ЖОМАРТТЫҚ ПЕН САДАҚА

 Баяғыда алмаған қамалы, жауламаған ел-жұрты жоқ бір патша болыпты. Ештеңеге мұқтаж емес, тек бір жазылмас дерті бар екен. Ауырған жүрегі күн-түні дүрс-дүрс соғып, жанын қоярға жер таппапты. 
Ем алмаған бақсысы мен тәуібі қалмапты. Содан бір күні әлдебір әулие келіп:
– Уа, қазірет, ауруыңызға ем таптым! – дейді.
– Ол қандай ем?
Патшаның жазылудан үміті үзіле бастаған еді.
– Егер сіз өзі келбетті, өзі жас, он жетіге енді толған жігітті құрбандыққа шалып, қанын ішетін болсаңыз, бұл ауруыңыздан құлан-таза айығар едіңіз.
Мыңдаған адамның қанын суша шашып жүрген қаһарлы патшаға бір жігіттің қанын төгу не тұрады, тәйірі.  
– Онда маған дәл сондай бір жігітті тауып келіңдер, – дейді патша.
Нөкерлері ел ішінен әулиенің айтқан сипатына келетін бір жігітті табады. «Тастаған шоқпар сорлыға тиеді» деген, ол бір кемпір-шалдың жалғыз баласы болып шығады. Бейбақ шал мен кемпір жылап еңіреп, патша нөкерлері байлап алып алдына салған баласының соңынан ереді. Патша оларға да өз сарайына кіруге рұқсат етеді.
– Мен мына баланы сойып, қанын ішпекшімін, сендер разысыңдар ма? – дейді патша кемпір-шалға.
Патша айтып тұрса, бейшаралардың жоқ деуге тілі келсін бе:
– Разымыз... разымыз..., – деп екеуі бас­тарын шұлғиды.
– Ендеше ата-анасының разылығы үшін екі қап алтын беріңдер, – деп патша қазынашысына бұйырады да, сосын қазыға қарап, – Мына баланы өлтіріп, қанын ішпекшімін, бұл шариғатта адал ма, арам ба? – дейді.
– Иә, тақсыр! Сіз үшін жүз адамның жанын алсаңыз да адал... Іше беріңіз, – деп қазы пәтуа қылады.
Енді патша қасапқа бұйырады.
– Мынаны сой!
Солай деп балаға көз салса, ол басын жоғары ұстап, сабырлы қалпын сақтаған күйде күлімсіреп тұр екен. Патша оған таңғалып:
– Ей, бала, сен неге ажал алдында жымиып тұрсың? – деп сұрайды.
– Иә, хан ием! Дүниеде адамның қадірі болмаса қиын екен. Мынау шал мен кемпірдің Құдайдан тілеп алған жалғызы едім. Енді олар менен кейін перзент көрмейді. Бірақ, жазғандар өз баласын екі қап алтынға сатып жіберді. Мұңымды кімге айтайын, осыларға ма? Адам мұңын айтатын қазының түрі мынау, арам-адалды айырарлық халі жоқ. Бұл Құдайдан қорықпады, өзінің мансабынан қағылам деп қорқып пәтуа берді. Сонда мұңымды кімге айтпақпын? Жазықсыздың жанынан қара басы артық болып тұрған саған айтамын ба?  Сендердің осы сорақылықтарың мен сорлылықтарыңа күлкім келді, ал, мұңымды бүкіл әлемнің жаратушысы болған Аллаға айтып тұрмын!
Сонда патшаға баланың сөзі ой салды, жүрегі еріді.
– Бар кете бер, азатсың! – деді жәй ғана.
– Әке-шешеме берген алтының ше? – деп сұрады жігіт.
– Ол сендерге садақа! Кете беріңдер.
Олар бұрылып кетіп бара жатыр еді, жүрегі кеудесінен шығып кетердей тоқтамай соғып тұратын патша сол сәтте өзін соншалықты жайлы сезінді. Бейжай күйге түсіп, тершіп рахаттанды. Сонан соң уәзірлеріне:
– Әлгі әулиесымақты шақырыңдар, – деді. Олар оны дереу келтірді.
– Ей, әулиесымақ! – деді патша қатулы дауыспен, – Сен маған бір бейшараның қанын ішкізіп, күнәһар қылмақшы болдың ба? Міне, мен оның қанын ішпесем де ауруымнан жазылдым, – дегенде, әулие оған былай деді:
– Уа, патша! Сенің осы күнге дейін жомарттық жасаған жерің жоқ еді, бірде-бір рет садақа да бермеген болатынсың. Жаңа өзіңнің жаның ауырып тұрса да, жазықсыз жанды азат етіп, мәрттік жасадың, ата-анасына екі қап алтынды садақа еттің.
Садақа – бәлені қайтарады деген.
Алла саған шипа берді, – деп әулие патшаға дарыған шипаның жұмбағын шешті.
Бұл оқиға осы жерден аяқталады.
Әулие патшаға не үшін жас жігіттің қанын іш деп қиянатқа барды, не үшін патша аяқасты ойға түсіп, қайырымдылық жасады? Әңгімеде бұлардың сыры ашылмай қалған. Тек бір нәрсе анық. Қайырымды да жомарт болу – адамгершілік қасиеттің ең үлкен өлшемдері. Патшаның айықпас дертіне шипа болған да осы қасиеттер.
Ал, сіз кімге, қашан қол ұшын бердіңіз, кім­нің мұқтажын өтеуге септестіңіз? Жауап берудің қажеті жоқ, ішіңіз білсін.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы».
ТАНЫМ 21 наурыз 2020 г. 837 0