Қазақ халқы бертінге дейін көктемнің екінші айын «Көкек» деп атап келген. Бірақ кейін келе бұл айдың атауы «Сәуір» болып өзгерген де кеткен. Қалай және қашан өзгергенін бұл күнде біреу білсе, біреу біле бермейді.
Ежелгі жыл қайыру дәстүрі
Қазақ ежелден көшпелі өмір салтын ұстанып, мал шаруашылығымен күн көрген халық ретінде жыл мезгілдерінің ауысатын уақытын анық біліп отыруы керек болған. Бұл малдың төлдеу кезінде күннің райы қандай болатынын дәл болжап, жас төлді аман аяқтандыру үшін де қажет еді. Осы тұрмыстық-шаруашылық қажеттілік көшпенділерді ғасырлар жүзінде жыл мезгілдерін анық айыратын, ай аттарын берік орнықтырған халық етіп қалыптастырды. Бабаларымыздың жіктеп-жіліктеуінше ай аттары мына ретпен тізбектеледі: Ергеу - Наурыз; Көктеу - Сәуір; Мезгеу - Мамыр; Көзгеу - Маусым, Шілдеу - Шілде; Тамызық - тамыз; Дәндеу, Мизам - Қыркүйек; Соқтау - Қазан; Күйек - Қараша; Қауыс, Ықтырғы - Желтоқсан; Ығыс - Қаңтар; Қаңтар - Ақпан. Көптеген зерттеушілер ежелгі көшпенділер жыл мезгілдерін, тіпті алдағы табиғи апаттар мен тосын оқиғаларды да жұлдызға қарап анықтаған деген тұжырымға келеді. Этнограф, ғалым Байахмет Жұмабайұлының айтуынша қазақ халқы ежелгі жұлдыз күнтізбесі арқылы жыл басын белгілеп, жұлдыздар өзгерісіне қарай алдағы уақытты дәл анықтап отырған. Жұлдызшылар жұлдыздардың орнын өзгертуіне, қозғалыс жылдамдығының өзгерісіне, анық-өшкіндігіне және басқа да өзгерістеріне қарап жыл өзгерісін дәл болжайтын болған. Тіпті, адамдар арасындағы болатын өлім-жітім, соғысты да болжап айтатын. «Ай шалқасынан туыпты, күн суытайын деп тұр», «Үркер суға ерте түсті, жаз жауынды болады; құрғаққа түссе құрғақшылық болады», «Қазан айында күн күркіресе, қыс қысқа болады», немесе «Биыл Үркердің шөміші кішкене екен, жастардың өлім-жітімі көп болады-ау», «Шығыстан сары жұлдыз көтеріліпті. Не соғыс, не апаттың белгісі» деп айтылатын жорамалдардың көбі дөп келіп отырған. Қазақ даласына Ислам дінінің келуімен мұсылманша ай атаулары бабаларымызға етене таныс болды. Олар: Қаңтар - Сафар; Ақпан - Рабиғул әууәл; Наурыз - Рабиғул ахир; Сәуір - Жумадил әууәл; Мамыр - Жумадил ахир; Маусым - Ражәб; Шілде - Шағбан; Тамыз - Рамазан; Қыркүйек - Шәууәл; Қазан - Зулқағда; Қараша - Зуллхижжа; Желтоқсан - Мухаррам. Ал, көнекөз қариялар ай атауларын былай түзген: Наурыз - Хамал; Көкек - Сәуір; Мамыр - Зауза; Маусым - Саратан; Шілде - Әсет; Тамыз - Сүмбіле; Қыркүйек - Мизам; Қазан - Ақырап; Қараша - Қауыс; Желтоқсан - Жәди; Қаңтар - Дәлу; Ақпан - Құт.
«Сәуірдің» тууы
«Сәуір» - араб тілінде «өгіз» деген мағынаны білдіріп, жұлдыз айлары бойынша «Торпақ шоқжұлдызының» атауы болады. Бұл атау 90 жылдары қолданысқа енген, кейін бүкіл қазақ елі көкекті осылай атап кеткен. Осы бір өзгерістің куәсі болған есімі елге белгілі журналист Марат Тоқашбай ағамыз әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақша ай аттарында «апрель» айын «көкек» дейді. Ал «сәуір» қайдан пайда болды? Оның тарихы мынандай: 1990 жылы 24 апрельде арнайы заңмен Қазақстанда президенттік билік енгізілді. Тура сол күнге Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің органы «Халық кеңесі» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұрын «апрель» сөзі қолданыла беретін. Компартияның қылышынан қам тамып тұрса да жаңа басылымда ай аттарының қазақша берілгенін көңіліміз қалап тұр. Алайда бір аптадай ғана бұрын Орталық Комитеттің апрель Пленумы өткен. Оны қалай жазамыз? «КПСС Орталық Комитетінің Көкек Пленумы» десең бас кетеді. Содан, газеттің бас редакторы Сарбас Ақтаев жол тапты: «Сәуір Пленумы» дейік деп. Осы тіркестегі «сәуір» сөзі біртіндеп барша басылымдарға ауысты. Одан кейін «Оталық Комитет» те, «Пленум» да жойылды. Бірақ қазақша ай аттарының ішінде көзге шыққан сүйелдей боп арабша «сәуір» сөзі қалып қойды. Енді соны неге түзетпеске?!» деп жазды. Бұл жазба жарық көрген уақыттан бір жыл бұрын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп ағамыз да «Айды айырмаған - амалды білмейді» деген мақала жариялап, онда мынандай дерек келтіреді: «Қазіргі қолданыста жүрген ай атауларының ішінде саяси сипатпен «еніп» кеткен бір ай бар. Ол - сәуір айы. Бұрынғы қазақ бұл айды «көкек» деп атаған. Осы көкек қалайша сәуір болды? «Егемен Қазақстан» газетінде, Шерхан Мұртазаның басшылығында қызмет істеп жүрген кезіміз. 1990 жыл. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Редакторымыздың қабағы түйіле түсті. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға бізге «тыңдаңдар» дегенді ишара білдірді. - Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? - деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап. - Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер... Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Содан бері - сәуір. Ленин де кетті. Оның тезистері де мәнін жоғалтты. Сәуір сақталып қалды». Жоғарыда келтірген қос мысал «Сәуір» атауының бар «құпиясын» ашып беріп тұр десек те болады. Қазақстан компартиясы ОК-нің хатшысы болып тұрған уағында Өзбекәлі Жәнібеков осы атауды енгізді дегенді естідік, оқыдық. «Сонда Лениннің «Апрель тезистерін» - «көкек тезистері» дейміз бе?» деген уәжді алға тартып, «Көкек» атауын ысырған да тастаған. Онысы қаншалықты дұрыс болғанын бүгінгі ұрпақ пайымдар, бағасын берер. Анығы, ай атауын өзгерткен сол кісі. Бұл атауды жақтырмайтын жандардың да пікірін желіде көзіміз шалып қалып жатады. Сондағы олардың келтіретін уәжі - қазақтың «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деген сөзі. Осы сөз көктемнің екінші айын бұрыннан бабаларымыз «Сәуір» деп атаған деп ойлауға себеп болатындай. Біздің білуімізше, бұл сөздің бары рас. Бірақ бұл жерде «сәуір» сөзі айдың атауы ретінде емес, осы айдағы амал атауы ретінде қолданылса керек. Сол амал жақсы өтпей, кейін күн райы да тәуір болмайтынын айтқан. Олай болса осы амал жөнінде де аз-кем білгенімізді айта кетейік. Сәуір амалы Қазақта «амал» деген ұғым бар. Әр жыл мезгілінде, қала берді әр айда болатын табиғат құбылыстарын амал деп атайды. Отамалы, Бесқонақ, Сәуір амалы, Құралайдың салқыны... Осының бәрі амалдар. Әрбірінде болатын құбылыс әр түрлі. Соған сай жасалатын қам-қарекет те өзгеше. Қариялар Сәуір амалы (шамамен осы айдың 20-сыншы жұлдызында басталады) кіргенде жаз бұлттарын бақылайды. Бұлт төніп, ыдырамаса, сәуірдің бұлты қалып қойғаны. Онда сәуір амалы ұзаққа созылып, 40 күнге жалғасады. Жаңбыр нөсерлеп жауып, соңы қарға ұласады. Сәуір амалы өтпей, сәурік (үйірге енді қосылған 3-4 жасар айғыр) пішуге болмайды. Аяқ-астынан ауа райы бұзылып, қарлы боран болуы мүмкін. Осы жөнінде бір аңыз былай дейді: бір бай отамалы өткен соң, жаз шықты деп ойлап, қырық сәурігін түгел піштіріп тастайды. Соның артынан қарлы боран болып, қырық пішпе түгел қырылыпты. Ел ішінде осы амалды «қырық сәурік» деп те атаса керек. Халқымызда бұл амалға қатысты «Сәуір болмай, сайран болмас; Сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, Күн күркіресе көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын - Сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса алпыс күн», «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген мақал-мәтел, қанатты сөздер бар. Сонымен қатар қазақ халқы сәуір амалы кезінде соғатын көктемгі желді де «сәуір» деп атайды.