АҚМЕШІТ ТҮБІНДЕГІ ШАЙҚАС

немесе бекіністі кімдер қорғаған?
Қазіргі таңда біздің студенттеріміз пен оқушыларымыз Қазақстанның тарихын кешегі кеңес идеологтарының дайындаған оқулықтары бойынша танып жатыр. Ал бұл оқулықтардағы тарихи оқиғалар басынан аяғына дейін бұрмаланған. ХІХ ғасырдың І жартысындағы оңтүстік өңірдегі Ақмешіт, Әулиеата, Түркістан, Шымкент, Ташкент сияқты қалаларды патша әскерлерінен қорғаудағы қазақтардың рөлі айқындауды қажет етіп келді.
Кеңестік оқулықтарға "Бұл қалаларда Қоқан бектері басқарған өзбектер, сарттар, түркімендер және тағы басқа да Орталық Азия өкілдері тұрған, кейін патша әскерлері келген кезде осы қалалар үшін соғысқан да солар, ал қазақтар болса қалалардың сыртында көшіп-қонып, Қоқан бектеріне алым-салық төлеп, бұл қалаларға еш қатысы болмаған” делінеді. Кеңес идеологтары "бұл қалалар қазақтар үшін мүлдем жат, сондықтан оны кім жаулап алса да қазақтарға бәрібір болған” дегенді санамызға сіңірген. Нәтижесінде қазіргі кезге дейін халық санасында осы көзқарастар үстемдік құруда. Алайда тәуелсіздік алған кезден бастап отандық тарихшыларымыз тарапынан жүргізген зерттеулер және мұрағаттан табылған көптеген құжаттар бұл пікірдің бұрмаланғанын әрі дұрыс емес екенін дәлелдеп отыр. Мәселен, соңғы зерттеулер көрсеткендей Оңтүстік Қазақстандағы Жаңақорған, Жөлек, Шымкент, Түркістан, Ташкент және тағы басқа да қалаларды патша әскерлерінен қазақтар қорғаған. Тіпті, Ақмешіт, Әулиеата, Мерке, Созақ, Тойшыбек, Шолаққорған сияқты бекіністердің қорғаушылары дерлік қазақтардан тұрған. Бұл туралы бірнеше ғылыми зерттеулер жазылған. Өкініштісі сол аталмыш ғылыми еңбектер монографиялар түрінде жарық көргенімен, осы кезге дейін оқулықтарға енгізілмей келеді. Осыған байланысты кезінде кеңестік кезеңде қалыптасқан көзқарастар әлі де догма күйінде қалуда. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы қалалардың ішінен Ақмешіт қамалын қорғаған қазақтардың ерлігіне жеке тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.
Ақмешіт бекінісіне тоқталған себебіміз ол сол уақыттары стратегиялық жағынан өте маңызды қамал болды. Егер патша өкіметі осы қамалды басып алса, онда Ресей империясы Сыр бойына бақылауын орнатып қана қоймай, бүкіл Оңтүстік Қазақстанға емін-еркін кіруге мүмкіншілік алатын еді. Осы мақсатты көздеген патша үкіметі Орынбор генерал-губернаторы В.Перовскийге Ақмешітті қалайда басып алу туралы тапсырма береді. Патша өкіметінің нұсқауын орындауға кіріскен генерал Ақмешітке баратын жолды барлап, оны картаға түсіру үшін 1852 жылы 18 сәуірде топограф Голов басқарған 80 адамнан тұратын әскери топты Сыр бойына аттандырады. Бұл кезде Ақмешіттің қазақтары да патша өкіметі тарапынан қауіп анық төне бастағасын, бірнеше қауіпсіздік шараларын жүзеге асырған. Оны Өзбекстан Республикасының Орталық мұрағатынан табылған құжаттар растайды. Мысалы, осы мұрағаттағы 715 қордың 14-ші ісінде Ақмешіттің елбегі Абдуалидың