Мұхиттар – ядролық қалдықтар көмбесі

Глобусқа көз салған кез келген адам жер шарының 70% бөлігін әлемдік мұхит сулары алып жатқанын анық байқайды. Ғалымдар оны тектен-тек ғарышпен  салыстырмайды. Мұхит тереңдіктері адамдар үшін үлкен қауіп-қатерлер жасырып жатыр. Оның ішінде адам қолымен жасалған, алайда белгілі бір кезеңге дейін ешқандай белгі бермейтін тосын сыйлар аз емес. Мұндай тосын сыйларға бірінші кезекте әртүрлі жағдайларға байланысты мұхит түбіне түскен ядролық нысандар жатады. Жай іске қосылатын миналар секілді бұл дүниелер жарылмағанмен де, ерте ме, кеш пе адам өмір сүріп отырған ортаға өзінің зиянын тигізетін болады.


Су астындағы қорым

Мұхит түбінде жинақталып қалған аса қауіпті нысандар бүгінде аз емес. Олардың ол жақта пайда болу себептері бір-біріне ұқсас. Бұл тосын сыйларды қалдырғандар КСРО мен АҚШ секілді ядролық державалардың әскери-теңіз флоты. Аталған державалардың әлемдік мұхит суларын кезген атом сүңгуір қайықтары талай рет апатқа ұшыраған болатын. Бұл бағытта ең бірінші есеп ашқан американдық «Трешер» атом сүңгуір қайығы. Ол 1963 жылдың 10 сәуірінде Атлантикада кезекті тереңге сүңгу сынағы кезінде су түбіне кетті. Ол уақытта қайықта ядролық қару болған жоқ, алайда оның ядролық реакторы әлі күнге дейін 2500 метр тереңдікте жатыр. Осы оқиғадан кейін бес жыл өткенде американдық «Скорпион» атом сүңгуір қайығы да алғашқысының кебін киді. 1968 жылдың 21 мамырында кеме экипажы соңғы рет Азов аралдары маңынан эфирге шыққан еді. Үш мың метр тереңдікте жатқан қайықтың корпусында атом реакторы мен екі ядролық торпедо бар.

1963 жылы кеңестік К-27 атом сүңгуір қайығына сұйық металды жылу тасығышы бар атом реакторы орнатылған болатын. 1968 жылы К-27 атом реакторының жұмысын қатты жылдамдықта тексеріп көру үшін теңізге шығарады. Жорық кезінде бір реакторда апат орын алып, одан радиоактивтілігі өте жоғары металл қорытпасы корабль ішіне ағады. Радиоактивті сәуленің үлкен дозасының әсерінен 9 матрос қаза тапса, қалғандарының барлығы да сәуле ауруына шалдықты. Қайықты осыдан кейін «Нагасаки» деген жағымсыз атаумен («Хиросима» деген лақап атқа бұған дейін радиациялық апат орын алған К-19 атом сүңгуір қайығы ие болған еді) атайтын болды. К-27 қайығының апаттан кейінгі радиоактивтілігі тым жоғары болғандықтан оны жөндеу мүмкін емес еді. Флоттағылар да, өндірістегілер де оған қалай жақындауды білмеді. Осыдан кейін мәселе радикалды және қарапайым түрде шешілді. 1982 жылы оны буксирге алып, Карск теңізіндегі Жаңа Жер аралының солтүстік-шығыс жағалауы тұсында суға батырып жіберді.


Тек сүңгуір қайықтар ғана емес


Әлемдегі ең бірінші су бетіндегі атом кемесі кеңестік «Ленин» мұзжарғышы болды. Ленинградтағы «Адмиралтейлік верфте» құрас­тырылған кеме 1960 жылы іске қосылып, 1967 жылы реакторында елеулі апат болғанша Солтүстік мұзды мұхитта біраз жұмыс атқарды. Апаттан кейін жөндеу кезінде мұзжарғыштың реакторлық бөлігін толығымен жаңартты. Ал апатқа ұшыраған екі реакторды ядролық отыны толық жанып бітпеген болса да оған көп басты ауыртып жатпастан Карск теңізіне батырып жіберді.

