« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
...Иә, Леонид Ильич Брежневті үлкен саясаттағы әріптестері, достары, тіпті "ләппай тақсырға” зар болып жүретін төңірегіндегі жағымпаздар да осылай деп атайтын. Мұндайда күллі әлемді уысында ұстап отырған Бас хатшының көңілі жай тауып, аса бір рахат сезіміне бөленуші еді.
Леонид Брежнев билік басына 1964 жылғы қазан пленумының шешімімен келді. Биліктен Никита Хрущев аластатылды. Бұл саяси шешім, бүгінгі тарихшылар пікірінше, билік үшін тартыста әдейі ұйымдастырылған төңкеріс делінеді. Алайда, кейбір тарихшылардың пайымдауынша, әлемдік саясатта ұрда-жық әрекетімен, жеңілтектігімен, үстірт шешімдерімен келемеж күлкіге айналған, АҚШ секілді ұлы державаның басшыларын қорқыныш пен үрейде ұстаған Хрущевтың биліктен ысырылуы табиғи заңдылық ретінде де бағаланады.
Леонид Брежнев кеңестік империяға тоқырау кезеңі деп аталған дәуірде басшылық жасады. Бұл дәуір тарихқа «қырғи-қабақ» соғыс атауымен енген Кеңес Одағы мен АҚШ арасында жанталаса қаруланумен жарысқан дүрбелеңге толы уақыт болды. Брежнев билік құрған 1964-1982 жылдары Кеңес Одағының халқы мамыражай өмір сүрді. Шындығын айтумыз керек, бұл тұтастай алғанда, бүкіл социализм дәуіріндегі елдің мұңсыз тірлік жасаған кезеңі еді. Теңгермешілік жүйеге құрылған жоспарлы экономика кемшілігіне қарамастан, халықты әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етті. Ешкім «ертеңгі күнім қалай болар екен» деп алаңдамады. Бірақ, экономикадағы құлдырау нақ осы кезеңде басталды. Ақыры кез келген нәрсені жоспарлап бөлу шаруашылық салаларын тұралатып бітті. Аталған тақырып өзге әңгіменің өзегі болғандықтан біз бүгінгі айтпағымыздан ауытқымай, Бас хатшының жеке басының болмысына қатыстыларын баяндауды жөн көрдік.
Леонид Брежнев өмірде, тіпті, қаласаңыз саясатта да өте қарапайым болды. Сол қарапайымдылығы оның ішкі сезімінің сыртқа шығуынан әрдайым көрініс беріп тұратын. Ол аң аулауға, машина жүргізуге құмар еді. Бас хатшының кейін әртүрлі кеселге шалдығып, ерте қартаюына әсер еткен көп факторлардың бірі ретінде қызы Галинаның әдепсіз қылықтары себепші болғаны туралы көбірек айтылады.
Галина Брежнева сән-салтанатты өмірге бейім болып өсті. Алтын, гауһар тастарға, әсем бұйымдарға үйірсектігі, отбасына қатысты жеңіл желпі қадамдары туралы КГБ арқылы жеткен деректер әке психологиясына қатты әсер етті. Бас хатшы іштей күйзелді. Жүйкесі шаршады. Қызы полковник Чурбановқа күйеуге шыққанда бас хатшының көңілі жай тапты.
– Міне, Галина осы жолы дұрыс істеді, – деп шаттанды Леонид Ильич. – Жігіттің сұлтаны деп осыны айт, өзі полковник. Қайдағы ұшып-қонып жүрген әртістерге жабысқанша, әлдеқашан осылай жасау керек еді...
Чурбанов кейін генерал-полковник дәрежесіне көтерілді. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары болды. Әрине, оның қызмет сатысымен өрлей көтерілуіне Брежневтің тікелей ықпалы болғаны шындық. Бас хатшы қайтыс болғаннан кейін Чурбановтың үстінен қылмыстық іс қозғалып ол 10 жылға сотталды. Ал Ішкі істер министрі Шелоков Брежневтің соғыстың алғашқы жылдарында Днепропетровскіде танысқан досы еді.
Брежневтің ішкі сырын жасыра алмайтын қарапайымдылығы, оның адамдарға деген аяушылық сезімі оның қызметте ұзақ отыруының басты факторы еді. Кеңес Одағының идеологиясын ұзақ жыл басқарған хатшы Михаил Суслов мемлекеттің бүкіл саяси стратегиясының бағыт-бағдарын айқындап отырғаны тарихтан белгілі. Бірақ, Бас хатшы Сусловты тым қазымырлығы үшін іштей жақтыра бермейтін. Сонымен бірге бұл сезімін кейде сыртқа шығарып та отыратын. Өмірде қарапайым Брежнев кезекті бір баяндамасы дайындалғаннан кейін көмекшілеріне:
– Жігіттер, менің баяндамама Маркстен үзіндіні жиі келтіретіндеріңді байқап жүрмін, – деді. – Осыны азайтсаңдар қайтеді. Халық менің марксизмді соншалықты қатты оқымағанымды бәрібір біледі ғой...
Бұл Брежневтің шынайы сезімі еді. Себебі, әрбір дайындалған баяндама Сусловтың талдау сүзгісінен өткізіліп, жөнделіп барып бас хатшыға ұсынылатын.
Кеңес Одағының Ауғанстанға әскер кіргізуі мемлекеттің сыртқы саясатындағы үлкен қате шешім болғаны туралы қазір көп айтылуда. Соғыстың аты соғыс. Оның алғашқы жылдарында кеңес әскерлері үлкен шығынға ұшырады. Осылардың барлығы, әлбетте, қалың халықтан жасырылды. Жекелеген отбасыларына қорғасын табыттағы мүрделер келіп жатқанымен, көпшілік нақты жағдайдан бейхабар еді. Осындай ауыр сәттерде Брежнев зілбатпан ой үстінде жүрді. Саясатта абайламай жасаған қадамды әп-сәтте жөндеу мүмкін емес. Ол уақыт өте келе жөнге келеді. Брежнев ауыр ой үстінде түннің мезгілсіз уақытында бар ашуын өзінің майдандас досы, Кеңес Одағының Қорғаныс министрі Дмитрий Устиновтен алды.
– Дима, бл-дь... – деді ол ашудан жарылардай болып, – ты же говорил, что все это на короткое время. Мы до сих пор воюем. Оказывается там много наших ребят гибнут. Они же наши дети, внуки... – деп телефон тұтқасын қоя салады.
Брежнев отбасымен саяжайға демалуға жиналады. Бас хатшының жұбайы үйінде жұмыс етігін таба алмай шыр-пыры шығып жатқанда оған күзетшілері көмекке келеді. Үйдің астан-кестені шығып жатқанын байқаған Леонид Ильич мәселенің байыбына көзі жетіп, әйеліне:
– Виктория, бұл жұмыс менің күзетшілерімнің міндетіне кірмейді. – Олар сенің етігіңнің қайда жатқанын қайдан білсін, – деп абыр-сабыр күйге түскен көмекшілеріне тоқтам салған көрінеді.
Осы айтылғандар біздің ойдан шығарғанымыз емес. Бас хатшының бүгінде көзі тірі көмекшілерінің, күзетшілерінің ол туралы жазған естеліктерінен алынған мысалдар.
Кремльдің жаңа басшысы кеңестік идеологияға қатысты саясатта түбірлі өзгерістердің болғанын қаламады. Ол өзіне дейінгі Сталинді қаралаған саясатқа үнсіз ғана тоқтам салды. Ішінара рынок қатынастарына көшуді ұсынған Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинді қолдамады. Леонид Ильич асығыс қадамдарға бармады, экономика, елдегі әлеуметтік, халықаралық саясатқа қатысты маркстік-лениндік көзқарас тұрғысынан баға берілді.
АҚШ пен Кеңес Одағы арасындағы бітіспейтін идеология майданында қызу шайқас жүріп жатты. Л.Брежнев спортты жақсы көретін. Жаңа бас хатшының билік дәуірінде Кеңес Одағы спорттан әлемдік жетістіктің биік шыңына көтерілді. Хрущевтің комсомол кадрлары қудаланып жатқанда, ол осы мектептен өткен Сергей Павловты КСРО-ның спорт комитетінің басшылығына тағайындады. Кейбір саясатшылар: «спорт деген немене, енді қайда барушы еді? Павловтың саяси карьерасына балта шабылды» деп күбірлесті. Қызғаныш пен іштарлықтан туындаған мысықтілеу пікірлерге қарамастан, ұлы державаның спорт шенеунігі жаңа жұмысына белсене кірісті. Саланы 30 жылдай басқарды. Жақсы басқарды.
