Қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер, Сыр елінің перзенті Айжарық Сәдібекұлы биыл 80 жаста. Жуырда жазушыны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы қабылдап, құттықтаған болатын. Қабылдауда облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген қаламгердің екітомдық «Парасат майданы» және «Жұмыр жерде біз бармыз» атты кітаптары оқырманға жол тартқан еді. Осы аптада жазушының мерейтойы туған өңірі – Арал ауданында жалғасып, мәдени-көпшілік және кездесу шаралары өтті.
Қаламгерді алдымен аудан әкімі М.Оразбаев қабылдап, құрмет көрсетті. Онда жазушының қазақ әдебиеті мен журналистика саласына сіңірген еңбегі сөз болды. Сондай-ақ, ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігі, өнер, мәдениет саласындағы жетістіктері әңгіме арқауына айналды.
Мұнан кейін мерейтой иесі мен келген қонақтарға жаңадан салынған келісті «Рәміздер алаңы», Ә.Нұрпейісовтің әдебиет үйінің жұмысымен танысу шарасы ұйымдастырылды. Аталған нысандар қазір Арал қаласының ажарына айналған. Ондағы балалар ойын алаңы, жаңа үйлердің қаз қатар бой түзеуі шын мәнінде, жаңашылдықтың жарқын үлгісіндей әсер қалдырады.
Туған жерге табан тіреген қаламгерді ұлықтауға арналған негізгі шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. «Тарихқа қалам тербеген» атты шығармашылық кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз сөйледі.
– Қалың оқырман өзіңізді талантты жазушы-журналист ретінде жақсы біледі. Шығармаларыңыз халық жүрегіне жетіп, ықыласына бөленіп жатса, ол, бірінші кезекте, өзіңіздің еңбегіңіздің, мамандыққа деген адалдығыңыздың, шынайылығыңыздың жемісі дер едім. Біз сізді ұлтымыздың ұлы қасиеттерін бойында сақтап, үлкендіктің әдемі үлгісін көрсетіп келетін азамат ретінде мақтан етеміз. Сондықтан, бүгінгі мерейтой өзіндік мән-мазмұнымен, өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбиесімен құнды деп есептейміз, – деді аудан басшысы. Сонымен қатар, Құрмет грамотасын табыс етіп, сый-сияпат жасады.
Айта кетейік, Айжарық Сәдібекұлы өңірдің журналистика саласына үлкен еңбек сіңірген аға буын өкілдерінің бірі. Әсіресе, «Сыр бойы» газетінде жиырма жылдың үстінде атқарған қызметі талантты қаламгердің еңбек жолындағы жоталы жетістігі саналады. Осы тұрғыда кездесуде дербес зейнеткер, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі тоқсанның төріне шыққан Шәкірат Дәрмағамбетов мағыналы сөз саптады. Әріптес інісінің бітім-болмысы, еңбекқорлығы, қызметке адалдығы жайында естеліктер айтты. Сонымен қатар, қаламгердің өмірі мен шығармашылықтағы шынайы болмысын, өзгеге ұқсамайтын жазу мәнерін филология ғылымдарының кандидаттары Шанжархан Бекмағамбетов пен Алдажар Әбілов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов жақсы жеткізді. Ақын, Ж.Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың иегері Толыбай Абылаев арнау өлеңін оқыса, ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор Мұрат Сыдықов та жүрекжарды лебізін жеткізді. Осындай керемет кештегі сүбелі сөз бен ыстық ықыласты әнмен әрлеп, бимен байытып отырған аудан өнерпаздары да жұрттың ризашылығына бөленді.
Айжарық Сәдібекұлының 80 жылдығына арналған шара орталықпен шектелген жоқ. Арал қаласынан Қамыстыбас арқылы жүріп отырып «Көкаралды» көктей өткенде барлығы 300 шақырымға жуықтайтын жол сонау Ақбастыға алып барады. Міне, осы ауыл жұрты да жазушының мерейтойына дайындық жүргізіпті. Мұнда осыдан жеті жылдай бұрын № 22-ші орта мектеп жаңадан салынған болатын. Осы мектептен «А.Сәдібекұлының әдебиет бөлмесі» ашылып, мерейтой иесі мен қонақтарға таныстырылды. Білім ұясында ауыл жұртымен жүздесу ұйымдастырылды. Онда аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов, ауыл ақсақалы Сәуелхан Смағұлов, ауыл әкімі Кенжебек Жанназаров туған жер перзентіне деген ыстық ықыластарын жеткізді. Сондай-ақ, Бақыткүл Қадырова басшылық ететін мектеп оқушылары арнайы бағдарлама ұсынды. Әсіресе, жазушының еңбектерінен үзінділерді жатқа айтқан шәкірттер кездесудің көздеген мақсатын дөп басқандай болды.
Біз бұл мерейтойды ұйымдастыруға аудан әкімдігімен қатар қаламгердің қанаттас інілері Қуанышбай Ердіқалықов, Талап Шалманов, Асылхан Нұрқожаев, Зағаладдин Өтенов және Айбек Әлімжановтардың елеулі үлес қосқанын білдік. Бұл алдымен қаламгерге құрмет болса, мерейтой аясында әрбір өткізілген шара елдің рухын көтерудің айқын айғағы деп түйдік.
Қ.НАРКЕН.