« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Бұл әңгіме «Мың бір түндікі» ме, әлде Тәжі-Махал елінен бе екен, әйтеуір тыңдағанға қызық. Мейлі, қайдан болса да, бізге айтқан адамның аты емес, сөзі керек.
Ертеде бір елдің патшасы бас уәзірін ертіп, қарапайым адамдарша киініп, шаһар халқының қалай өмір сүріп жатқанын көрмек болып елеусіз күйде көшеге шығыпты. Сөйтсе, бір кәрі шал «бүйтіп қор болғанша өлейін» деп тауға қарай кетіп бара жатыр екен. Патша оны тоқтатып:
– Сен неден зарлы болып бара жатырсың? – деп сұрайды.
– Зарламай қайтейін, балықшы едім, неше күн болды, ауыма ештеңе ілікпеді. Бала-шағам аштықтан бұралып отыр. Олардың қиналғанын көргенше, өлгенім артық. Қазір тауға барамын да өзімді құзға тастаймын. Мен бір заманның керексіз кесегі, талқаным шығып, топырақ болып шашылып қалайын деп барамын, – дейді шал.
– Сен өлімге асықпа. Мына көлге тағы бір мәрте ауыңды сал. Сол ауға шылау ілінсе де мен оны мың тілләға сатып алайын. Соған уәде етемін, – дейді патша шалды райдан қайтармақ болып. Шал да соншалық ақымақ емес екен, оп-оңай келіп тұрған ақшадан қағылғысы келмей, ауын көлге тағы бір лақтырып көреді. О, тоба, судан басқа нәрсе жұқпайтын ауына ап-ауыр бір зат іліне кетеді. Сүйретіп шығарса, сандық екен. Уәде құдайдың аты, сол жерде патша шалға мың тіллә беріп, сандықты алып кетеді. Уәзірі екеуі сандықты сарайға әкеліп ашып қараса, ішінен бір әйелдің өлігі шыға келеді. Мұны көрген патшаны ашу буады.
– Ей, бас уәзір, сенің маған шаһарда қылмыс жоқ дейтінің қайда? Ел іші бұзылып бітіпті. Саған үш күн уақыт беремін. Мына әйелді өлтірген адамды табасың. Таппасаң, әйел өлімі үшін өзіңді дарға асамын!
Уәзір ол құдай атқырды қайдан тапсын. Үйіне келіп, уайым жеп үш күн бойы жатып алады. Мерзімді кез келгенде жендеттер үйінен алып кетіп, патшаға апарады. Қылмыскер табылмағандықтан патша жұртты жиып, бас уәзірдің мойнына арқан салады. Сонда көптің ішінен бір жігіт шығып:
– Уа, мәртебелім, бас уәзірдің жазығы жоқ. Бұл әйелді өлтірген менмін. Дарға мені асыңдар! – дейді. Осы кезде бір қарт кісі кимелеп келіп:
– Бұл өтірік айтады, әйелді өлтірген менмін, – деп жігітті кері итереді.
Мұны көріп отырған патша:
– Сонымен қайсыңды дарға асайық? – деп сұрайды.
– Дарға мені асыңыз, әйелді өлтірген менмін, – дейді жігіт айтқанынан қайтпай.
– Мұның айтып тұрғаны өтірік, – дейді шал да арқаннан айырылмай.
– Миы ашыған шалды тыңдамаңыз, – дейді жігіт өрекпіп.
– Шырағым, әлі өмірің алда, осы өлімді маған-ақ қия салсайшы, – дейді шал сонда жасын төгіп жалынып.
Өлім үшін болып жатқан таласқа қайран қалған патша жиынды таратып, нағыз шындыққа көз жеткізгісі келеді. Шал мен жігітті оңаша сұраққа алады.
– Оқиғаның шындығы мынау, – дейді жігіт, – бұл кісі менің қайынатам. Әйелім біраз күн ауырып жатып қалып еді. Беті бері қарай бастағанда маған беһе жемісін жегісі келетінін айтты. Мен оның айтқанын екі етпеуші едім. Бұл шаһардан беһе табылмады. Ол тек сіздің бақшаңызда ғана өседі екен. Патшаның бағына түсер шамам қайда. Басқа жақтардан іздеп кеттім. Сөйтіп, үш күн, үш түн әуре болып, бір түйір беһе жемісін тауып әкелдім. Келсем, әйелім ұйықтап жатыр екен. Бас жағына қойдым да, бірауық базардағы ұсақ саудамды жасап қайтайын дедім. Кеш түсе заттарымды жиып жатсам, бір құлдың қолына беһе жемісін ұстап, иіскеп бара жатқанын көрдім. Мені үш тәулік табанымнан тоздырған беһенің құлдың қолына кетіп бара жатқанына таңғалдым.
