БАЙЫРҚАЛЫ БАЙТАҒЫМ

Отан, орта, өткен, ертең туралы ой-тағандардан
Төрткүл дүниенің кеңдігі ғажап! Шығыс пен Батысқа еңсе көтере көз салдық. Бейтаныс, беймәлім қиырларға алшаң-аршын қадамдар жасадық. Көкжиектер кеңейді. Тыныс ашылды.
Ең бастысы, сары жүн шапанды сабырлы даламыздың сол ортадағы кәделі орын-оябын салыстыра бағамдау мүмкіндігіне ие болдық. Сөйтсек...

***
Қазақ «төрт жағы – төрт құбылаға» құлашын кең тастап сөйлейді. Қағбаға жүз бұрған Құбыла (араб.: «тарап») – соның бірі. Бастысы, үлкені. Ал енді, жаһанға жатырқаусыз құшақ ашқан қазақтың осынау ауқымы – ежелгі мол пішілген табиғаты, жаратылыспен етенелігі, болмыспен болымды тірлігінен болса керек.
Маңдайға молынан бұйырған тау-дала, өзен-көл, жайлау-шұрат сондай ақеден көңілдің Жаратқан берген бодауы емес пе?..

***
Пенде дегенің алыстарға тамсанғыш. Ал өз өрісін, кейде, сол өзіндік қана анық болмысында бағалауды да біле бермейді.
Батыста – Қиғаш (Еділ саласы), Шығыста – Ақтау (Алтай өрі) арасын алып жатқан, Жаратқан сондай мол пішіп берген байтағымызда қанша мәнді де, сәнді шұрайлар бар. Қаншама терең сырлар тұнып жатыр! Солардың денін түстеп-түгендей алдық па? Көңіл зердесімен, жүрек зейінімен қарағанда, әлем ғажайыптарынан артық соқпаса кем түспес талай құпия ашар еді-ау олар.
«Жақыныңды жаттай сыйла!..» деген сөз туған табиғатқа да қатысты.

***
Дүниеде ұлы таулар көп. Бірақ, Ұлытау біздің далада ғана бой көтеріп тұр. Әлемде ұлы теңіздер көп. Бірақ, Ұлы теңіз Аралда ғана болатын. Дүниенің барса келместері баршылық. Бірақ, Барсакелмес біздің жерде ғана еді. Жаһанда түпсіз шыңыраулар жетеді. Бірақ, бір ғана Құрдым біздің дала төсінде жатыр. Топансу ала алмаған арарат-таулар айтылады әлемде. Бірақ, Мыңсуалмас біздің далада ереуілдеп тұр...

***
Ақ Жайықтың батыс бетінде Еуропаның Бельгия, Голландия, Люксембург сияқты мемлекеттері қосыла сыйып кетерліктей немесе Түркияның еуропалық бөлігінен бес еседей үлкен аумақты өз «Еуропамыз» бар. Көптеген асыл тарихымыз бен құнды жәдігерлеріміз сол бетте жатыр.

***
Алатаудың Қарқара баурайына бейім, Кеген мен Тасаши мекендері арасында өзгеше түсті бір бөлек алтынсары құм бар. Тау арасына түсіп қалған бір уыс, алақандай ғана ерек дүние... Осы жерді Әлкей Марғұлан «Моңғол шөлінен құйын көтеріп әкелген бөлек құм» деп түстепті. Құм астында (Қарахан) патшаның бір ханымының тұрағы (ставка) бір түнде ауыл-аймағымен тірілей көміліп қалған деседі. Сонан ба, ол құмда аяқ астынан жер аранына тартып әкететін оппа ашылады, құм қойнауы түндер бойы күңгірлеп «сөйлеп» шығады...
Осы жайтты сол жерді жайлап отырған атақты шопан Жолсейіт Молдасанов ағамыз айтты.

