Өткен ғасырдың 30-шы жылдары дүниеге келген ұрпақтың балдәурен балалық шақтары сұм соғыспен және онан кейінгі қиын уақытқа тұспа-тұс келді. Елдің ауыр тұрмысы мен күйзелген шаруасын көтеруге жалаң аяқ, жыртық тізе, аш құрсақ бола жүріп өскен сол кездегі балалар ерте араласты. Сол бейнетті ұрпақтан аға ұрпаққа айналып елге еңбегі сіңген Сыр бойының абыз ақсақалы болған Сейілбек Шаухаманов ағамыз еді.
Құбылмалы заманның жоқшылығы мен ауырлығының ащы дәмін көбірек тартқан бүгінгі аға буын өкілдерінің барлығына тән қасиет қайтсе де оқу оқып, білім алу қағидатын ұстана отырып, ар тазалығы мен жан тазалығы және де ынсап, ұят, қанағат деген қасиеттерден айнымай өмір сүре білді, әлі де сол бір асыл қасиеттерінен айныған емес. Сол бір асыл да иманды ағалар буынының қатардағы біреуі ғана емес, бірегейіне айналған тұлға Сейілбек Шаухаманов болатын.
Американың белгілі классигі Уильям Фолкнердің «Даңқ пен билік сұлу бикеш сияқты. Қабағына қарап, өліп-өшіп ұмтылған сайын уысыңа түспей қашқақтай береді. Ал, сол бикешке соншалық құмартпай-ақ бойыңды салқын ұстасаң, бұратылып өзі жетіп келеді» деп айтқан бір сөзі бар. Сол айтқандай, даңқ пен дақпыртқа құмартпай, қызықпай-ақ, соған бой алдырмай, өзінің жаратылыс табиғи мінез қалпын ешбір өзгертпестен маңдайына жазылған, өзіне бұйырған өз несібесін еңбегімен тере біліп, өзі межелеген биікке шығып отырған тұлғалардың бірі Сейілбек аға болатын. Бұл дау тудырмайтын ақиқат.
Адам баласы жарық дүниеге келгенде әуелі өзі үшін өмір сүреді. Ер жетеді, оң-солын таниды, кемеліне келген соң қоғамына көлеңкесін түсіреді. Бойындағы қажыр-қайратын ізгілікке жұмсайды. Өстіп жүріп кісі елдің көзіне түседі, тұлғаға айналады. Жеке ғұмырдың тарихы – қауымның, елдің тарихына ұласады. Сейілбек Шаухаманов та тәуелсіз еліміздің кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынар кейіпкерлердің бірі дер едім. Сәкең жастайынан қауымның көзіне ілікті. Соның арқасында сан алуан мемлекеттік қызметте абыройлы жұмыс жасады. Бірақ өлімін салып мансап қуған жоқ. Шақырған қызметтерін өзіне қол көрсе барды, сайлаған қызметтеріне – көрсетілген сенімді жерге тастамай қабыл алды. Оларды бақ, дәреже, артықшылық деп емес, ең алдымен үлкен жауапкершілік деп түсінді. Қиналған, толғанған, жан ауырған сәттері де көп болды. Бірақ қайда жүрсе де өзін елден бөлек сезініп көрген емес. Бәрін де бұйырмастың ісі деп түсінді. Заманы мен қоғамы салған міндет пен жүкті тауқымет деп санаған жоқ. Сонау сәби кезінен бері қарай халық көрген ауыртпалық, індет, жоқ-жітілікті Сәкең де көріп өсті. Талай өткелдерден өтіп, талай жерде тауы шағыла жаздаған сәттерінде ең әуелі бір жаратушыға, сосын талай қиында қол ұшын берген, бір туып бір қалғаны болмаса да, адамгершілік ықпалдарын аямаған абзал адамдарға рахмет айтып, өз тағдырына тек шүкіршілік айтумен өтті. Оған дәлел кезінде мемлекеттік үлкен лауазымды қызметтер атқарумен қатар, ішкен-жегенін, кигені мен мінгенім жерде қалса да, көрген-білгенім, естігенім жерде қалмасын деп, қалам тербеген «Алма алма – Ақыл ал», «Қайраткер», «Бақытыңды бағалай біл», т.б. еңбектері дер едім. Түсіне білген адамға бұл кітаптардың тәрбиелік, танымдық мәні өте зор.
Сәкең Сыр өңірінің ғана емес, барша қазақ елінің ардақты ел ағасы, сөз сөйлесе – шешен, ел бастаса – көсем, топқа салса – жүйрік. Өз ақыл-парасатымен өмірдің төріне озған, айтар терең ойы бар тұлға еді. Сейілбек ағамыздың қолынан кітаптарын оқи отырып бағзы замандардан келе жатқан даналықтар мен лағыл сөздердің жаңғырығы, кешегі өткен ел ағалары мен небір жақсылар мен жайсаңдары жайлы ыстық ықыласты көреміз. Бүгінгі және келер ұрпақ үшін өз артында айтар сөзің қалу үшін де өмірден көргенің де, көңілге түйгенің де, жақсылармен жанасып жүргенің де, ел үшін бел шешіп адал еңбек еткенің де, халық үшін тер төккенің де керек болар бәлкім!
Сәкеңнің өзі айтпақшы «Өмірде жолым болған жанмын» деп ағынан жарылғаны жолың болу үшін сол жолды жүріп өтіп, еңсеруің үшін талап пен ынта, ақыл мен парасат, еңбек пен қажыр-қайрат керектігі ақиқат. Осының барлығы өмірде жолы болып, ел мойындаған тұлғаға айналған Сейілбек Шаухамановтың өмірі мен ғұмырының шындығы деп білемін. «Аттан түскен ақырет емес, тақтан түскен тақсірет емес» деген ұғыммен Сәкең қарапайымдылықты жақсы көрді. Мансапқорлық, тәкәппарлық, менмендік, өзін басқалардан жоғары ұстау Сәкеңде болған емес. «Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей алды-артына қарайлай ғұмыр кешті. Барды қанағат тұтып, елге қызмет етті, өзім деген кісіге, үлкен-кішісіне, лауазымына, әлеуметтік қал-жағдайына қарамастан барынша сыйластықпен, даңғойлыққа, бақталастыққа жиіркеніштікпен қарады. Сәкеңнің сөз саптауы да, жүріс-тұрысы да бөлек еді, сөйлейтін сөздеріне, жазатын мақалаларына аса жауапкершілікпен дайындалатын. Көп оқитын, көп ізденетін білімпаз еді. Терең білімі, аса жүйрік шешендігі, жауды көбейтпей, дауды өршітпей, елге керек мәселені бейбіт түрде шешуді қалайтын мәмлегерлігі облысты басқарған еліміз үшін аса бір қиын жылдар болған уақытта бар болмысымен жарқырай көрінді.
Иә, Сәкең бақытты өмір сүрді. Ылғи әулие мен қасиеттің тұнып тұрған өлкесінде туған, бұл фәниден көп дүние емес иман жиған, өле-өлгенше халқына адал еңбек еткен, артына байтақ дәстүр, өшпес өнеге тастап кеткен ағамыздың тәнін жерге бергенімізбен, елінде оның рухы қалды. Ол рухы өзінің туған жерімен мәңгі жасайтын болады.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор, саяси ғылымдар докторы,
профессор.