« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Біздің халықаралық аренадағы сыртқы саясатымыз мемлекетіміздің ұлттық мүдделерін қорғау үшін ел ішіндегі терең саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістер үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Қазақстан халықаралық аренада әлемнің 180 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, басты халықаралық ұйымдардың құрамына кіріп, еуразиялық кеңістікте интеграциялық үдерістердің локомотивіне айналды.
Мәселен, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне және Түркі кеңесіне төрағалық етті.
Сонымен бірге, «мемлекет әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съездерін тұрақты өткізуді бастады, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін сәтті өткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының ядролық қарудан азат бейбітшілік құрудың жалпы декларациясына бастама жасады және 2017-2018 жылдарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кенесінің тұрақты емес мүшесі болды.
Белдеуіне бес құрлық сиятын, 130-дан астам ұлт өкілі тұратын Қазақстандай мемлекетке парасаттылықпен басшылық жасау да ердің ерінің ісі деп білеміз. Біз үшін ең маңызды құндылықтар – еліміздегі ынтымақ пен бейбітшілік. Ал, бейбітшілік бар жерде өсу бар, өркендеу бар. Елдегі ұлтаралық бірлік пен қоғамдық келісімнің сақталуында Елбасының төл бастамасы – Қазақстан халқы ассамблеясының орны зор екенін айту керек. Бүгінгі күні Елбасының бірегей саясаты берекелі бірлігіміз бен ынтымақты ырысымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Бейбітшілікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің біріне айналды. Содан болар, халықаралық қауымдастық бейбітшілікті жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосып отыр.
Бейбітшілікте, ынтымақ-бірлікте өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің – қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ, басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих толқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды» деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып келеді.
Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге бейбіт өмірсүйгіштігімен мойындата білген Қазақстан жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне де атсалысып келеді.
Елбасы қашанда, тек бүгінмен емес, болашақпен өмір сүру қажеттігін басшылыққа алады. Сондықтан да, Ұлт көшбасшысының саясаты кемеңгерлік сипат алып, идеялары өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәлелдей түсті.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы көптеген табысты жобаларға бастамашы болу арқылы өңіраралық мәселелерде ерекше рөл атқаруда, сондай-ақ, Елбасы тек Орталық Азия елдері шеңберінде ғана емес әлемдік деңгейде де бейбітшілікті нығайтуға ауқымды үлесін қосуда. Оның Сирияда бейбітшілік орнату мен қатерлерді азайтуға арналған бітімгершілік ұстанымы әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алды. Ең бастысы, Тұңғыш Президент ұзақ жылдарға созылған шиеленістің саяси түйінін шешті.
Ағылшын жазушысы, саяси өмірбаяндарды жазудың шебері Джонатан Айткен өзінің Елбасына деген көзқарасын түсіндірген кезде «Оның өмірі... халықтың өмірімен тығыз байланысты... өте қызықты және дәуірдің жүгін өзі арқалап, саяси қайраткер ретіндегі қаһарманның қызметін атқарды» деген екен. Ал, ресейлік кинорежиссер Никита Михалков «Назарбаев – нағыз ел ағасы. Ол тыңдап қана қоймай, ести де біледі, менің ойымша, бұл – төбесі көкке жеткендердің көпшілігінің бойынан табыла бермейтін аса сирек қасиеттердің бірі» деп баға берген.
Қашанда заманынан озық жүру қажеттігін терең білетін Елбасының ұстанымы, оның саясатының философиялық негіздері болып табылады.
Елбасы Н.Назарбаевтың мемлекетімізді өркендету жолындағы саясаты бүгінде көптеген мемлекеттер үшін үлгі болуда. Қазіргі таңда әлемдік қауымдастық Қазақстанның ұстанған саясатын, халықаралық бағыттағы қол жеткізген жетістіктерін мойындап, біліп отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері алып қарайтын болсақ, елімізде Елбасы саясатының арқасында көптеген ірі реформалар, оның ішінде әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани-мәдени салалардағы маңызды бағдарламалар жүзеге асырылды.
Қазақтың кең-байтақ даласының қай өңіріне де кие қонған, құт дарыған. Сонымен қатар, тұтас түркі әлемі Сыр бойын атамекеніміз деп таниды. Ұлы дарияның бойында орналасқан қазақтың ежелгі астаналары бұл мекеннің тарихтағы орнын айшықтап тұрғандай. Елбасының осы өлкені «Сыр – Алаштың анасы» деп атауында айрықша мән бар. Біздің өңірімізде қазақ халқының келешегіне қатысты талай тағдырлы шешімдер қабылданғаны тарихтан белгілі.
