ТҮБІ БІР ТҮРКІНІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІ

ТҮБІ БІР ТҮРКІНІҢ ТӨЛ МЕРЕКЕСІБиылғы қыстың қаһары қатты, қары болған соң ба, Наурызды жұртшылықтың айрықша күткені байқалады. Ауылдарда "Самарқанның көк тасы еріді” деген күннен бастап көрші-қолаңға наурызкөже беру басталып кетті.
Күллі түркітілдес елдердің төл мерекесі "Адамзаттың мәдени мұрасы”  атанып, 2010 жылы ЮНЕСКО мұраларының тізіміне енді. Біріккен Ұлттар ұйымы бұл күнді «Халықаралық Наурыз күні» деп бекітті. 
Қазақ халқының Наурызды атап өтуінде терең мән-мағына, тәрбиелік өнеге жатқанын білеміз. Осы күнді дәл біздей күтіп, қарсы алатын, атап өтетін бауырлас елдердің дәстүрлерінде қандай ұқсастықтар мен ерекшеліктер бар? 
Түбі бір түркітілдестердің көпшілігі Ұлыстың Ұлы күнін атап өткенмен, әрқайсысының өз салты, атауы бар. Ежелгі тәжіктер «Наурыз» сөзін «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «наусарджи», татарлар «нардуган», буряттар «сагаан сара», соғдылар «наусарыз» деп түрліше атаған. 
Әзірбайжан туыстар Новруз Байрамын ерекше атап өтеді. Сол күні барлық жұмысты тоқтатып, көңіл көтереді. Байрамның бірінші күнінде адамдар ерте оянуға міндетті. Ертеде ауыл маңындағы өзен-бұлақтарға барып, бір-біріне су шашысып ойнау дәстүрі болған. Мұны жаңа жылды, жаңа күнді таза ниетпен қарсы алу деген наным бар. 
Бұл күні дастарқандағы ас мәзірінің де мәні зор. Дәстүр бойынша әрбір отбасы дастарқанға «с» әрпінен келетін жеті түрлі тағам түрлерін қойған.Ол «сумах», «скэд» (аудармасы сүт дегенді білдіреді), «сирке» (сірке суы), «семени» (арнайы бидайдан жасалған ботқа ), «сабзи» (түрлі аскөк және т.б.). Оған қоса дастарқанға айна қойылады екен. Бұл ерте заманғы аңыздарда айтылатын "жер шары алып өгіздің мүйізінде орналасқан” дегенге байланысты болса керек. Жыл бойына жер шарын қайыспай көтерген өгіз жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне лақтырып, орнын ауыстырғанда айна қозғалады. Бұл – жылдың келгенінің белгісі.  
Әзірбайжандықтар Наурыз мерекесіне әзірлікті ескі жылдың соңғы сәрсенбісінен, яғни «ахыр чершенбеден» бастайды. Тазалық жұмыстарын жүргізіп, марқұм болған жақындарына дұға етеді. Бірінші күні әзірбайжандықтар ең алдымен бал немесе қант жеп, үйлерін жұпар иісті түтінмен тазалайды. Содан соң дастарқан жайып, бір-бірін қонақ етеді. Біздің наурызкөжеге ұқсас «иеди-лиевин» деген тағамды пісіреді. 
Қырғыз туыстар да наурызкөжесін пісіріп, дастарқанын жайып, ағайынның басын қосып, мәре-сәре болады. Бір қарағанда біздің халықтың тойлау дәстүрінен өзгешелігі байқалмайды. Тек бұл күндері наурызкөже – «чон кеже» мен «кәвут» дәстүрлі тағамдары әзірленеді.   Нооруз күні дүниеге  келген балалардың есімін Ноорузбай, Ноорузгул деп қойған. 
Түркіменстандағы Новрузда дастарқанға бидай сабағынан дайындалған «семене» қойылады. Мұнда ескі жылда атқарылуы тиіс жұмысты жаңа жылға қалдырмау қағидасы бар. Дайындық 5-6 күн бұрын басталып, мұнда да тазалыққа, аста-төк тағамдар әзірлеуге мән беріледі. Ең алдымен нан пісіріліп, содан кейін ғана басқа тамақтарды кезекпен әзірлейді. Дастарқан мол болса, алдағы жылы молшылық болады деген сенім бар. 
Қоңсы жатқан Өзбекстан халқы Навруз мейрамына әзірлікті ерте бастайды. Су келетін арықтарды қоқыстан тазартып, ағаштардың түбін әктейді. Мереке әр махалләдағы шайханада аталып өтіледі. Сумәләк пен ханпалау әзірленіп, қайырымдылық шараларын жасайды. Халық келесі жылдың қандай болатынын үйге келген алғашқы қонақтың қабағына қарап болжайды. Қонақ көтеріңкі көңіл-күйде келсе, жыл берекелі болады деп ырымдайды. 
Иран жұртының дәстүрінде жаңа жыл кірмес бұрын дәнді дақылдарды өсіріп, солардың өскінімен үйлеріне әшекей жасайды. Бұл үйден тоқшылық кетпесін дегенді меңзейді. Өскінді үйде 13 күн ұстап, содан кейін өзенге ағызады. 
Бұл елде де ескі жылдың ақырғы сәрсенбісінде үлкен от жағылып, мұны жаңару белгісі деп қабылдайды. Жаңарудың тағы бір белгісі, бұл күні адамдар жаңа киім  киюге міндетті екен.  Жаңа күн туғанда ақсақалдар жастарға күміс немесе алтыннан жасалған тиын береді. «Айди» деп аталатын бұл дәстүр үлкендердің жолын жалғаған ұрпақ көп болсын, жасына жас қоссын деген тілектен туған. 
 Түркияда Наурыз – «Сұлтан Наурыз» деп аталады. Жергілікті халықтың сенімі бойынша күн теңелетін түні белгісіз уақытта аяғындағы білезікті сыңғырлатып, кесте тоқи отырып, ғажап сұлу қыз батыстан шығысқа қарай аспанды кесіп өтеді. Кейбір аңыздарда құс киімін киген жігіт деп те айтылады. Сұлтан Наурыз уақытын көрген адамдардың тілегі қабыл болады деген сенім қалыптасқан.
Түбі бір тәжік туыстар да бұл күні суманақ әзірлеп, барлық бауырластары сияқты тағамның мол болғанына мән береді. «Хадир айиам», яғни үлкен мерекеде дастарқан ұн мен еттен жасалған тағамдарға толы болуы керек. Суманақты дайындау бір апта бұрын басталатын көрінеді. Дәл мерекеге әзір болған тағамға бірінші құран оқылып, содан кейін туған-туыс пен көрші-қолаңға таратылады.
Ұлыстың ұлы күнін тарихы мен тағдыры, тілі мен діні бір түркі халықтарының барлығы да бір тілекпен қарсы алатыны анық. Ол – өткенге салауат айтып, ертеңге үмітпен қарау. Өкпе-ренішті ұмытып, жаңа күнді жақсы ниетпен қарсы алу. Наурыз мейрамы, Новруз Байрамы, Нооруз майрамы, Сұлтан Наурыз құтты болсын. 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ТАНЫМ 22 наурыз 2014 г. 1 301 0