ӘМИТ ИШАННЫҢ ШАРАПАТЫ

Біздің «Қармақшы» ауылында Марал бабаның шөбересі Әмит ишан (Абдулхамит) және оның ұрпақтары өмір сүрді. Жергілікті халықпен тығыз қарым-қатынаста тіршілік етті. Адамдармен сыпайы сыйластықта болып, елге үлкен адамгершілік сипаттағы мәнді тәрбие берді. Ислам дінінің әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттаушы ағартушылықпен, елдің денсаулығына шипасын тигізетін емшілікпен де айналысты.
Әмит ишанның елге қорған болып, тәлім-тәрбие берудегі орасан зор еңбектерін бүгінгі ұрпаққа атап-атап айтуға тиістіміз деп есептеймін. Абдулхамит ишан 1905 жылы дүниеге келген. Бес жасынан бастап-ақ Құран Кәрімді жүргізіп оқиды. Он үш жасқа келгенше Убайдулла, Бәжім, Иманалы молдалардан, кейін өзінің әкесі Абдрахман Мағзұмнан діни дәріс алады. Ташкент, Бұқара медреселерінде оқып, 1926 жылы үздік бағамен бітіріп, жан-жақты терең білім алып шығады. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін еркін игеріп, діни әдебиеттерді оқиды, аударып жазады. Өзінің құдай берген дарындылығының, терең де жан-жақты білімділігінің арқасында науқастарды шөптен жасалған дәрілермен емдеп, жүйке ауруларын дұғамен оқып, екінші рет келмейтіндей етіп жазып жіберіп отырған. Алдын ала болжайтын көріпкел әулиелігі мен неше түрлі керемет қасиеттерді көрсеткендігі әлі елдің есінде. Алдына қол-аяғын байлап әкелген науқастардың құлан-таза жазылып кеткендерін де көзімізбен көрдік. Сүлеймен ишанның айтуы бойынша «Марал баба тірі кезінде келешек ұрпағымнан менің құдіретім дарыған, кереметтерім мен қасиеттерімді қайталайтын ұрпақ келеді деген. Сол болжам Әмит ишанға келді» деген екен. 
Әмит ишанның керемет қасиеттерінен бір ғана оқиғаны айта кетейін. Ол кісінің 1950 жылдары біздің ауылға іргелес Қайыршақты бекетінде тұрған жылдары ондағы қамыс зауытының айналасы өртке оранды. Зауыт басшысы ишанның үйіне «сотталатын болдым, енді не істеймін?» деп жылап жүгіріп келеді. Ишан қолына ақ қағазға дұға жазып беріп, «жанып келе жатқан өрттің алдына ық жағынан таста» деген. Ол тапсырманы бұлжытпай орындаған. Сол сәтте желдің бағыты өзгеріп, аспанды бұлт торлап, артынша нөсерлеп жаңбыр құйып, қаптап келе жатқан өрт сөніп, қамыс зауыты аман қалған. Бұл оқиғадан сол кездегі балалар, қазіргі аулымыздың ересек азаматтары хабардар болуы керек. Ол кісі бұл дүниеден өтсе де кейбір кереметтері әлі де байқалады. Аулымызда 1997 жылы бір үлкен ғимаратты бөліп, Әмит ишан атындағы мешіт аштық. Мешітті ашуға облыстық имам, басқа да қонақтар, басшылар, тележурналистер келіп, ауыл халқы жиналды. Мешітті ашу салтанаты өтіп, лентасын қиған сәттен бастап, жаңбыр жауды. Баласы Асқар туысы Есенжолов Қалдыбектің үйінен құдай жолы берді. Құдай жолы тарасымен жаңбыр да тынды. Бұл көрініске біраз адам таңғалған едік.
Өткен жылы Қостанайдан Марал бабаның басына бабаның жиеншарларының бірі болып келетін Мейрамкүл деген әйел келіп түнейді. Ол кісі бабаның басындағы шырақшы Бисенбайға «маған бірнеше рет түсімде Әмит ишан еніп, «менің бетім ашық жатыр» деп аян берді. Бейітін көрсет, бетін жабайық деген. Бейітті көрсе, шынымен ашық екен. Бисенбай Ақтөбедегі баласы Абдоллаға қоңырау шалып, жабуға рұқсат алып, бейіттің бетін жауып, құран бағыштайды. Артынша бүкіл Қармақшы өңірінде күні бойы Алланың нұры — жаңбыр жауып тұрған.
