ТАРИХИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛМЕК

ТАРИХИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛМЕКЖұмыр жердің бетінде сан алуан ғажайыпты көруге әбден болады. Кейбірі адам қолымен жасалған. Ендігісін табиғаттың өзі ерекшелеген. Әйтеуір, адамзат баласы үшін бағалы байлықтың бірі болып табылады. Дүниежүзіндегі дүйім ел сол игіліктерді тамашалауға әуес. Десе де ол мәдени мұралар талай қиындықты бастан өткізді. Тіпті, түрлі себептермен жер бетінен жоғалып кеткені де бар. Оған түрлі себептер баршылық. Оларды сақтап қалуға кезінде адам санасы жетпеді. Сан алуан соғыстар олардың еріксізден қирап, жермен-жексен болуына алып келді. Сондай-ақ, түрлі тосын әрекеттер де олардың көзден ғайып болуына итермеледі. Қазіргі таңда олардың кейбірінің атын естіп, тарихшылар сол ескерткіштер жайында артында жазып қалдырғаны болмаса, ондай мәдени мұралардың орнын да таба алмай қалып жатқанымыз жасырын емес.

Адамзат санасы жетіліп, мәдениет саласының өрісі кеңей бастаған шақтан бұл мәселе басты тақырыпқа айналды. Осының нәтижесінде сан алуан ұйымдар құрылып, бұл тұрғыда нәтижелі жұмыстар жүргізе бастады. Қазір жер-жаһандағы жұрт ЮНЕСКО аталатын ұйымды жақсы біледі. Бұл құрылым Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет салалары бойынша жұмыс атқарады. 1945 жылы 16 қарашада Еуропаның қақ төріндегі Францияның бас ордасы – Париж қаласында құрылған ұйымның құрамына әлемнің түкпір-түкпірінде орын тепкен 70-ке жуық бюро мен бөлімше кіреді. Оның қаулысы сол жылы Лондонда өткен конференцияда қабылданып, арада жыл өткенде көптеген мемлекеттердің сол қаулыға қол қоюымен бекітілді. Соның нәтижесінде 20-дан астам мемлекет актілерін сақтауға өткізгеннен кейін күшіне енген. ЮНЕСКО 1975 жылы бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраларды қолдау жөніндегі конвенцияны өмірге енгізді. Бүгінгі таңда бұл конвенция әлемнің 190-ға жуық мемлекетінде бекітіліп отырған жайы бар. Қазақстан өз алдына жеке мемлекет болып, тәуелсіз ел атанғаннан кейін ЮНЕСКО құрамына қабыл­данды. Бұл 1992 жылдың 22 мамыры болатын.Кең-байтақ қазақ жерінде сан алуан мәдени және табиғи ескерткіштер саны аз емес. Оның кейбірін әлі күнге дейін өзіміз де толық тани алмай келеміз.

Сондай жобаларды ЮНЕСКО үйлестіріп отырады. Өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін біздің елімізден ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне бар-жоғы үш-ақ табиғи және мәдени ескерткіш енгізілген. Олардың қатарында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тамғалы петроглиф тас кешені, Сарыарқа-Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері бар. Сонымен қатар, біздің елімізден әлемдік мұралар тізіміне үміткер нысандар тізімі аз емес. Мәселен, талайды таңғалдырған Мерке түрік ордасы үміткерлер қатарына 1998 жылы қосылған. Сол жылдарда Беғазы-Дәндібай мәдени ескерткіштері, Тасмола мәдениетінің қорғандары мен тас құрылыстары, Ешкіөлмес петроглифтері, Арпа-Өзен петро­глифтері, Қаратау жотасының палеолиттік нысандары мен геоморфологиясы, Отырар оазисінің археологиялық нысандары, Ұлытау мәдени ландшафты сол қатарға қосылды. Ал 2002 жылы Солтүстік Тянь-Шань (Іле Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі), «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Ақсу-Жабағылы қорығы сол үміткер мұралар тізіміне қосылса, осыдан төрт жылдай Батыс Тянь-Шань да сондай мәні зор табиғи ескерткіштер қатарында санала бастады. Ал 2012 жылы батыс пен шығыстың арасын жалғаған Жібек жолын біздің ғалымдар тарихи мәні ерекше мұралар тізіміне қосуға ниет білдірді. Былтыр Қызылорда облысындағы Қорқыт ата кешенінде солардың қатарына қосуға өтініш жасалған. Алдағы уақытта олардың қатарын оғыздардың ордасы – Жанкент пен Ақорданың бас шаһарына айналған Сығанақ қалашықтары толықтыруы мүмкін.

ТАРИХИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛМЕКАшығын айтайық, күні бүгінге дейін сол мұраларды сақтау бағытында көптеген олқылықтар орын алып келгені жасырын емес. Біздің түп-тамырымызды таразылап беретін талай қалашықтарды көрінген көк атты келіп зерттеп, қазақ халқы үшін маңызды дүниелер тістегеннің аузында, көрінгеннің қолында кеткені рас.

