“ӘДЕМІЛІК БІЗГЕ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ...”

немесе жылына бір келетін әсемдік мерекесі төңірегіндегі әңгіме
“ӘДЕМІЛІК БІЗГЕ КӨПТІК ЕТПЕЙДІ...”Бүгінгідей ақпарат дәуірінде қандай да бір қоғамдық пікір көзден таса қалмайды. Соңғы уақытта "8 наурызды атап өту керек пе?” деген пікірталастар әлеуметтік желілердің шаңын аспанға шығарып жатыр. Кейбір пікірлер "... әйелдердің теңсіздігін сұраған күн, теңдестірді ал, не болды? Кім не ұтты?” деген сарында болса, енді біреулері "... аналарды жаппай құттықтау күнін көпсінбейікші” деп араша түсіп жатыр. 
Сегізінші наурыздың тарихына бойлағандар 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркта өткен тоқымашылар маршын негізге алады. Төмен жалақы мен қолайсыз еңбек жағдайына  шағымданған әйелдер шеруі "бос кастрюльдер маршы” деген атауға ие болған. Кейін 1910 жылы неміс революционері Клара Цеткин Копенгагенде әйелдердің проблемалары мен құқықтарына қоғам назарын аударуды, 8 наурызды әйелдер күні деп белгілеуді ұсынады. Кәрі құрлықтың кей елдерінде әйелдердің халықаралық мерекесі 1911 жылдан атап өтіле бастады. 
Ал 1917 жылдың 23 ақпанында соғыс пен аштықтан қажыған әйелдер Петроград көшелеріне  шықты. Әйелдерге Путилов зауытының жұмысшылары қосылып, қарулы қақтығыс орын алды. Ақырында әскер шерушілер жағына өтіп, монархияның күлі көкке ұшты. Кеңес дәуірінде 1965 жылдан бастап 8 наурыз демалыс күні деп жарияланды да, шерулер банкеттерге, ұран жазылған плакаттар гүлге алмасты. Ал 1970 жылы БҰҰ 8 наурызды Халықаралық әйелдер күні деп ресми бекітті.
Одақ тараған соң, Грузия мен Балтық жағалауы елдерінде бұл мереке аталмайтын болды. Өзбекстанда "Аналар күні” деп атауы өзгерді, бауырлас Әзірбайжан елі 7 сәуірді "Аналар мен әдемілік күні” деп белгіледі.
Біздің елімізде де әйелдер күнінің әу бастағы саяси сипатынан ештеңе қалған жоқ. Клара Цеткин де ұмытылды. Қазақстандықтар 8 наурызды әдемілік пен көктем мерекесі ретінде атап өтіп, аналар мен қыз-келіншектерді құттықтауға, оларға әдеттегіден артығырақ көңіл аударуға асығады.     
Статистиканы сөйлетсек, еліміз халқының 51,75 пайызын әйелдер құрайды. Мұқағали ақынның "Әйелдерді еркектерден көп дейді...” дейтін өлеңі өмірден алынған ғой, әрбір 1000 еркекке 1073 әйелден келеді екен. "Әйелдердің әйелі жоқ қой” деген әзілдің астарында шындық бар болғаны шығар, нәзік жандылар ер азаматтарға қарағанда орта есеппен 9,5 жас артық өмір сүреді. Олардың 52 пайызы тұрмысқа шыққан, 28 пайызы ешқашан некеге тұрмаған. Бір деректерде қыз-келіншектер косметикаға жылына 43 млрд. теңге жұмсайды  делінген. Енді "әдемілік құрбандықты талап ететіні” де рас қой. 
Сол статистикада жұмысбасты әйелдер күніне 4 сағатын, яғни, бар уақытының 17 пайызын үй шаруасына жұмсаса, ерлер бар болғаны  күнделікті уақытының 7,7 пайызын ғана үйге арнайтыны да жазылған. Сөйте тұра әйелдердің жалақысы ерлерге қарағанда бірталай аз екені де келтіріпті. Қанша пайыз екенін көрсетсем, әдемілік мерекесінің  саяси бояуы қалыңдап кетер. 
Ал мақаланың басындағы "Әйелдер мерекесін атап өту керек пе?” деген пікірталасқа келсек, жылына бір рет келетін әсемдік күнін, аналар мерекесін жатсынбайықшы. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

ТАНЫМ 08 наурыз 2014 г. 1 619 0