БАТЫР БАУКЕҢНІҢ ҰРПАҚТАРЫ ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАР

1987 жылы жаз айында жерлесіміз, белгілі жазушы Дүкенбай Досжанов еліме есеп беремін, қасыма серік болыңыздар, Сыр елін көріңіздер деп Баукеңнің ұлы Бақытжан мен келіні Зейнепті ертіп Қызылордаға келді. Мен ол кезде қалалық партия комитетінде идеология саласының хатшысы едім. 
Қонақтарды қарсы алу, елмен кездестіруді ұйымдастыру, олармен бірге болу облыс бойынша ол кезде облыстық партия комитетінің Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Әбдіжәлел Бәкірге, қала бойынша маған тапсырылды.
Аты аңызға айналған Батыр Баукеңнің ұрпақтары келеді деген хабар құлаққа тиісімен, олармен Сыр елінің жұртшылығын кездестіруге себепші болған жерлес жазушымызға рахмет айта отырып, кездесулер бағдарламасын қызылордалықтарды Баукеңнің ұрпақтарымен кездесуіне мол мүмкіндік беру мақсатында кең ауқымда жасадық. Өйткені Баукеңнің ұлы тұлғасының шындығы халық арасына әлі жетпей жатыр еді. Басқалардан Баукеңнің біз білетін ерекшеліктерін теріп шықсақ: бүкіл қазақтың ішінде фамилиясын қазақша ататегімен жазған бірден-бір қазақ, Ұлы Отан соғысындағы ерлігіне батыр атағы ресми берілмегенмен халық әлдеқашан батыр деп санайтыны, соғыс туралы шындықты жазған бірден-бір роман болып бағаланған Александр Бектің «Арпалыс» атты бірнеше томдық кітабының бас кейіпкері, «Ұшқан ұя», «Артымызда Москва», «Соғыс психологиясы» кітаптарының авторы болған жазушылығы, ұлттық дәстүрге, тілге байланысты ел құлағына жеткен өткір пікірлері, қоғамның сол кездегі қалыбына бағынбаған, тек әділдікті, тек шындықты ғана мойындайтын дара мінезі.
Баукеңнің өзін көруге тағдыр жазбағандықтан, ең болмаса ұрпақтарымен кездесіп, солар арқылы Баукең туралы халық арасына там-тұмдап тараған, кейін аңызға айналып кеткен әңгімелерге жауап алсақ деп отырған қызылордалықтардың сусынын қандыруға тырыстық.
Қала тұрғындарының осы кездесулерге осыншама ықыласты болуы соңғы кездері жазушыларымыз бен жорналшыларымыздың Баукең туралы шындықты жаза бастағанымен Баукең тұлғасына онан сайын қызығушылық туғызған болуы керек. Басында жұрт Әзілхан Нұршайықов ағамыздың «Ақиқат пен аңызынан» біраз мағлұмат алып, оны қолдан-қолға тигізбей оқыса, былтыр ғана жарыққа шыққан Зейнептің «Шуақты күндері» Баукеңді халыққа онан сайын жақындата түскен болатын. Ол кісінің кітапта келтірілген отбасылық жағдайдағы қалпының өзі жұрт қызығарлық еді. Мысалы, баласы Бақытжанды бірде «черновик» десе, кейде «Момышұлы №2» деуі, немересі Ержанды «Момышұлы №3» деуі, әсіресе келіні Зейнепті жақсы көрсе «балам», «балашка» деп, жайшылықта «немеренің анасы» десе, ашуланғанда «турчанка» деп атаулары. Осылармен қоса, оның өзге түгілі өзіне де бағынбай кететін мінезін, өмірдегі бірегей ұстанымынан танбайтынын дара тұлғасын, бірге тұрған кездеріндегі әртүрлі эпизодтар арқылы шынайы бере алған Зейнеп Ахметованың жазушылық талантына, арыстандай ақырған атаға инабатты келін бола білгеніне халық тәнті болып, осыларды автордың өз аузынан естуге құмартты. 
Кездесулерде аузы дуалы ақсақалдар Зейнепке «бүкіл қазақ келіндерінің символы» деген атақ, ал кітапқа «қазақ келіндерінің кодексі» деген баға беріп жатты. Кейбіреулері әлі үйленбеген балаларының келешек келіншектеріне табыс етуі үшін «Шуақты күндерге» ырым етіп Зейнептің қолтаңбасын алып жатқанына да куә болдық.