Бүгінгі таңда ешкімге кіріптар емеспіз. Ойлаған ісімізді ешкіммен ақылдаспай-ақ өзіміз реттей алатын мүмкіндік туды. Өткенімізді өшірмеуге бірден-бір дәнекер тарихи дүниелер көзден таса қалып қоймаса деген тілегіміз бар. Әйтпесе, кейінгі ұрпаққа қандай дүниелерді көрсетеміз? Даңғайыр даланың сан алуан ескерткіштері мол емес пе? Алайда оларға қырын қарап, ескерткіштер ескерусіз қалып жатса, олардың да жермен-жексен жойылып кетпесіне кім кепіл? Шындығын айтқанда, бізге әзірге жетпей жүрген мәселелер осыған саяды.Ұлан-ғайыр даламызда жатқан ескерткіштер біздің еңсемізді өзгелер алдында еңселі етері сөзсіз. Сондықтан түпсіз терең тарихтың бір бөлшегіне айналған мәдени мұралар көзден таса қалып қоймаса игі.

Сыр даласында қаншама тарихи мұра бар. Қазақ жерінің оңтүстік өңірінде орын тепкен өлкенің топырағын түртіп қалсаңыз, сан алуан мұралар жайында мол мағлұмат алуға әбден болады. Бұл жергілікті аймақтың қазақ тарихында алатын орны ерекше екенін тағы бір мәрте аңғартып, түпсіз терең тарихтың төріне қарай тарта түседі. Ұлт өміріндегі әрбір шежіренің түп-төркінін зерделеп көрсеңіз, сол оқиғаға қатысты деректер дария бойынан молынан табыла кетеді. Соның бірі – түбі бір түркінің ортақ абызына айналған Қорқыт атаның ескерткіші облыс аумағында жатыр. Одан арғы және бергі тарихта да сан алуан құнды жәдігерлер осы аумақтан кезігеді. Дария бойында көптеген шаһарлар орын тепсе, қарт Қаратаудың соңғы сілемдері жеткен облыс аумағында да сан алуан ескерткіштер орналасқан. Дегенмен, осыған қарамастан солардың зерттелуі жағынан кемшін тұстарымыз әлі де көп. Жалпы, бұл бағытта елімізде арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданған.

ТАРИХИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛМЕКҒалымдар Сыр жерінде 1000-ға жуық тарихи-мәдени ескерткіштердің бар екенін айтады. Мұндай мол ескерткіш еліміздің өзге өңірлерінде кездесе бермейді. Өкінішке қарай, қайсыбір жылдарда соның ішінде кейбіріне ғана ғалымдар зерттеу жүргізе алса, қалғаны сол күйінше жұмбақ болып қалған. Зерттеушілер сол орындарға арнайы ат басын бұрып, бірқатар мәліметтерді жинақтағанымен, одан кейін ол орындарда ешқандай жұмыстар жүзеге аса қойған жоқ екен. Рас, кезінде саны аздау ұлттардың тарихына мұрын шүйіріп, оларды халықтың жадынан өшіруге құлықты болған большевиктер аталмыш жәдігерлердің жермен-жексен қирауын қалағаны жасырын емес. Соған қарамастан, қаншама құнды дүниелердің бүгінгі күнге дейін жетіп отырғаны көңілге медеу. Ендігі кезекте соларды жаңғыртып, бабалардың бүгінгі ұрпаққа аманатына адалдық таныту біздің парызымыз болса керек-ті.

Түркі жұрты Қорқыт атаны ортақ тұлғамыз деп санайды. Аты аңызға айналған абыздың осы топырақта кіндігі кесіліп, пәни мен бақи арасындағы өмір жолдары өрілгенін, мәңгілік мекенін де осы жерден тапқанын бәріміз де білеміз. Өзінің түп-төркініне үңіліп жүрген түркі баласы Қызылорда жеріне арнайы ат шалдырып, абыз бабаның басындағы ескерткішке тағзым жасап қайтуға құлықты екенін талай мәрте көзіміз көріп жүр. Осыған орай, аталмыш мәдени ескерткішті туризм аймағына айналдыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда осы мақсатта тиісті жұмыстар қолға алынып жатыр. Сондай-ақ, Қорқыт ата кешенін қайта жаңғырту шаралары жүзеге асады деп күтілуде. Жоба екі кезеңге жобаланған. Жақында кешен аумағында зиярат ету орталығы тұсауын кескен.

Жалпы алғанда, тарихи орындарды туризм инфрақұрылымына енгізу арқылы әлемдегі туризм индустриясының негізі қаланды. Сол себепті аталмыш бағытта жүйелі іс-шараларды қолға алу негізгі мақсаттың біріне айналып отырған жайы бар. 2017 жылы Астана қаласында өткізілетін ЭКСПО халықаралық көрмесіне келетін туристер Байқоңыр ғарыш айлағы аумағымен де танысады.

