МЕРЕКЕ ТУРАЛЫ 22 ДЕРЕК

Наурыз – жыл басы.  Бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келе жатқан мейрамның қазақ халқы үшін маңызы ерекше. Осы орайда мерекеге байланысты  22 деректі назарларыңызға ұсынамыз.

1. Наурыз мерекесі – әлемнің ең көне мерекелерінің бірі. «Наурыз» сөзі парсы тілінен аударғанда «жаңа күн» деген мағынаны береді. 

2. Наурыздың тарихына зер салсақ, әлем халықтарының басым бөлігі аталмыш мейрамды әлі күнге дейін тойлап келеді. Бұл мейрамды көбінесе Нау­рыз, Невруз, Навруз, Новруз Байрам деп атаса, ал тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, чуваштар “норис ояхе”,  хорезмдіктер “наусарджи”, “невруз сұлтан” деп түрліше атайды екен.

3. Түркия елінде бұл мереке 23 наурызда басталады. Ирандықтар болса, мерекені 13 күн, Қытай елі 5 күн бойы тойлайды. Ал, Ауғанстан, Өзбекстан елдері 21 наурызда мерекелейді.

4. 18 ғасырға дейін ежелгі Грекияда, ежелгі Римде, Ұлыбританияда атап өтіліп, 1700 жылға дейін ежелгі Русьте тойланып келген.

5. Наурыз – қазіргі Григориан күнтізбесіндегі 3-ші келетін март айына сай қазақша атауы.

6. Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған.

 7. Наурыздың дәстүрлі тағамы – «Наурыз көже». Ол жеті түрлі азықтық заттан тұрады. Наурыз тойланатын елдерде 362 әулиенің ішінде Ғайып Ерен, Қырық шілтен, жеті әулие ерекше деп танылады, мұндағы жеті әулие абрар деп аталады. Наурыз көжедегі жеті дәмнің арғы мәнінде жеті әулиені пір тұту жатады.

8. Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыру үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Жолай өзі сияқты ұлыс таңына ынтық жанды кезіктірсе, қасын көтеріп назарын салатын көрінеді. Қызыр атаның назары түскен адамның басына бақ қонбақ... Қазақ тіліндегі «Қызыр дарымай, бақ қонбайды» деген мәтел осынау байырғы наным-сенімге орай айтылған.

9. Ұлыстың ұлы күніндегі ең киелі рәсім – көкжиектен шапақ шашып шашырай шығып келе жатқан күнді қарсы алу дәстүрі. Мұндайда ақ жаулықты аналар тостағанға ақ құйып алып шығып, күн көзіне қарата шашып, үш мәрте тізе бүгіп тағзым етеді. Атар таң, шығар күнге тәу еткен соң, ауыл-үй адамдары бір-бірін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, тілектерін айтыса бастайды. Үй-үйді аралап, жүз көрісіп, төс қағысып, Ұлыс дәмінен ауыз тиіп, бір-біріне бата-тілек білдіреді.

10. Бұрынғы қариялар 22 наурызды «Қызылбастың наурызы» деп атаған. (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы).

11. Наурызда күн ұзарып, түн қыс­қарған сәтті “ұзын сары” келді деген. Ұзын - ұзақ дегенді білдірсе, сары - күн дегенді білдірген. Яғни, «ұзын сары» күн­нің ұзақтығын мең­зейді.

12. Жұл­дыз­­шы­лардың тәжіри­бесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін екен: 1) Күн егер жанған оттай қызарып, қан қызыл болып шықса, ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер де болуы мүмкін; 2) Егер күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бірден бетке ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құр­ғақ­шылық болады. Таулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада жиі-жиі өрт шығады; 3) Күннің түсі күңгірт тартып, қора­ланып, солғын көрінсе, ол жылы жауын-шашын ерекше көп болады; 4) Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса, ол жылы жанға жайлы молшылық болады.

