« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысы құпия болғандықтан, зейнеткерлері мен ардагерлері туралы ашық жазуға мүмкіндік болған жоқ. Сол себепті, басым көпшілігінің есімдері елге танылмай, еңбектері еленбей келгені рас. Қанша жыл өткенімен, ґлдеқашан дүниеден озған алдағы буын ағаларымыздың атқарған құпия жұмыстарын бүгін де көпшілікке жария етуге болмайды. Өйткені, тґуелсіз еліміздің қауіпсіздік органдарына кесіріміз тиіп кетуі мүмкін. Дегенмен, өмірден өткен ардагер ағаларымызды еске алып, ізгі қасиеттері мен өнегелі өмір жолдарын баян етуді жөн көрдік.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінде 25 жылдай жұмыс істедім. Бұл жұмбақ мекемеге жетпісінші жылдардың орта шенінде келдім. Басқарма бастығы полковник Қозеке Бишімбаев жылы қабылдап, бөлім бастықтары, подполковниктер Мұрат Берғалиев және Қуандық Пікірбековпен таныстырды. (Сол кезде басқармада екі-ақ бөлім болатын). Олар мені бірден қамқорлығына алды. Екеуі де сауатты, білімді кісілер екен. Ақыл-кеңес беріп, жаңа қызметті тез меңгеріп алуға көмектесті. Айта кету керек, қауіпсіздік органдарында ұстаздық немесе жетекшілік деген болмайды. Қызметкерлердің жұмысына, тікелей бастықтарынан басқа адам араласып, көмек көрсетуге тыйым салынған. Себебі, оларға тапсырылған жұмыс құпия болып саналады. Әріптестері бір-бірінің немен айналысып жатқанын білмеуі керек. Тіпті, тәжірибелі қызметкерлер кабинетіне біреу кіріп келсе, жазып жатқан бетін көрсетпей, қағаздарын аударып қоятын еді. Дегенмен, жас қызметкерлердің қиналып жүргенін көріп, ағаларымыз қызметіне байланысты оларға бағыт-бағдар беріп, жазғандарын түзетіп, кейде түгелдей өздері жазып беретін. Пікірбековтің жаңадан қабылданған жас қызметкерлерге осындай «жасырын» ұстаздық көрсетіп жүргенін талай көрген едік. Сонымен қатар тамаша әңгімеші еді. Біз білмейтін, естімеген, сыры ашылмаған әңгімелер айтатын. Қауіпсіздік органдарының қолымен жүргізілген репрессияның себебі мен салдары туралы алғаш рет осы кісіден естідік. Кезінде Балтық жағалауындағы «Орман бауырлары» бандаларымен бетпе-бет соғысқан (1945-1947 ж.ж.) және Тәжікстанның Таулы Бадахшан аймағындағы Кеңес өкіметінің жауларымен және Ұлы Отан соғысы кезіндегі дезертирлер мен Қызыл әскерге шақырудан бас тартып, қашқан адамдарға қарсы жүргізілген операцияларға қатысқан. Қауіпсіздік органдарында 37 жыл жұмыс жасаған, тергеуші болған, кадр бөлімінде жұмыс істеген, кейін басшылық қызмет атқарған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері. Қазір қамқорлығын көрген ардагерлер кездескен кезде Пікірбеков ағамызды еске алып, мақтанышпен айтып отырады. Басқарма қызметкерлері қарсы барлау бөлімінің бастығы Берғалиевке ерекше ізет көрсететін еді. Әріптестері оның ізгі қасиеттерін жоғары бағалайтын. Расында, ұзақ жылдар бойы облыстық басқармада жұмыс істеп, елінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында адал қызмет етті. Осы саладағы жетістіктері де аз болған жоқ. Жасыратыны жоқ, Қазақстанда КСРО Қорғаныс минстрлігінің әскери полигондары көп болатын. Қазір Арал теңізіндегі «Возрождение» аралында биологиялық қару сынақтан өткені жалпыға мәлім. Бұл полигонға АҚШ-тың барлау органдары барынша қызығушылық танытып отырды. Олар агенттерін жіберіп, полигондағы болып жатқан жағдай туралы бар шындықты