ШІРІК-РАБАТ

Жетіасар алқабындағы ежелгі өркениет жауһарлары
Шірік-Рабат кешені Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым, Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 100 шақырымдай жерде, Жаңадарияның ескі арнасының сол қапталында орналасқан. Шірік-Рабат кешенінің құрылымы ерекше болып келген. Алып храм іспеттес жерлеу орындарын айналдыра қоршалған қамал-қабырғалары уақыт өте келе жаңғырта кеңейтіліп отырған. Зерттеушілер қамал-қабырғалардың сырты айнала су толтырылған орлармен қоршалғандығын және Шірік-Рабат кешенінің б.д.д. VІІ-ІІ ғ.ғ. масагеттердің (Ұлы сақ ордасы) апасиак тайпасының астанасы болғандығын алға тартады.  
Шірік-Рабатта, сонымен қатар Бәбіш-Мола, Бұланды, Ұйғарақ, Түгіскен секілді ежелгі өркениет ескерткіштеріне алғашқы ауқымды қазба жұмыстарын өткен ғасырдың орта шенінде Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ С.П.Толстов) жүргізеді. Табанды жұмыс нәтижесінде жоғарыда аталған жәдігерлер жөнінде құнды деректер алынып, бастауын Сырдан алатын ескі арналар бойынан қола, ерте темір дәуірінің жерлеу орындары мен тұрақтары, қалашықтар мен обалар, асарлар, антикалық, ортағасырлық елді мекендер, қорғандар анықталады. Жалпылама «Жетіасар алқабы» деген атаумен танымал бұл ескерткіштер кешені тамырын тереңге жіберген, қазақ елінің сан-салалы тарихынан мол мағлұмат беретін алып бір бәйтерек іспетті. Қазіргі таңдағы Сыр жағалауынан бастап Әмударияға дейінгі аралық – Туран ойпаты ерте дәуірлерде адам баласының тіршілік етуіне қолайлы, нулы да сулы, бай флора-фауналы аймақ болған. Мұнда әлемдік тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған сақ, масагет тайпалық бірлестіктері ұзақ ғасырлар бойы тұрақтап, осынау жер жәннатын басқыншыларға алдырмау мақсатында толассыз күрес, тегеурінді қорғаныс шараларын жетілдіріп отырған. 
Ғалымдардың пікірі бойынша масагеттер – Каспий сырты мен Арал теңізі жағалауларын мекендеген тайпалар тобының ортақ атауы. Масагет атауының шығу тегі: мо (ұлы) сағ (сақ) гет (ғұт) деген сөздерден құралған болуы ықтимал. Бұл, әрине, болжам.
Белгілі өз аймақтарында көшпелі өмір кешіп, мал, егін шаруашылығымен айналысқан, әскери мақсаттағы басқару әкімшілік қамалдары мен қорған-бекеттер (асарлар) салып, діни салт-жоралғыны берік ұстана білген деп топшылауға болады.
Антикалық мәлімет берушілер Страбон: «Скифтердің көпшілігі Каспий теңізінен бастап дайлар деп, ал одан әрі шығысқа таяулары масагеттер және сақтар деп аталады. Бірақ әрбір тайпаның жеке өз атаулары бар. Олардың барлығы көбінесе көшпелі өмір сүреді»., масагеттер туралы: «олар – төзімді атты және жаяу әскерлер; садақ, пышақ, сауыт және мыс балталармен қаруланған. Ұрыс кезінде алтын белбеу және сондай шүберек байлап алады. Аттарының ауыздықтары мен тартпаларына дейін алтындалған» деп жазса, Геродот: «...осы ұлан-ғайыр (Туран) даланың көпшілігін масагеттер мекендейді. Оларға қарсы Кир де соғыс ашпақшы болды. Патша Кир масагеттерді бағындыруды армандаумен болды. Бұл халық – әрі көп, әрі жауынгер саналады, ал өздері шығыста Аракс (Аақс, Оксус, Әму О.Ә.) өзенінің арғы бетінде, исседондар (үйсіндер) жағында тұрады» деген жазбалар қалдырған. 
Қазіргі Қызылқұм сахарасында қалған Қуаңдария, Жаңадария, Ескідария, Іңкәрдария, Дайрабай, Ащылысай сияқты ертедегі арналар бойында әр кезеңдегі (жаңа тас, қола, темір дәуірінің, антикалық, ортағасырлық және кейінгі) ескерткіштердің шоғырланып орналасуы ықылым замандағы алып та қуатты өркениеттің бүгінгі таңдағы ұрпақтары екендігімізді аңғартады. Спектр шұғыласының түстерін бір-бірінен ажырата алмайтындай, бұл аталған аймақтың ескерткіштерін кезең бойынша зерттесе де, бір-бірінен бөліп-жарып қарай алмастай біте қайнасып жатыр.
Академик С.П.Толстов: «Жетіасар шамамен б.д.д. ІV ғасырдың жәдігері» деп көрсетсе, Л.М.Левина 1960-1986 жылдары Жетіасарға тереңдетілген қазба жұмыстары нәтижесінде аталған мәдениеттің темір дәуірінен б.з. VІІ ғасырына дейін тіршілігі тоқтамағандығын айғақтайды. 
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, Елбасының назарындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы қаралып, Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (ШРАЭ) жасақталды. Ә.Марғұлан атындағы археология институты, т.ғ.к. Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен Шірік-Рабат, Бұланды Сеңгіртам кешендеріне қазба жұмыстары жыл сайын жалғасын тауып, құнды заттай деректер мен мәліметтер қатары толыға түсуде. Зерттеуші мамандардың ескерткіштерді есепке алу-барлау жұмыстарының мәліметіне сүйенсек, Жетіасар алқабынан 200-дей ежелгі өркениет орындары анықталған (Ж.Құрманқұлов). Әлемдік тарихи кезеңдерге қатысты маңыздылығымен ерекшеленетін Шірік-Рабаттағы қазба жұмыстарына Ресей, Италия, Австралия ғалымдары қатынасып, ғылыми тұрғыда ізденуге атсалысуда. Ә.Тәжекеев, Р.Дарменов, Ж.Утубаев сынды қазақстандық зерттеуші-мамандар жас та болса бас болып, ғылым игілігіне айтарлықтай өз үлестерін қосып келеді. Табылған заттай деректерге келетін болсақ: құс бейнесіндегі, қошқар мүйізді, әртүрлі нақыштағы алтын жапсырмалар, алтын, күміс, қола қапсырмалар, жартылай бағалы маржан, ақық, т.б. тастардан жасалған сырға-моншақтар, әшекейлер, сауытбұзар (қозыжауырын О.Ә) және үшкір жебе ұштары, темір семсер, садақ, қанжар қалдықтары, сүйектен жасалған өрнекті сақина мен бедерлі тарақ, шырағдандар, қайрақтар, шыны-керамикалар, сонымен қатар құндысы: бүйірінде көне жазуы бар қыш көнек пен құты қуатты да алып ежелгі өркениет жәдігерлерінің археологиялық айғақтарға бай екендігін көрсетіп тұрғандай. Әйтсе де, Сыр мен Әму сынды қос өзен аралығындағы қалалар, қорған-асарлар, мәйіттерінің өзі алтынмен апталған ежелгі жерлеу кешендерінің біршамасы өткен ғасырларда тонауға ұшыраған. 
Шірік-Рабат, Қабыл-қорған, Бұланды (Қабыланды, Қобыланды?), Сеңгіртам, Бәбіш-мола (Бәміш-мола, Алп-Мамыш?) секілді тағы басқа жәдігерлерден, асарлар мен тұрақтардан табылған заттар бұл жерді мекен етушілердің ертедегі әлемдік алып мемлекеттермен қарым-қатынаста болғандығын дәлелдейді. Мұндағы мәйітті жерлеу ғұрыптары ерекше назар аудартады. Қаза болған адамды тірі кезіндегі қайраткерлік болмысына қарай, пайдаланған заттарымен бірге (қару-жарақ, әшекей, тұрмыстық бұйымдар, т.б.), бальзамдап (арулап О.Ә.) жерлеу, ғибадатхана, кесенелер тұрғызу, аруақтарға бағыштап ас беру сияқты діни жоралғылар көне сақ қоғамындағы асқақ адамгершілік түсініктердің нышанын көрсететіндей.  
Грек тарихшыларының б.д.д. VІІІ-VІІ ғ.ғ. түсініктемелерінде масагеттер «етпен қоректенушілер» деп аталып, Геродот «масагеттер Күнге (Жаратушының нышаны ретінде О.Ә) табынып, оған құрбандыққа жылқы шалған. От пен суды да қадір тұтқан» деген мәлімет берсе, Страбон: «Масагет, каспи, дербек, дай сияқты сақ тайпаларының айды, күнді, отты діни-культтік тұрғыда әспеттеп, ата-баба рухын қадірлеген, қайтыс болған адамның аруағына бағыштап, бір жыл өткен соң көп мал сойып, ас берген» дейді. Б.Жандарбековтің «Саки» атты роман-дилогиясында да ержүрек сақтардың өздерінен күші басым жаулармен қақтығысқанда, ата-бабалары жерленген мазараттарға шегіне, арқа тіреп, қасық қаны қалғанша қасиетті жерлерін қорғағандығы жайында жазылады. Ата-баба аруақтарын қастерлеу, қырқын, жылын өткізіп ас беру сияқты діни салт-жоралғылар бүгінгі таңдағы қазақ халқында жақсы сақталған.
Сақ тайпаларындағы жылқықұмарлық қасиет, ұятты өлімнен күшті санайтын намыстылық, жомарттық, қонақжайлылық, т.б. дара қасиеттер ата-тек арқылы кейінгі ұрпақтарына мирас болып жеткен болуы керек.
Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар ғылымдағы жаңа серпіліс, игі бастама болды. Шірік-Рабат, Бұланды сияқты ескерткіштердің далалық қазба-зертханалық жұмыстарын қаржыландыру жүйесі жалғасын тапса, бүгінгі буын мен өскелең ұрпақ өр рухты еліміздің өткеніне қанығып, тағылымды тарихи ақпараттар қалыңдай түспек. Атап айта кетер жайт, үстіміздегі жылы мемлекет тарапынан тарих ғылымына қолдау көрсету, зерттеу жұмыстарының ауқымын кеңейту шаралары шындап қолға алынды. Мұндай игілікті бастаманың басында Алаштың анасы атанған – Сыр аймағының тұрары анық. 
Олжас-Бек ӘНЕСҰЛЫ,
археолог-этнолог.

Қызылорда қаласы.
ТАНЫМ 26 қазан 2013 г. 4 784 0