***
Арқадағы Ақадыр мен Босаға бекеттері арасында, темір жолдың құбыла бетінде бір, адыр-адыр, тіпті, арса-арса таулар бой көтереді. Әсіресе, атқан таңның шұғыласы мен батар күннің қызылындағы бедерлері көрген жанды айран-асыр етер еді. Қолат-қолтығын аралап көрсе дейсің!..
«Батысыңды ұрып жіберетіндей табиғатта қызық кино түсіретін жер екен!» деп тамсанған біреу сол көрініске. Сол маңда, қай-қай киноңнан да мәндірек өмір кешіп жатқан қазақтың тоқымдай бір өріс пұшпағы ол...

***
Шалқар қаласы маңындағы бөрте құмда шоқ-шоқ қарағайлар ереуілдеседі. Тосын көрініс... Қылқан жапырақты шырша тұқымдастан шөлейт жерде, әлемнің еш жерінде жоқ, шөлге аса төзімді Ливан (Финикия) самырсыны ғана өседі десетін. Сондай қасиетінен бе, сол ағаш сол елдің елтаңбасына айналған еді... Ендеше, мына қатыгез шөлдегі осынау сымбатты, сырбаз ағаштардың мына тіршілігі – көзсіз ерлік. Осы «батырларды», адам септесіп, қалыңдата тұтастырып, сыңсыған Сібір орманын көтеруге болмас па екен?.. 

***
Сыр аяғында биіктігі 10 метрден асатын, түп диаметрі 8-10 сантиметр нар қамыстар болды. (Үнді-Қытай бамбугінен қай жері кем?!) Дария атырауындағы аша-арнада жүзген кей кеменің діңгегінен аса, күмбездене иіліп, аспанды көрсетпей тұтасып тұрушы еді...
Аралдан салмағы 300 кило, ұзыны 5 метр шамасында жайындар ауланған...
Көлдердегі бықыған үйрек-қазды таспен ұрып алуға болар еді...
Қамыс түлігі қабан қалың қорыс арасында жол бермей өріп жүрген...
Қайда соның бәрі?!.
Теңізден ілінген тамшыдай ғана әсерлер бәрі...

 ***
Түптің-түбі, қазақ даласының шөлін қандыратын (қандыруға септесетін) өзіміздің Ерен Ертіс болар-ау!..

***
Қазықұрт – бүгінгі бүкіл адамзаттың сәби шағының бесігі, түп-тек өрісі, кіндік отаны. Оның басында «кеме қалғаны» да рас, оның «әулие» тау екені де рас. «Қазықұрт» атауының өзі осы жағдайлардың куәгерлік туындысы. Оның шын мағынасы – «Қазық Жұрт» деген ой бар. Қазық Жұрт!
Көп шындық, дәл осы, аса мағыналы атаудан тепсінеді немесе соған кеп маңдай тірейді... 

***
Адамзаттың бір Атажұрттан тарағанын, адамзатта бір ғана Ататіл болғанын ақыры мойындаған әлем ғалымдары - үлкен ақиқат табалдырығына кеп тірелді. Ал енді, осы ізденулерінде олар Орталық Азия бедеріне тереңірек назар тоқтатып, түркі тілінің ежелгі бастауларына дендеп құлақ түре ме? Сөйткенде, әлемдік ізденіс жолының даңғылдары ашыла бастар ма еді?
Адамзаттың екінші атасы – Нұх пайғамбардың (ғ.с.) Қазықұртта тоқтап, ұрпағы өсіп-өнген жері - киелі Тұран екені, өркениеттер есейген сайын айқындалып келе жатқан ақиқат. Осы тұғырға табан тірей ізденсе, ұлы тарих сындарлы да, қисынды бір ізге түсе бастайды...

***
Каспий, Арал, Балқаш - Әлемдік мұхит немесе Ұлы Топансудан қалған көкшалқар жәдігерлер. Олардың түбінен табылып жатқан кейбір тарихи дүниеліктерге осы шындық тұғырынан қараған – көптеген сұрақтарға жауап тауып беруі мүмкін.
Ежелгі «Атлантидадан» артифакт дегендер молынан табылып, куәлікте «сайрап» жатқанда, Арал түбінен аршылған қалалар неге сондай мәнді сырлар ашпасқа?

