Жеміс сыртына жабыстырылған сан нені білдіреді?

Супермаркеттегі жеміс-жидектің сыртында қызылды-жасылды, сандар жазылған жабыстырмаларды жиі көреміз. Ондай жемістер базарда да бар.
Бір сыры бар екені айдан анық, алайда оның мәнісін сатушыдан да не басқа адамнан да сұрап жатпаймыз. Дәмді жеміс болса болды, сатып алып жүре береміз. Бұған мән бермеу қаншалықты дұрыс? Өйткені сол сандарға қарап, жемістің қай елден, қалай өсірілгенін, ГМО қосылған не қосылмағанын білесіз. Ал ГМО қосылған жемісті қазір ешкім жегісі келмейді. Одан да табиғи жеміс жегенді жөн санайды.
3 не 4-тен басталатын 4 таңбалы сан
Егер жабыстырмада төрт таңбалы сан жазылған болса, онда мұндай жеміс-жидек не көкөністі өсіруге көп пестицид пен тыңайтқыш қосылды дегенді білдіреді. Яғни, мұндай жемісті өсірген шаруалар өсімдікті барынша тез өсіру үшін агротехнология қолданды деген сөз.
8 санынан басталатын 5 таңбалы сан
Мұндай жеміс-жидектер мен көкөністері гендік инженерия арқылы өсірілген. ГМО деп айтып жүргеніміз осы. ГМО-ның зиян не зиянсыз екендігі әлі белгісіз. Ғалымдар бұған таласып әлек. Бірақ, ең дұрысы, ГМО қолданылған жемістерді сатып алмай-ақ қойыңыз.
9 санынан басталатын 5 таңбалы сан
Мұндай жемістер мен көкөністерді өсіруге ешқандай тыңайтқыш қолданылған жоқ дегенді білдіреді. Яғни, жеміс табиғи ортада, қолмен өсірілген. Органикалық өнім деп осыны айтады.
PLU-код жоқ болса ше?
Негізінде, шетелден әкелінген жеміс-жидектер мен көкөністерде міндетті түрде жабыстырма болады. Егер ол жоқ болса, демек, сатушы өзі алып тастады деген сөз. Сондықтан мұндай жеміс-жидектен бас тартқаныңыз жөн.

ТАНЫМ 24 ақпан 2020 г. 564 0