« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елімізде кәсіпкерлер қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Олардың ішінде «шықпа жаным шықпамен» күн көріп, кәсібін әзер дөңгелентіп отырғандары да бар. Дегенде әлі де кәсіп ашамын деп талаптанғандарға қолдау көрсету қажет-ақ. Себебі, ел экономикасының өрлеуіне, қомдануына кәсіпкерлер құйған салықтың әсері мол. Кез келген алпауыт мемлекетті алсақ кәсіпкерлері арқылы өсіп-өркендеп отыр.
Саясаттанушы Айдос Сарым: «Ендігі уақытта мұнайдың бағасы мен бағамы қанша дәрежеге өссе де, оның экономикаға тигізер пайдасы төмендей бермек. Осы кезге дейін біздің болмысымыз бен тірлігіміз, жетістігіміз бен жаңалығымыз тікелей мұнайдан, шикізаттан келген қаржы-қаражатқа келіп тірелген болса, ендігі уақытта шикізат экономикамыздың басты қозғағышы, басты энергия көзі болмайды. Қазақ экономикасын алға сүйреп, өрге тартатын бір ғана энергия көзі қалды: ол – азаматтардың бойындағы энергия, қажыр-қайраты, ерік-жігері. Басқасының барлығы бос сөз, сағым-мұнар. Тек азаматтарымыз өз-өзіне, өз еліне, өз мемлекетіне сенген кезде, өздерінің өз еліне қажет екенін сезінген кезде ғана экономикамыз қарыштап дами алады», – деді.
Шынында, «мұнайымыз көп», «мұнайдың үстінде жүрміз» деген сыңаржақ пікірлер енді айтылмауы керек. Алдағы уақытта еліміздің қарыштауы жеке кәсіп ашқан азаматтардың қолында тұр десек артық айтқандық емес. Кәсіпкерлердің едәуір көп болғаны, әрине, халыққа да тиімді. Бір азамат кәсіп ашса он баланы жұмысқа тартады. Бұл дегеніміз он отбасының әл-ауқаты жақсарады деген сөз. Дәл осылай жұмыссыздық мәселесін шешуге де болады.
Қазақты кәсіп ашуға итермелеу үшін мемлекет қомақты қаржы бөліп, несие беріп те жатыр. Бірақ бір әттеген-айы, оны көпшілігі өз игілігіне қолдана алмай жүр. Неге десеңіз, оның бір себебі ерік-жігер жетіспейді. Қазақтың ұяңдығы да кері тартып тұратын шығар, бәлкім?! Әлеуметтік желіде ерік-жігер беремін деп айқайлайтын, оқыту курстарын өткізетін тренерлер өте көп. Қыруар қаржысын осыған салып тренингке қатысатыны тағы бар. Алайда, мына сөзді білу керек: «есекке мотивация берсең тұлпар боп кетпейді, тек мотивациясы бар есек болады». Сондықтан, ерік-жігер деген адамның ішінен шығатын таусылмайтын дүние. Жігерлі бала кез келген қиындыққа төтеп береді. Осы турасында Елбасы: «Мені өмірде не таңғалдыратынын айтқым келеді. Мәселен, кәрістер жер шарындағы ең еңбекқор халық. Таңғы жеті-сегізден барлық кәріс жұмыс орнында отырады. Кешке таман бұл кәрістерді кеңседен табасың. Бес жасар баласы сөмкесін иығына асып алады да, өмір бойы жұмыс істейді. Кореяда теңселіп қыдырып жүрген балаларды көрмейсің. Ондай елде қылмыс та аз болады», – деп айтқан болатын. Өзбектер баласын саудаға, жапондар техникаға жас кезінен үйретеді. Бұл жайында белгілі жазушы Дулат Исабеков: «Біз балаларымыздың бәріне жоғары білім береміз, бірақ өкініштісі, олардың көбі жұмыссыз қалып жатады. Ал өзбектер балаларын бір кәсіпке үйретеді. Нан сатса да, шемішке сатса да күн көреді. Мұндай жас кезінен еңбекқорлыққа үйренген баланың болашағы бар»,– деп өз сұхбатында келтірген. Қазақ та мұндай өнерден құр алақан емес. Дегенмен кенде қалып қалған тұстарымыз жетерлік. Мәселен, балаларымызды еңбекке баулу жағы азайды. Яғни, қалалық жерде балалардың мектептен бос уақытта жасайтын жұмысы жоқ. Өнер үйірмелеріне баратындары бір басқа. Бос сенделіп жүретіндерден кейін тұлға боларлық азамат шығатынына кім кепіл?
Бала кезіндегі айналысқан ісіңнің өсе келе кәсіпке айналатынына дәлел ретінде өз кәсібін ашқан Мирас Бекжановпен пікірлескен едік.
– Қазіргі саудамды дөңгелентіп отырған себебім, бұрын бала кезімде анам жаз айларында балмұздақ сатқызатын. Содан бері ақшаға деген көзқарасым өзгерді. Кейін кәсібімді қорықпай аштым. Баланы жас кезінен кәсіпке үйретудің пайдасы: ерте жетіледі, өз бетінше өмір сүре бастайды, – дейді жас кәсіпкер. Кішкентай ұлы ер жетсе оны да бір кәсіпке бейімдейтінін айтып қалды. «Алматы-Ақтөбе» бағытында жол жүріп бара жатып, сөзден-сөз шығып отарбаның еден жуушысы бір әңгіменің шетін шығарды. Мектеп жасындағы бір қызы бар. Кейде жұмыс істегісі келетінін айтатын көрінеді. Бірақ рұқсат бермей отыр екен. Себебі кейін де жұмыс істеп үлгереді-мыс. «Бойжеткен соң күйеуге тиеді, сонда қалады бәрі. Оған дейін қызық көріп қалсын», – деді жас ана. Расында, осындай пікірдегі адамдар ортамызда жоқ емес. Адам пікіріне қарай әрекет жасайтынын ескерсек, бұл кейін тығырыққа тірер ой-сана сияқты. Өйткені, қыз бала қызық қуамын деп кейін от басып өкініп қала ма, деген күдігім басым.
Америка инвесторларының бірі, әр акциясы шамамен елу мың доллар тұратын Уоррен Баффет бала шағында газет таратып, сағыз сатқан көрінеді. Оған түскен ақшаға Пинбол автоматын сатып алған. Жас кезінен еңбектің ащы дәмін татқанының арқасында әлемнің ең бай адамдарының қатарына қосылған. Ал әйгілі «Dell» компьютерін жасаушы компанияның негізін қалаушы Майкл Делл колледжде оқып жүріп досымен бірге компьютер құрастырып сатқан. Бағасының қолжетімділігі үшін сатылымда жоғары нәтижеге жетіп, өз компаниясын ашқан. Қазіргі таңда атасының құрметіне компанияның атын «Dell» деп атаған.
Ата-аналар балаларын жас кезінен еңбекке үйрету керек. Бала кезінен ақша табуға үйренсе, кейін өзін-өзі қамти бастайды. Айналаға басқа көзқараста болады. «Жұмыс жоқ» деп жатып алмай, өз кәсібін ашып, тіпті, жүздеген адамды жұмыспен қамтамасыз ететін жағдайға жетеді.
Думан КЕҢШІЛІК
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |