БІР СЫНЫПТАН 8 ОТБАСЫ ҚҰРҒАН

Сыныптастар өзара бас қосқанда сонау мектеп партасындағы бір-біріне сездіруге бата алмай, сүйіктісінің есімін терезенің жақтауына ойып жаздырған  бала махаббаттарын еске алысып жатады. Бірі екіншісін басынан өткерген бала махаббатымен мазақтап, кезінде  өздерінің қиял әлемінде өмір сүргендеріне таң қалысады. Сол жанды қай қылығы, қай мінезі үшін ұнатқанын еске түсіре алмай дал болады. Қалай болғанда да атар таңға іңкәр еткен бала көктемдегі балауса махаббаттың жүректің терең түбінде сақталары анық. Осындай басқосулардың бірінде Маханбетов ауылында тұратын сыныптасым Маржан сол ауылда бір мектепті бір жылда бітіргендерден 8 отбасының құрылғанын тілге тиек етті. Алғашында айтыла салған көп әңгіменің біріндей қабылдағанмын, бірақ уақыт өте келе таза шындық екеніне көзім жетті. 
1974 жылы сол кездегі Сырдария ауданы Киров атындағы совхоздағы №143 мектепті бітірген 40 түлектің отыздан астамы  шұбартаулықтардың бастамасына орай өндірісте қалды. Қазір айтуға оңай, әйтпесе мәпелеп өсірген, ертеңінен мол үміт күтіп отырған баласын кім қара жұмысқа жегуге құлықты дейсің. Оның үстіне ауылдың кәрі бойдақтары қыздарға қырғидай тимей ме? Алайда, алды-артын ойлатпайтын албырт көңіл, келешек коммунизмнің белсенді құрылысшысы болуға деген алғаусыз сенім ата-ананың әлсіз қарсылығына тоқтай қойсын ба? Бастысы, партия саясаты, оған қарсы шығу дегеніңіз, ол кезде қылмыспен тең. Партияның белсенді мүшесі болған ата-ананың дымын құртқан да осы.  Сөйтіп өндірісте қалуға бел буған кировтік жастар «Қызғалдақ», «Көгершін» атты комсомол жастар бригадаларына топтасып,  шаруашылықтың барлық саласында еңбек етті. Негізінен сүт, көкөніс бағытындағы шаруашылық болғаннан соң барлық күш сол бағытта жұмылдырылатын. Жастар өздеріне бекітілген ақылшы-ұстаздарымен бірге шалғайдағы егістік алқабында көкөніс-бақша екті, ауыл сыртындағы мал бордақылау алаңында түлік күтімімен айналысты, ауылдағы құрылыс жұмыстарын жүргізді. Малға қыстық азық дайындап, арнайы цехта түрлі жем шығарды. Сарысу мал жайылымында орналасқан қырқым пунктінде күзгі, көктемгі қой қырқу науқандарына қатысты. 
Осы қым-қуыт тірліктің ортасындағы жастар арасында  мектеп партасынан басталған балауса сезім бүр жарып, оларды алыс армандарға жетеледі.  Бірлесіп сауық кештерін өткізу, туған күндерді атап өту, топтасып кино-концерттерге бару, бірін-бірі шығарып салу – осының бәрі жастардың бір-біріне деген алғаусыз сезімін қалыптастырып, олардың көңіл түкпірінде қимастық ұшқынын себезгілегендей еді. Он жыл мектеп партасында бірге отырғанымен, балауса бойжеткенге балғын сезімін жеткізе алмаған кей жігіттер уақыт өте келе өзінің қыз қолынан ұстауға батылы жеткеніне таңырқайтын. Адал еңбектің адамдарды бір-біріне  жақындататын құдіретін сезінгендей еді. 
– Бертін келе ойласақ, біздің жаппай ауылда қалуымызға шаруашылықтағы әрбір маман атсалысқан екен,– деп еске алады Роза. –  Мектеп партасынан басталған балауса махаббат иелері өз алдына, бригада  жетекшілері «осы екеуі бір-біріне лайық-ау»  деген қыз бен жігітті парластырып, бір жұмысқа жұмсайтын. Ертең де, келесі күні де солай ететін. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізге жүрегімізбен байланғанымызды кеш білдік. Қазір үлкен кісілердің сол ісін  ризалықпен еске аламыз. 