Әмит ишан жылы жүзімен, кең пейілді, өресі биік, ойы ұшқыр, білімі тереңдігімен елге сыйлы болып, халық құрметіне бөленген ерекше мейірімді жан еді. Ол өз төңірегіне тұстастарын, замандастарын, ағалары мен құрдастарын, аулымыздың белгілі ақсақалдары Көпеш, Айток, Ыбырай, Айдархан, Медеу, Медекеш, Қошмағанбет, Опаш, Тоқбай, Кенебаев Yбіш, Әбдіәли (сары қожа), Мырзабаев Шадай, Исабаев Ұзақбайды, т.б. топтастырып соңынан ертіп сөздерін тыңдатып, айтқанын істететін. Олар өздерінің жүріс-тұрыстарымен, атқарған өнегелі істерімен айтқан ұлағатты сөздерімен елге тәрбие беріп, кейінгі ұрпаққа өшпестей із, таусылмастай рухани азық қалдырған жандар. Олар бәрі жиналып жиын-тойларда, шақырыспа-қыдырыстарда, жұма намаздарда әңгіме-дүкен құратын. Әңгімелерінің арқауы адам тәрбиесі, ескі салт-дәстүрлеріміз бен діни әдет-ғұрыптар туралы. Арасында сыпайы әзіл-күлкілері де болатын. Ол кездерде ауылдарда мешіт жоқ. Жұма намазды бұрынғы майда төрт колхоздың шалдары жиналып, көбінесе Әмит ишанның үйінде оқитын. Бұл кісінің жұбайы Тәжігүл анамыз қонақжай адам еді. Yйлерінен қонақ арылмайтын. Ишанға сәлем беру үшін Арқадан, алыстан-жақыннан келетін қонақтары көп болатын. Жиі мал сойылып, асылып-түсіріліп, дастархандары үнемі жиналмай жататын. Бір үйір жылқы байланып, сауылып дәмді қымыз даярланатын. Қонақтар, көрші-көлем жиналып, күндегі әдеттері бойынша түске таман қымыз ішуге кірісіп, әңгімелерін одан әрі жалғасатын. Немере інісі Әбдірахманов Мінуар бастаған жігіттер қонақтарды күтіп алып, ат-көліктерін жайлап-сулап, жем-шөп беріп, қайтадан аттандырып шығарып салып жүретін. Сонымен қатар жан-жақтан ишанға арналған сәлемдемелер, хаттар, сыбаға ретінде сүрленген қазы-қарталар, жент, түрлі жемістер салынған жәшіктер толастамай келіп жататын. Ишан бұларды жиналған адамдардың көзінше аштырып, ауыз тигізіп, сәлемдемелерін көрсетіп, хаттарын оқып беруші еді. Біздің елде бұл кісілердің әңгімелерін тыңдап, қолынан тұз-дәм татпаған адамдар жоқ шығар.
Олардың тәрбиесін көріп, ізін басқан, аулымыздың мақтанышына айналған, кейінгі толқын ағаларымыз Қошманов Омар, Бажимов Сұлтанмұрат, Төрәлиев Әли, Жақияев Құрма, Досов Жүніс, Өтегенов Сүлеймен, Бегалиев Айтбай, Ташымбетов Әбдіқадыр, Қаракенеев Дастандардың адамдар жиналған, жиын тойларда, дастархан басындағы кездесулерде ата-баба тарихы, дәстүрлі, әдет-ғұрыптары мен ұрпақ тәрбиесі туралы айтқан сөздерін тыңдасаңыз, үлкен бір теориялық семинарға қатысып сабақ алғандай әсер алушы едік. Ал олардың өзара сыпайы әзілдерінің өзінен комедия немесе қызық бір спектакльді көргендей боласыз ғой. Сөз арасында бір-бірінің жіберіп алған олқылықтарын ұстап алып, сынаса, еш қарсыласпай-ақ «Ай сен осы жолы мені қатырдың-ау» деп кемшіліктерін бірден мойындап отыратын. Иә, бұл өткен кісілердің өнегелі өмірі кейінгі ұрпақтары үшін үлкен мектеп болғандығында сөз жоқ.
