Қайран, қонжық!

1980 жылы Мәскеуде өткізілген XXII Жазғы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты көпшіліктің жадына өшпестей болып сақталып қалды. Міне, оған да биыл тура 40 жыл өтіпті.

Өмірде ұмтылмайтын сәттер болады. «Лужники» стадионында болған оқиға кеңес заманында туғандардың есінде болар. Лев Лещенко мен Татьяна Анциферова «Қош бол, Москва!» әнін орындауда. Сан мыңдаған москвалықтар мен қала қонақтары осы сәтте олимпиаданың эмблемасы – сүйкімді қонжықпен қимай қоштасты. Тіпті кейбіреулері көздеріне жас алып жатты. Қызығы, аспанға ұшырылған Мишканың қайда кеткенінде еді...

Енді сәл шегініс жасайық: алдымен «Советтік спорт» газеті редакциясының бастамасымен «Жануарлар әлемінде» телехабары арқылы көрермендерге алдағы олимпиаданың эмблемасына «қай аңды таңдаған дұрыс?» деген сауалнама тасталды. Телекөрермендердің түгелге жуығы аюдың қонжығы – Мишканы таңдады. Қонжық Мишка эмблема болып бекітілген соң Одақ суретшілеріне бәйге жарияланды. Айта кетейік, Олимпиада нышанын таңдауға конкурс спорттық мереке басталардан тура 3 жыл бұрын, яғни 1977 жылы жарияланды. 

Бір ғажабы, жюридің таңдауына 45 мыңға жуық жұмыс түсіпті. Осы қыруар еңбектің арасынан мәскеулік суретші, балалар кітаптарының иллюстраторы Виктор Чижиков жеңіске жеткен еді. Ол Олимпиада символы ретінде кейін көпке танымал болған әйгілі аюды ұсынды.

Ақтық мәреге жеткен 60 еңбектің ішінен В.Чижиковтің салған суретті сол кездегі Халықаралық олимпиада комитетінің төрағасы лорд Киланинге өте ұнаған көрінеді. Ұйымдастыру комитеті осы эмблеманы бекітеді.

Аюды таңдау себебі бұл аңның бойында күш, батылдық пен қажырлық қасиеттер бар болатын. Осы Мишка суреті бойынша резеңкеден биіктігі 6 метрлік аэростат жасалды. Алғашында оны Москвадағы резеңке өнеркәсібінің ғылыми-зерттеу институтында дайындамақшы болған. Алайда, көлемі өте үлкен болғандықтан бұл жұмысты институттың филиалы орналасқан Загорск қаласына көшірді. Мишканың алып резеңке қуыршағы түрлі жағдайлар болуы мүмкін деп үш данасы жасалды.

Олимпиаданы  ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша резеңке   Мишка жабылу салтанатында аспанға ұшуы тиіс. Осыны іске  асыру  үшін 1979 жылдың сәуір айында Жуковский қаласында орналасқан Аэро-гидродинамикалық институтында (ЦАГИ) «Аю» деген атпен жұмыс басталды. А.Фавордохин бастаған бір топ ғалымдарға «Олимпиадалық  Мишка» жабылу салтанатында жоғарыға тіке ұшып кетуі керек деген  тапсырма берілді. Қонжық стадиондағы трибунадан 3-4 метр көтерілген соң, жанып тұрған олимпиада алауына тиіп кетпей, стадион төңірегінен тезірек ұшып кетуі тиіс еді.

Бастапқыда инженер Александр Трусовтың өзі Украинаның «Желтая вода» жұмсақ ойыншықтар тігін фабрикасы тіккен костюмді қонжыққа    кигізіп, гелиел толтырылған шарлармен ұшып көріп, сынақты сәтті өткізді. Алайда, «Лужники» стадионының биіктігі 30 метр болғандықтан, соған жеткеннен кейін ол оң жаққа бұрылып, көрінбей кетуге тиіс болды. Сондықтан адам отыратын шағын кабина қонжықтың оң аяғының ішіне орналастырылды.

Екінші сынақ кезінде Мишка ішіндегі шағын кабинаға инженер Игорь Артомонов отырды. Стадионнан ұшып шығып, бұрылып жатқанда жанып тұрған олимпиада алауына тиіп, резеңке қонжық бірден жанып, ішіндегі  инженер алған күйіктен жан тапсырды. Сондықтан резеңке Мишка тағы аударылып, бағытынан ауып кетпеуі үшін гелиелмен үрленген шарлар қонжықтың алдыңғы аяғына ғана байланды.

Олимпиаданың жабылу салтанатында қонжықты аспанға сәтті ұшыру жоспары сәтті жасалып, ішіндегі жерден басқару аппараты көздеген   мақсатты дәл орындады. Арада 3 күн өткен соң Можайский су қоймасы жақтағы Воробьев тауларына барып құлаған Мишканы тауып әкеліп, «Лужники» стадионының қоймасына тастады. «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген осы да.

Сол жылдың күзінде Батыс Германиялық (ФРГ) бір фирма қонжық Мишканы 100 000 неміс маркасына сатып алуға ұсыныс жасайды. Алайда, КСРО үкіметі оған рұқсат бермеді. Сонымен символ қонжық бірнеше рет Халық шаруашылығы Бүкілодақтық көрмесінің (ВДНХ) павильонына қойылды. Бастысы, олимпиады нышанын сан мыңдаған адам тамашалады. Бірақ, қонжық кейін қоймаға тасталды, сонан соң мүлде ұмытылып кетті. Кейін оны егеуқұйрықтар кеміріп тастағаны белгілі болды.                                                                                                                                          

Уақыт зырылдап өтіп жатты. Алып мемлекет КСРО тарады. Он бес одақтас ел егемендігін алды.

Осы қонжықтың Воробьев тауларына қарай ұшып бара жатқан сәті Ресейдің «Громовтар» телесериалының соңғы сериясында көрініс тапқаны көрерменнің есінде болар. Бұл идеяны іске асырған «Громовтардың» сценарий авторлары – біздің қандастарымыз Тимур Бекмамбетов пен Бақыт Қилыбаев еді.

Дайынған 

Бақытжан ТҮМЕНБАЙ.

Қазалы ауданы.

ТАНЫМ 08 наурыз 2020 г. 1 204 0