1921-1922 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Оқырмандардың көпшілігі өткен ғасырдың 30-жылдарындағы аштық туралы біледі. Ал Қазақстанда, оның ішінде Сырдың бойында 20-22 жылдары болған аштықтың жай-жапсарын  біле бермейді. Білгіңіз келсе мына тарихи құжаттарға зер салыңыз. 

1921 жылғы тамыздан бастап Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары аштықтан зардап шеккен аймақтардың тізіміне ресми түрде енгізілді. 1921 жылдың күзіне қарай Қазақ АКСР-інің жеті губерниясының бесеуі: Орынбор, Ақтөбе, Бөкей, Орал және Қостанай губерниялары Түркістан АКСР-і құрамындағы Сырдария және Жетісу губернияларын қоспағанда және Адай уезінің тұрғындары аштыққа ұрынды.

Аштықпен бірге сүзек, тырысқақ, оба, дінгене және басқа аурулар да қатар келді. Жұқпалы аурулармен ауырған адамдардың саны республиканың емдеу мекемелерінің мүмкіндіктерінен едәуір асып кетті. Аштық пен қайыршылық күй, эпидемия, ауруханалардың жетіспеуі, осының бәрі аурулар арасындағы өлімнің санын көбейтіп жіберді. Мысалы, Қостанай губерниясында аштар мен аурулардың 75%-ға жуығы көз жұмды. Республиканың Денсаулық сақтау халық комиссариатының деректері бойынша Орынбор, Орал, Ақмола және Ақтөбе губернияларында 1921 жылдың 1 қарашасы мен 1922 жылдың 1 шілдесі арасында 37 657 адам ашаршылық құрбаны болды. Ашаршылық Қазақстанның басқа аймақтарын да айналып өткен жоқ. Сол кезде Тарғын-Бөкей губерниялы кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Х.Д.Чурин өз естелігінде: «1921-1922 жылдардың қысында уезд орталығы болған кенттің көшелерінде біз таңғы сағат 5-6-ларда кейде ондаған адам өліктерін жинайтынбыз» деп жазды. Ата-анасы көз жұмып, қараусыз қалған балалардың күн сайын 50-60-ын жергілікті өкімет органдары балалар үйлеріне бөлді. Егер 1921 жылғы 1 желтоқсандағы деректер бойынша қараусыз қалған аш-жаланаш балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 128 000 болса, осы жылдың соңында бұл көрсеткіш 158 000-ға, ал 1923 жылғы 1 наурызға қарай 408 022-ге жетті. 1922 жылғы наурыз-сәуір айларында Қазақстанды қысқан ашаршылық мүлде асқынып кетті. КазОАК-нің Төрағасы С.Мендешевтің 1922 жылғы 8 шілдеде КазОАК-нің III сессиясында жасаған баяндамасында осы жылдың көктемінде алынған толық емес деректер бойынша Қазақстан бойынша аштыққа ұрынғандар саны 2 832 000 адамды құраған. Ал 1920 жылдың соңында республиканың барлық тұрғындарының саны 4 781 263 адам еді. Оның 50,3%-ы – қазақтар, 31,2%-ы – орыстар, 14,4%-ы – украиндар болатын.

Республиканың ашаршылық жайлаған губернияларының тұрғындары жан сауғалап өз еріктерімен оңтүстікке – Түркістан республикасына, шығыста – Ақмола және Семей губернияларына қарай босты. Еділ бойының тұрғындары Орынбор және Түркістан губернияларына қарай ығысты. Мұның өзі Қазақстандағы жағдайды одан әрі күрделілендіріп жіберді.

Ашыққан ауылдар мен болыстарға алғашқы көмекті ұйымдастыру үшін уездік атқару комитеті мүшелерінің барлығы дерлік елге жіберілді, 1921 жылдың көктемінде әр селолық кеңестің жанынан көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін арнаулы комиссиялар құрылды, олар мүмкіндігінше қажетті астықпен қамтамасыз етілді. Аштық жайлаған Торғай уезінің тұрғындарына губерниялық азық-түлік комитеті көмек ретінде 50 000 пұт астық және көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге тұқым қорынан 500 пұтастық бөлді.

Торғай уездік атқару комитетінің 1921 жылғы 12 мамырдағы кеңейтілген отырысында ашыққан халыққа жедел көмек көрсету жөнінде мәселе қаралды. Отырысқа уездік атқару комитетінің Т.Жүргенов басқарған мүшелері, ОАК-нің өкілдері Ә.Жангелдин, С.Арғыншиев, Тимошенко мен Арынғазиев қатысты. Уездік атқару комитеті төрағасының басқаруымен жабдықтау бөлімі, экономикалық және азық-түлік бөлімдері өкілдерінен ашыққан халыққа жедел көмек көрсету үшін комиссия құру туралы шешім қабылданды. Жергілікті жерлерде Комиссия бөлімшелерін ұйымдастыру көзделді.

Тарихшы Зияда Ижанов сол кезеңнің оқиғаларына қатысты мемлекеттік мұрағаттан алынған төмендегідей құжаттарды ұсынады.

 

27 августа 1920 г. 

3456

Телеграмма ТуркЦИКа

Киргизы Иргизского уезда вследствие неурожая, голодовки начали массами перекочевывать в уезды Казалинский и Перовский.

Военревком Киркрая просит ТуркЦИК разрешить голодающим киргизам беспрепятственно перекочевывать в пределы Казалинского, Перовского уездов. Результат сообщить нам.

Зампред Кирвоенревкома Арганчеев.

21 сентября 1920 г. 

3772

Телеграмма ТуркЦИКа

Дополнение телеграммы 3456 Военревком КССР просит срочно разрешить голодающим киргизам перекочевывать в пределы Перовского и Казалинского уездов, о результате сообщить исполкомам указанных уездов.

Кирревкома Мендешов.

1921 г. 

Телеграмма

Сообщается к сведению места расселения голодающих детей с указанием количества: станция Чиили – 122, Тереньузяк – 336, Перовск – 4576 человек.

Примите меры в боевом порядке к оборудованию в указанных станциях приемно-распределительных пунктов. Расселение  производить в день прибытия на станцию населения, в первую очередь наиболее отдаленные селения.

Как обязательное правило, в городах и при станциях не оставлять ни одного голодающего.

Зампред помголом Дублинский.

Баяндау хат

...Қармақшы ауданы барлық белгілері жағынан нашарлаған. Адамдардың аштан өлуі етек алған. Оған дәлел:

1. 15-не милиция бастығына айналаны және қала ішін тексеріп шығуға өзім жарлық бердім. Ол 30 өлікті тапты.

16-на тағы 11 өлікті тапты (көмдік).

2. Аудан орталығында 20 адам аштықтан іскен. Күн сайын мені қоршап алып нан сұрайды (жалпы алғанда ашыққандар әлі де көп).

3. Ауатком төрағасы колхоздардан енді ғана келді. Ол аудан орталығынан бастап жол бойы жаппай өліп жатқан адам деп айтады. Сонда сен қанша өлікті көрдің дегенде ол 60-70 деді. Ертең 16 ауылға шығамын. Жолда 4, 5 ауылға соғамын. Өліктерді қайда, қалай жинау жөнінде тапсырма берілді. Тексеремін.

4. Өлім әсіресе, желтоқсан айында күшейген (суық және қор да таусылған). Жәрдем астық кешіккен, наряд та жеткіліксіз. Қазір ауылдарға 1540 пұт астық жөнелттік. Бұл аз да болса жағдайды жеңілдетеді.

5. Аудандық қызметкерлер «Бізде бір адам өлімі болмаған, не аштықтан адам іспеген, бірде-бір колхоз жоқ» – деп айтады.

6. Мен Жосалы станциясына келгенімде станция үйсіз, күйсіз ауруларға толған екен. Біз оларды жинастырдық, үйсіздер үшін үш үй ұйымдастырдық және оларды тамақтандырдық (180 адам). Бұлардың көпшілігі сөзсіз өледі.

7. Облыс Қармақшыға 255 адам контингент берген екен. Аудан ол жоспардағы адамдарды жинастырып орындады. Енді бұдан көпті ұстауға мүмкіндігіміз жоқ дейді.

Мен көшедегі барлық балаларды жинастыруға жарлық бердім. Екі күннің ішінде олардың саны 450 болды. Жоспардың 500-ге белгіленуіне сенемін.

Үш күн қызметкерлердің желкесіне әдейі отырдым. Қажетті ақша, жармақ, күріш болатындығына өзгеріс туған секілді, шамасы оларды аламын ғой деп ойлаймын.

17-нші қыркүйектегі шешімді орындауға аудандық басшылар кешікті. Негізгі дәлелі: малды жаппай сойып жібере ме деген қауіп және шөптің болмауы, жекелеген колхоздарда сарайдың жоқтығы. Кей жерлерде байқау үшін таратылып берілген малдардың ертеңіне-ақ сойылған фактылары кездесті. «Оларды қамауға алдық. Қалғандарына түсіндірдік» – дейді. Бірақ ондай фактылар әлі де тыйылған жоқ. Мал жетпей қалғандардың тікелей шабуыл жасап, малды тартып алып, бірден сойған фактылары да кездеседі.

Ауданнан барған өкілдер мініп барған көліктерін өздері түнейтін бөлмеге кіргізеді. Күндіз атының қасына арнаулы қарауыл қояды, әйтпесе атты тұрған жерінде еті, ең болмаса қаны тиеді деген ниетпен бірден бауыздап жіберген немесе қарнына пышақ сұғып алған жағдайлары да болған.

Бай-кулак элементтері малға және астыққа шабуыл жасау үшін қарақшылар тобын ұйымдастырады. Олардың ұрлаған, адам өлтірген жағдайлары бар.

Егіске дайындық нашар жүруде. Тұқым жинау 1,2 %.

Қуанышев.

Қазақ АССР Халық комиссарлар кеңесі жанындағы

Қазақстан бойынша өкілдің орынбасары.

PS.

 

Ия, тарихи құжаттар осылай дейді. Қазақстанның көптеген бөлігін жайлаған аштықтан зардап шеккендердің көпшілігін Сыр өңіріне қоныс аударылған. Бұл жағдай жергілікті жердегі ахуалды тым ушықтырып жібергенге ұқсайды. Қысқасы, өткен ғасырдың 20-жылдарындағы нәубет ел тарихындағы ақтаңдақтардың тағы бір көрінісі болып табылады.

Әзірлеген Ж.ӘЛМАХАН.

ТАНЫМ 15 наурыз 2018 г. 5 738 0