ҰЛТТЫҚ ӘДЕБИЕТТЕНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҚОМАҚТЫ ҮЛЕС

Қолымызға тиген Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлы, Амантай Шәріп сынды әдебиетші-ғалымдардың «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» («Арна», Алматы, 2013) деп аталатын монографиясын парақтап, сараптап оқығаннан кейінгі көзіміздің жеткені, біріншіден, бұл ғылыми-зерттеудің тақырыбы тың, соны, екіншіден талантты ғалымдар әдеби дамудың сыртын, бетін емес, ішкі дүниесін, іштей түлеу, жаңғыруларын жіті зерттеген. Әдеби дамудың өз заңдылықтары бар, стихиялы құбылыс екенін ескерсек, оның мазмұнындағы құбылуларды: өсу, өну, жетілу, тіпті, өшуге дейін тамыршыдай тап басып, танып дәл зерделей алу оңай шаруа емес. Кеңес дәуірінде әдебиетімізді дәуірлеуде болсын, оның кезеңдерін анықтау, ажыратуда болсын Компартияның қаулы-қарарлары мен еліміздің басынан өткерген түрлі саяси-әлеуметтік, тарихи жағдайларды басшылыққа алып отырдық. Әдеби дамуды мемлекет саясатына бұра отырып, аяғына шідер салғандай күйде ұстаудың нәтижесінде оның астарындағы сан алуан мазмұндық сипаттар, спецификалық ерекшеліктер көзге ілінбей қалғанын бүгін мойындасақ керек. Ұлттық әдебиетіміздегі ментальдік мәселесін көтеріп отырған бұл еңбек осындай олқылықтардың орнын толтыруымен құнды. Үшіншіден, бұл зерттеудің нысаны қазақ әдебиеті бола тұра, басқа ұлттық әдебиеттер тәжірибесін ескеру, оларды салыстырмалы түрде мысалға келтіріп отыру фактілері ғылыми-зерттеудің бағасы мен бәсін арттыра түскен және зерттеуде қазақ әдебиеттануының ғана емес, бұрынғы одақ, оның құрамындағы ұлттар әдебиеттануының, әлем әдебиеттануының озық тәжірибелерін пайдаланып отыру ұтымды шыққан. Төртіншіден монографиялық зерттеудің әдісінің мәдени-тарихи, құрылымдық, архатиптік, герменевтикалық болуының өзі зерттеу тақырыбына барынша терең бойлап, мазмұнын жан-жақты ашуға септігін тигізген. Ғалымдарымыздың ғылыми монографияның жалпы методологиясын белгілеуде гуманитарлық ғылым салаларын зерттеудегі әлемдік озық тәжірибелерді, қисын-қағидаларды топтастырған «Әдебиет, Теория, Методология» (Киев, 2008) делінетін поляк ғалымдарының ұжымдық еңбегін басшылыққа алуының оң нәтиже бергенін айтуымыз керек. Бесіншіден, үш бөлімі үш түрлі айтылып, оны үш автордың жазуынан байқалатыны, мақсат біреу – ол ұлттық әдебиеттегі ментальдік мәселесінің ашылуы болса, осыған авторлар үш қырынан келеді және бір ерекшелігі ғалымдардың өз нысандарын бұрыннан зерттеп, зерделеп жүргендіктен болар, олардың еркін көсілуі, ойларының тың әрі дәлелді болуы. 
Ғалымдық эрудиция, бақылағыштық пен байқампаздық, теориялық қисын-қағидаларын нақты мысалдар негізінде айтып отыру сияқты зерттеуге аса қажет сапалық қасиеттер бұл кітапта ерекше көзге түсіп отырады.
Бірінші бөлімдегі филология ғылымдарының докторы, профессор А.Шәріптің қазақ әдебиетіндегі ұлттық ментальдіктің генезисін, эволюциясын және трансформациясын:
1. Түркілік түпнегіз және қазақ хандығының құрылуы мен қалыптасуы тұсындағы көшпелі қоғамның мұраттары (жыраулық поэзия)
2. ХVІІІ ғасырдағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығы мен орыс отаршылдығы төбе көрсеткен тұстағы ұлттық бірігу идеясы (Бұхар)
3. Қазақ халқының Ресейдің қол астына қарауы бірте-бірте және аймақтар бойынша жүзеге асырылуы себепті қатаң хронологиялық жүйеге көне бермейтін, бірақ әр түрлі көзқарас-концепцияларды танытатын: а) жат жұрттық езгіге қарсы қимылға үндеу (ұлт-азаттық көтерілістер поэзиясы – Махамбет, т.б.); ә) зар заман (Дулат, Шортанбай, Мұрат, Албан Асан, т.б.) ұлттық өзін-өзі сақтау (Абай және ағартушылық бағыттағы ақындар) сарындары;
4. ХХ ғасырдың басында жетекші орынған шыға бастаған саяси күрескерлік тенденция және түрікшілдік, жәдидшілдік, милләтшілдік, Алаш идеялары (А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Ғ.Қараш, С.Торайғырұлы, М.Жұмабаев, т.б.)
5. Кеңестік империя кезеңіндегі ұлттық геноцид, мәдени экспансия және ассимиляциялық саясат жүзеге асқан тоталитарлық жүйе жағдайында таптық ұғымдардың тасасында астыртын күн кешіре берген этностық белгі – сипаттар (қазақ кеңес ақындары – Қ.Аманжоловтың, Қ.Бекхожиннің, Ә.Тәжібаевтың, Ж.Молдағалиевтің, Қ.Мырза Әлидің, Ж.Нәжмеденовтың, М.Мақатаевтың, т.б. шығармашылығы);
6. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңғырып-жаңару үстіндегі ұлттық көркемөнерінің барлық саласында бейнеленетін көшпелі кезеңнің дүниетанымдық бедерлері мен құндылықтары - деп жіктеп-жіліктеуінің астарында әдеби даму, оның іштей және сырттай құбылулары, жаңарып, жаңғырулары жатқаны сөзсіз. Әдебиеттануымыздың мазмұнын толықтыратын жаңа сипатты бұндай тұжырымдар кейінгі зерттеулерге беталыс болары анық ақиқат.
Профессор А.Шәріптің көркемдік сананың үш түрін:
1. Архаикалық немесе мифтік-поэтикалық сана (поэтикасыз поэтика);
2. Дәстүршіл немесе нормативтік сана (стиль мен жанр поэтикасы);
3. Дара шығармашылдық немесе тарихи сана (авторлық поэтика) деп атап алып, осыны қазақ әдебиетінің тарихи қәм теориялық мәселелерін саралауға, зерделеуге қолдануы сәтті шыққан. Тарихи поэтиканың санамен байланысты ұғындырылатыны түсінікті, ал сананың өзін ұлттық ментальдіктің бір ұштығы деп қарастыру – бұл профессор А.Шәріптің әлемдік әдебиеттану, философия, психология, әлеуметтану т.б. ғылым салаларын тыңғылықты зерттеуінің нәтижесінде келген өз тұжырымы, ой қорытындысы. Ғалым шығыс, батыс әдебиеттерімен байланыстыра отырып төл әдебиетіміздегі көркемдік сананың үш түрін қарастыруы арқылы тарихи поэтиканың дәстүрлі заңдылықтарын, шарттылықтарын әдебиетіміздегі ұлттық ментальдіктің қыр-сырын ашуға қолданады. Оның «дәстүршіл сана аумағында автор жанр мен стильді таңдап тұрған жоқ, керісінше – жанр мен стиль авторды тәуелділікте ұстады» - деуі барынша тың әрі ойлы пікір. Бұл жерден ұлттық ментальдіктің әдебиеттегі тірегі оның дәстүрі болатыны және оны мойындаудың әдебиеттің ұлттық сипатын даралау мен ұлықтау болып шығатынын ескеруіміз қажет.
Ұлттық ментальдік мәселесін әдебиеттен іздегенде ұлттық мінезді ескермеуге болмайды. Ұлттық мінез – өнерлік категория. Ол көркемөнерде, әсіресе сөз өнерінде бейне және бейнелілік арқылы түзіледі, жанрлар мен жанрлық түрлердің туу, қалыптасу, даму үдерістерінде жатады, суреткердің дүниетанымы, ойлауы, сезінуі мен қабылдауы бәрі-бәрі ұлттық мінездің болмысын жаратады, дүниеге әкеледі. Ұлттық мінезсіз ешқандай көркемөнер туындысы болмайды. Ендеше ұлттық ментальдікті ұлттық мінезбен байланыстырып зерттеу профессор А.Шәріптің үлкен табысы деуіміз керек. Чукот жазушысы Рэтхеу еденге жатып алып газет шығарып жатқан энтузиаст жастарды мұзға бауырын төсеген тюленьдерге теңесе, Исатайдан айырылған күнін дауылпаз ақын Махамбет «буыршын мұзға тайған күн» деп жырлайды. Бұл жердегі тюлень мен буыршын яки түйе – ұлттық мінез тудырып тұрған ұлттық бейнелер. Ұлттық бейнелердің жасалуында ұлттық сана, психология, идея бәрі де бар, ал ментальдік А.Шәріптің дәлелдеп бергеніндей, осылардың барлығының бастауында тұр. Зерттеуші ұлттық мінез бен ментальдіктің ара қатынасын саралауда әлемдік әдебиет пен әдебиеттанудың озық тәжірибелерін сәтті пайдаланады, ғалымның көп ізденгені, пайымы мен парасаты осы тұстарда анық та айқын танылып отырады.
Демек, 1) көркемдік сана түрлері және ментальдік метаморфозасы, 2) ментальдіктер мәмілесі және ұлттық мінез 3) жыраулық жерұйықнама, 4) Абай: Бейуақ тұстың бағыты делініп төрт тарауға негізделген, профессор А.Шәріптің авторлығымен жазылған «Әдеби-тарихи үдеріс және дәстүрлі ментальдік» деп аталатын І бөлім өз үдесінен шыққан ғылыми-зерттеу еңбек деп қорытындылауға болады. 
Филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Омарұлының авторлығымен жазылған ІІ бөлім «Зар заман поэзиясы және ұлт ментальдігінің трансформациясы» деп аталады да іштей ол 1) бұғаулы жырлар болжалы, 2) екіге жарылған ел бейнесі, 3) көшпелілік пен отырықшылық: ментальді қарама-қайшылық, 4) отарланған санадағы ортақ сарындар делініп тарауларға таратылады. Байқағанымыздай қазақ поэзиясын жоғарыдағыдай саралау мен сараптаудағы мақсат – ұлт ментальдігінің әдебиет өміріндегі тыныс-тіршілігін байыптау, пайымдау. Зерделі әдебиетші ғалымның дәл осылайша жүйелеуінің өзінен-ақ темірдей логика, зерттеу нысанасына дәл түсу көзге бірден көрінеді.
Зардың анасы – мұң. Мұңсыз өмір жоқ. Мұң-зардың әдебиет өмірінен орын алуы заңдылық. Көркемөнердің өмір танытушылық міндетінің өзі мұңды жырлаудан, суреттеуден, бейнелеуден көрінеді. Сондықтан болар профессор Б.Омарұлы өзінің зерттеуін зар заман ұғымына анықтама беруден бастайды. «Зар заман – отаршылдық қысымын көрген елдің әдебиетінде рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, қоғамның болашағына үміт артпай, ізгілікті еткен өмірден іздеп, халықтың салт-дәстүрлері салтанат құрған кешегі күнін аңсаудан, ежелден ұлттың танымына, көшпелілік табиғатына жат құбылыстарды қабылдамай, дәуірге наразылық білдіруден туған ағым». Анықтама айту бар да оны нақты мысалдармен дәлелдеу бар. Осы тұрғыдан келгенде профессор Б.Омарұлының зар заман поэзиясын зерделеуді қазақ поэзиясындағы ақырзамандық сарыннан бастауы орынды болған. Ол «Бұл сарын екі түрлі ыңғайда байқалады. Соның бірі – заманақыр таянды, қауіп-қатер жақындады» деп топшылау, екінші – «зауал келді, нәубет басқа түсті, демек, ақырзаман дегеніміз осы деген түйін», - деп жазады. Ғалым бұл тұжырымын Шортанбай Қанайұлы, Әбубәкір Кердері, Асан Барманбекұлы, т.б. шығармаларымен дәлелдейді. «Әр нәрсенің болжалы, келе жатыр жақындап» делінетін эсхатологиялық формуланың Шортанбай Қанайұлы шығармашылығынан басталып, Әбубәкір Кердері, Албан Асан шығармашылықтарында жалғастық тапқаны ғылыми-зерттеу еңбекте нақты мысалдармен дәлелденген. Профессор Б.Омарұлының қазақ әдебиетіндегі ақырзамандық сарынды нағыз эсхотологиялық формула деп дәлелдей отырып, оны антиутопияға жақындатуы және антиутопияны «антиутопиялық идеялардың өзі утопиялық дәстүрлерді қиялилықтан гөрі шынайылыққа бейімдеу ыңғайында өмірге келген», - деп нақты мысалдармен дәлелдеуі әдебиетіміздің даму үдерісінің ішкі сырына үңілген зерттеушілік зерденің мықтылығын көрсетсе керек.
Зерделі ғалым Асан қайғы мен Бұхардан басталған болуы мүмкін делініп, болжам өлең түрінде жырланған «заманақыр таянды» тұжырымын Шортанбай, Әбубәкір сияқты ақындардың көзбен көргеніне негіздеп, осы тақырыптың бірнеше қырларының қазақ поэзиясында жан-жақты ашылғанына тоқталады. Адам пейілінің бұзылуы, бүлінген дүние, ағайынның бір-біріне жат болуы, үлкенді кішінің сыйламауы, құрметтемеуі, отбасы тірлігінің берекесіздігі, жатбауырлық ұғымы, т.б. мазмұндық мотивтерді ғалым нақты мысалдармен дәлелдеп отырады. Біздің пайымдауымызша зар заман поэзиясы өзінің бүкіл болмысымен қазақ әдебиетін дамытқан ерекше арналардың бірі саналса, осы ойымызды профессор Б.Омарұлының зерттеуі бұрынғыдан бетер бекіте түсті. Ғалым зар заман поэзиясын «қатерлі келешек («Әр нәрсенің болжалы, келе жатыр жақындап») қайғы-шерге толы дәуір («Бәрін айт та бірін айт, кез болдың кер заманға») бүгінгімен салыстырғанда ертегідей көрінетін өткен күнге еріксіз мойын бұрғызады («Халқымның салтанаты еске түссе, жүрегім өртенеді, өрттей жанып»)» - деп мазмұндаса бұндай тұжырымның астарында бүтін бір дәуірдің тұтас өнері, поэзиясы жатқаны ғажап. Ұлы академик З.Қабдолов: «Әдебиет дүниесін зерттеуге жүректің нәзік дірілімен бару керек» деп отыратын. Осы айтқандай, зар заман поэзиясын қағып-сілкіп қайта-қайта тексеруінің нәтижесінде, жүрегінің нәзік дірілімен оған толық енген, мазмұнына молынан малтыған тұстан жасаған профессор Б.Омарұлының заманға наразылық мотиві, болжал өлеңдер, ақырзамандық сарын деп бөлшектеп, жіктеп-жіліктеп тастаған зерттеуі ойға қонымды, әдебиет мазмұнын саралау мен сараптаудағы дәлдікті көрсетеді. Ұлы Абай «заман адамды илемек» десе, зар заман поэзиясының мазмұнында профессор Б.Омарұлы дәлелдеп бергеніндей, екіге жарылған ел бейнесі бар. Бірі өткенді аңсау, көксеу бағытындағы топ болса, екіншісі орыс отаршылығына бейімделген, жеке басының қамы үшін өткеннің бәрін тәрк етуге даяр «жаңашыл» топ. Осы екеуінің арасындағы қайшылық зар заман поэзиясының негізі мазмұндық мотивтерінің бірі болса, бұл да профессор Б.Омарұлы зерттеуінде жан-жақты ашылады. Ұлт ментальдігінің әдебиет өмірімен байланысты қыр-сырларының таразылануы, талдануы, пайымдалуы дегендер осы болса керек. Сөз өнерінің қаны мен жаны ұлттық мінез, сипат мәселелерін зар заман поэзиясы арқылы зерделей отырып, оны әдебиет өміріндегі ментальдікке ұластырып отыру профессор Б.Омарұлы зерттеуінде оңтайлы іске асқан айрықша сипат.
Ментальдіктің ұлттық психология, салт-дәстүр, ұлттың ойлауы мен пайымдауы сынды мәселелермен тығыз байланыстылығын ескерсек, оның әдебиетте бейнеленуінде қоғамдық жағдайлардың, ел өміріндегі түрлі оқиғалардың әсер-ықпалының мол болатыны сөзсіз. Орыс отаршылдығымен бірге келген экономикалық, тұрмыстық, шаруашылықтық, мәдениет жаңалықтарының ұлт ментальдігіне өшпестей із қалдыратыны қандай ақиқат болса, оның халық жанының, ұлт өмірінің рухани айнасы әдебиет пен өнерден көрініс табатыны да сондай шындық. Профессор Б.Омарұлы зерттеуінде «қала», «шақар», «қорған», «үй», «бекініс», «ақша», «жай», «адамды санау, есепке алу» т.б. сияқты ұғымдар мен түсініктердің, атаулардың өлең өміріндегі орнын, бейнелену ерекшеліктерін Д.Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері т.б. шығармалары арқылы нақты дәлелдеу орын алған.
Отарланған сана тек қазақта ғана емес, әлем халықтарының біразында бар екен. Профессор Б.Омарұлы зерттеуінде Африкадағы фульбе халқының поэзиясынан мысалдар келтіріледі, сондай-ақ Үндістанның урду тілінде сөйлейтін халқының поэзиясы, қырғыз, қарақалпақ поэзиясының мысалдары берілген. Бұл жерде зерттеушінің деректері жеке шығармалар және жанрлық түрлер түрінде қатар алына отырып, бәрі де қазақ әдебиетінің мысалдарымен салыстырылады. Бұл дерек зерттеудің көкжиегін кеңейтіп қана қоймайды, ондағы дәлелденген тұжырымдардың ұлттық әрі жалпы адамзаттық мәнге ие болып отырғанын да көрсетеді. Қорыта айтқанда, бұл бөлім де өз мақсатына жеткен зерделі зерттеу болып табылады.
«Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» кітабының үшінші бөлімі филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Қамзабекұлының авторлығымен жазылып, «Түркі ментальдігі және қазақ ағартушылығы» деп аталады. Бөлім іштей 1) Қазақ жәдитшілдігі, 2) Білім бағдары, Батысқа бетбұрыс, 3) Милләт және милләтшілдік, 4) Елшіл әдебиет еңсесі делініп 4 тарауға бөлінген.
Белгілі әдебиетші – ғалым Д.Қамзабекұлының ұлттық ментальдікті түрік, қазақ ағартушылығымен байланыстыруының астарында үлкен мән бар. Ғылыми қолданысқа ментальдік ұғымымен қатар түсе беретін ұлттық менталитетіміздегі ағартушылық мәселесінің орнын анықтау тым терең, күрделі құбылыс екені белгілі. Ғылыми еңбектерден Кеңес үкіметіне дейінгі қазақ халқының сауаттылық дәрежесі 2% болған деген әдейі ұлтты тұқырту үшін алынған деректі Д.Қамзабекұлы ғылыми тұрғыдан жоққа шығарып дәлелдей алған және революцияға дейінгі қазақ халқының әр түрлі дәрежеде арабша, (қадімше, жәдитше) орысша білім алғандарының саны 30% - дан асатынын жазады. Осылардың ішінде орысша білім алғандарының санының тым аз болуы өз алдына мәселе. Қазақ ағартушылығы дегенде ислам дінінің ролін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстанның бұрынғы мүфтиі Ә.Дербісәлі Қазан революциясына дейін қазақ жерінде бала оқытқан, шәкірт дайындаған 2000-н аса мешіт-медресенің болғанын жазады. Ата-бабамыз 10 ғасырдан артық уақыт мұсылмандық жолды ұстанса, қазақ ағартушылығының дінмен байланыстылығының тамыры тереңнен тартылатыны ақиқат қой. Қазақи дүниетаным, психология, әдет-ғұрып, салт-сана бәрінің ғасырлар бойы ислам дінінің ықпалында болып, өзгеріске ұшырап отырғаны шындық. Профессор Д.Қамзабекұлының еңбегінің «Қазақ жәдитшілдігі» тарауын оқып отырғанымызда осындай ойда отырдық және қазақ жәдитшілдігінің ұлттық тамырының қазақ даласын жайлаған исламдық жол, діни-ағартушылық ой-санадан басталатынын да ұғындық. Жәдитшілдік, әрине, жаңа ағым, ескі қадымға, тіпті, қарсы да, бірақ одан қол үзбей, оны жалғастырушы болатыны түсінікті. Талантты ғалым бүкіл Орта Азия мен Шығысқа ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында түгел тараған жәдитшілдік ағымға толық түсінік береді. Бұл ағымның әсіресе Ресей империясының қол астына қараған ұлттар өмірінде ерекше өршіп, өрістегеніне айрықша мән берген ол бұл жолды отар ұлттардың өмірден өз жолын табу, ұлт болып қалу үшін жасаған жанкешті тірлігі болды деп дәлелдейді.
Қазан және Қырым татарларынан бастау алған жәдитшілдік (жәдит араб сөзі, жаңа деген мағына береді) профессор Д.Қамзабекұлының дәлелдеп бергеніндей, қазақ ағартушылығының іргетасы болған және ол қазақ жерінде екі асудан өткен. Бірінші асу- 1890-1911 жылдар, екінші асу – 1911-1920 жылдар. Қазақ жеріндегі жәдитшілдіктің осылайша Алаш қозғалысына ұласқаны аталған еңбекте өте жақсы дәлелденген. Жәдитшілдік-ағартушылық, ал ағартушылық ұлт руханиятының құрамдас бөлігі, сондықтан ұлт ментальдігінің әдебиеттегі өмірін ағартушылықпен байланыстырып іздеу, табу, оны зерттеп-зерделеу барынша төте жол деген ойдамыз. Профессор Д.Қамзабекұлы ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетін ақтарылыстыра-төңкерістіріле тексере отырып ұлттық ментальдікті Шәкәрім Құдайбердіұлы, Нұржан Наушабаев, Нарманбет Орманбетұлы, Мақаш Қалтайұлы, Бекет Өтетілеуұлы шығармаларындағы нақты мысалдармен дәлелдейді. Бұларға қосымша түрік, татар, башқұрт, өзбек әдебиетіндегі жәдитшілдік қоса қарастырылады. Қазақ әдебиетіндегі прозалық шығармалардан А.Жандыбаев пен Ғ.Жәнібековтің туындыларындағы басты мәселе ұлт тағдыры болғаны да дәлелденеді. Бұл ой аталғандардан басқа Шәңгерей Бөкейұлы, Мәшқүр Жүсіп Көпейұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Сералин, Ғұмар Қараш, Міржақып Дулатұлы, Спандияр Көбейұлылардың көркем шығармаларындағы, ғылыми еңбектері мен публицистикасындағы пікірлермен толықтырылады. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің батысқа бетбұруының себеп-салдары профессор Д.Қамзабекұлының дәлелдеп бергеніндей, рухани мұқтаждықтан, бақытты болашаққа ұмтылудан туған халықтың өз қалауымен жүзеге асқан прогрессивтік жол еді. Осы идеяның ғылымдағы, әдебиеттегі көрінісі А.Байтұрсынұлының, Б.Бисенбеновтің, С.Дөнентайұлының, Ғ.Ғалымжанұлының, Ж.Басығариннің т.б. ғылыми мақала, көркем шығармаларымен одан әрі дәлелдене түседі.
Милләт – қазақтың ұлт сөзінің баламасы. Профессор Д.Қамзабекұлы өзі жазған бөлімнің бір тарауын Милләт және милләтшілдік. Көшбасшы бейнесі деп атаса, бұған ден қоюға болады. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ұлт және ұлтшылдық мәселесінің барша қырынан жазылуы заңдылық болатын. Өйткені ХХ ғасырдың алғашқы жылдары ұлт тағдыры сынға түскен тұс еді, қазақ зиялыларының Алаш туының астына бірігіп жүргенінің басты себебі осы болатын. Профессор Д.Қамзабекұлы ұлттық ментальдікті әдебиет өміріндегі ұлт және ұлтшылдық мәселесінің көтерілуімен тығыз байланыста зерттейді. Бұл мәселенің М.Көпейұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Н.Орманбетұлы, Н.Наушабайұлы, М.Қалтайұлы, Ғ.Қараш, Ж.Бөкетұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы т.б. шығармаларындағы әр түрлі қырынан ашылуына, суреттелуіне, бейнеленуіне нақты мысалдар келтіреді. Ұлттық ментальдіктің әдебиетте бейнеленуінің спецификалық ерекшелігін ескеріп отыруда Д.Қамзабекұлы әлемдік гуманитарлық ғылымдар саласындағы тәжірибелерді, әсіресе әлемдік әдебиеттанудың озық үлгілерін үнемі басшылыққа алып отырады. Материалды тауып, саралауда, олардан теориялық қисын-қағидалар тудырып, тұжырымдар жасауда және оларды айта, жаза білуде Д.Қамзабекұлының ғалымдық эрудициясы биік екені байқалып отырады.
«Оян, қазақ» идеясы ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің өн-бойын түгел қамтыған, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы сынды үлкен ақындарымыздан бастап, шығармашылық өкілдерінің барлық буыны араласқан тақырып болды. Бұл тақырыптың көркем шығармалардың ғана емес, ғылыми еңбектердің, публицистиканың да мазмұнына айналғаны тағы да шындық. Талантты ғалым Д.Қамзабекұлы осы мазмұндық мотивті, тақырыпты көркемөнердегі, ғылымдағы ұлттық ментальдіктің белгісі деп қарастырып, дәлелдеген. Әдебиет дүниесінің ішкі мазмұнына қолына шырақ ұстап енгендей ыждағаттылық, зерделіліктің арқасында дүниеге келген бұндай зерттеулердің қазақ әдебиеттануының қомақты табысы болатыны талассыз. Профессор Д.Қамзабекұлы Алаш зиялыларының көркем шығармашылығын зерттеуді Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарындағы қазақ әдебиетін сараптап-саралауға ұластырып жібереді. Ұлттық ментальдіктің табиғатындағы диалектикалық тұрғыдағы өзгерістер, оның сыры мен сипаты ақын-жазушыларымыздың шығармаларынан алынған нақты мысалдармен дәлелденіп отырады.
Қысқасы, кітаптың үшінші бөлімі де алдағы бөлімдердің заңды жалғасы тұрғысынан оларды толықтырған күйде монографияның мазмұнын салмақтандырып тұрған ғылыми-зерттеу еңбек болып табылады.
Әрбір ғылым саласында қоғамымыздың бүгінгі күнгі талап-талғамының үдесінен шығатын «Ұлттық әдебиет және дәстүрлі ментальдік» сияқты ғылыми-зерттеулердің жариялана беруі бүкіл ел мерейі деп ойлаймыз. Ал осындай құнды зерттеудің жарыққа шығуына үлкен азаматтықпен демеушілік жасаған «ҚазГерМұнай» ЖШС-ң басшылары М.С.Кәрім мен Чжицин Юй мырзаларға және осы игілікті істі ұйымдастырған қалалық мәслихат хатшысы И.Құттықожаевқа ғалымдар қауымы атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Бағдат Кәрібозұлы, 
филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры.

ТАНЫМ 14 қыркүйек 2013 г. 3 739 0