ТАРИХИ МҰРАЛАРЫМЫЗ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗІЛМЕКҚызылорда қаласында өткізілген облыс әкімі жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңеске бірқатар жобалар ұсынылған еді. Сөз орайында айтқанымыздай, Сыр өңірі әлі де тыңғылықты зерттеуді қажет етеді. Бұл жөнінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мадияр Елеуов өз ой-пікірін білдірді. Ол кісі Қызылорда өңірінде көптеген тарихи ескерткіштер әлі де көзден таса қалып қойып жатқанын айтты. Оларды зерделеп көрсек, бүгінгі күні бізге жұмбақ болып жүрген жайлардың беті ашылады деген үміт бар. Өкінішке қарай, түрлі-түрлі себептермен олардың тарихы зерттеліп, бүгінгі күнге дейін өз бағасын ала алмай келеді. Әйтпесе, олардың әрбірінің қазақ тарихы мен өмірінде айрықша орын аларлықтай мәртебесі бар.Соңғы бір ғасырға жуық аралықта Сыр өңірі ғалымдардың назарынан тыс қалып қойды деуге негіз бар. Өте аз деңгейде зерттелді. Соның салдарынан кейбір ескерткіштер жайында әлі күнге дейін нақты жауаптар айтылмай келеді. Атап айтқанда, Қызылқұм, Қуаңдария, Жаңадария мен ескі дарияның аумағы, Арал теңізінің табаны енді-енді ғана қолға алына бастады Сонымен қатар, Қаратаудың бөктері, Бетпақдала және Сыр бойының Ақтөбе облысымен шектесетін аймақтары мүлдем зерттелмей отыр десек те артық емес. Қазба жұмыстары саусақпен санап аларлық санаулы қалаларда ғана жүргізілді.

Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменов Қызылорда түркология ғылымының қайта жаңғырту орталығы болуға әбден лайық екенін тілге тиек етті. Осы орайдағы түркологтардың басын қосу жобасы өте орынды ұсыныс болып отыр. Оны адамзат баласына аса қажет түркология ғылымының өркендеуіне алтын баспалдақ болады деген сенім бар.

Ғалымдар табылған заттарды алғашқы күйінен өңдейтін зертханалар тапшы екенін айтады. Сондықтан жергілікті Қорқыт ата атындағы университет базасы негізінде археологиялық-технологиялық зертхана ашу ойластырылуда. Зертханаға қажетті құрылғылар жеткізілсе, онымен жұмыс жасай білетін археолог және химик мамандар саны аз емес екен.

Бағзы заманда ұлан-байтақ даламызды қоныс етіп, алты Алаш атанған, түбі бір түркілер құрмет көрсеткен Қорқыт ата ескерткіші тек Сыр өңіріндегі ғана емес, еліміздегі айтулы мәдени орынның бірі саналады. Бүгінгі таңда көз тартарлық сәулетті ғимарат осыдан 30 жылдай бұрын көпшіліктің көзайымына айналған еді.

Бүкіләлемдік мұралар адамзат баласының және табиғаттың қайталанбас туындысы болып табылады. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитеті жыл сайын сессия өткізеді. Соның барысында жаңадан ұсынылған мұралар тізімге алынады. Жалпы алғанда, Шығыс пен Батыстың арасында алтын арқау болған Ұлы Жібек жолының адамзат өркениетінде алатын орны ерекше. Бұл орайда Қазақстан бойынша төрт бағытта зерттеу шаралары қолға алынған. Олар Жетісу, Сырдария, Сарыарқа және Маңғыстау аймақтарын қамтиды. Бүгінгі күнге дейін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралары қатарына 911 нысан кірген екен. Оның ішінде Орталық Азия аймағында Қырғызстан мен Тәжікстаннан басқа елдерден 12 мәдени мұра енгізілген. Жалпы, Сырдария аймағындағы Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жуантөбе, Қарааспантөбе, Бөріжары, Сауран, Сығанақ, Жаңақала, Шірік-Рабат, Бәбіш-молда, Баланды секілді тарихи орындар бар екенін айта кету лазым.

Ғалымдардың айтуынша, Сыр бойы – тарихи мұраларға өте бай өлке. Десе де, бүгінгі күнге дейін сол мәдени мұраларға ғылыми негізде зерделі зерттеу жүргізілмей келгені жасырын емес. Соның салдарынан қаншама мұрамыз толыққанды бағасын алмай, әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерделене қоймағаны белгілі. Кезінде түркі жұртының атамекеніне айналған өңірде қаншама көне шаһарлар, мәдени-тарихи ескерткіштер және өзге де құндылықтар болды. Кейбірі замана ағымымен көзден ғайып болса, ендігі бірінің жұрнақтары бүгінгі заманға дейін жетіп отыр. Біз өткенімізді бағалай білсек, осындай құндылықты қастерлеп, оларға қамқорлық көрсете отырып, тиянақты жұмыс жүргізгеніміз артықтық етпейді.

Әділжан ҮМБЕТ.


ТАНЫМ 19 шілде 2014 г. 6 691 0