***
Дүние жүзіндегі тұйық сулардың үшеуі ғана, жағрапия ғылымының ережесімен санаспай, «теңіз» деп анықталған. Олар: Каспий, Арал және Палестинадағы Өлі теңіз айдындары. Ежелгі тарихтың бұл кесімінде терең мән бар... 

***
Заратуштра дананы еуроцентризмнің тас құшағынан босатып алып, Еділдің шығыс жағындағы далалыққа «ығыстыруға» батылы жеткен ұлыбритандық ориенталист Мэри Бойсқа зор рахмет айтқан жөн! 
Енді асыл бабамызды Арийлер пейіші – Тұран, Ворукаша теңізі – Арал, Арий дария – Шу бойына өзіміз батыл және сенімді түрде орнықтыра білуіміз керек. Осы ізгілікті міндет бізді тым ұзақ күтіп тұр.

***
Неге солай демеске?!. Арийлер қаласы (астанасы емес болуы да мүмкін) Арқайым Қазақстан мен Ресей шегінде (Қостанай облыс маңы) табылды. Және ежелгі оңтүстіктегі үнді-арий, арий-иран өркениеттерін әлем алғаусыз мойындап қойған. Сонда, екі арада жатқан ұлан-ғайыр дала үстінен олар құс болып ұшып өтті ме?!
Жоқ, тас ғасырының ақыры мен қола дәуірінің басындағы ежелгі ұлы өркениет осы Тұран төсінде гүлдеген. Бәрінің бастауында Тәңірілік ілім тұрды... Осы ғажаптың анық болмысы әлі ашылған жоқ. Тарихтың үлкен «ақтаңдағы» осында жатыр. Осыған қадам жасасақ, 7 мың жылдық әлемдік тарих жаңаша сөйлей бастауы мүмкін.
Арийлер пейішін жырлаған Заратуштра бабамыздан қалған алқынды мұрада («Авеста», «Кіші Авеста») зейінді, ынталы көзге осы шындық таңбаланып тұр.

***
Ұлы ілімдер де шаршайды. Алтын бұзауға табынған Мұса үмбеті, грекия сұлбаларына бас ұрып кеткен Гаутама үмбеті, ақыр-соңында, сурет-әлпеттерге ден қойып, пайғамбарды Құдайдың баласы деуге барған Иса үмбеті осы пайымға мысал. Мұнан шығатын тұжырым: 4-3,5 мың жылдық аса көне ғұмырбаяны бар Заратуштра ілімін, осы күні жұқанасы ғана қалған, шашыранды ұстанушылардың – «отқатабынушы» атанатын себебі де сол заңдылықтан. Осы қисынмен қарау көп тарихты түсіндіреді...
Бізде май түтетіп, отқа тәу ету, мешіт-мазарларда шырақшы ұстау дәстүрлері бар...
Пайғамбарлардың бәрі де мұсылман. Ал Заратуштра – біздің дала пайғамбары болатын.

*** 
«Великий Рустам из Систана...» («Шахнаме», орысша нұсқасы). Ол, шын мәнінде, Сақастаннан (Систан, Сеистан) шыққан сақ баласы Рүстем еді... «Оңтүстік дәлізбен» Иранға, Үнді жеріне арий өркениетін ала ұзаған протосақтар (арийлер), прототүркілер көшінен, сол жолда орнығып қалған Сақастан, Білішстан елінен еді ол...
Ендеше, Балх-Герат-Сабыл шаһарлары тізбегінің соңын ала, Үнді мұхиты жағасына орныққан Тұрбат мекені (сондағы Дешті суының бойы) және өзіміздің Тұрбат қыстағы (Шымкенттің маңы) арасында бір жанды тамыр жалғасып жатқан жоқ па?..

***
Ежелгі Шірік-Рабат қаласынан табылған інжу бізге біраз жайттан мағлұмат беруі мүмкін. Ол, анығында, ең жақын тұстағы теңіз – Үнді мұхиты, Араб теңізінен жеткен базарлық. Орталық Азиядан әлемдік мұхитқа шығар ең қысқа жол, сол, «Оңтүстік дәлізбен» түскен. Бұл дәліз ежелгі үнді-арий, үнді-еуропа өркениеттерінің Орталық Азиядан шығып, әлемге таралу сорабы болуы да бек мүмкін.
Ең ежелгі «Жібек жолының» нұсқасы да сол. Ол Ұлы Тұраннан оңтүстіктің жылы теңіздеріне түскен ең төте жол. Ол, бәлкім, кезінде «Інжу-маржан жолы» аталған болуы да мүмкін.

***
Ежелгі шумер және «Ғылғамыш» – Қорқыт баба – сібір түркілерінің «Ерлікханы» – «Алпамыс батыр» жырлары арасында үзілмеген жанды тамырлар бар. Соларды тірілтсек, 5 мың жылдық тағы бір тарих жаңаша сөйлей бастауы мүмкін.

***
Континенттер қарашаңырағы – даңғайыр Еуразияның кең-байтақ кеңістігіне көз салсаңыз, осы алып дүниенің батысы мен шығысын жалғап жатқан ең ұтырлы өткелектер біздің Алатау мен Алтай арасында ғана екенін көресіз. Төрт ашық арна – алып жолдар бар осы екі арада: Іле аңғары, Жоңғар қақпасы, Емел аңғары, Ертіс аңғары... Еуразия кеңістігінде осындай басқа сарнау жолдар жоқ.
Орталық Азиядан Үнді мұхитына шығатын бір ғана сорап Түрікменстанның оңтүстік шетінде, Теджен өзенінің аңғарында байқалады. Ол – оңтүстік дәліз...
Біздің Алатау-Алтай арасы – Еуразияның Ұлы Қақпалар өлкесі (Елі) ғой.

***
Біздің өлкелердегі «бәкене бойлы» мүжілген обалар – кереметтерімен дүниені тамсандырған Мысыр немесе Америка пирамидаларының көне бабалары секілді көрінеді кейде. Ал олардың барлығы да бір мақсат негізді – бәрі де ұлы әміршілердің бақилық мекен-жайлары. Марқұмдардың лауазымы биік болған сайын, ондай жайлардың да ұшарлары биіктей берген екен. Африкадағы, Америкадағы сол кездегі ілгерілеген талпынысты халықтар оларды культтік нысандар, ғарыштық философия деңгейіне шейін көтерді, модернизациялай алды...
Солай десек, дүниенің екі бөлігіндегі пирамидалардың осыдан 5 ғасыр бұрын испан ғұламасы Сигуэнция іздеп бастап, әлі күнге шешімін таптырмай келе жатқан туыстық құпиясы ашылады. Ол тамырлар біздің Ұлы Далада жатыр. (Дүниеде негізсіз, қисынсыз ешнәрсе жоқ.)
 
***
Америка үндістерін, әлемге маия, ацтек, инк мәдениеттерінің үлгілерін, Наска шөліндегі таңбаларды қалдырған жұрттарды «Америка сақтары» деп атайтын рет сұранып-ақ тұр. (Үстірт-Арал геоглифтері Наска таңбаларымен сондай үндес болып шықты...) Олардың атажұрты, түп отаны – кең-байтақ Еуразия даласы.
Олардың тілдерінде біздің ежелгі лексикамыз, олардың іс-әрекеттерінде біздің көне тірліктеріміздің айқын таңбалары сайрап жатыр.
 
***
Ғалымдар, ақыры, анық орнын таба алмай қойғанын мойындаған ежелгі Женд қаласы, шын мәнінде, Жанкент болуы мүмкін. Арал теңізінің бір замандарда «Женд айдыны» аталғанын ескерсек, бұл шаһардың орны сонау ежелгі теңіз жағалауынан алыс жатпауы керек еді. Ал «Жендтің» «Жанкент» атануы – Женд-кент (қала, кент – Шымкент, Ташкент аналогтары) деген ұғымдар тіркесінің грамматикалық динамикасынан шықса керек. 
Аңыз болмысты ежелгі Женд қаласы Жанкенттің ұлтанында жатыр-ау.

***
Қорқыт Жанкентте дүниеге келді. Ажалсыз пенде жоқ – мұны ұқпаса, Қорқыт – данышпан Қорқыт болмас еді. Өмірдің ақыр сәтінде кім-кім де туған жердің бір уыс топырағын ойлай бастайды. Өмір мен өлімнің арасындағы рухани-фәлсафалық арпалыста абызды Сырдарияның бір иінінде ажал кеп шалды. Топырақ та сол тұстан бұйырды.
Дегдарлы пайым, тура салғанда 200 шақырымдай болатын Арал жағасына мәйітін арқалатып апартқысы келмеген де болар, кім білген?.. Әйтсе де, терең тілек түбі қабыл болды: араға 1200 жылдай салып, Қорқыттың жер тегіне тарап, топыраққа дарыған әзіз тәнін Сейхұн шайып, Аралына алып кетті. Солай Аралдың әр тамшы суына баба рухы дарыған еді десе де болады...

***
«Қорқыт бейіті құласа, ақырзаман болады» деген сөз бар еді жұртта. Көне бейіт құлады да, анық қиямет Қорқыт-абызды құшағына алған Арал теңізінің басына келді. Осында, ойланып қарағанға, терең астарлы мағына бар. Қиямет деген ұлы апатты Арал өз мойнымен көтеріп алды емес пе екен?.. Жаратушы да жақсы көргенін сынына алады деген осы ма?.. 
 

***

Ал енді, Мөңке би әйгілі Нострадамустан асып түспесе, кем соқпайтын көрегендіктер айтқан. Мөңке бабамызда, еуропалық бұлдыр тұспалдаудан гөрі, 330 жылдың арғы жағында жатқан бүгінгі күннің шындығын көзбен көріп, қолмен ұстағандай нақтылық, айқындық (демек, сондай көрегендік!) және философиялық ауқымдылық бар.


***
Атажұрт, Қарашаңырақ – киелі ұғымдар. Мына байтақ мекенде бүткіл әлем, адамзат алдындағы сондай қасиет қуаты жатқанын байқамау, енді, мүмкін емес. Сол киелерді ұстап қалған мұрагер халықта да зор қасиет бар. Атажұрт, Ататіл иесі – зор мәртебе. Әлі ашыла алмай жатқан біздің керемет рухани әлеует көзі осында.
Бұл – әлемде сәнге айналған түрлі «центризмдер» шалығының салқыны емес. «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр деген...» Мақтаншақтық – қасірет, барыңмен мақтана білу – қасиет. Желбуаз көңіл емес, ақиқатымызға тәу етіп, аныққа табан тірей сөйлеу қажеттігі бар бүгін...
 
***
Планетамыздың ғажап көркем көгілдір алқасы бар. Ол Еуразия кеңістігін көктей – Жерорта, Қара-Азау, Каспий, Арал теңіздері, Балқаш көлі боп тізіліп жатқан көк айдындар тізбегі. Жердің «Көгілдір алқасы» деп атаса жөн оны. Миллиондаған тіршіліктің өмір кепілі, игілікті отаны. Дана Табиғаттың сондай ұйғарымы!
Осы «алқаның» ең сынды, ең жауапты тұсында, өмір сүру мүмкіндігінің ең шетін жағдайында, ұлы континенттің қатал сынымен арпалысып Арал жатушы еді. Ең сынды тұстағы өмір алқасының сол көгілдір «моншағы» кенет үзіліп түсті. Оның арты қалай болар екен?..

***
Бұл орайда елімізде жолға қойылып жатқан «Жасыл экономика» сияқты ізгі мұратты талап бағытының терең мәні түсініктірек бола бастайды.
Бізге бір түп жусанды да орынсыз аяққа баспайтын парасатты тірліктер керек. 
«Ештен кеш жақсы» деген...
Жаратқан барымызға береке берсін!
Барақатты байтағым!..
Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ.
ТАНЫМ 26 қазан 2013 г. 1 869 0