Атасының арманын орындады

Қазалының Бекарыстан би ауылында тұратын қарт майдангер Қабақ Смағұлдың ұзақ жылдар бойғы арманы орындалды. Қан майданға аттанып, сүйегі жат жерде қалған әкесінің мәңгілік мекені табылды.  Өзі оқ пен оттың арасынан  кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» та­ғып оралғанмен, әкесі Смағұл Жетесовтен хабар болмай, «кө­кемнің жерленген жерін тауып, басына барып қайтсам екен» деп ойлайтын. Жасы тоқсанның төріне озған Қабақ қария әкесін ерекше тебіреніспен еске алып, жылдар бойы жүрегінде сақтаған сағынышын білдіріп отырады. 

Әкелі-балалы екеуі со­ғысқа 1943 жылы бірге ат­танған еді. Орынбор қала­сына дейін бірге барып, сол жерден жолдары екіге айырылды. Қайтадан  жо­лы­ғудың орайы келе ме, отбасында шүйіркелесіп оты­ра­тын күн туа ма, ол жағы белгісіз еді. Смағұл отбасы мен туған-туыстарына хат жазып тұрған. Соңғы ха­­тында жаралы болып, гос­­питальға түскенін айт­қан. Одан кейінгі тағ­дыры беймәлім. Кейін Бела­русь­тің Витебск облысында қаза тапқаны жайлы дерек табылды.

Адамның үміті алға жетелейтін ұлы күш емес пе? Арада жетпіс жылдан астам уақыт өткенде Беларусь жеріндегі мемориалға майдангер Сма­ғұлдың шө­бересі Мұхтар ­барды. Атасы Қа­бақ­тың өмір бойғы арманын арқалап, жат жердің то­пырағын жамылған бабасына тағзым етпекке жолға шықты.

Смағұл Жетесовтің аты жа­зылған мемориал Витесбк облысы, Дубровинск ауданы, Боброво деген жерде екен. Бұл жерде 43 мыңнан астам жауынгер 27 бауырластар зиратына жерленген. Ең қанқұйлы май­дандарға куә болған Беларусь жерінде соғыста қаза тапқандарға құрмет көрсетудің ізгі дәс­түрі қа­лып­­тасқан.

– Бабамның аты жа­зыл­ған мемориал туралы барлық де­ректерді жи­нақ­таған соң, ақпан айында сонда бар­­дым. Күтіп алып, жол көр­сету­шілердің қыз­метіне ри­замын. Атам жасы ұл­ғай­ған­дықтан жол­ға шыға алмады, – дейді Мұхтар.  

Қабақ Смағұлдың баласы Төлеу:

– Мұхтар балам әкелген бір уыс топырақты атам Смағұлдың ауылдағы ес­керткіш белгісінің басына ағайын-туыстарды ша­қы­рып, құран оқытып апарып қойдық. Осыдан біршама уақыт бұрын атам Смағұл мен оның әкесі Жетес­ке арнап ескерткіш белгі орнат­қан­быз. Өйткені Жетес ата­мыздың да жерленген жері белгісіз. Қуғын-сүргін ке­зінде жаламен атылып кеткен. Әкесінің топырағы елге кел­геннен кейін әкемнің кө­ңілі бір­ленді. Адам үлкей­генде бір бала емес пе? Ара­сында «көкем-ай» деп көз жасына ерік береді.

Жақын адамға деген са­ғыныш, перзенттік парызды өтеу деген сезімдердің адам бо­йынан өшпегені қан­дай жақсы! Өйткені осы мақсатты орындау үшін талай ізгі істерге жол ашылады.


Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ТАНЫМ 09 мамыр 2019 г. 1 051 0