ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІНШІ БЕЙБАРЫС

ҚАЗАҚТАН ШЫҚҚАН ЕКІНШІ БЕЙБАРЫСҚат-қабат күйкі тірлік пен сықиған қызметтің арасынан саңылау тауып, қолтелефонымдағы фейсбукқа да сығалап қоям. Өзім бірдеңе жазып қарқ қылмаймын, бірақ жұрттың жазғанына көз жүгіртем. 
Әлем жаңалықтарынан бастап ауылдағы екеуара әңгімеге дейін алдыңа тізіп беріп отырған "фб”-ның белсенді авторлары бар. Енді ештеңе таба алмаса, қарындастарымыз өзінің әр түрлі суретін салып, "күлгенім  сұлу ма, жылағаным сұлу ма...” деп басқалардың назарын аударғанды місе тұтады. Бір саусақпен сүйкеп жібересің, арзан сөздер зырылдап жоқ болады. Ал, көңліңді ерекше күйге бөлейтін жазбалардың жөні бөлек.
Мен мына төмендегі мақаланы астаналық Ғани Жәпішев дейтін азаматтың жеке парақшасынан кезіктірдім. Ұлттық рухты көтеретін осындай деректі іздеп тауып, көпке жариялағаны үшін өзіне алғысымды да білдірдім.
Абдолла қажы атамыз жөнінде жазылған осы мақаланы мен алыс ауылдағылар оқысын деген ниетпен "Сыр бойына” көшіріп басуды жөн көрдім.
***
Абдолла қажы Сарыұлы Әл-Бұқари  – қазақтың екінші Бейбарыс сұлтаны. Араб елінде Бейбарыс сұлтаннан кейін, Сауд елі патшасының оң қол уәзірлігіне және Мекке қаласының әкімі лауазымына дейін көтерілген, қасиетті Байтолланың үстіне жамылған кілемді алмастыру бақытына ие болған қазақ, Сауд-Арабия еліне «Еңбегі сіңген генарал», министр дәрежелі әскери басшы. Сонымен бірге  түркі, қазақ жұртына танымал қажылардың қамқоры, Моңғолиядағы Баянөлгей орталық мешітін салдырған ұлтшыл азамат.
Абдолланың өз есімі  – Шәкен Сарыұлы. 1927 жылы Қытайдағы өр Алтайдың Шіңгіл ауданында туған, Орта жүз Керей ішіндегі Сарбас руынан. 1940-жылы қазақты қынадай қырған дұңған Мафуфаңның талауына түсіп, 13 жасында туған елінен айырылып, саудагер ұйғырға сатылып кеткен. 1941 жылы сол ұйғырмен бірге Сауд-Арабияға барып, сонда қалған. Міне, осылайша Бейбарыстың тағдырын қайталаған тағы бір алып тұлға өмірге келді.
Әкесі Сары атасы  Үрзікенің қол астында  балуан, батыр, өжет мінезді, елпек болып, ағасы Буратайдың ел басқаруындағы бас қолғанатына айналған. Әкесі Сары Үрзікеұлы, кең иықты, қапсағай денелі, Буратай ауылының 500 жылқысын шырғасын шығармай қайыратын мықты палуан екен.
Анасы Зәуке  – Керей, Жәнтекей ішінде  Тасбике, атақты Әліп батырдың немере туысы Құсайын Тәйжінің қызы.  Қоңқақ мұрын, сарғыш келген, биік бойлы, қайратты да мығым әйел болған. Жастайынан еркекше киініп, жылқы баққан екен.
Әйелі Замзия  – араб қызы. Ұлдары  – Байсал, Адынан, Әділ. Қыздары  – Нәдия, Әбдісәм, Сәмия, Әриш. Бұрынғы әйелінен туған бір қызы болған, есімі белгісіз.
Шәкен Сарыұлы 1941 жылы асырап алған ұйғыр әкесімен бірге Сауд-Арабия еліне келген.  1942 жылдан бастап Мекке қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленген.
1946 жылы Мекке қаласындағы Мемлекеттік әскери университетке қабылданады. Шәкен оқу бітіргесін Мекке қаласында жол сақшысы болып істеген. Кейін Шекара Қорғаныс армиясында, Шекара Қорғанысының  есірткімен күрес бөлімінде маңызды қызметте болады. Екі рет мемлекет тарапынан марапатталған. Атап айтқанда, «Ерекше еңбегі үшін» марапаты мен «Мемлекетке еңбегі сіңірген генерал» атағы беріліп, Министр дәрежелі әскери қызметкерге айналады. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Мекке қаласының әкімі міндетін 10 жылға таяу атқарған, кейін Сауд патшасының көмекшісі, уәзірі қызметіне дейін көтерілген. 1992 жылы зейнетке шығып, туған жері Баркөл Қазақ Автономиялы ауданына барып, ағайын арасында болған екен. 
Өз өмірінде 39 мәрте қажылық еткен  Шәкен қажы Сарыұлы 2000 жылы Сауд-Арабияның Жидда қаласында 73 жасында дүниеден өтті.
***
Қайран қазағым-ай, өзге елде сұлтан болса да, өз топырағына тәу етіп кеткен асылдарым-ай. Біздің халқымыздың ұлылығы да бұл!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.
ТАНЫМ 22 наурыз 2014 г. 1 208 0