Сценарийге сәйкес кездесулердің басында жазушы Дүкенбай Досжанов творчествосы жайлы сөз сөйлеп, Бақытжан да өз ойларын бөліссе, ізеттілік жасап Зейнеп соңынан сөз алатын. Шынында да сол кездегі жазушылық дәрежелерінің реті де осылай болатын. Бақытжан қазақша сөйлегенмен кітаптарын орыс тілінде жазатын болғандықтан, залдағы қатысушылардың дені көбіне қазақ тілді болғандықтан оның жазушылығына байланысты сұрақтар көп болмайтын. Басқосулардың ең қызығы Зейнеп сөйлегеннен кейін басталатын. Жұрттың зейінінің Зейнепке ауып кеткен кездерінде Бақытжанның: «Мен туғанымнан бастап Бауыржанның ұлы деп атансам, әкем өлгеннен соң «алтынның сынығы», «тұлпардың тұяғы» деп атандым, Зейнептің «Шуақты күндері» шыққаннан бері «Зейнептің күйеуі» деген дәрежеге дейін көтерілдім», деп залға жиналғандарды күлдіргені бар.
Қаладағы кездесулер біткеннен соң, қонақтарды Шиелі, Жаңақорған аудандарына Ә.Бәкір ағамыз бастап алып кетті. Ол жақтан оралған соң Алматыға шығарып салдық.
Бұларға дейін де, бұлардан кейін де талай жазушылар, өнер адамдары Сыр еліне көптеп келген болатын. Оларды да арқа-жарқа қонақжай көңілмен өз дәрежесінде күтіп алып, шығарып салып жүрдік. Бірақ олармен Алматыда кейін жолыққанда кейбірі жылы сәлемдесуден әрі бармаса, кейбірі танымайтын қалып танытатын. Ал біздің Бақытжан-Зейнеппен арамызда сол кезден бастап бауырластық, қимастық сезімдерінен туған үлкен силастық орнады деп айтқан болар едім. Сырбойылықтар осы жолғы кездесулерде өздерінің шынайы, ақеден көңілдерімен Бақытжанға өте қатты әсер еткен болуы керек, ол осы сапары жайлы барған бойдан «Дети великаны» кітабын жазып, баспадан тез арада шығарды. Кейін «Голубой джусан», «Дорога к свету» және «Предсмертные письма» деген повестерді жазып тастапты. Оның осы алғашқы екі кітаптарынан бастап біз қызылордалықтар, еңбектің батыр аналары – Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Жадыра Таспанбетова, өнер адамдары – Қомшабай Сүйенішев, Манап Көкенов, Шамшат Төлепова, Алмас Алматов, Әлмырза Ноғайбаев, Бексұлтан Байкенжеев, басшы қызметкерлер – Оңалбек Сәпиев, Әбдіжәлел Бәкір, Сәмит Далдабаев, Амангелді Әбзәлиев және мен Бақытжанның кітаптарының кейіпкерлері бола бастадық.
Осы кездесуден соң Бәкең біздің қонақжайлылығымызға ризашылық лебізін білдіріп, хат жазды, мен жауап жазып тұрдым. Хат жазысу осылай басталды. Бәкең басында өз мекен-жайын, аты-жөнін толық жазып жүретін. Сонан бір уақыттарда хат тоқтап қалған кездері болған соң, телефонмен хабарлассам, ол кісі жібергенмен хаттар маған жетпей жүреді екен. Оның себебі «Момышұлы» деген фамилиядан екендігін кейін білдік. Қызылордалықтардың бірі бұл әйгілі фамилияның егесі не жазады екен деп жолда ұстап қалып отырса керек. Бәкең осыдан кейін Ахметова деп Зекеңнің фамилиясымен жіберетін болды. Ол кездері жазысқан хаттар менде әлі сақтаулы. Сол хаттардың кейбіріне қайта үңілсек, біраз қызғылықты жайттар жазылған сияқты.
