерген (18.03.2020 көрсеткіш). 2002-2003 жылдары Қытайда коронавирустардың тара­луына байланысты болар, 2004 жылғы мақалаларда «Coronavirus» кілт сөзі ең көп кездеседі, яғни 1096.

«Coronaviridae» кілт сөзі арқылы 3056 материал табы­лып отыр. Зерттеулердің ал­ғашқы үштігі медицина (1224), иммунология және микро­биология (1203), ветери­нария (776) салаларына тиесілі екен. Гуманитарлық және әлеу­мет­тік ғылымдарда ұғым 13 рет қолданылған. Жылдар бойынша талдасақ, 2020 жылы 18, 2019 жылы 77 мақала жа­рия­ланған. Кілт сөзді пайдалану барысында, ең көп мақала 2016 жылы (269) жарияланған. 1968 жылы Д.Грэттэн «The Veterinary record» журналында жарияланған «Infectious bronchitis in laying fowls» мақа­ласында тауықтың инфек­ция­лық бронхиты туралы жазады. Мақаладағы мәлімет бо­­йынша, коронавирус инфек­ция­сы ұғы­мы PubMed мақалаларының индекс­телуінде қолданылатын, NLM бақы­лауын­дағы сөздік­тердің MeSH (Medical Subject Headings) тезаурусында бар.

Қазіргі вирус түрі «COVID-19» кілт сөзі бойынша 116 материал бар. Айтпай-ақ түсінікті, бұл зерттеулер биыл жарияланған. «Скопус» базасындағы осы жылдың 18 наурызындағы сандық мәлімет көрсетіп отырғандай, медицинада – 102, иммунология және микробиологияда – 22, биохимия, генетика және молекулярлық биологияда – 7. Бұл зерттеулердің қатары алдағы уақытта да көбейе­тіндігі анық. Өйткені адам коронавирустарының эволю­циялық дамуы әлі де жүріп жатыр. Келешекте оның морфологиясы мен геномын зерттеу толығуымен қатар, коронавирустардан қорғаудың нақты құралдары мен вирусқа қарсы тұрудың тәсілдері, емі табылатындығына сенейік.

Мұрат НАСИМОВ,

саяси ғылымдарының

 кандидаты,

қауымдастырылған

профессор,

«Болашақ» ғылыми-зерттеу

институтының директоры.

ТАНЫМ 16 сәуір 2020 г. 2 463 0