білгісі келді. Бұл жайында КСРО КГБ органдары облыстық басқарманы уақытылы хабардар етіп, іздеу жұмыстарына бағыт көрсетіп отырды. Нәтижесінде, «Возрождение» аралының құпиясы сақталып қалды. Кейін АҚШ-тың барлау органдары «Возрождение» аралындағы өтіп жатқан сынақ туралы толық мағлұмат ала алмағандарын мойындауға мәжбүр болды. Есімде, шетелдік азаматтың бірі Байқоңыр және Арал теңізі маңайындағы шағын станцияларға тоқтаған жолаушылар пойызынан түсіп, ауа жинастырып және жер қыртыстарынан топырақ алып (пробы воздуха и почвы) шыны сауытына салып жатқаны. Әрине, бұл жағдай дереу Мәскеуге хабарланып, сезікті кісіге байланысты мәскеулік чекистермен бірге тиісті жұмыстар жүргізді. Өкінішке қарай, қауіпсіздік органдарының қызметі құпия қызмет болғандықтан Берғалиевтің атқарған жұмысын, қанша уақыт өтсе де, ашып жазу мүмкін емес. Біз жасымыздың айырмашылығына қарамастан жақсы қырым-қатынаста болдық. Әйелі, екі баласы болды. Жастықпен үйленген шығар, әйелі орыс еді. Кейде үйге келіп, кішкентай балаларымды көтеріп, еркелететін. Бірге ас ішіп, кетерінде: «Ана тілімде сөйлесіп, рахаттанып қалдым!» дейтін еді марқұм. Отставкаға шығып, туған жері Оралға қоныс аударып, сол жақта дүние салды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ақай Әлменов, Николай Шастов және Алексей Кузьменкомен бірге жұмыс істедім. Кейінірек отставкаға ертеректе шыққан соғыс ардагерлері Төлеген Ыдырысов, Сергей Галкин, Пірмағамбет Үдербаев, Николай Прачкин, Мадеш Арынғазиева және Әбдібек Кәрібаевпен таныстым. Олар басқармада өтетін іс-шараларға қатысып, жас қызметкерлерді тәрбиелеуге белсенді араласып жүрді. Айта кету керек, олар өте мәдениетті және сыпайы болатын. Қан майданнан келдік деп ешуақытта өздеріне жеңілдік сұраған емес. Антына берік, ісіне адал азаматтар еді. Жалпы соғыс туралы көп әңгіме айта бермейтін. Ұлы Отан соғысы кезіндегі олардың жанкешті ерліктері туралы қауіпсіздік органдарында сақтаулы, жеке істерінен оқып білген едік. Отставкадағы капитан Әбдібек Кәрібаев соғыс кезінде барлаушы болған екен. Бірде барлаушылар тобымен бірге жау тылына барып, фашистердің қарсылық көрсетіп, оқ жаудыртқанына қарамастан, жоғары шендегі вермахт офицерін байлап алып келген. Осы ерлігі үшін Кәрібаев «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған. Бұл жайында майданда бірге болған қарулас достарының бірі Ш.Қалабаев «Подвиг разведчика» атты мақаласында былай деп жазды: «Наша войсковая часть подошла к Одеру, где разведгруппа получила задание достать «языка» с западного берега. Темной ночью, переждав артобстрел, мы переправились через реку, где нас ждала сильно укрепленная крепость фашистов. Все открытое пространство простреливалось, что затрудняло выполнение задания. Вдруг мы обнаружили провод связи и решили, что он может «привести» к какому-нибудь пункту. Абдибек увидел, что в метрах в шестидесяти движется какая-то тень. Когда мы схватили немецкого офицера и проверили его документы, то оказалось, что нам очень повезло: он оказался полковником немецкой армии. Вскоре вернулась и группа захвата, ведя за собой двух пленных. Когда мы переправлялись через реку, фашисты открыли яростный огонь, под которым погибли два разведчика и два «языка». На берег был доставлен только один пленный полковник. Он дал ценные показания...».
