Парижді мойындатқан қазақ қызы

Оқырман есінде болса, өткен жылы дәл осы ақпан айында Еуропаның сән әлемінде ойып тұрып орнын алған, 20 жыл бойы Кристиан Диордың табыс тұмарына айналған №1 моделі Алла Ильчун, анығырағы Алла Қуантханқызы Елшінді өз хал­қымен табыс­тырған, та­­ныс­тырған мақа­ламызды жариялағанбыз.

Өмірден озар алдында ғана әйгілі өнертанушы, сән әлемінің білгірі, ресей­лік­ «Модный приговор» теле­бағдарламасының жүргізушісі Александр Васильев­­ке әке­сі­ қазақ екенін мойын­­дап кет­кен Алла Елшін ту­ралы тұң­ғыш деректі фильм де тү­сіріліп, алдымен Па­рижде көрсетілді. Көп ұзамай осы ақ­пан­да Берлин Иришевтің «Алла – DIOR-дың шығыс жұлдызы» фильмі әкесінің кіндік қаны там­ған топыраққа да келіп жетті.

Бірден айту керек, Франция қазағы Берлин Иришев бастаған командаға –Франциядағы қазақтар қауымдастығына бұл деректі фильмді дүниеге әкелу оңайға түспеген. Біріншіден, авторлық құ­қыққа аса құрметпен қарайтын әрі аса құнтты Еуропа елдеріндегі архивтерде өмірі беймәлімдеу әйгілі модель туралы деректер жеткілікті болғанымен, оны қолға түсіру, іздеу, фильм барысында пайда­лану арзанға да оңайға да түспегені анық.

Егер бір ғана фотоны жариялау, пайдалану құқығы 500 еуро, ол қатысқан сән көрсетілімдерінің бейне-жазбалары секундтармен бағаланатынын ескерсек, бұл шаруаның құны қаншалықты екенін бағамдайсыз.

Сонымен күллі Еуропадағы сән әлемі­нің қызғанышы мен қызығушылығын қатар тудырған және сән индустриясында азиялық келбетімен жаңа стандарттар енгізген, Париж подиумдарында жылдар бойы салтанат құрған Алла Елшін кім еді? Кристиан Диордың №1 моделі, кейін Ив Сен Лоранды да мойындатқан құмырсқа бел тұлғаның тағдырында тылсым оқиғалар ғана емес, жұмбақ жайттар да әлі жеткілікті.

Ақиқатында Алла Ильчунның Еуропа­да ешкімге ұқсамайтын модель ғана емес, тұлға екендігін Кристиан Диордың өзі де мойындап өткен ғой. Алла иығына ілген сән үлгісін ертесіне-ақ Элизабет Тэйлор, Марлен Дитрих сынды әлемдік кинематорграфияның саңлақтары, тіпті Еуропа ханшайымдары киіп шыққанын айтсақ та жеткілікті.

Ғажайып және барлық кезде бо­йында аздаған жұмбағы, бір қарағанды жалт еткізер қасиеті бар, белінің табиғи жіңішкелігі 46 см ғана болған Алла Елшіннің сән әлеміне келуінің өзі кез­дейсоқ, қызықты оқиға. Ақиқатында, ол бетінің әрі бар кезде Еуропаның бү­кіл мода туралы журналдарының мұ­қабасынан түспеген.

Біз өткен жылы сымбатымен ғана емес, бес тіл меңгерген интеллектуалдығымен, ерек мінезімен де Парижді бағындырған қандасымызға қайта оралуға әлі себеп жеткілікті екендігін де жазғанбыз.

Өйткені өткен жылы еліміздің мәдени өміріндегі елеңдетерлік жаңалықтың бірі – «Муза DIOR. Алла Ильчунның тарихы. Қазақтан шығып, сән әлемін мойындатқан» атты кітап авторы Берлин Иришевпен өткен кездесу болды.

Бұл кітап Алла Ильчунның өмірін ғана емес, бұрын-соңды белгісіз болып келген деректер мен мұрағаттық құжаттарды барынша қамтыды десек те, автор әлі де мәліметтер жеткілікті болғандықтан, оның өмірі деректі, тіпті көркем фильмге сұранып тұрғанын айтқан болатын.

Айналып келгенде жанкештілікпен еңбек еткен Берлин Иришевтің түсіру тобы Алла Елшіннің тағдырына қатыс­ты толық тарихи әділеттілік орнатты десе де болады. Француздар Алла Қуант­ханқызының қазақ екенін мойындады, қытай халқы таласқан жоқ, орыс­тар жиеніміз деп отыр.

Деректі фильмнің жабық көрсетілі­мінде Францияның Қазақстандағы бас консулы Алекс Шахтахтинский де ақи­қатқа жүгініп, Алла Елшіннің өмірі туралы өзге де қызықты деректерді ортаға салды. Ал ақын Олжас Сүлейменов: «Ақжан Машани әл-Фарабиді тапса, мен Сұлтан Бейбарысты, Берлин Кенже­тайұлы Алла Елшінді тапты» деді.