Әмит ишан араб, парсы тілдерінде еркін сөйлеп, кітаптарды оқып, аударып, жаза да білген. Қазір көптеген қолжазбалары балалары Асқар мен Абдолланың үйінде сақтаулы. Қолжазбаларының өзіне қарасаң баспаханадан басылып шыққандай өте көркем. Бұл кісі 1961 жылы қайтыс болғанда оның жан-жақты сауаттылығы мен білімділігін, қарапайымдылығы мен кішіпейілділігін, мейірімділігі мен адамға деген қамқорлықтары жайлы ауылымыздың ақсақалдарының бірі Әли Төрәлиев «Әмит ишан Ұлы Абайға тең адамның бірі еді. Абайдың іздеушісі, зерттеушісі Мұхтар Әуезов болды ғой. Ал бұл кісінің артында қалған еңбектерін зерттеп жарыққа шығаратын адам болмай тұр ғой» дегенін естіп едім. Ал өзінің жиендері болып саналатын Ұзақбай Исабаев ақсақал ол кісінің тазалығы, әділдігі, көптің жұмысына қамқорлығы, кісі ақысына қиянат жасамайтындығы, ислам жолына берілгендігі туралы мынандай әңгіме айтушы еді. 
Ертеректе ауыл халқы жиналып тасаттық жасап, құдай жолы бермекші болған. Көпшілік құдай жолыға сойылатын жылқыны іздеп, таңдап сатып алуды сол кездегі колхоздың жылқы фермасының меңгерушісі Ұзекеңе тапсырған екен. Әмит ишан әкелген жылқыны көріп тұрып, елдің көзінше «Бұл өзі колхоздың жылқысы емес пе, қарызға алған жоқсың ба, кісі ақысына қиянат жасамай, ақысын ренжітпей толық бердің ба?» деп есімді тандырып сұрақтардың астына алыпты.
Менің жас кезімде біздің үй қысы-жазы Әмит ишанмен көрші тұрып, әке-шешем ол кісілермен жиі араласты. Ишанның нұсқалы сөздері мен өсиеттерін тыңдап, ұлағатты әңгімелерін естіп, атқарған қасиетті істерін көріп өскенмін. Жас болсам да мені атқа мінгізіп, жан-жаққа барып кел, айтып кел, шақырып кел, қонақтарды күтіп алып, шығарып сал деген сияқты жұмыстарға жиі жұмсаушы еді. Әкем бұған риза болып «айналайын ишанның жұмсайтын адамдары көп, үлкен адамдардың қайсысына айтса да, «ләпбай тақсырлап» әрқашанда дайын тұрады. Бірақ ол кісінің назары саған ауып, батасын саған беріп жүр, Аллаға шүкір келешегің жаман болмас» деп қуанушы еді. Ауылға Әмит ишанның үйіне немере ағасы Қызылорда мешітінің бас имамы Сүлеймен ишан да қонаққа келіп тұратын. Ол кісіні ауылға келді деген хабарды естіген көрші ауылдардың халқы кезектесіп қонаққа шақыра бастайды. Ол түскен үй той жасағандай күйге түседі. Сойған малының етін түгел асып, ауылды қалдырмай шақырады. Бірге тамақ ішіп, әңгіме тыңдайды. Ол кездерде бір ауылда 20-30-дан артық үй болмайтын. Аулымыздың ақсақалының бірі Тоқбай деген үлкен кісі: «Ауылға Сүлеймен ишан келді дегенше, тоқшылық пен береке қоса келді десеңдерші» дейді екен. Бірде Жалағаштан Әмит ишанға сәлем беруге атақты Қалжан ахунның ұрпағы Уамық мақсұм келді. Ірі денелі, сымбатты да келбетті, сабырлы адам екен. Әмит ишан екеуі кезек сөйлеп отырғанда үй іші толған адамдар үнсіз бар ынтасымен тыңдап отыратын. Бұндай жиындарға әкем мені де әңгіме тыңдайсың деп өзімен бірге ертіп баратын.
