Ұлттың ұлылығы – төл тарихында

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы – терең философиялық толғанысқа толы аса құнды туынды. Екі бөлімнен тұратын мақалада ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт толымды деректермен қамтылып, тарихи-танымдық сананы жаңғырту жолдарына ерекше маңыз берілген.
Ұлт дала кеңістігінің аса ауқымды дерек­тердің мұра­сына айналғанына бұ­рын­ғыдан да көз жеткізе түскендей болдық. Бір ғана Ұлы Жібек жолы тақырыбы төңірегіндегі терең сырға толы тарихи шежіре-деректер қаншама. Ұлы Жібек жолы сауда және мәдениет сала­сындағы байланыстардың трансконтинентальдық же­лісі ғана емес, жаһандану үде­рісінің алғашқы қадам­дарының бірі деп айтуға толық негіз бар. Алысқа бармай-ақ Қармақшы аймағының оңтүстік беткейіндегі асарлар кешенін еске түсірелікші. Ол өзі сырт қарағанда жәй ғана құм төбешік пішіндес үйінді болып көрінгенімен, өз кезінде өркениет орталықтары саналған қорған-қалалар.  
Қармақшы асарларын мәс­­кеулік археологтар 1970-85 жылдардың аралығында егжей-тегжейлі зерттеп, көп­теген ғылыми еңбектер, том-том монографиялық шы­ғар­малар жазғаны белгілі болып отыр. Әр асардың өзіндік тарихы бар. Солардың ішінде ерекше көзге түсетін Алтын асар жөніндегі ғылыми деректер. Қытайдың қола айнасы, Британ түйреуіші, алтын, күміс, тас­тармен өрнектелген алқа, сырға, білезік, сақина, тағы басқа қымбат бұйымдар – археологтардың баға жетпес олжасы. Осылардың барлығын өз көзіммен көріп, оның куәсі болғаным әлі күнге дейін есімде. Онда мемлекеттік құ­ры­лым болған. Асардан та­былған мөр соны айғақтай түседі.
Осынау сыр шежіреге толы қорған-қалаларды кімдер салған. Оғыз, қыпшақтар ма, әлде... бұл жайлы нақты ғылыми тұжырымдар әлі жасалған жоқ.
Елбасы өз мақаласында еліміздің тарихи жылнамасын қамтитын «Архив-2025» жетіжылдық бағдарламасын жасау қажеттігін ерекше атап көрсетті. Мұның өзі ұлт тарихын санаға сіңірудің басты әрі байыпты жолы болып саналары сөзсіз.

Рашид  ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,
журналист, тыл ардагері.
ТАНЫМ 23 желтоксан 2018 г. 817 0