1987 жылдың 31 тамызы күні Бәкең жазыпты. Осы хатында, менің бүкілодақтық телеарна арқылы берілген «Город на Сырдарье» деген телефильмде қаланың басшылары «Сыр елі – жыр елі» деген қағиданы дәлелдеу үшін өлең айтып (мен мандолинада ойнап) тұрғанымыз ерсі болмады ма деп пікірін сұрағанымда былай депті. «Телефильмдегі өлең айтып тұрғандарың өте ұнады, оның ешқандай қысылатын жері жоқ. Біз алдымен адамбыз, елін сүйген азаматпыз, содан кейін барып жазушы, журналист, хатшы, т.б. Мен фильмді жақсы қабылдадым. Мысалы, орыстың академигі хорда өлең айтса, бір генералы менің сағатымды жөндеп берген еді, олардың осы қарапайымдылығынан үйренуіміз керек қой, ал біздің кейбір замандастарымыз, кеуделеріне нан пісіп, неғұрлым пыжится етсем, сол ғұрлым беделім өседі деп ойлайды. Ондайлар менің айналамда да толып жатыр. Кейбірі өз пайдалары үшін бәрін де сатып кетуге дайын. Соның бірі, Жәлел мен Қомшекеңнің бір досы бұрынғы аты елге белгілі әйелін аяқ астынан тастап, бір академик әйелдің қызын алып, қазір «молодожен» болып жүр. Кейбір кезде мен терең ойға батып, сол жуликтердің өміріне қызығып кетем. Сонда жыным ұстап Зейнепке тиісіп алам: «Менің жас өмірімді құртқан сенсің, кезінде мен Мүсіреповтің қызына үйленбекші едім. Сен мені бақытсыз қылған». Бірақ амал не, енді ешнәрсені өзгертуге болмайды. Соңғы кезде өзім де жеңіліп бара жатырмын. Кітаптарын, мақалаларын орысшаға аудартып алады. Әйтеуір мені жұмсағыш болып кетті. Бұрын әкемнің черновигі болсам, енді оның кітабы шыққаннан бері, журналистер қолды-аяққа тұрғызбай, сұхбат алам деп қуаласа, оқырмандар қолтаңба алу үшін қуалап, оның промокашкасына айналдым, кейде өзінен автограф сұрағым келіп тұратынымды байқап қалып, өзімді әзер тоқтататын жағдайға душар болдым», – деп әзілмен аяқтаған екен.
1988 жылдың 14 мамырында: «Шайым (Шаваев – ұйғыр жазушысы, драматургі) деген ұйғыр жолдасымның 50 жылдық тойына Зейнеп екеуміз бардық. Мерейтой ұйғыр театрында өтті. Алдымен Мәдениет министрлігінен, Жазушылар одағынан, «Қазақфильмнен», театрлар қоғамынан келген өкілдер Шайымды құттықтап, иығына қара шапандар жапты. Залдағыларға олардың сөздер әрсіз шығып, ал қара шапандары көңілге жаман әсер қалдырды. Шәкең сол кезде ауырып та жүрген болатын. Салтанатты жиналысты жүргізіп отырған Зия-ака Самади бір кезде: «Сөз Язгучи Зайнаб Ахметоваға бериледи» деді. Зал жай ғана қол соққан болды. Зейнеп мінбеге шығып қазақша сөйледі: «Біз ешқандай министрліктен, не мекемеден келген жоқпыз. Біз Шәкеңді Момышұлының үлкен қара шаңырағынан құттықтауға келдік» – деп бастады да, содан соң Шайымды біздің шалмен байланыстырып соқты. Ұйғыр халқының жақсы қасиеттерін атам Шәкеңнен көрген, оны «древний народ» деп атаған, баласындай жақсы көрген, атама адамдардың оңайлықпен ұнай қоюы қиын екенін өздеріңіз білесіздер деп соқты. Біраз сөйлегеннен кейін, бір сәт тоқталды да, енді ұйғырша сайрап кетті. Ахметованың Баукеңнің келіні екенін білгеннен соң-ақ залдағылар әр сөйлемінен кейін қатты қол соғып отырған еді, енді жұрт залды дауылға айналдырып жіберді. Қазақтарға бұл үлкен жаңалық болды. Естерінен танып қалуға аз қалды. Ұйғырлардың жандары кіріп, өліп қала жаздады. Содан соң Зейнеп Шайым-акасының иығына аспандай көк шапан жауып еді, асқабақ досым жылап жіберді. Мінбеден түсіп келе жатқанда бірінші қатарда отырған ұйғырдың атақтылары Зейнептің бетінен сүйіп, «сіз ұйғыр екенсіз ғой», – деп қалды. Үзіліс кезінде ұйғырлар Зейнепті қоршап алып: «Қазақтың келіні болсаңыз да, жүрегіңізді нағыз ұйғырдың жүрегі қалпында сақтап қалыпсыз» деді. Сөйтіп, мен Зейнепті қаңғыған түрік деп жүрсем бұл нағыз сарт екен, біз оны білмеппіз. Енді ажырасуға тура келетін болды», – деп әзілдепті.
Бәкеңнің маған 1987 жылдың 12 тамызында жазған хатынан да үзінді келтіргенді жөн көріп отырмын «Жаңа шығармама ойламаған жерден Қызылорданы кіргізіп жібердім. Бұнда Жәлел екеуіңді негізгі кейіпкердің достары етіп шығардым. Этим я хотел выразить свою любовь и благодарность к Вам и кызылординской земле. Если бы я не был связан тематическим аннотированным планом, ставящим меня в жесткие рамки объема, я бы про вас написал. Маған бір нәрсе керек деп ойлама, мен шын көңілмен жаздым. Бірақ, өтірік айтып қойыппын: маған әрқашан да ақжүрек бауырлар мен адал достар керек. Это единственная корысть, которую я преследую в жизни». Шынына келсек, ақынның бір шумақ арнау өлеңінің өзі кез келген адамға бұйыра бермейді. Ал, Бәкеңнің бізді Сыр елінің өкілдері есебінде атымызды атай отырып, бізге және сол елге өзінің жиырма жылдан бергі жан-дүниесіне жинаған ықыласын роман түрінде білдіремін деуі, бұл аяқ астынан туа салған желікпелік емес, қашаннан ойында жүрген, қайнап піскен, толғағы жеткен ой-арманы еді. Оны іске асыруына ешкімнің де дәті бармаған болар деп ойлаймын.
Сонымен «Орда алая и Мечеть белая» атты роман-эсе 2008 жылы өмірге келді. Атының осылай аталуынан-ақ оқырман қауым кітаптың біздің облыс орталығының екі атымен аталғанын сезіп отырған шығар деп ойлаймын. Бұл жерде жазушы Қызылорданы – Орда алая деп, Ақмешітті – Мечеть белая деп кітапқа философиялық мән беріп, оқырманды атымен-ақ терең ойлауға итермелеп отыр деп ойлаймын. Бір қаланың атының бір ғасырда біресе ақ түске, біресе қызыл түске боянып өзгеруі, осыған сәйкес адамдардың да санасының өзгеруі бізге не береді? Ұттық па, ұтылдық па?
Жазушы осы кітабы арқылы өзінің Сыр өңіріне деген, оның тереңде жатқан тарихынан бастау алған адамдарының кеңдігін, тілге, ділге деген беріктігін, жан-дүниесінің байлығын, еңбекқорлығын, төзімділігін сөз қыла отырып, оған өзінің перзенттік махаббатын, құрметін, ізетін білдіруге тырысқан. Кітаптың өн бойында Қорқыт бабамыздың ұлылығы айтылса, арқалы ақынымыз Тұрмағамбет атамызға арнайы бір тарау арналған, Сыр елінің қазіргі кездегі ақын-жыршылары, еңбек адамдары кең қамтылған.
Енді Момышұлы №3 жайлы айтсам. Ол бұдан 13 жыл бұрын Анар атты қызға үйленіп, екеуі екі ұл тәрбиелеп отыр. Үлкені Нұрсұлтан физика-математикалық лицейдің 5-ші сыныбын «өте жақсы» деген бағалармен бітірген. Өңі де, мінезі де атасынан аумай қалған дейді. Ал, кішкентай Мадиярының қалпы Зекеңе ұқсағаны сондай, тілі шыққаннан бері әңгіме-сөздің түбін түсіретін көрінеді. Ержан ҚазМУ-ды және Энергетикалық институтты бітірген. Қазір сол институтта аға оқытушы, ғылым кандидаты. Анар – банк қызметкері. Анардың әке-шешесі де Алматының жоғары оқу орындарында сабақ береді. Әкесінің ата-жұрты Тереңөзектен көрінеді. Сөйтіп, бүгінде Баукеңнің ұрпақтары Сыр бойымен құда болып, қызылордалықтармен онан сайын біте қайнасып отырған жайы бар.
Сәдуақас АҢСАТОВ, 
еңбек ардагері.


ТАНЫМ 05 қазан 2013 г. 1 660 0