2020 – Қазақстан үшін тұрмысы төмен адамдар
баспаналы болып, рухани байитын жыл
Міне, доңыз жылы 2019 да момақан күйінде мәңгі тарих қойнауына кетіп бара жатыр. Жаңа 2020 жылдың ақ парағы ашылады. Бұл тышқан жылының ел халқына қандай өзгерістер әкелетіні баршаға қызық. Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызы «Sputnik Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында келер жылға болжам жасап, қазақстандықтарды қандай тосынсый күтіп тұрғанын айтыпты.
Біреу сәуегейлікке сенеді, біреу сенбейді. Бірақ, сол болжампаздардың айтқаны ақысынан шығып жатады.
Біз болжамын ұсынып отырған Құралай – белгілі нумеролог. Ал, нумерология – ғылым. Ол цифрлар тылсымын зерттейді. Мұның бастауы Құранда жатыр. Құранда бейберекет сан жоқ, олардың әрқайсысы өзара үйлесіп, ұйысып тұрады. Мысалы, Құранда «күн» деген сөз 365 рет, «күндер» деген сөз 30 рет, «ай» сөзі 12 рет қайталанған. Ал, «жұмақ» сөзі құранда 77 рет айтылған. Адамдардың 7 санын неге жақсы көретіні осыған қатысты болса керек. Мына құдіретті қараңыз, «жаза» сөзі қасиетті кітапта 117 рет, «кешірім» сөзі 234 рет кездескен. Демек, кешірім екі есеге көп.
Сондықтан нумерологтардың цифрға қарап сөйлеуі жайдан жай емес.
Ал, енді Құралай не депті?
ПОЗИТИВТІ ЖЫЛ
Нумеролог 2020 жыл, жалпы алғанда, позитивті болады деп отыр. Келер жылдың басты саны «4» екен.
«Төрт – төзімділікке, шыдамдылыққа, еңбекқорлыққа жауап беретін сан. Адамдар өз денсаулығына мән беріп, оны жақсартуға ұмтылады. Сауықтыру орталықтары, медициналық мекемелер көптеп салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, тұрмысы төмен азаматтардың баспана мәселесі шешіледі. Әлеуметтік жағдайы төмен халыққа тұрғын үй бағдарламалары ұсынылып, шетелдік инвесторлар көп үй тұрғызады», дейді Құралай Бақытқызы.
Қазақстандықтардың еңбекке деген құлшынысы оянады. Бірнеше жұмысты қатар істеуі мүмкін. Халықтың табысы қатты өспегенімен, әр адам өзі тырмысып, еңбектенеді.
Бұдан бөлек, маманның айтуынша, адамдар рухани жағынан баюға көбірек мән береді. Біліктілігін арттыратын түрлі курстарға жазылады. Тіл үйреніп, салауатты өмір салтына бет бұрады.
Төрт – тұрақтылық саны. Сол себепті 2020 жылы отау құратын жастардың шаңырағы берік болады. Десе де, келесі жылы адамдар карьера жағын көбірек ойлайды», деп болжаған екен нумеролог.
Маман сондай-ақ «4» негізінен, спортшылар мен журналистердің саны деген.
ЕҢ БАСТЫСЫ –
ӨСІМ БАР
Нумерологтың болжамы бойынша, 2020 жылы ел экономикасында тұрақты өсім байқалады. Ауыл шаруашылығы мол жеміс беріп, экономикаға жақсы әсерін тигізеді.
«2020 жылы Қазақстанның басты саны – «13». Жақсы жағы – елімізге инвестиция құйылып, сауда-саттық қарқынды дамиды, – дейді қазақстандық маман.
Бұдан бөлек, Қазақстанның қорғаныс саласын да біраз өзгеріс күтіп тұрғанын айтқан.
«2020 жыл нөлмен аяқталады ғой. Біз оны «металл жылы» деп атадық. Көбінесе ол темір, қару-жарақ, қауіпсіздікпен байланысты. Еліміздің қарулы күштері күшейеді. Әскерилердің жалақысы өсуі мүмкін.
Сонымен қатар, көші-қон саласында оң өзгерістер болмақ. Қытай мен Еуропадағы этникалық қазақтар атажұртына оралуы мүмкін» деген.
ӘР АЙҒА
ЖЕКЕ БОЛЖАМ
Қаңтар – тазалық пен медицина айы. Бұл айда денсаулыққа көңіл бөлген ләзім.
Ақпан – салық және кеденмен байланысты ай. Осы салада қандай да бір өзгерістер орын алуы мүмкін. Әділетті ай деуге болады. Яғни, ақпан айында саясатта әділетті шешімдер көп болады.
Наурыз – әдемілік, сәулет және сән айы. Жаңа тұрғын үй бағдарламалары әзірленіп, құрылыс қарқын алады.
Сәуір – сыншыл ай. Шенеуніктер халықтан көп сын естиді. Саясатта Конституция, заңнамамен байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Мамыр – денсаулық айы. Медицинада кейбір аурулардың емі табылады. Бұдан басқа, латын әліпбиіне қатысты жаңалық болады.
Маусым – ІТ мен спорт айы. Ғарышкерлер, программистер мен спортшылардың айы оңынан туады. Тың идеялар мен жаңа жобалар қолға алынады.
Шілде – отбасын құратын ай. Жастар неке қиып, саяхатқа шығады. Жұмыста адамдардың қызметі жоғарылайды.
Тамыз – сауда-саттық айы. Бірақ, алаяқтық жиілеуі ғажап емес. Алдап-арбау, сатқындық көбейеді. Сондықтан абай болған жөн. Сонымен қатар, жаздың үшінші айы – ана атанғысы келетіндер үшін таптырмас кезең.
Қыркүйек – мансап қуғандар айы. Бұл айда адамдардың мансабы өсіп, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізеді. Кез келген бизнес жоба сәтті басталады. Сондай-ақ, хирургтар үшін табысты ай болмақ.
Қазан – дау-жанжал, арандатушылық айы. Адамдардың көбі жұмысында басшылығымен, әріптестерімен сөзге келіп қалады.
Қараша – мәдениет айы. Бұл кезеңде көрмелерге, музей мен театрларға жиі барған дұрыс. Адамдар өнерге, сәнге, мәдени шараларға мән береді. Археологияда жағымды жаңалықтар күтіледі.
Желтоқсан – кез келген істі аяқтау айы. Туризммен байланысты уақыт. Ел экономикасында экспорт пен импорт артады.
2020 жылы қазақстандықтар үшін сәтті айлар – мамыр, шілде және қыркүйек. Сәуір, маусым және тамыз айларында аздаған сәтсіздіктер болуы мүмкін. Бірақ, оны әр адамның бойындағы жақсылыққа құштарлық сезімі жеңеді.
Ендеше, Жаңа жыл сәтті болсын, бәрімізге.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.