Кеңестік кезеңде бұл су айдындары тікелей мағынасында атом сүңгуір қайықтарының ескірген реакторларының қорымы болды, сонымен қатар сол маңайдағы аралдарда ядролық полигондар болғанын да айта кету керек.

Кеңестік дизель-электрлі К-129 сүң­гуір қайығы 1968 жылы анық­талмаған жағдайлардан апат бол­ғаннан кейін американдықтар 5800 метр тереңдіктен оның тұмсық бөлігін көтеріп шығарғанмен, Тынық мұхит суларында бәрібір ядролық зарядпен жарақтанған үш баллистикалық зымыран қалған еді.

1970 жылы Бискай бұғазы маңайын­да кеңестік K-8 атом сүңгуір қайығы батып кетті. Оның бортында ядролық қару болғаны туралы ақпарат жоқ, алайда оның екі атом реакторы болғаны баршаға аян. 1986 жылдың қазан айында Бермуд аралдарынан 600 мил қашықтықта K-219 атом сүңгуір қайығы опат болды. Онда 16 ядролық зымыран бар болатын. Экипаждың кінәсінен оның біреуі атылып кетті. Оны сыртқа жібермей қайық шахтасында жойып жіберуге тура келді. Әйтсе де бұл процестер қайықты апатқа ұшыратып тынды. Осылайша «су асты ядролық арсеналы» тағы да екі атом реакторымен және әрқайсысының қуаттылығы 1 мегатонна болатын 16 ядролық зымыранмен толықты. Бұл апат АҚШ мемлекетіне жақын маңда орын алғандықтан кеңестік державаның сол кездегі басшысы М.Горбачев шұғыл арада президент Р.Рейганмен байланысқа шығып, жаңа «Чернобыльдің» қайталанбайтынына сендіріп бақты.


Бақытсыз

«Комсомолец»


Осындай қаралы тізімді аяқтаған кеңестік К-278 «Комсомолец» атом сүңгуір қайығы болды. Ол 1989 жылдың жетінші сәуірінде Норвег теңізінде өрт салдарынан апатқа ұшырап, 1600 метр тереңдікке атом реакторымен және ядролық торпедосымен батып кетті. Осы катастрофадан кейін алғашқы рет қоршаған ортаға келер зардаптарды толық жоймағанмен барынша азайтатын  байыпты іс-шаралар атқарылды. Мүлде қымбатқа түскен бұл шаралар мониторинг жүргізу және сүңгуір қайықтың бүлінген корпусын мүмкіндігінше герметизациялау жұмыстарынан тұрды. Бұл жұмыстар 1994-98 жылдары атқарылып шықты. Мықты корпустың жарылған жерлері мен торпедо апараттарына арналған ойықтар титанмен бекітілді. Ал бортты айналдыра көпқабатты пластырьлармен қатты қылып орап тастады және оларды төмен тартып тұратын салмақты заттар бекітілді. Корпусты қаптардың алдында іштен шыққан радионукулидтерді жойып тұратын жүз қап арнайы химикаттар салынды. Бұл жұмыстардың қаншалықты тиімді орындалғанын уақыт көрсетеді.

Тым қымбатқа түскен бомбалар

Мұхит суларының ядролық қоқыс төгетін орынға айналуына авиация да өзіндік үлесін қосты. Апаттардың, қателіктердің тіптен салақтық салдарынан атом және сутегі бомбалары су астына молынан түсті.

Мәселен, 1965 жылы Вьетнамнан Жапонияға оралып келе жатқан американдық «Тикондеррога» авианосецындағы «Скайхоук» штурмовигі талапқа сай бекітілмеген болып шықты. Кенеттен ол қисайып кетіп, палуба бетімен сырғыған күйде кабинада отырған пилот және бортындағы қуаттылығы 1 мегатондық ядролық бомбасымен бірге суға түсіп кетті. Ол жердің тереңдігі 5 мың метр болатын. Бұл оқиға құпия болып есептелді, сол себептен де 1981 жылға дейін жария етілген жоқ. Мұның өзі АҚШ Вьетнамдағы соғыс кезінде ядролық қаруды дайын ұстағанын айқын дәлелдеп тұр.