Әрине Алла Елшінді әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс сынды тұлғалармен шендестіре алмасақ та, әлемдік деңгейде атын қалдырған адам және қазақ болып қала бермек. Мәселен, дүниежүзілік Мода тарихын індете зерттеген Александр Васильев те «Егер биліктен қолдау тапса, Алланың есімі мен бейнесі Қазақстанда бір ескерт­кіш тұрғызуға сұранып тұр» деген сөзді бекер айтпаған болар?! Деректі фильм­нің тұсаукесеріне жиналған әйгілі адамдардың осы мәселедегі пікірлері бір жер­де тоғысып, арғы аталарымыз әлем­ді батырлығымен, білім-ғылыммен ғана емес, моданың ең жоғары мінберіне дейін көтерілген Алла Елшін сияқты қыз­дарымен де мойындатқан десіп жатты.

Амандық болса, алдағы уақытта Алла Елшін туралы деректі фильм оның тағ­дырында із қалдырған Франциядан бас­тап, Қы­тай, Ресей, АҚШ, ­­Ұлыбритания ел­де­ріне сапар шегеді.

Осының бәрі неден бас­талып еді? Дерек­ті фильм мен кітап авторы Бер­лин Иришев 1996 жылдан бері Фран­ция мемлекетінде тұрады. Бұрынғы дип­ло­матқа өз қандасы жайлы кітап жазу идея­сы күтпеген жерден пайда болғанын бұған дейін де баяндағанбыз. Ол 2018 жылдың жазында Парижде қыдырып жүріп, Алла Ильчунның Леон Цейтлин салған портретін көріп, сатып алып қазақтарға мақтанышпен көрсетпек бо­лады. Артынша 60-қа келгенде ғана әкесінің қазақ екендігін мойындап кеткен модель туралы кітап жазуға шешім қабылдайды.

Автор кітапты жазу және деректер жинақтау барысында мистикалық оқи­ғалар мен сәйкестіктердің өте көп бол­ғанын айтады. Бұл да болса сән әлемінде «шығыс маржаны» атанып, ерекше жаратылысымен Еуропаны өзіне жалт қаратқан қазақ қызының авторға әрі қандасына деген тылсым қолдауы болса керек.

Берлин Кенжетайұлы кітап құрасты­рылып, деректі фильм түсіріліп біткенше өзін бір тылсым жетектеп, бәрін үйлес­тіргені, бұл да болса біз білмейтін құбы­лыстар мен «аруақ жебейді» дегеннің бар екенін айтып келеді.

Ақиқатына келсек, өмірден өткенше «Кристиан Диордың қытай моделі» атан­ған Алла Қуантханқызы Елшін патшалы Ресей мен Қытай бірігіп Харбинде темір жол салынып жатқан кезде туып, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Францияда партизандық еткенін, одан кейін Кристиан Диордың №1 моделі болғаны тарихи дәлелдермен дәйектеліп келеді.

Әлі де Алла Елшін туралы ізденген топты әрі тәнті етіп, әрі таңғалдырған де­ректер кезегімен табыла бермек. Ең бас­тысы, оның жалғыз ұлы Марк де Дюльмен де анасының қазақ қызы екендігін жоққа шығармайды.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлі есін жимаған әлемге әйелдік нәзіктікті оралтауға ұмтылған жас Кристиан Диор­дың музасы туралы 1949 жылдан бастап әрісі АҚШ, Франция, Англия, Бразилия, Жапония, тіпті Аустралияның белді басылымдары жарыса жазып, суреттерін таласа жариялағаны тарихтан белгілі. Оның үстіне жоғарыда атап өткендей, Алла 1967 жылы Фран­ция азаматтығын ал­ғанға дейін Еуропа оны «қытай» деп білді. Ал енді мына дүниеден озарында қазақ екендігін мойындап өткен модель әлі де талай жұмбағын өзі­мен алып кеткені сөзсіз. Біз Алланың өмірі туралы өткен жылы барынша ретімен баяндап шыққанбыз.

Мәселен, 1963 жылы Women’s Wear Daily басылымының журналисі: «Алланы бәрі үлкен қошеметпен қарсы алды. Оның жұмбақ аурасы бүкіл көрсетілімді ерекше күйге бөлеп кетті. Ғажайып бей­не­сі мені бау­рап алғаны соншалықты, үс­те­лімнен ұшып кете жаздадым» деп жазады.

Ал Алла Елшін туралы деректі фильм­де оның көзін көрген Кристиан Диор мен Ив Сен Лоран сән үйлерінің байыр­ғы қызметкерлері, достары, танымал өнер­тану­шылар өте қызықты баяндайды.

Не десек те, Еуропаның мода әлеміне бөлек болып келіп, ерек болып өткен Алла Ильчун сән әлемінің қайта тумайтын тұлғасы туралы әңгіме әлі де табылады.

 

Айнаш ЕСАЛЫ,

АЛМАТЫ.

Дереккөз: egemen.kz

ТАНЫМ 26 ақпан 2020 г. 858 0