13. 14 наурыздан басталып, ұлт­тың, халықтың берекесі мен бірлігі үшін тойланар наурыз мерекесін еліміздің Батыс өңірі “көрісу күні” деп тойлайды.  Ал, оңтүстік жұрты – “тағзым күні”, “алас күні”, “береке күні”, “көктем шуағы”, “өніс күні”, “жайнау күні”, “шаттық күні”, “үйлесім күні”, “ұлыс күні” деп атап өтуді дәстүрге айналдыруда.

14. Наурыз мейрамына байланыс­ты мынадай атаулар бар: Нау­рыз күні, Нау­рыз айы, Наурызнама, Наурызкөже, Наурыз тойы, Наурыз жыры, Нау­рыз жұмбақ, Наурыз бата, Наурыз тілек, Наурыз төл, Наурызкөк, Наурыз есім, Наурыз шешек, Наурызша, Әз, Қыдыр, Саумалық, Мұхаррам (тыйым), Самарқанның көк тасы.  

15. Түркілердің ертедегі наным-сенімі бойынша күн мен түн теңелген күні жер көкті жарып, ғажайып дауыс шығады екен. Ол гуілді тек жануарлар ішінде қой ғана сезеді екен. Қой өте бейуаз, сезімтал  жануар.   Бұл дыбыс­ты «Әз» деп атаған. Сол себептен «Әз нау­рыз»  деп, «Әз келмей, мәз болмас» деп аталарымыз ерекше қадір  тұтса керек.

16. Бұл күні кір жууға, шаш, тырнақ алуға болмайды екен. Себебі, адамның тырнағымен шашы да түлеп жаңарады. Құрылыс бастауға, іс тігуге, мылтық атуға, қақпан құрып, тұзақ құруға тыйым салынғаны жайында жазбалар да бар. Алыс сапарға да шықпайды, ешкімді ренжітуге, даулы мәселе тудыруға, ренжіп-қайғыруға, құрбан шалуға, жалпы қан шығарып, мал союға болмайтыны айтылған. Себебі, мал төлдейтіндіктен, төл өсі­міне, малдың көбеюіне кесірі тиеді деген наным қалыптасқан.

17. Көне жұлдыздық есепте нау­рыз айын «үт» деп те атаған. Осы айда ауа райының жылынатынына бай­ланысты «үт кірді, үсік шықты»  деп айтатын болыпты. Кейде үтті жа­бықтан түскен күн сәулесінен көрі­нетін тозаңды да үт деп атаған. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген мәтел осыдан қалған.

18. Жігіттер мен бозбалалар қыз­дарға арнап “селт еткізер”, “дір ет­кізер” деген сыйлықтарын ұсынады. Бұл сыйлыққа айна, тарақ, иісмай, күміс жүзік жатады. Айна – пәктік пен жастықтың, тарақ – әдемілік мен сұлулықтың, иісмай – бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, күміс жүзік – тазалықтың белгісі.

19. 1921 жылы 5 наурызда Орынборда өткен Қазақстан Автономия­лы Республикасы орталық атқару коми­те­тінің төралқа мәжілісінде Құрбан айт пен Ораза айтқа 3 күн, Наурыз мерекесіне 1 күн демалыс беру туралы қаулы қабылданды.

20. 1926 жылы тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесін тойлауға мүлдем тыйым салынды. 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты.

21. Наурыз мерекесі 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің қаулысы негізінде мемлекеттік мәр­те­­беге ие болды. Елбасы наурыз айының 22 жұлдызын «Наурыз мейрамы» деп жариялады.

22. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 2010 жылы Наурыз халықаралық мейрам мәртебесіне ие болды. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО 12 ел – Ауғанстан, Әзербайжан, Үндістан, Иран, Ирак, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрік­менстан және Түркия атынан Нау­рызды адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді.

Әзірлеген:

Мейрамгүл

ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

ТАНЫМ 26 наурыз 2019 г. 626 0