ТҮС НЕМЕСЕ БАЗАР ҚОЖА ХАҚЫНДА

Қазалыдағы Бекарыстан би ауылында жатқан Базарқожа баба туралы аңызға бергісіз әңгіме ел арасында жиі айтылады. Оның талай кереметтерін білген жұрт баба басына жиі тәу етеді.
Бірде жақын ағайыным өзінің бала күнінде басынан кешкен жайды баяндады. 
– Мектепке бармаған кезім. Білмеймін, үлкендердің айтуынша лас, жаман жер басқандыкі ме, әлде басқа ма әйтеуір медицина түсіне бермейтін дертке шалдықтым. Түн ішінде түс көрем. Үлкен бір трактор басатындай жақындап келеді.  Мен қорқып, шырқырап жылап оянам. Үлкен шешемді «апа» дейтінбіз. Өзің білесің, ол сол бабаның ұрпағы, яғни қожаның қызы. Сол апамның жанына ұйықтайтынмын. Әлгіндей жағдай күнде қайталанады.  Апам білген дұғасын оқып далаға алып шығатын да, мен де шыққан бойы кіші дәретімді шығарып, оның шашырындысы аяғыма тигенде  селк етіп есімді жияды екем. Апам қайта жуындырып, жылы төсекке жатқызады. Баламын ғой, күндіз ойнап жүріп ұмытып кетем. Түнде қайтадан сол шошып ояну, сол түс. Есім кіресілі-шығасылы. Тек жылай берем. Осылай біраз уақыт өтті. Апам шыдамады білем, көрші ауылда тұратын туған әке-шешеме хабар салды. Ананың аты қашаннан ана емес пе, ертеңіне-ақ жетіп келген. Келе Қазалы, Арал аралатып, тамыр ұстайтын тәуіп, бақсы-балгер, әйтеуір көрсетпеген емшісі қалмады. Соңында Қазалыдан бір емші қария «ауылдарыңа жақын жерде жатқан атақты, әулие кісі бар. Яғни өз аталарың. Баланы сонда түнетіңдер» деген көрінеді.
Шешем екеуміз кейін қайттық. Апам емшінің сөзін естіген соң бірден «Базар атам басына барамыз, дайындалыңдар» деді. Кешке керек-жарағымызды арқалап, жаяулап атаның басына тарттық. Ауылдан 10 шықырымдай жерде орналасқан Базарқожа басына күн батпай жеттік. Апам, әкем, шешем, сосын мен.
Хош, сонымен сол күні біз бабаға арнап салған түнеухана ішінде жаттық. Біразға дейін елегізіп жатқаныммен ұйқы жеңді. Түс көріппін. Жалғыздан-жалғыз үй сыртындағы арықта шомылып жүрмін. Судан шыққым келмейді. Өңімде ол  каналға шомылмақ түгілі, жақындауға қорқатынмын. Ертеңіне апама түсімді айтып бердім.  Ал әкем болса  түсінде бiреулермен алысып шығыпты. Бірде жеңген, бірде жеңілген. Апам бұған үндемеді, қабағын шытты да қойды. Бәрінен де шешемнің түсі әсерлі әрі қорқыныштылау болып шықты. Түс деуден гөрі тап бір өңінде болған сияқты. 
– Түн жарымында оянып кеттім, – дейді шешем сонда. – Әрі қарай көзім ілінбеді. Әлдене түнеухананың сыртқы есігі жағынан тысыр еткендей болды. Аяқ дыбысы естіле ме? Тұрып қарасам. Шашы жалбыраған кішкентай қыз. Түн жарымында мынадай айдалада не қылған қыз бұл деп ойлағанымша болмады, маған жақындай түсті. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз секіріп келіп, екі иығымды баса мені құлатпақшы. Дереу күшімді жинап, құламауға тырысып, өзін кері итердім. Сөйткенше болған жоқ, әлгі қыз ғайып болды. Апам бәрімізді тыңдап болды да, тағы да үндемеді. Қайтуға жиналдық. Ауылға келген соң, апам мені шешеме қосып, Қазалыдағы тәуіп шалға қайта жіберді. Бабаның басында болғанымызды, көрген түсті түгелдей айтуды қадағалап тапсырды. Біз жолға қайта шықтық.
Шешем келе тәуіпке көрген түсімізді санамалап айтып шықты. Қабағы түксиген қара шалдың көзі қорқынышты еді. Тыңдап болған соң:
– Күйеуің іше ме? – деді. Шешем қипақтады. Әкемнің ішетінін мен де білетінмін. Шал жауап күтпестен сөзін жалғады. – Күйеуіңнің түсінде алысып жүргені, арақтың кесірі. Оларды жеңгені, демек келешек ащы суды біржола доғарып, дін жолына түседі. Ал баланың суға шомылғаны,  тазаланғаны, енді ұйқысы да тыныш болады. Дерттің бетін қайтарған Базарқожа бабаларыңның рухы. Бұл дертті жазудың кілті менде емес, сонда жатқанын білдім. Ал, саған қөрінген әлгі  қыз, жын болатын. Егер ол қыз ұмтылып сені құлатқанда балаң өмірбақи сол дертпен кетер еді. Алла қалап, бабаларың  қолдап, сен оны жеңдің, – деп әңгімесін аяқтады. Міне, содан бері көп жыл өтті. Аллаға шүкір, бабаның басына қонып, дертіме шипа тапқан осы бір оқиға есімнен кетпейді. Содан кейін шешем «Сауда атам» дейтін, былайғы жұрт Базар Қожа атайтын аруақты кісі туралы үлкендерден шежірелі әңгімелер де есіттім, кітаптар да шықты. 
Базарқожа баба ХVІІІ ғасырда өмір сүрген кісі. Қылыш бабаның Әззер деген ұлынан тарайтын оның шын аты – Ыбырайым екен. Жаугершілік заманда қазіргі Қызылорда қаласының маңын мекен еткен Әззер ахунның ауылын хиуалықтар шабады. Сол шабуылда 12 жасар Ыбырайым тұтқын боп кетеді. Көп ұзамай бала Қазалы өңіріндегі қаракесек руының атақты байы Шойдың қолына түсіп, ол баланы қой соңына салып қояды. 
Бала Ыбырайым қой бағып жүрсе, байдың кішкене тәлпіш екі қызы баланың басынан жанып тұрған шырақты көрдік дейді. Екі қыз көргенін бәйбішеге айтып, шешелері баланың басындағы бөркін шешсе, басында айдары бар екен. Ерке қыздары үшін баланың жылағанына қарамастан, шешесі жарқыраған айдарын кесіп алғанға ұқсайды. Сол күні бала да жылай-жылай ұйықтап қалады. Бәйбіше сол күннен бастап қол-аяғы тартылып, жаны кетіп ауырады. Дәулеті тасып тұрған бай жан-жақтан емші-бақсыларды жинағанмен, ем қонбаса керек. Сол кезде үш жүзге пір болған, Тәуке ханның тұстасы Мүсірәлі қожаның баласы Қосым қожаға хабар жіберіледі. Аттанған хабаршы Қосымды әкеле жатса, алыстан қой бағып жүрген баланы көзі шалады. Баланың басынан шырақ жанып тұр. Қосым қасындағы серіктеріне бұрылып:
– Анау бала тегін емес. Басынан шырақ жарқырай ма? Сендерге көріне ме? – деп сұрапты. Серіктері басын шайқайды. – Онда балаға бұрылайық.  Бала да аттылардың алдынан шығып сәлемдеседі. Қосым баланың астындағы тайдың ақсақ екенін байқап, әдейі сынамаққа, жарысуға қолқа салады. Баланың астындағы ақсақ ала тай сонда аруақтанып, ауылға қарай бірінші келген. Содан кейін бұлар жөн сұраса келе, бала әкесінің Әззер екенін, сүйегі Қылыш қожа екенінен хабардар болады.  Бай бәйбішесінің ауруының кілті осы балада жатқанын түсінген Қосым қожа байдан қой соңынан босатып, өзіне бір бала етіп асырап алуды бұйырып, сол елге қожа етіп кетеді. Тегін адам тек жатпайды, әйтеуір оның бір қасиеті, наласы соғатынын бай да түсінсе керек, келісіпті дейді сонда көнекөз қариялар. Қосым қожа айтты дейді сонда, «Біз қожа деген халықтың пешенесіне елге иман мен дін хақын түсіндіру жазылған. Жан-жақта жүретініміз де сондықтан. Сен енді осы елге қожасың! Өзіңді иең базарлап жүріп қолға түсірген екен, сенің ендігі атың «Базарқожа» болсын» депті. Ыбырайым аты осылай ұмытылып, Базарқожа аталған. Сол заманда көріпкелдікті сынаудың бір тәсілі болса керек, Қосым атамыз аттанар алдында балаға байдың көп сиырының ішінен біреуін көрсетіп, «осы құнажын буаз ба, буаз болса ішіндегі бұзау қандай?» десе, Базарқожа бабамыз «иә, буаз, ішінде меңсіз қара бұзауы бар, көп ұзамай  бұзаулайды» десе керек. Айтқаны айна-қатесіз келген. 
Қосым қожа батасын берген Базарқожаның емшілік, көріпкелдік қасиеті жөнінде кеңінен таралған әңгімелер көп-ақ. Көріпкел, әулие, тарыққанға, қиналғанға аян беретін киелі, аруақты адам болған. Дүние-мүлікке қызықпаған. Ел арасында үлкен сенімге ие болып, қарапайым күн кешкен. Дүниеден көшер алдында балаларын жиып, өзінің мәңгілік жатар жайын қарабайыр төрт құлақ етіп салуды бұйырған. Бірақ баба дүниеден қайтқан соң балалары бейітті күмбезден тұрғызған көрінеді. Бейіт қалай салынып бітті, солай таң ата көк қошқар ғайыптан пайда болып, үлкен мүйізімен сүзіп құлатып кететін көрінеді. Осы жағдай екі-үш рет қайталанады. Амал жоқ, балалары аруақты әкенің айтқанын істеп, басын төрт құлақ етіп тұрғызған. Құдіреттілігі сол, екі ғасырдан астам уақыт өтсе де әлі құламай, қаз-қалпында тұр. 
–  Өзім мына кереметке таңғалдым, – деп ағам сөзін жалғап. – 2004 жылы баба ұрпақтары басына үлкен ас беріп, биік ескерткіш-кесене тұрғызды. Үш мыңнан астам халықтың алдында сонда бабаның бейнесі ақ жылан болып көрініп, қорымнан шықты. Базарқожа бабамыздың өз бейітінен шыққан жылан, кесененің басқышымен өрмелеп, басын тік көтерген бойы елмен сәлемдескен. «Аруақ! Аруақ!» деп шуласты халық. Ақ жылан сол бойы қайта төмен түсіп, қорымға қайта кірді. Сондағы ел көрген ғажайыптың тегін емесін білдік. 
Иә, Базарқожа баба өзіне тәу етіп келген ұрпақтарын әлі де жамандықтан қорғап, аурудан жазылу жолдарын нұсқайды. Оған еш күмән болмасын. 
Ержан ҚОЖАСОВ, 
№67 орта мектеп директорының орынбасары.
Арал ауданы.

ТАНЫМ 05 сәуір 2014 г. 3 846 0