Ертеректе Қармақшыда тұратын туыстарына Шешенстаннан ислам дінін жетік білетін, өзі Стамбулда оқыған жігіт келіпті. Әмит ишан оны естіп, Қармақшыда тұратын ағалары Қауыс ишанның үйіне қонаққа шақыртып танысып, әңгімелескен. Ишан онымен таза араб тілінде сөйлесіп, әңгімелерін, жиналып отырған адамдардың қойған сұрақтарына жауаптарды аударып, түсіндіріп отырған. Әрине, әңгіме ислам діні туралы болған екен.
Алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде өзіме биологиядан сабақ берген, Әмит ишанның қарындасы Мәмила Батырханқызының ұзатылу тойына қызмет жасағаным есімде. Той Әмит ишанның үйінде өтті. Ұзатылып жатқан апамызды, жездеміз Сейдахметті қасындағы құдаларды, күйеу жолдастарымен бірге жайлаудан Қызылтам бекетіне апарып, пойызға шығарып салу маған жүктелген еді. Бұл жолы Әмит ишан маған ыстық ықыласымен батасын беріп еді.
Алпысыншы жылы біздің үйлену тойымыз өтісімен әкем Әмит ишанды арнайы үйге шақырып, екі-үш күн қонақ етіп күтті. «Отымның алды, суымның тұнығы тұңғыш келінім қандай келін болар екен деп сұрап, балам мен келініме бата беріңіз» деп өтінді. Ол кісі «келініңіз алдыңғы да емес, артқы да емес, орта кеудедегі келін болады» деп бізге арнап батасын беріп еді. Құдайға шүкір, Әмит ишанның ыстық ықыласы мен бізге берген ақ баталары қабыл болған шығар, елдің алдына шығып озып та кеткен жоқпыз, артында қалып та қойған жоқпыз орташа өмір сүріп, елге азды-көпті қызмет еттік, бала-шаға өсіріп тәрбиелеп, немерелі-шөберелі болдық. Дос-жарандар тауып, құда-жекжатты болдық. Азды-көпті ел басқарып, екеуміз қол ұстасып бірге өмір сүріп келе жатқанымызға құдайға шүкір 50 жылдан асып барады.
Әмит ишанның балалары Қасым, Асқар, Әбілдалар да әке жолын қуып, дәрігер мамандықтарын игеріп, науқастарды емдеумен айналысты. Асқары көп жылдар бойы Қармақшы аудандық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы болып жемісті еңбек етті. Қасымы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған алғашқы дәрігерлер қатарында, Әбілдасы хирург болып қызмет етті. Әмит ишанның баласы Омаров Қасым науқастанып жүрген кезінде мені «немереңді ертіп кел» деп шақыртты.
– Мына ер-тоқым, қамшы, жүген әкемнің маған қалдырған дүниелері. Мен мұны екі-үш рет қана тойға міндім. Бір тереңөзектік шебер әкеме әдейі арнап осы ер-тоқымды жасап, қамшысын өріп сыйлаған екен. Әлі жаңа сол күйінде тұр. Осыларды сенің немерең Исатайыңа берейін деп шақыртып едім, — деді.
– Аға көңіліңізге рахмет. Бірақ мұның реті өзіңіздің балаңыз Мұханға немесе інілеріңіз Асқар мен Әбілданың балаларына тиісті ғой. Соларға беріңіз,– деймін.
– Жоқ, айналайын, мен соны білмей отыр деймісің, жаңа таң ата түсімде әкем «Исатайға бер» деп аян берді. Сол үшін айтып жатырмын. Исатайың атқа мінер азамат болсын, – деп батасын беріп, – Мен енді көп ұзамай бұл дүниеден көшемін, – деді. Айтқанындай-ақ, екі-үш күннен кейін марқұм мәңгілікке көз жұмған еді. Қазір бұл қасиетті кісінің ер-тоқымын, қамшысы мен жүгенін қастерлеп бір бөлмеге тұғырға орнатып мұрағат ретінде іліп қойдық.
Әмит ишанның асыл қасиеттерін ұлықтап, әруағын ардақтап, рухына бас ию, көрген-білгенімізді кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттап, таныта түсу біздің міндетіміз.
Исағали ЖҰМАҒҰЛОВ,
еңбек ардагері.

ТАНЫМ 14 қыркүйек 2013 г. 2 267 0