сұраған көмегіне орай ташкенттіктер 2000 сарбазын жібереді. Оның 400 сарт, ал қалғанының бәрі, яғни, 1600-і қазақтар болған. Құрамында Кенесарының ұлдары Тайшық, Осман, Кенесарының ағасы Саржанның ұлдары Қошқарбай мен Иса жүрген. Алайда көмекке келген ташкенттіктер де, Ақмешіттің қазақтары да патша әскерлерімен мәселені шайқасу арқылы емес, бейбіт түрде шешуді көздеген. Олар топограф Головтың 80 барлаушысын Ақмешіттен 80 шақырым жерден қоршауға алады да, кейін қайтуын талап етеді. Орындамаған жағдайда күш қолданатынын ескертеді. Амалы құрыған поручиктің барлау тобы Қызыл Жыңғыл шатқалына дейінгі жерлерді ғана картаға түсіріп, Райым бекінісіне оралады. Патша барлаушыларының сәтсіз аяқталған жорығына қарамай әрі қазақтардың күшін менсінбеген В.Перовский сол жылы қайтадан полковник И.Бламбергті, үш зеңбірегі бар 300-ден астам әскерді Ақмешіт бекінісін басып алуға аттандырады. 1852 жылы 18 шілдеде Ақмешіт бекінісіне жеткен полковник таң алдында бекініске шабуыл жасайды. Мұрағат құжаттары көрсеткендей бұл жолы да ақмешіттіктерге дер кезінде көмекке келген ташкенттік қазақтар жауға қарсы шабуылға шығады. Орыс әскерлерінің 15 адамын өлтіріп, 57 адамын жаралап, кейін қарай қашуға мәжбүрлейді. Осы шайқастан кейін ташкенттік қазақтардан оңбай таяқ жеп, берілген тапсырманы орындай алмаған полковник Бламберг жолында жатқан қазақтардың ауылдарын шауып, малдарын тонап, Күмісқорған және Шымқорған сияқты кішігірім бекіністерді талқандап кетеді. Бламбергтің бейбіт жатқан қазақ ауылдарын шабуының салдарынан жергілікті халықтың наразылығы күшейген. Перовский Ақмешітке келесі жорығын жасамас бұрын оған баратын жолда жатқан қазақтардың көтерілісінен қорқып, әскери жағынан маңызды болмаса да Қазалы аңғарында №1 форт, Қармақшыда №2 форт, Күмісқорған бекінісінің орнына №3 форттарды тұрғызады. Сондай-ақ, екі жорықтан мықтап сабақ алған ол үшінші жорыққа жан-жақты дайындалып, Ақмешіт бекінісінде орналасқан әскерлердің саны мен құрамы, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтар туралы, Орта Азия хандықтарының саяси жағдайы, Сыр бойындағы қазақтардың патша билігіне деген көзқарасы және тағы басқа да мәліметтер жинастыру үшін тыңшыларын Сыр бойына жібереді. Тыңшыларынан Қоқан ханы мен Ташкент бегінің арасында билік үшін соғыс басталғанын, Ақмешітті қорғауға келген сарбаздардың қайтадан Ташкентке қарай аттанып кеткені туралы мәлімет алған Перовский 1853 жылы 22 сәуірде 3 мыңнан аса әскерді бастап жорыққа шығады. Сақтық шараларына мұқият назар аударған ол жорық кезінде әскердің жолында орналасқан қазақтар қарсылық жасауы немесе құдықтардың көзін жауып, түйелерін жем-шөпсіз қалдыруы мүмкін деген қауіппен қазақ ауылдарына әскердің жол бағытына көшіп-қонуға тыйым салады. Перовскийдің бұлайша алаңдауы шындыққа жақын еді. Өйткені, Сыр өңірінің қазақтары өздерін жаулауға шыққан патша әскерлерінің жорығына барынша зиян келтіріп, оны әр түрлі амалдармен тоқтатуға тырысқаны жөнінде мұрағат құжаттарында көптеген мәліметтер кездеседі. Мысалға, мұрағат құжаттарында патша әскерлері қазақтардан ақшаға түйелеріне жем-шөп, болмаса азық-түлік сатып ала алмағаны немесе Ақмешітке баратын оңай жолды көрсетуден бас тартып отырғаны жазылған. Сол үшін Перовский қыпшақтардың биі Досболды біліп тұрып жол көрсетпедің деп жазаға тартқан. Тіпті патша әкімшілігіне адал қызмет атқарып, хорунжий атанған жаппастардың биі Жаңғабылдың өзі қыпшақ, табын, әлім, алтындардың билеріне Ақмешітті орыстардан қорғайық деп хат жазған. Оның хаттарының бәрін патша әкімшілігі қолдарына түсіреді. Перовский бұл әскери іс-шараға жоғары деңгейде дайындалғаны соншалықты, оған сол уақыттағы орыс әскерінің барлық түрлері: жаяу әскер, атты әскер, зеңбірек батареялары, инженерлік топ, саперлік бөлім, казактар және әскери флотилияны кіргізеді. Ақмешітке жеткен Перовский бастаған патша әскерлері бекініске тіке шабуылға шығуға бата алмай, қоршауға алып, батареяларды орналастыру үшін оның жан-жағынан траншеялар қазады. Бекіністі қорғаушыларға сырттан көмекке әскердің келмеу амалын қарастырған Перовский Жаңадариядағы тоспаны бұзып жібереді. Кейін орыстардың осы амалы өз-өзін ақтайды. Өйткені, Ақмешітке көмекке келе жатқан ташкенттіктер дәл осы тоспадан жайылған судан өту үшін өткел іздеп, уақыттарын босқа өткізіп алады.
Жорыққа алып шыққан әскердің азық-түлігі санаулы күнге ғана жететін болғандықтан, бекіністі қоршау арқылы бағындыру жоспары іске аспайды. Қалыптасқан жағдайды талдаудан өткізген ол енді шешуші шабуылға көшпесе, онда жағдайының мүшкілге айналатынын біліп, 1853 жылы 8 шілдеде барлық батареялардан бекініске қарай оқ жаудыруға бұйрық береді.
Бекіністі қорғаушылар жау күшіне төтеп беріп, қарсы шабуыл жасады. Олардың ерлігіне Перовскийдің өзі де таңғалып, Булгаков деген досына жазған хатында "бекіністегі 300 адамды өз еркімен берілуге мәжбүр ете алар емеспін” деп мойындайды. Осылайша Ақмешіт бекінісін қорғаушылар өз күштерінің әлсіздігіне қарамастан, орыс әскерімен үш аптадан аса аянбай соғысып, ақыры оқ-дәрісі таусылған соң амалсыздан беріледі. Ақмешітті қорғаушылардың осыншама уақыт бойы күші басым жауға қарсылық көрсетуі, олардың сол жердің қазақтары болғандығын дәлелдеп отырған жоқ па? Кеңестік тарихнамада көрсетілгендей Ақмешітте тек Орталық Азия халықтарының өкілдері соғысса онда олар нақты қатер төнген кезден бастап-ақ бекіністі тастап қашып кетер еді. Оған нақты мысал Түркістан қаласы үшін шайқас бола алады. Түркістан қаласын қорғау кезінде Мырзадәулет бастаған сарттар жеңіле бастаған кезде, Кенесарының ұлы Сыздық төре бастаған қазақтардың көмекке келуін күтпей-ақ, бекіністегі қазақтарды тағдырдың тәлкегіне тастап қашып кеткен болатын. Соның өзінде де қазақтар Түркістанды жауға бермей бәрі де қаза тауып, Сыздық төре болса бекініс сыртында соғысып, ақыры ішке кіре алмай амалсыздан кейін қайтқан еді.
Ал Ақмешітті қорғаушылар болса дерлік қазақтардан тұрғандықтан, олар ұзақ уақыт бойы өздерінің туған қаласы үшін шайқасты. Сонымен қатар, Ақмешітті қорғаушылардың қазақтардан тұрғанын мұрағат құжаттары дәлелдей түседі. Перовскийдің жоғары жаққа жасаған мәліметінде Ақмешітті қорғау кезінде өлгендердің бәрін қоқандықтар деп атаған. "Тұтқынға түскен 74 қорғаушының біреуі ғана бұхарлық саудагер, ал қалғандарының бәрі де сол жердің қазақтары” дейді. Осы мәлімдемеде ауыл ақсақалдарынан орыс билігіне қарсы шықпаймыз деген уәдені алған соң жергілікті халықпен тіл табысу мақсатында олардың бәрін де жақын маңдағы ауылдарына қайтарғанын хабарлайды. Бұдан шығар қорытынды егерде тұтқынға түскендердің бәрі қазақтар болса, онда бекіністі қорғау кезінде қаза тапқандардың бәрі де немесе басым бөлігі қазақтар болуы әбден мүмкін. Дегенмен, Ақмешітті патша әскерлері басып алса да соғыс аяқталмаған. Мұрағат құжаттары көрсеткендей Ташкент, Түркістан, Созақтағы қазақтар Қоқанмен соғысып жатқанына қарамастан, оны азат ету үшін бірнеше рет жорықтар жасаған. Мысалы, 1853 жылы 24 тамызда Ташкенттен Сәбден қожа бастаған 7 мың Ұлы жүз қазағы мен 700 хиуалық (негізін қабақ Әзберген би бастаған шектілер құраған) қазақтар Ақмешітке шабуыл жасайды. Өкінішке орай, олардың Ақмешітке жасаған жорығы орыстарға көп шығын әкелсе де жеңіліске ұшырайды. Оның себебі Сәбден бастаған қазақтарға Худояр хан бастаған сарттар мен өзбектердің ешқандай көмек бермеуінде жатса керек. Сол жылы ташкенттіктер Ақмешітті қайтарып алу жолында тағы да әрекет жасап көреді. 24 қарашада басталған жорықты Ташкент қазақтары Софы бек пен мыңбасылар Қасым мен шанышқылы руынан шыққан Мәмбет басқарады. Жорыққа түйелерге жегілген 17 зеңбірегі бар 10 мыңнан аса адам қатысып, 4 желтоқсанда олар Жөлекті басып алады да, 14 желтоқсанда Ақмешіттің түбіне келіп орналасады. Бұл жолы да ташкенттіктерге Қоқан тарапынан көмек берілмейді. Шайқас кезінде ташкенттіктер тағы да ауыр жеңіліске ұшырап, 2000 адамынан өлідей айырылса, орыс әскерлері тарапынан 18-і оққа ұшып, 38-і жараланады.
Осы жеңілістен кейін олар Ақмешітті қайтарып алуға әрекеттенбей, қорғанысқа көшеді. Осылайша Перовский бастаған орыс әскерлерінің Сыр бойына жасаған басқыншылық жорығы Ресей империясы үшін әскери стратегиялық және саяси-экономикалық жағынан аса маңызды болды. Орыс әскерлерінің Ақмешітті басып алуы Ресей империясының иелігіне 500 шақырымдық жерді қосып қана қойған жоқ, енді бүкіл Кіші жүз қазақтарының жайлауларымен бірге қыстауларына да бақылау жасауға мүмкіндік берді. Ақмешіт түбіндегі шайқас қазақ тарихының ақталмай жатқан болмашы ғана бөлігі. Ал оның ашылмаған немесе әлі де зерттеуді қажет ететін тұстары қаншама?!
Бақытжан ЖҮРСІНБАЕВ,
Айтжан ОРАЗБАҚОВ,
Бауыржан ЕҢСЕПОВ,
Уәлихан ИБРАЕВ,
тарихшы-ғалымдар.

ТАНЫМ 19 қазан 2013 г. 4 673 0