Елбасы тәуелсіздік жылдары Қызылорда облысының, ондағы еңбексүйгіш халықтың ертеңіне қажетті бірнеше ірі жобалардың іске асуына бастамашы болды. Елбасының Сыр еліне жасаған әрбір сапарынан мұндағы халықтың келешекке деген сенімі арта түсті. Ұлт көшбасшысының ыстық пейілі мен ықыласы, ағайынға арнаған лебіздері жұртшылықтың көңілін көтерді.
Елбасы тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде 1993 жылы Арал тағдырына адам тағдыры деп қарап, экологиялық аймақтағы мемлекет басшыларының басын қосты. Арал проблемасы алғаш рет халықаралық деңгейде Қызылордада талқыланды. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен халықаралық «Аралды құтқару қоры» құрылып, экологиялық өңірдің мәселелерін жүйелі түрде назарда ұстады.
Бұл кезде жас мемлекеттің алдында басқа да күрделі мәселелер тұрған еді. Бірақ Мемлекет басшысы Сыр бойындағы экологиялық апаттан зардап шеккен халықты қасіреттен құтқару туралы маңызды шешімдер қабылдады. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, Қазақстанның Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтастығына негіз қаланды. Көкарал бөгеті тұрғызылып, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаңартылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жақындап, теңіз акваториясы ұлғайды. Ауданда балық шаруашылығы өркендеп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді мекендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Қазіргі таңда Аралда бұрынғы кеңес заманында салынбаған жаңа технологияға негізделген балық зауыттары жұмыс істеуде.
Сыр өңірі үшін маңызы аса зор «САРАТС» жобасының алғашқы нәтижелерімен танысқан Елбасы оның екінші кезеңін жалғастыруға тапсырма берді. Қасиетті Арал топырағын басып тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі халық жадында мәңгі қалды.
Экономикалық құрылымы жағынан жылдар бойына аграрлық аймақ болған Сыр өңірі тәуелсіздік алған соң мұнайлы аймаққа айналды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жалға берілген мерзімі аяқталған Құмкөл жерін әлі де біздің облыстың еншісіне қалдыра тұруға шешім қабылдады. Қазақтың дархан даласының, қойнауы қазынаға толы жерінің байлығы – баршамызға ортақ. Ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мұнайшы деген кәсіпті игерген сырбойылықтар бүгінде Елбасының осы шешімінің нәтижесін көріп отыр.
Қызылорда халқы мұнай кеніштерінде есепсіз жанып жатқан ілеспе газды жылдар бойы тұтына алмады. Есепсіз байлық босқа жанып жатқанда, қала халқы құны аспандап тұрған отын мен көмірді ғана пайдалануға мәжбүр болды. Елдің қамын ойлайтын Елбасы бұл істе де кемеңгерлік танытып, Қызылорда қаласын газдандыру жобасына қыруар қаржы бөлдірді. Жыл сайынғы Жолдауларында газдандаруды аяқтау туралы Үкіметке тапсырма берді. Міне, осының арқасында облыс орталығы «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр.
Сыр елі – Елбасының ерекше ықыласына бөленген аймақ. Әлеуметтік-экономикалық қолдаудың арқасында жүздеген мектептер мен балабақшалар, медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілді. Біздің облыс халқы, Тұңғыш Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Тұрғын үй құрылысы», «Мәдени мұра», «Қолжетімді баспана», «Жұмыспен қамту», «Бизнестің жол картасы-2020» секілді мемлекеттік бағдарламаларының игілігін көріп келеді.
Бүгінгі таңда әлемнің көрнекті саясаткерлері Назарбаевқа жоғары баға беріп, оны Ататүрікпен бір қатарға қояды. Шынында да, Нұрсұлтан Назарбаев жас мемлекетімізге тарих үшін көзді ашып жұмғанмен тең келетін аз уақыт ішінде тарихи экономикалық және саяси реформалар жүргізіп, ата-баба арманын аманат ретінде жүзеге асырды. Қазақстанның талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, Тәуелсіз мемлекет болып, әлемнің өркениетті елдерімен терезесі тең болуы – Елбасымыздың ерен еңбегінің нәтижесі.
Қылышбай БИСЕНОВ,
облыстық мәслихат хатшысы,
техника ғылымдарының докторы, профессор, академик,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |