КӨНЕ КӨМБЕ СЫРЛАРЫ

КӨНЕ КӨМБЕ СЫРЛАРЫ

Қасиетті Сыр топырағы ежелгі дүние құпия сырларын бауырына терең бүккен құйқалы жер. Қанша ғасыр өтсе де жауабы табыла қойған жоқ. Ғылыми зерттеудің тісі батпаған тұстары көп. Жыл сайын дәстүрлі түрде жергілікті ғалымдар көне көмбелердің кереметін ашуға талпынады. Биыл, мамыр айында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы мен Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетімен біріккен топ Жалағаш ауданы көлемінде экспедициялық барлау жүргізді. Экспедиция құрамына Түркия елінің ғалымдары, профессор Бекир Дениз бен Кенан Яван, «Археология және этнография» ҒЗО ғалымдары Әзілхан Тәжекеев, Рүстем Дәрменов және студенттер Ислам Құрманиязов, Жетесби Сұлтанжан енді. Топта санаулы кісі болғанымен, ғылыми тәжірибесі мол азаматтар қамтылды.

Экспедицияның қос көлігі соқпақсыз даламен ортағасырлық Мортық қала, Шығыс Құмқала мен Құмқала ескерткіштеріне тірелді. Діттеген нысанда аялдап, оның тарихи теренің зерделеді. Деректер көзінде Шығыс Құмқала Алтын Орта дәуірінің үлкен бекінісі деп аталған. Соны айғақтағандай, жердің беткі қабатында түрлі керамиканың сынықтары шашылып жатыр. Осында темір дәуірімен деңгейлес атақты Ұйғарақ және Оңтүстік Түгіскен қорымдары да бар.

Ерте темір дәуірінде Шығыс Арал өңірінің аумағы мен Оңтүстік Қазақстанның оған шектес аудандарын массагет-сақтардың құрамына кіретін этникалық топтар мекендеген. Тарих растағандай, 1960-1963 жылдары М.А.Итинаның жетекшілігімен Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кешенді қазба жұмыстарын Түгіскен жерлеу кешенінде жүргізді.

Ал, 1961 жылы ғалым О.А.Вишневскаяның жетекшілігімен Ұйғарақ қорымында қазба басталып, қатарынан үш жыл бойы жалғасын тапты. Қорым жайлы О.А.Вишневскаяның «Культура сакских племен низовьев Сырдарьи VII-V вв. до н.э.» (1973) еңбегі жарық көрді.

Жалпы, ғалымдарды қола дәуіріндегі көсемдер жерленген Солтүстік Түгіскен қорымы қатты қызықтырды. Қорым Іңкәрдарияның құрғап қалған арнасын бойлай 400 шаршы метрге жуық ауданды алып жатыр. Ол 20-ға жуық ірі және шағын жерлеу құрылыстарынан тұрады. Құрылыстың салыну жүйесі қам кесектерден тұрғызылған және айнала жапсарласқан немесе жанынан топтасқан әртүрлі формалы келген. Қазіргі кейпі үлкен кесенелердің қиранды түрі ғана. Дегенде бір жайт анық, Солтүстік Түгіскен қорымы – Орталық Азия мен Қазақстандағы қабірүсті құрылысының көлемі мен күрделілігі жағынан, сондай-ақ, қабірге салынған байлығымен және молдылығымен қола дәуірінің теңдесі жоқ бірден-бір ескерткіш. Құндылығы ескеріліп, көне көмбенің сыртқы көрінісі суретке түсірілді.

Келесі күні ортағасырлық керемет ескерткіш — Жент қалашығы бетке алынды. Көпке мәлім, «Худуд әл Алам» атты еңбекте Жентті Х ғасырмен мерзімделетін оғыз қалалары ретінде көрсетеді. Бұл қалашық селжұқтар әулетінің алғашқы көтерілу кезеңінде және Хорезм-Оғыз қатынастарының тарихында басты рөл атқарған. Кейін 1220 жылы бұл қалашықты Монғол әскері жаулап, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының Ордасы болады. Ортағасырлық жазба деректерде және археологиялық қазба нәтижелерінде ірі сауда орталығы болғандығы, этномәдени, саяси байланыстардың белгілі нүктесі деп айтылады.

Бұл ескерткіштердің бүгінгі күйі ойланарлық жағдайда. Олай дейтініміз, Ұйғарақ, Түгіскен қорымдарын өткен ғасырда Хорезм экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер алған. Ең бастысы, қазба жұмыстарынан кейін, қажетті тұмшалау жұмыстары жүргізілмей ашық тасталып кеткен. Ендігі мақсат осы қазбалардың сызбасын алып, тұмшалау іс-шараларын қолға алу керек. Жалпы, көне көмбелер шетелдік қонақтарды да қызықтыруы тиіс. Бұл бағытта ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік мол.

Ерасыл ШӘРІБЕК,

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың студенті.
ТАНЫМ 03 маусым 2014 г. 2 003 0