Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті қаржы пирамидасының қызметі қандай екендігін ашып көрсетіп, қаржы қақпандарына түспеудің амалымен бөлісті, - деп хабарлайды ҚазАқпарат комитет сайтына сілтеме жасап.
Қаржы мониторингі комитеті қаржы пирамидасының белгісі бар ұйымды құру және оның қызметіне әр түрлі алаяқ схема арқылы азаматтарды тарту жиілеп кеткендігін ескертті. Ведомство оған мысал ретінде мессенджер мен әлеуметтік желі арқылы еліміздің барлық өңірінде санаулы сағатта тарап кеткен «Котел» немесе «Қара касса» ойынын атап өтеді. Алайда бір мезгілде жүздеген адамды алдап түсірген қаржы пирамидасы күйреп, оны құруға қатысқандар құр қол қалады. Сонымен, жұмбақ пирамиданың қызметі қандай және қаржы қақпандарына түспеудің амалы қандай? Қаржы пирамидасы – заңға қайшы инвестициялық қызмет, мұнда алдыңғы қатысушыларға берілетін төлемдер жаңа қатысушылардың қаражатын тарту арқылы жүзеге асырылады.
Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және оны басқаруға ҚР ҚК 217-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Басқаша айтқанда, бұл азаматтардан заңсыз ақша тартып алудың ең белгілі әрі кең таралып кеткен әдіс. Таңғаларлық жайт, қаржы пирамидасына қосылу әдетте азаматтардың өз еркімен және құқықтық сүйемелдеусіз жүргізіледі. Осылайша, ешкім салынған қаржының қайтарылатынына кепіл бермейді. Қаржы пирамидасының ең басты белгісі – өте көп пайда түседі деп уәде беріледі. Үстеме тек тек бір рет қана төленуі мүмкін, өйткені келесі жолғысын беруге одан да көп қаржы керек.
Екінші белгісі - компания шынайы экономикалық немесе инвестициялық қызметпен айналыспайды. Пирамидалар өзін тауарлық, несиелік, туристік, құрылыс компаниялары ретінде көрсетеді. Алайда, шындап келгенде ескі салымшыларға барлық төлем жаңа салымшылардың жарнасы есебінен төленеді.
Үшінші белгісі - мұндай жобалардың материалдық-құқықтық базасы жоқ, яғни, бұл компаниялар жаңадан құрылған, қаржылық есеп тапсырмайды, келісімшарт жасамайды немесе келісімдер тек ұйымдастырушылардың пайдасына жасалған әрі ҚР заңнамасына сәйкес келмейді.
Пирамиданың төртінші белгісі - компанияның қызметі тым жан-жақты, сол арқылы компания айқын әрі нақты қызметінің жоқтығын жасырады.
Бесінші белгісі - әлеуметтік желілердегі белсенді әрі мезі ететін жарнама. Осындай жарнаманы тарату «Жарнама туралы» ҚР Заңына сәйкес емес болғандықтан, аталмыш заңсыз бизнестің барлығы әлеуметтік желі мен мессенджерлерде кеңінен таралады.
Алтыншы әрі өте маңызды белгі – қаржы регуляторы лицензиясының болмауы. Кез келген салым егер сыйақының мерзімі мен мөлшерлемесі көрсетілген болса депозит болып саналады. Халықтан салым алу үшін ҚР Ұлттық банкінің лицензиясы қажет, және ол екінші деңгейдегі банктерде бар. «ҚР екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» заңға сәйкес банктер халықпен жұмыс жасап, салынған қаражаттың қайта берілуіне кепілдеме береді. Бірақ қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары лицензияны қажет етпейтіндігін мәлімдейді. ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитеті жоғарыда көрсетілген белгілері бар күмәнді ұйымдарға қаражатты салудан бас тартуға шақырады.
Қаржы пирамидасына қатысты мәселе туындаса комитеттің сенім телефондарына хабарласу керек 8 (7172) 708-478, 8 (7172) 709-920.