Кейде соғыс ардагерлерін әңгімеге тартатын едік. Бір қызығы, ағаларымыз көп жағдайда өздері жайлы емес, Жуков, Василевский және Рокоссовский сияқты армия қолбасшылары жайында айтатын. Бірде ардагерлер арасында орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты кітабы талқыланды. Кезінде кітап «Арпалыс» деген атпен қазақ тілінде жарыққа шыққан болатын. Бұл кітаптың кейіпкері есімі аңызға айналған атақты Бауыржан Момышұлы екені белгілі. Жазушы кітапты соғыстан кейін емес, соғыс қызып тұрған кезінде Бауыржан ағамыздың жанында жүріп жазған еді. Баукең оған ескерткен: «Кітаптың әрбір тарауын әкеліп көрсетесің. Соғыс туралы шындықты жазбасаң, қолыңды қылышпен шауып тастаймын» деп. Расында, бұл кітапта соғыс туралы барлық шындық жазылған. Соғыстан кейін «Волоколам тас жолы» бірнеше шетел тіліне аударылып, Бауыржан Момышұлының тұлғасы үлгі-өнегеге айналған еді. Осы уақытқа дейін Финляндия мемлекетінің әскери академиясында осы кітап оқу құралы болып есептеледі, курсанттар міндетті түрде оқу керек. Куба революционерлері Фидель Кастро, Че Гевара және басқалары кітапты қолдарынан тастамаған. Израиль мемлекеті 1946 жылы құрылғанда, «Волоколам тас жолын» әрбір жауынгерге таратып, оқуға міндеттеген. Олар жауынгерлерін рухтандыру үшін осылай істеген көрінеді. Кезінде атақты орыс жазушысы Константин Симонов: «Бұл кітап әлі дұрыс бағасын алған жоқ» деген екен. Расын айтқанда, кезінде кітап түгіл, кейіпкері де өзіне лайықты бағасын ала алмады. Орыстар генерал және Кеңес Одағының Батыры атағын бермеді. Қазақстанда Баукеңді ұлтшыл деп айыптады. Тек Елбасы Н.Назарбаевтың табандылығының арқасында, 1990 жылы 12 желтоқсанда оған Кеңес Одағының Батыры атағы (посмертно) берілді. Әрине, адамның еңбегін тірі кезінде бағалап, лайықты құрмет көрсеткен дұрыс. Өкінішке қарай, көп жағдайда дүниеден өткеннен кейін тұлғаларды еске алып, құран оқылып, ас беріліп жатады. Десе де, бұл игілікті іс-шаралар марқұмдар мен ұрпақтарына керек. Діни кітаптардың бірінде: «Артында қалған ел-жұрт рухыма құран бағыштап, мені еске алса екен. Жақсылықтарым туралы айтса екен. Құдайдан мен үшін рахым тілесе екен!» деп үміттенеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ардагерлер кеңесінің бастамасымен Жеңістің 70 жылдығына байланысты дүниеден өткен ардагерлерінің құрметіне ас беріліп, марқұмдардың аруақтарына дұға оқылып, құран бағышталған еді. Департаменттің бұрынғы басшысы отставкадағы полковник Нұрахмет Ерали олардың есімдерін жиналғандарға жария етті. Олар Ахай Әлменов, Қабаш Ақшалов, Николай Шастов, Алексей Кузьменко, Мадеш Арынғазиев, Әбдіғали Бәкіров, Нури Бисимбаев, Бодық Жұпаров, Зұлқарнай Құлжабаев, Төлеген Идрисов, Пірмағамбет Үдербаев, Орынбасар Ахметов, Сейтағзам Ахметов, Жармахан Ахметов, Нұртай Әбуов, Серік Болдықов, Мұхтар Бекенов, Тұрғанбай Ділдабеков, Сапа Жаппасбаев, Әділ Сүгірбаев, Сейтмұрат Саткеев, Қабыл Мақашев, Абылай Мырзабаев, Төрехан Нұрымов, Рафкат Насибуллин, Кеңес Елімбаев, Зәмір Кобландин, Болат Қаражігітов, Байдалы Тыныштықбаев, Абибулла Шалғынбаев, Марат Әбенов, Шәріп Сардаров, Фарид Ибрагимов, Сабит Қуандықов, Қайрат Ибраимов, Тельжан Қуанов, Берік Суюнов, Ақәділ Смайлов, Аббат Елеуов және Марат Шілманов. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлері мен зейнеткерлерінің есімдері баспа бетінде алғаш рет жарияланып отыр. Естелік асқа облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің басшылары, қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен еске алушылардың жақын туыстары қатысты. Аса құрметпен Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері аталды. Олардың ерлік істерін ешқашан ұмытуға болмайды. Алда Ұлы Жеңістің 75 жылдығы аталып өтеді. Осы маңызды датаға байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлер кеңесі соғыс ардагерлеріне арналған мемориалдық тақта орнату туралы басшыларға ұсыныс жасаған болатын. Департамент ғимаратының алдындағы алаңға соғыс ардагерлерінің есімдері қашап жазылған мемориал ескерткіш орнатылды. Бұл игілікті іс-шараның кейінгі жастарға үлгі болатыны, бойына патриоттық сезім ұялататыны сөзсіз.
Әмірхан БӘКІРҰЛЫ,
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің
Құрметті ардагері,
отставкадағы полковник.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |