Жыраулық дәстүрдің алтын көпірі

Сыр бойында ғасырдан ғасырға ұласқан жыраулық дәстүрдің алтын тінінің үзілмеуіне қызмет еткен тұлғалар шоғыры бар. Олардың арасында жыраулық өнердің ескі арнасын кеңейтіп, жаңа ұрпақ арқылы еңсе тіктеуі үшін алтынкөпір болған Сүйінбай Ақбайұлының орны ерекше. Ол – ең алғаш жыраулық мектеп ашып, жас шәкірттерді тәрбиелеуге негіз қалаған ұстаз.
Сүйінбай Ақбайұлы 1919 жылы Қармақшы ауданындағы Томарбөгет деген жерде туған. Әкесі Қожатай ақынжанды, домбыра тартып, ән салатын кісі болыпты. Ел ішінде Қожатайдың үлкен той-мерекелерде палуандыққа түскенін айтады.    
Ол 1932 жылы қазіргі Т.Ізтілеуов атындағы ауылда, бұрынғы Күйеу Асар төбесі етегінде «Ақ школ» атты мектептен дәріс алады. 1937-1938 жылдары осы мектепте қазақ тілі әдебиеті пәнінен оқытушы болып жауынгер ақын Ә.Егізбаев сабақ берген. Сүйінбайға ат қоюда да өнер адамына деген ықылас тұр. Оған Жетісудың әйгілі ақыны Сүйінбайдың атын арнайы таңдап қойғанын ел айтады. Мектеп бітіргеннен кейін 1938 жылы Қызылорда қаласында ашылған бас­тауыш мектепке мұғалімдер даярлайтын 6 айлық курсты оқып бітіреді. Бітіргеннен кейін Томарбөгет бас­тауыш мектебінде оқытушы болып істеген.      
Содан 1941 жылы Қызылорда қа­ласына келіп, сол кездегі  педа­го­ги­калық институттың тарих факуль­тетіне оқуға түседі. Сол жыл­дан бастап Сталин атындағы  жеті­жыл­дық мектепте 1955 жылға дейін оқы­тушылық қызмет атқарады. 1955 жылы Ворошилов атындағы орта мек­­тепте мұғалім болып қызмет істеді.
Сүйінбайдың өскен ортасы Сыр сүлейлерінің шоғырланған жері –  қазіргі Т.Ізтілеуов, Майлыөзек ауылдары. Бұл – Сыр бойындағы атақты Ешнияз Жөнелдікұлы, Балқы Базар, Шегебай Бектасұлы, Есенжол Сайқышұлы, Темір Әлжанұлы, Жүсіп Таубайұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Тасберген Құламанов, Жиенбай Дүзбенбетұлы сияқты кісілердің де өскен ортасы. Сүйінбай осы ақындар мен жырауларды құрметтеп, олардың өлең-жырларын оқып, тыңдап өсті. Олар жазған дастан-жырларды жаттап, жинақтады. Тасберген жырау мектебін ашып, сонда оқушыларға дәріс береді. Сүйінбайдың еңбекке берілгендігі, халқына қызмет етуге адалдығы 1985-1989 жылдары оқушыларына 5 жылдай ақысыз ұстаздық еткенінен-ақ анық көрінеді.  
Облыстың сол кездегі басшы­сы Еркін Әуелбеков тарапынан бұл бастама мадақталып, Сыр бойындағы барлық аудандарда жыраулар мектебін ашу жайлы шешім қабылданып, ел назарына түскен игілікті жұмыстың қозғалысы бас­талды.  Ленин атындағы совхоздағы №29 мектеп ішінен 1989 жылдан бастап Тасберген жыраулық мектебі ашылды. Тек Қармақшы ауданының өзінде Жиенбай (одан 2 мектеп), Сәрсенбай мектептері ашылды. Сүйін­бай жас кезінде қоғамдық жұмыс­тарға белсене араласып, түрлі үйірмелер ұйымдастырып, оқушы­ларды өнерге баулыды. Ворошилов атындағы мектепте жұмыс істеп жүргенде ол оркестр ұйымдастырып, аудандық байқауда бас бәйгені жеңіп алған болатын. 1975 жылы Қызылорда қаласында өткен об­лыстық жыраулардың байқауына қатысып, бәйгеде арнайы домбырамен марапатталған. 1987 жылы Алматы қаласында өткен одақтас 15 республиканың өнерпаздары қатысқан өнер байқауынан лауреат болып қайтты. Еңбек еткен уақытта мемлекеттік грамоталарын, мақтау қағаздарын, көпжылдық еңбегі үшін «Еңбек ардагері» медальдарын алды.
Сүйінбай Ақбаев тек жырау емес, күйші еді. Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина күйлерін насихаттаушы. Ол жырауларды тыңдап қоймай, көптеген терме-толғау, қиссаларды жаттап, той жырларын жазған. Атап айтқанда, «Көрұғлыдан» Раушанбек, Кәжденбек, О.Шораяқтан «Жарлы Тәліп», «Үш күлше», «Тақ Сүлеймен», «Айна мен тарақ» қиссасын және  «Садуақас сақи» жырларын өзі әдемі әрі таза орындаған.    
Отбасында 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсірген, олардан 31 немере, 5 шөбере сүйген ардақты қария болып, 1999 жылы 3 сәуірде дүниеден өтті. Атам өте сабырлы, ойланбай сөйлемейтін, артық сөз айтпайтын, жылы жүзді, мейірімді кісі болған. Үйдің берекесіне, салтанатына, тазалығына, балалары мен жасы кішілер тәрбиесіне мұқият қараған. Адамдардың даңғой мінезін, күшіне сеніп көкірек көтеруін жек көрді.
Мені өмірге қадам бастырған анам мен әкем болса, тәрбиені жалғастырушы атам болды. «Өмірде қандай лауазымда болсаң да тегіңді, кімнің баласы екеніңді ұмытпа» дейтін. Біз осы кісілердің аттарына кір келмесе дедік. Келіндердің мәртебесін үнемі көтеріп отыратын. «Балалардың көзінше аналарына да­уыс көтеріп, балағаттама. Отбасының ауызбіршілігін сақтау ер азаматтың жауапкершілігінде, берекесін келтіру әйелдің мойнында» дейтін. Өте көп­шіл, қонақжай кісі еді. Үлкейіп зей­­нетке шықса да, көп кісілер із­деп келіп жыраулық мақамдарды сұрайтын.
Мен үйдің үлкен келінімін. Атам менің анам Рақиланы қатты құр­меттейтін, ол кісі келгенде мәз болып қуанатын. Әңгімелері жарасып, Сыр өңіріндегі атақты ақын мен жыршыларды, билердің өсиеттерін, қиссаларды, өсиет сөз, баталарды айтып отыратын. Ол кісілер көпшіл мінезді, ақкөңіл жандар еді. Анам қазақ халқының салт-дәстүрлері бойынша бата берудің үлгілерін, қисса, жыр-дастандарының ескі нұсқаларын бүгінге жеткізіп, 2012 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болды. Біз осы кісілерден алған алғыстарымыздың арқасында көгеріп-көктедік. Ізіне өл­мейтұғын өнеге қалдырған ардақ­тымызды ұрпақтар ұмытпайды.

Айымкүл СЕРІКБАЕВА,
келіні.
ТАНЫМ 01 сәуір 2019 г. 1 077 0