Ал одан біраз бұрын 1958 жыл­дың ақпанында АҚШ-тың стра­тегиялық бомбардировщигі истре­бительмен соғысып қалады. Бор­тындағы ядролық  бомбасының заряды детонация береді деп қауіптенген ұшқыш атом бомбасын Джорджия штаты жағалауына жақын маңайға Атлантика суына тастап жібереді. Ол жер аса терең болмағанмен түскен бомбаны қанша іздестіргенмен таба алмады.

Бомбаны жоғалту осы оқиғалармен шектеліп қалмайды. Апаттық жағдайға ұшыраған американдық В-36 және В-52 бомбардировщиктері де ядролық бомбаларын суға тастап жіберген-ді. Оның бірі 1968 жылы Гренландиядағы авиабазаға жақын жердегі мұзға түсті. Соққыдан бомбада жарықшақ пайда болып, радиоактивті заттардың шығуы орын алды. Ал тағы бір бомба мұзды тесіп өтіп, тереңге батып кетті.

1976 жылдың көктемінде Жапония радарлары КСРО-ның Ту-95 стратегиялық бомбардировщигінің апатқа ұшырап, Охот теңізіне құлағанын тіркеді. Бұл ақпаратты олар дереу одақтастары АҚШ-қа жеткізеді. Ал американдықтар өз кезегінде кеңестік бомбаның механизмімен танысуға қызығу­шылық білдірді.     

Осы мақсатта «Көк күн» деп аталатын операция ұйымдастырылып, оған әскери жүзгіштері бар диверсиялық «Грейбэк» сүңгуір қайығы қатысты. Олар ешқандай кедергісіз (бұған өздері де таң қалды) кеңестік территориялық су айдынына кіріп, теңіз түбіндегі ұшақты табады. Әскери операцияға қатысушылар қайыққа екі ядролық бомбаны жеткізеді. Ал Охот теңізінде қанша бомба қалғаны белгісіз. Өйткені, Ту-95 өзімен бірге 12 бомба алып ұша алатын.

1966 жылы Жерорта теңізінде тәу­лік бойы патрульдік жасап жүрген  бортында ядролық қаруы бар американдық В-52 стратегиялық бомбардировщигі аспанда жүргенде жанар май құйдырып алуға кіріседі. Жанар май құятын КС-135 ұшағы қондырғыларын жалғап, жанар май жіберіп жатқан сәтте бомбардировщиктегі сегіз двигательдің бірінде кенеттен өрт шықты. Өрт жанар май құюшы ұшаққа ауысты. Бомбардировщик командирі бірден шешім қабылдап,  бортындағы барлық ядролық қаруды парашютпен төменге тастап жібереді. Бұл апатты жағдайда қолданылатын арнайы ережемен бекітілген тәсіл болатын. Сәлден кейін ұшақтың өзі жарылып кетті. Екі ұшақтың шашыраған бөлшектері 39 шаршы шақырым аумаққа түсті. Жеті ұшқыш қаза болды. Бұл аймақ испандық курортты қала Паломареске жақын еді. Апаттан кейін 18 сағат өткенде сол маңайдан үш ядролық бомбаны табады. Оның біреуінде жарықшақ пайда болған екен. Әр бомбаның қуаттылығы 16 мегатонды құ­райтын, былайша айтқанда, Хиросиманы қиратқан бомбадан 1250 есе қуатты. Егер де сол бомбалардың біреуі жарыла қалған жағдайда радиусы 15 шақырым аймақта еш тіршілік иесі қалмастан жойылып кетер еді.  Бірақ, төртінші бомба табыла қоймады. АҚШ-тың әскери әуе күштері мен әскери теңіз флоты қатысқан іздеу шаралары ең қымбат құтқару операциясы деп айтуға толығымен келеді. Төртінші бомбаны іздеу шаралары 1966 жылдың 17 қаңтары мен 6 сәуір аралығын қамтыды. Оған 18 корабль мен көптеген тікұшақтар және жаңадан шыққан терең су асты іздеу апараттары жұмылдырылды. Әйтеуір сонша еңбек текке кетпей, бомбаны тауып, су бетіне шығарды. 3800-дей адам қатысқан операция үшін американдық салық төлеушілердің 80 млн доллардан аса қаржысы жұмсалды.


Мұхиттың ластануы ең үлкен проблема


Мұхит суларына ядролық бомбалар ғана қатер төндіріп жатыр десек қатты қателесетініміз анық.

Әлемдік мұхит суларына тасталып жатқан пластикалық бұйымдар қалдықтары 2030 жылға қарай екі есеге ұлғаяды. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) жыл сайын жасайтын баяндамасында осындай деректер келтірді. Аталған ұйым келтірген мәліметтерге сәй­кес, жыл сайын 100 млн тонна пластик қоқысқа айналуда, сонымен қатар бұл көрсеткіш үнемі өсіп келеді.

WWF экологтары соңғы 18 жылда химия өндірісінің қалдықтары пластика дәуірі басталған кезеңнен бері екі есе ұлғайғанын айтады. Ал ауа мен әлемдік мұхит айдын­дарының ластану деңгейі геометрикалық прогрес­пен өсуде. Бұл құбылыстың әлемдік экожүйеге келтіретін зардабын болжап айту  мүмкін емес.

Қазіргі күні әлемде жыл сайын әр адамға шаққанда 53 келі шама­сында пластикалық бұйымдар шы­­ғарылуда. Оның өндірісі еш бақы­­лаусыз, нақты қажеттілікті ес­кер­мес­тен тоқтаусыз жүріп жатыр. Мұ­ның өзі ластану көлемін рет­­теуге, тежеуге мүмкіндік берер емес.

Экологтар осы бір өзекті мәселеге байланысты дүние жүзі елдерін жаһандық келісім жасауға шақыруда. Олардың айтуынша, әрбір мемлекет табиғатты ластауға қарсы күрестің заңмен бекітілген ұлттық стратегиясын жасап, пластикалық бұйымдарды пайдалану мен өндіруді азайтуға, сондай-ақ қалдықтарды қауіпсіз өңдеу шараларын қабылдауы тиіс.

«Күнделікті қолданып жатқан пластмассалар негізінен бір рет қана пайдалануға арналған – тарелка, азық-түлік контейнерлері, бөтелке, стакан, қаптама секілді асханалық құралдар. Қолданысымыздан бұн­дай дүниелерді мүлде алып тастау керек. Сонымен бірге мемлекет бұл заттардан бас тартып, оның орнына ыдырап жойылып кететін қорапшалар ойлап тауып, сондай өндірістерді жолға қоятын кәсіпорындар мен бизнесмендерді ынталандыруы қажет» дейді WWF ұйымының мұхиттану департаменті басшысы Ричард Лек. WWF зерттеулері көрсеткендей, жыл сайын тасталатын 100 млн тонна пластик жер бетін, өзендер мен көлдерді, теңіздер мен мұхитты бүлдіруде. Пластик қалдықтарын бей-берекет өртеу онкологиялық аурулардың көбеюіне, 270-тен астам жануарлар түрінің  жойылып кету қаупі артуына әсер етуде.

Цивилизацияның дамуымен мұхит­тардың ластануы артып келеді. Қазіргі таңда мұхиттардың ластануы №1 экологиялық проблема саналады. Бүгінде мұхитқа тасталған қоқыстар жинақтала келе 700 мың шаршы шақырым аумақты құрайтын үлкен аралға айналған. Оның аумағына екі Германия сыйып кетеді. Мұнан басқа мұхитқа төгілетін мұнай мен мұнай өнімдері және басқа да химикаттар көп зиян келтіруде. Электростанциялар пайдаланып біткен судың, сондай-ақ кәріз суларының төгілуі де мұхит суы температурасының жоғарылауына әсер етеді. Ол өз кезегінде мұхиттағы тіршілік иелерінің бірқатар түрлерінің жаппай қырылуына  әкеп соғуда.

Қазақстан – мұхит жаға­лауларынан ең шалғай орналасқан мемлекет. Бізге оның проблемаларымен бас ауыртудың қажеті шамалы секілді болып көрінуі де мүмкін. Бірақ, әлемдік мұхиттар биосфераның маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан жер шарының климатын қалыптастырушы болып саналады. Сондықтан да оның ластануының зардаптары бүкіл планетаға әсер етеді. Экологиялық стресті бастан кешіп отырған мұхит­тарды қорғау – адамзаттың алдында тұрған өте маңызды міндеттердің бірі.

Әзірлеген Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

ТАНЫМ 24 қаңтар 2020 г. 1 070 0