Иә, аттестатпен ауылда қалған түлектер арасындағы алғашқы отау  шаңырағын  Абылай мен Роза көтерді. Мектептен басталған  мөлдір махаббат бір біріне деген құрметке, сенімге ұласты. Мектеп бітіргендеріне үш жыл толғаннан кейін, яғни 1977 жылы 1 қазанда сыныптастардың алғашқы жұбы бас қосты. Діттеген мақсаттарына қол жеткізген Жәкеновтер әулеті құда-құдағиы Жұманазар мен Сұлтанкүлді құрақ ұшып, құрметтеді. Бір айдан кейін тап осындай той Құлтаевтар әулетінде өтті. Сыныптастар Баянбай мен Гүлжанның құрған шаңырақтарының биік, керегелерінің кең болуын тілеп жатты. Келесі жылы Алмас пен Нақып, ал 1979 жылы Әлібек пен Бисен,  Сераш пен Гүлімжан, араға төрт жыл салып Балтабай мен Сәрсен,  ал 1984 жылы Әлмұрат пен Әтіркүл,  Сақтаған мен Серіккүл бас құрады. Сонау жылғы тілеген тілектердің қабыл болғаны болар, қазір олардың әрқайсысы салиқалы отбасының иелері, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, немере сүйіп, ата-әже атанған  жандар. Олардың  арасында 6 баланың анасы болған екі «Күміс алқа» иегері де бар, өзге отбасында үш-бестен бала, үш-сегізден немере өсіп келеді. Әрине, кезінде өндірістік комсомол жастар бригадасының мүшелері болған олар қазір сан мамандық иелері. Олардың арасында  мұғалім мен инженер де, су жүйесі мен орман шаруашылығының, жер қатынастары бөлімі мен ауыл әкімшілігінің  маманы да бар.  Елдің тамсанып айтып жүргеніндей,  мектеп бітіргендеріне 40 жыл толса да, олардың ауызбіршілігі мен татулығы сонау жетпісінші жылдардағыдай. Қай отбасында қандай жағдай болады, бірлесіп көтеріп кетеді. Қуаныш та қайғы да ортақ, бәрі бірдей жұмылады. Өйткені, олардың бәрі сонау мектеп қабырғасынан бері бірін-бірі демеуге, бір-біріне көмек беруге дайын тұратын-ды. Қазір сол алғаусыз көңіл туыстық, бауырлық сезімге ұласқан. Өздерінің,  балалары мен немерелерінің туған күндері атаусыз өтпейді. Әсіресе қыздарға бас қосуға сылтау жетерлік, келіннің қолынан шай ішу,  қызға берілер дүниені көрсету, құдалыққа апарылатын тоғызды түгендеу,  бесікке салу, тұсау кесу, тіпті алынған жаңа жиһазды жуу себептерімен бас қосып, әңгіме тиегін ағытады. Олардың ауызбірлігі жайында аңызға бергісіз әңгіме көрші ауылдарға дейін тарап кеткен.  
Өмір болған соң оның қуанышы мен қайғысы да қатар жүретіні анық. Алмастың жұбайы Нақып үйленгендеріне екі айға жетер жетпес уақытта өмірден озды. Әрине, бұл барлығына да оңай тиген жоқ. Тірі адам қашан да тірлігін жасайды. Араға екі-үш жыл  салып Алмас Әшіркүлмен бас қосты. Қазір Нақыптың әке-шешесі Қаппар мен Айнагүл Әшіркүлге екінші ата-ана болып отыр. Әшіркүлдің де олар десе шығарға жаны бөлек, туған ата-анасынан бұрын солардың жағдайын көбірек ойлап тұрады. Алмастың төрт  баласы мен үш немересі Қаппар әулетін нағашы тұтып, әрдайым ата-әжесінің көңілінен шығуға ұмтылады. 
Иә, уақыт деген неткен жүйрік, бір кездегі бір-біріне ұрлана қараған бозбала мен бойжеткен бүгінде  бір ауылдың бетке ұстар азаматы мен салиқалы бәйбішесі. Сырт көзге елуді еңсеріп, алпысқа аяқ артқан атпал азамат, ақ жаулықты ана болып көрінсе де, өз орталарында сол баяғы бұла бойжеткен мен жасөспірім  жігіт. Әрқайсысының әр қыры бар. Мәселен, Роза мен Абылай қай жағдайға да түсіністікпен қарайды, берген уәделерінде тұрады. Баянбай мен Алмас қашан да ұйымдастырушы, бәріне басшылық жасап жүреді. Он жылдай  ауыл клубын басқарған Серіккүл ортаның асабасы, оны кейде жары Сақтаған ғана ауыстырады. Қай істің де көзін табатын Бисен мен Гүлжанның,  Сераш пен Әлібектің орны бір бөлек.  Тұстастары Сәрсен мен Әтіркүлді және Гүлімжанды ұстаз ретінде ақылшы тұтады. 
Кешелі-бүгін жігіттер ұрлана бас қосты. Өйткені, көгілдір көктеммен ілесе келетін әйелдер мерекесі есік қағып тұр. Соны  қалай өткізу жоспарын жасамақ. Биыл әрі сыныптас, әрі өмірлік қосақтарына ерекше тарту әзірлемекші. Әзірге құпия. Қалай болғанда да, оның қыздарға қуаныш сыйлайтыны ақиқат. 
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА. 
Маханбетов ауылы. 

ТАНЫМ 08 наурыз 2014 г. 1 240 0