– Қайдан алдың? – деп сұрадым одан.
– Ашынаң болса, ол сенен ештеңесін аямайды. Көптен көңілімді көтеріп жүрген бикешім бар еді. Біраздан бері аурып, басын бүгін көтергесін хал сұрап барғанмын, қолыма осыны ұстатып жіберді. Тамаша емес пе?
Құлдың мына сөзі мені шектен шығарды. Сол бетіммен үйге жүгіріп бардым да, төсекте жатқан әйелімді тұншықтырып өлтіріп, сандыққа салып, суға лақтыра салдым. Үйге қайтып келе жатсам, бес жасар балам шет көше жақтан жылап келе жатыр екен.
– Не болды? – деп сорлы баламды жұбатпақ болдым.
Сонда ол былай деді:
– Шешемнің бас жағында тұрған беһені алып ойнап жүр едім, бір құл көріп қайдан алдың деп сұрады. Мен шешемнің аурып жатқанын, беһені сенің үш күн жүріп тауып әкелгеніңді айттым. Ол қолымнан жұлып ала қашты. Енді шешеме не айтамын?! – деп балам тағы жылады.
– Енді шешеңе не айтсаң да бәрібір, жыла, балам, жыла, – дедім.
Кешке үйге мына кісі, қайынатам келді. Мен болған жайды жасыра алмадым. Бұл кісі қызын да, мені де аяды. Ең болмаса жазықсыз жиенім тас жетім қалмасын деп енді міне, өлімге таласып тұр.
Ал, әділетті ел иесі, өлтірсең, мендей қарабетті өлтір! – дейді жігіт.
– Жоқ, мен сені өлтірмеймін, сені алдаған құлды өлтіремін. Ал, сен кінәлі құлды тап, таппасаң оның өтірігі үшін өзің өлесің! – деп патша кінәны тағы да бас уәзірге аударады.
Бас уәзір болса үйіне барып жатып алды, құлға сұрау салмады. Үш күн өтті. Жендеттер де жетіп келді. Уәзірдің әлі кішкентай бір қызы болатын. Ойнап жүрген сол қызын шақырып алып, маңдайынан сүйді, құшағына қысты. Енді өлетініне күмәнданбады. «Өтірік айтқан мен едім» деп тексіз құлдың қайсысы ара түсер дейсің. Осылай қызын құшақтап ойланып тұрғанда оның қойнында бір заттың бары білінді.
– Қызым, қойныңдағы не нәрсе? – деп сұрады сүлесоқ сөйлеп.
– Беһе жемісі! – деді қызы мақтанып, – мен оны жемеймін, басқаларды қызықтырып жүремін.
– Ал, сен оны қайдан алдың? – деп сұрады жүзіне қан жүгірген әкесі.
– Оны сіздің Райқан құлыңыз берді.
Бас уәзір құлды шақырып сұрау салып көріп еді, өз оқиғасын сайрап берді. Жолай келе жатып, базардағы саудагерге мақтанғанын да жасырған жоқ.
Бас уәзір құлды патшаға алып келді. Бірақ оны аяды, бұл бір ақымақ қой, мақтаншақтығы болмаса тапсырған жұмысыңды адал істейді. Осыны ойлады да, патшаға:
– Уа, патшам, өмірде мұндай оқиғалар кездеспей тұрмайды. «Өлді» деген хабары қарыс жерге жетпейтін бір құлдың бар-жоғынан ештеңенің орны толмайды. Сіздің бұйрығыңызбен істің ақиқатына жеттік. Патша беһе ұрлаған құлды дарға асыпты деген сөздің өзі де жаман. Осымен осы істі аяқтасақ қайтеді? – депті. Бас уәзір ақылды-ақ екен.
Патша өзі білсін, не істесе де, ал, біз әңгімемізді аяқтайық. Осыдан көкірекке түйгеніміз мынау: өтірік өлімге итермелеп, ақиқат ажалға да алдырмайды екен. Ғибрат алыңыз.
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |