Желіге шырмалғандар уақыттың қадірін біле ме?

     Бүгінде әлеуметтік желінің әлеміне еніп, оған жіпсіз байлану, ғаламторға тәуелді болу расымен дерт пе? Әлде жана заманның талабы ма? Олай болса қазіргі таңда өзімізге қымбат алтын уақытымызды ұрлаған әлеуметтік желінің әлемі мен әлегі туралы сөз қозғасақ. Ғаламторға тәуелділік пен әлеуметтік желі бүгінгі қоғам дертіне айналғандай. Ал, ұялы телефон өміріміздің бір бөлігіндей, тіпті бір сәт қолымызда болмаса шарқ ұрып іздейтініміз бәрімізге мәлім.

    Техника мен технология дамыған жаңа заманда ″Әлеуметтік желіні жиі қолданасыз ба?″ деген сауалдың өзі орынсыз секілді. Себебі, күні-түні үлкен де, кіші де атаулы әлеуметтік желілерде отыратыны белгілі. Өзіне шектеу қойып, «бір қарап шығайын» дегеннің өзінде еріксіз желіге байланып, уақыттың қалай зырғып өткенін байқамай жатады. Әрине мұның біршама пайдалы тұстары да бар. Мәселен, еліміздегі ғана емес әлемдегі жаңалықтардан да хабардар болып, өзімізге беймәлім таңсық дүниелер жайлы ізденіп, мәлімет жинақтаймыз. Ал, енді әр күн сайын сағаттап отыру арқылы кейбірі жаңа достар тапса, бірі осы желі арқылы алданып жатады. Сондықтан да әлеуметтік желінің зиянды тұстарын да елеп, ескерген жөн болар. Қауырт жұмыс кезінде ғана бәрін ұмытып, қалған бос уақытымызды қайта телефонды қолға алумен, әлеуметтік желіні қолданумен өткіземіз. Соның салдарынан қоғамдық көліктерде, көшеде орны толмас оқиға орын алады. Тіпті дастархан басында телефонға шұқшиып қарау әдетке айналған ба дерсің. Отбасында бір-біріне жылы шырай танытып, шүйіркелесуден қалып, керісінше бір үйде отырып, желі арқылы сөйлесетіндер де жоқ емес. Телефонға телміргендер шынайы өмірде бір-біріне көңіл бөлмейді де. Оның денсаулыққа қаншалықты зардабы барын дәрігерлер де дабыл қағып айтуда. Салауатты өмір салтын ұстанып, мейлінше көп кітап оқып, жақындарымызға жақын болайық. Сайып келгенде уақытымызды бағалап, оны тиімді өткізудің жолын қарастырған дұрыс емес пе? Себебі. уақыттың өзі асыл қазына.



                                                                                           Замира ҚОНЫСЖАН,

                                                                              ҚМУ-дың 1-курс студенті.

ТАНЫМ 13 ақпан 2020 г. 931 0