Біз білмейтін "Мона Лиза"

Картинаның атауы алғашқыда «Лиза Джокондо ханымның портреті» деп аталған екен. Дегенмен, суретте бейнеленген әйелдің кім екені әлі күнге дейін анықталмапты. Зерттеушілердің бір бөлігі бұл әйел- флоренциялық саудагер арнайы тапсырыспен салғызған Лиза Герардинидің бейнесі дейді. Ғалымдар: «Леонардо да Винчи саудагерден тапсырма алған сәтте жұмыссыз болған. Кейіннен тапсырыс берушілер суретті 4 жыл күтті. Ең соңында, автор аяқталмаған туындысын алып Италиядан көшіп кетті»,- деген болжам келтіреді. Қызығы, «Мона Лиза» - Леонардоның әйел бейнесіндегі өз портреті болуы да мүмкін екен. 
 Суретші кейіпкерінің ернін 12 жыл салған. Бір көргеннен Лизаның қас-қабағы жоқ екенін аңғару қиын. Деректерге сүйенсек, бастапқыда әйелдің қабағы болған екен. Суретті сақтап қалу үшін жасалған түрлі әрекеттердің нәтижесінде портрет өзгеріске ұшырапты-мыс. Қазір картина Париж қаласындағы «Лувр» өнер мұражайында сақтаулы. 5 ғасыр өмір сүрген туындыға бірнеше рет шабуыл жасалғандықтан, мұражайдан тыс жерге берілмейтін көрінеді. «Мона Лиза» тұрған бөлмені арнайы жабдықтауға 3 миллион доллар жұмсалса, күзет қызметіне 7 миллион евро шығын шыққан екен. Бұған себеп: портретті 1911 жылы мұражай қызметкерінің ұрлап кетуі.
 Өнертанушыларды қызықтыратын тағы бір жайт- суреттегі әйелдің жасырын күлкісі. Картинаға жақын тұрсаңыз, Лизаның жымиған бейнесін байқауға болады. Алыстаған сайын бұл құбылыс жоғала береді. Тіпті, осы мәселе төңірегінде зерттеушілер арасында екіжақты дау туып, қоғамдық сауалнама жүргізілген екен. Леонардо да Винчидің құпияға толы суреттеріне арнап америкалық жазушы Дэн Браун «Код да Винчи» атты кітап жазады. Қазір аталған суретке арнайы жазылған кітаптардың қатары көп. XVIII ғасырдың соңында «Мона Лиза» француз императоры Наполеонның жатын бөлмесінде ілініп тұрып, кейіннен Луврға қайтарылыпты.
Айтуға тұрарлық туындылардың қатарында «Фламандық мақалдар» картинасы да бар. Суретті 1559 жылы Питер Брейгель салған. «Фламандық мақалдардың» басты ерекшелігі- қарапайым қала өмірін суреттей отырып, жүзден аса мақал-мәтелдерді бейнелеуінде. Нидерланд ұлтының мол әдеби қорын бір тақтайшадағы көрініске біріктірген бұл туындының ғажабы да осында. 460 жыл бойы тек жүз жиырма мәтелді тапқан ғалымдар тобы шын мәнінде автор аса көп тіркесті жасырған дейді. Әлбетте, заман ағымы өзгерген сайын, адамдардың сөз қолданысы мен тіл айшығының да ауысатыны анық нәрсе. Сондықтан, бұл туынды тек Нидерландының ғана емес, барша Еуропаның құнды мұраларының қатарында.
Санамалай берсек, бойына сыр жинаған көркемөнер туындылары жетерлік. Еліміздегі таңбалы тастар мен балбал мүсіндер, кесенелерде бейнеленген түрлі сызбалар да адамзат өркениетіндегі озық туындылар. Олардың әрқайсысы құпияның анық жауабын ғасырлар қойнауына бүгіп кетті. Ал, сырға толы сурет өнерінің жетістіктерін паш ету уақыттың, тапқырлық пен ізденімпаздықтың еншісінде.

ТАНЫМ 21 ақпан 2020 г. 1 173 0