5G: Цифрлық теңсіздікті жоюға жол ашады

 Жаздың бір күнінде белгілі сауда орталығы онлайн акция ұйымдастырды, яғни, ұнаған затыңды интернет арқылы тапсырыс берсеңіз, біраз жеңілдігі бар. Сол күнгі елдің қарасын көрсеңіз. Барлығы қолында ұялы телефонын ұстап, сауда орталығының алдын ұзын-сонар кезекке толтырды. Бір қиыны, сол күні бұл акцияны ойдағыдай орындауға интернет күші жетпеді. Шамадан тыс жүктеме болса керек. Мұндай көрініс кейде халық жиі қызмет алатын орталықтарда орын алады.

Мемлекет басшысы Жолдауда цифрлық экономиканы дамытуға көп жұмыс атқаруымыз керектігін айтты.

Соңғы кезде байланыстың бесінші буыны туралы жиі айтылып жүр. Жалпы жұртқа әлі де бейтаныс 5G-дің тиімділігі қандай?

5G – жылдамдығы секундына бірнеше гигабитқа жететін мобильді байланыс технология­ларының бесін­ші буыны.

Жалпы, ұялы байланыстың жаңа буындары әрбір 10 жыл сайын пайда болып тұрады. Мәселен, алғашқы стандарт 1G 1981 жылы енгізілген. Бұл 1992 жылы 2G-ге ауысса, 2001 жылы 3G күнделікті тұрмысымызға қосылды. 2010 жылдың аяғында әлем 4G-ді қабылдады. Ендігі кезек – 2020 жылға қарай енгізілетін 5G стандартында. Бүгінде елімізде байланыстың бесінші буыны пилоттық тестілеуден өткізілуде.

5G-дің тиімділігіне тоқталатын бол­­сақ, мамандардың айтуынша, бай­ланыстың бесінші буыны төр­­­тінші буынға қарағанда ана­ғұр­­лым жоғары өткізгіштік қабі­лет­­ті қам­тамасыз ететін, кең­жо­лақ­­ты мобильді бай­ланыс­тың қол­­же­тім­ділігін арттыруға мүмкіндік бе­ре­ді. Смартфондардағы қуатты үнем­деу мүмкіндігіне ие, ауқымды ақ­параттарды, үлкен көлемді файлдар мен медиафайлдарды жүктеу кезіндегі кі­дірістерді жояды.

Бесінші буынның ел экономикасы үшін тиімділігі төртінші буынмен салыстырғанда 40 есе артық шап­шаңдықты ұсынуға, нақты уақыт режимінде қашықтықтан опе­ра­ция­ларды орындау үшін қолдануға, өнеркәсіптік роботтарды жылдам­датуға, ауыл шаруашылығы техникаларын қашықтықтан бас­қаруға, егіс алқаптарына, отарларға мониторинг жүргізуге жол ашады. Ден­саулық сақтау саласында телемедицина арқылы күрделі операцияларды жүргізу үшін, білім саласында  қашықтықтан білім беруді дамыта түседі. Сапалы байланыстың игілігі кен орнында, құрылыс барысында экскаваторды, кранды кабинетте немесе орталық басқару бөлмесінде отырып-ақ белгілі қашықтықтан бас­қару мүмкіндігі болады.

Тағы бір жетістігі, кеңжолақты интернет тек орталықты ғана емес, ауылдарды қамтымақ. Елімізде мек­тептердің басым бөлігі ауылда екенін ескерсек, қала мен ауыл ара­сындағы цифрлық теңсіздікті жоюға байланыстың бесінші буыны жол ашатыны сөзсіз.

Түйіндей келе байланыстың бе­сінші буыны мобильді байланыс ғана емес, бұл еліміз бойынша үй ішіндегі қолжетімді интернет деп түсінген жөн. Себебі, қарапайым адамдар үшін 5G – үйдегі wi-fi-дың орнын басатын ыңғайлы құрал.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Біздің міндетіміз – ақ­парат­тық коммуникациялық инфра­құры­лым­ның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту. Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет» деп атап көрсетті.

Демек, бесінші буын ақылды қала­лар­ды, цифрлық экономиканы дамытады.



Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

ТАНЫМ 14 қыркүйек 2019 г. 1 010 0