Брежнев хоккейді ұнатушы еді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Канаданың кәсіби хоккейшілері әлемдік додаларға қатыспайтын. Кеңес Одағының құрамы әлемдік, олимпиадалық ойындарда жеңімпаз болғанымен, бұл жарыстарға канадалықтар әдетте екінші құрамын жіберетін. Ал осы жолы спорт шенеуніктері Канада кәсіпқойларының нақ өздерімен кездесуді ұйғарды. Екі ел арасында супер сериядан тұратын 8 матч өткізілетін болды. Канадалықтар: «Әлемде кім күшті? Әрине, біз! Әуесқой хоккейшілер біздің қолымызға су құюға жарамайды», деп бөсті.
Орталық Комитеттегі шенеуніктер спорт басшыларын жан алқымнан алды. Әсіресе Сергей Павловқа оңай тимеді. Кеңестің бас идеологы М.Суслов: «Мұндай кездесуді ұйымдастыруға неге келісім бердің? Осыдан ұтылып, масқара болсаң, партиядан шығарыласың! Аула сыпырушы боласың!», деп жерден алып, жерге салды. Кеңес премьері сабырлы Косыгин: «ең болмаса масқара есеппен жеңілмей канадалықтарға лайықты ұтылсаңдар болар еді», – деп Павловтың жігерін қайрады. Павлов жеңіске жетті. Канадалықтардың мысы басылды. Әріптестері кейін: «Сен бір дворникке жұмыс тауып бердің», – деп әзілдеді.
Шын мәнінде әуесқой хоккейді менсінбейтін канадалықтардың АҚШ-пен біріккен ұлттық хоккей лигасы өз құрамына әлемдегі теңдесі жоқ шеберлерді топтастырған еді. Ал спорт дегеніңіз үлкен саясат! Мұндай бәсекеде капиталистерге ұтылу, әсіресе Брежневтің сүйіп көретін ойынында жеңілу мүлдем масқара!
Спорт шенеуніктерінің мазасы қашты. Абырой болғанда Кеңес құрамасының Харламов, Петров, Михайлов бастаған үштігі ерлік жасады. Сегіз ойыннан тұратын Канаданың Ванкувер қаласында өткен алғашқы ойында кеңес құрамасы қарсыласын 7:3 есебімен ойсырай ұтып, кеудесіне нан піскендерді жерге қаратты. Күтпеген, айтулы жеңіске Брежнев балаша қуанды.
Социалистік қоғамның ұраншыл жүйесінде спорт саласында көтеріңкі міндеттеме қабылдау үрдісі өз дәстүрінен жаңылған жоқ. Бас хатшының құрметіне 1972 жылы КСРО-ның құрылғанына 50 жыл толуына орай «Олимпиададан – 50 медаль!» атты көтеріңкі міндеттеме қабылданды. Абырой болғанда бұл көтеріңкі міндеттеме асыра орындалды. Кеңес спортшылары Мюнхен олимпиадасынан 52 медальмен оралды.
Бас хатшының жеке өмірде, үлкен саясатта болсын әр нәрседен секем алып, тырнақ астынан кір іздеуі оның болмысына жат еді. Идеологияға басшылық жасап, барлығын сүзгіден өткізіп отыратын Суслов комунистік идеалдарға қарсы «әрекеттің» кез келгенінің алдын алып отыратын. 1971 жылы экранға Г.Данелияның «Джентельмены удачи» фильмі шықты. «Қайдағы бір ұры-қарылар, қылмыскерлер! Социализм идеалдарына қайшы келеді!» Суслов фильмнің жарыққа шығуына тыйым салды. Ал осы сәтте Брежневтің фильмді саяжайда көріп, күлкіден ес жия алмай жатқанын бас идеолог қайдан білсін. Ақыры бас хатшының пәрменімен фильм жарыққа шықты. Жалпы Брежнев жаңадан шыққан фильмдерді бірінші болып өзі көруге тапсырыс беріп отыратын. Жоғарыдан қолдау таппаған көптеген фильмдер оның жеке рұқсаты бойынша экранға жолдама алып жатты. Кеңестік дәуірдің өзінде сол заманның кемшіліктерін комедиялық тұрғыда астарлап болса да кейіпкерлер сөзімен жеткізіп отыратын шығармашылық өкілдері біршама еркіндік алды.
Брежнев Аркадий Райкинді айрықша құрметтеді. Оның астарлап айтқан әзіл-оспақтарын түсінікпен қабылдады. Әйгілі әртістің Брежневпен тікелей телефон байланысы болды деген әңгіме шындыққа әбден жанасады.
Әлемдік деңгейдегі социалистік ұлы державаның бірінші басшысына саяси оқиғалардың күрт өзгеруі салдарынан болатын түйінді мәселелерді шешу оңайға соқпады. Қиын-қыстау сәттердің өзінде Брежнев күрмеуі күрделі түйіндерді барынша байсалды шешуге тырысып бақты. Бірақ лениндік идеологияға бағынған саясаттың әдеттен тыс шараларға баруға мәжбүрлегені де шындық.
1968 жылы Чехославакияда бүлік шықты. Елге Кеңес әскері енгізілді. Іле-шала шекара дауы бойынша Даманск бекетінде екі социалистік ел – Кеңес Одағы мен Қытай арасында қарулы жанжал болды. 31 Кеңес шекарашы қаза тапты. Сол жылдары Кеңес Одағы мен Чехославакия хоккейшілері мұз айдынында әлем тәжі үшін тартысып, аралық ойындарда кеңес құрамасы екі мәрте жеңілген еді. Сол жылдары Чехославакия құрамасының шабуылшысы Недомански кеңес құрамасы үшін тажалға айналды. Ел арасында сол кезеңде: «Кеңес Одағының екі проблемасы бар, бірі – Недомански, екіншісі – Дамански» деген секілді әзіл-шыны аралас әңгіменің таралуы тегін болмаса керек.
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары идеологтарды Солженициннің «Гулаг» романы біраз дүрліктірді. Әдетте тырнақ астынан кір іздеп, әр нәрсеге тықыршып шұқшия беретін Сусловқа тоқтам салатын сабырлы бас хатшы осы жолы төзімі таусылған болуы керек, шорт кесті. «Бұл социализмді, Ленин құрған жүйені қорлау ғой», – деді ол әріптестеріне ойын ашық сездіріп. Бас хатшы айтты, бітті. Жазалау механизмі әп-сәтте іске қосылды.
Брежнев АҚШ президенті Картэрмен жақсы қарым-қатынаста болды. Бұл екі ел арасындағы салқындықты жұмсартуға септігін тигізді. Соның өзінде Кеңес Одағында еврейлердің эмиграциясына тыйым салынған деген желеумен бас хатшының алдына осы мәселе көлденең тартыла беретін. Ол осы жолы саяси қулыққа барды. Сусловқа:
– Осыларды тынышталдырсақ қайтеді? Мысал үшін, ескі еврей тілінде апталық газет шығарсақ...Ол тілді бәрібір ешкім түсінбейді ғой» – деді Брежнев, тұйықтан жол тапқандай болып.
70-ші жылдардың соңында Бас хатшының денсаулығы мықтап сыр бере бастады. Ол тіпті түнді ұйқысыз өткізетін болды. Бірінші басшылардың денсаулығына жауап беретін министрліктің төртінші басқармасының бастығы Е.Чазов осы қызметке КГБ төрағасы Юрий Андроповтың жеке ұсынысымен тағайындалған еді. Осылай болуы заңдылық еді. Ұлы империяның бірінші басшысының денсаулығына жауап беретін дәрігер барлық жағынан кіршіксіз таза болуы керек. Қызметке тағайындалар алдында Брежнев оған: «менің алдымда болғандардың барлығы «қымбатты Леонид Ильич, сіздің сеніміңізді ақтаймын» – деп құрдай жорғалағысы келіп тұрады. Ал сен ештеңе айтпадың, сол үшін қызметке тағайындалдың», – деді ризашылық сезімін жасыра алмай.
Үлкен саясатта пендешілік тұрғысында, әдетте билік үшін тартыста кейбіреулердің "байқамай” сыр алдырып қалатыны бар. Брежнев 70-ші жылдардың соңына қарай ауруханада жиі жатып қалатын болды. Осы уақытта Кеңес Одағының басшылық элитасындағы екінші тұлға – Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы Николай Подгорный бас хатшының көңілін сұрап, жиі келгіштейтін болып алды. Ол тіпті Брежневтің халін аса бір қызығушылықпен сұрағыштай беретін. Билік үшін тартыста белгілі топтардың ара салмағын жіті бақылап отырған КГБ төрағасы Ю.Андропов Подгорныйдың осалдығын оңтайлы пайдалана білді. Л.Брежнев Подгорныйды зейнетке шығарып, екі қызметті қоса атқаратын болды.
Л.Брежнев 1982 жылдың қараша айында қайтыс болды. Оның орнын саяси қарсыластарын алдын ала бас көтертпейтіндей етіп жаншып тастаған Юрий Андропов басты.
***
ДЕРЕККӨЗДЕРІ: Ресей тарихшылары: Л.Ивашовтың, А.Колесниктің, С.Кудряшовтың және басқаларының деректі әңгімелерінен сұрыпталып дайындалды.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |