НАУРЫЗ КӨЖЕ

НАУРЫЗ КӨЖЕ
(аңыз)

Бұл аңыз заман аттап, бізге жеткен,
Келеді ел жадында ертеректен.
Өтіпті Наурыз атты дәулетті қарт,
Жан екен туымы бөлек асыл тектен.

Қоныпты ырыс-дәулет қанасына,
Болыпты ел-жұртының данасы да.
Қолы ашық, пейілі кең адам екен,
Айналған кем-кетіктің панасына.

Жомарт жан, мейірімді, кең болыпты,
Дуалы әр лебізі ем болыпты.
Бәрі кем бірі кемнің дегендейін...
Наурыздың бір керегі кем болыпты.

Дәулетті болса-дағы байлығы асқан,
Көрмепті қиыс қылық қас пен достан.
Күн өтіп, жасы егде тартқан сайын,
Егіліп, қарт еңсесін қайғы басқан.

Еңсегей келбеті де нар болатын,
Ұлағат ұстанғаны ар болатын.
Күн сайын қайғы суын кеше берді,
Өйткені бір перзентке зар болатын.
НАУРЫЗ КӨЖЕ
Болғанмен артында іні, алдында аға,
Татымай бар байлығы бір балаға.
Толғанды бір ескерткіш тастауды ойлап,
Ат-есімім қалмайды-ау деп бара-бара.

Қиялдап сан талапқа оқталыпты,
Жыл келіп, бір кесімге тоқталыпты.
Сөйлепті Алла атынан әлеуметке,
Жиып ап елі-жұртын – топ халықты.

– Алла, – деп жұртты өзіне қаратыпты –
Пірім ең Шашты Әзиз Баба Түкті.
Шашыпты бар байлығын көже астырып,
Табанда тамам елге таратыпты.

Дей алмас мұны ешкім жалған екен,
Бұл ырым иманды елге арман екен.
Істейтін наурызкөже жыл басында,
Дәстүр боп мұсылманға қалған екен.

Өтеген ЖАППАРХАН.
ТАНЫМ 22 наурыз 2014 г. 2 275 0