ЛИТВАДАҒЫ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ

ЛИТВАДАҒЫ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫРүстем құрдасымның әңгімесі
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың басында мен Литва ССР-і Каунас-Клайпеда тас жолының бойындағы орман арасындағы әскери жабық қалашық Кармелова деген жерде әскери борышымды өтедім.
Әскерде жай жауынгер емес, екінші сыныптағы жүргізуші, бірінші сыныптағы әскери маман, коммунист, бөлімдегі үлгілі, жауынгер болдым. Сол кездердегі халықаралық жағдайға байланысты стратегиялық мақсаттағы ракета әскерлері №1 дайындық сапына қойылып, офицерлер мен жауынгерлер казармалық жағдайға көшірілген болатын. Жағдай солай болғанмен, қатардағы жауынгерлер айына бір рет қалаға бой жазуға жіберіліп тұратын. Осындай бой жазудан оралған көрші казармада тұратын, байланыс бөлімінде қызмет атқаратын қостанайлық  Жақсылық екі езуі екі құлағында кештетіп маған келіп, «бүгін Ионнова қаласына бой жазуға барған едім, қайтуға автобустың аялдамасында тұрғанымда бір топ қазақ жігіттері мен қыздары дабырласып сөйлесіп автобустан түсіп, қала жаққа кетіп бара жатты. Өз көзіме сенбедім. Екі жыл бойы қазақтың сөзін естімеген мен өзімді құтты ауылда жүргендей сезіндім. Уақыттың тығыздығына байланысты автобустан кешіге алмадым. Осы жаңалығымды өзіңе айтайын, олар туралы сен білесің бе?» – деп Жақсылық екі езуі екі құлағына жетті. Оның бұл жаңалығы  ауылды сағынып жүрген мені де ойландырып, жарайды бізде Ионнова қаласында тұратын келісім шартпен автомеханик болып қызмет атқаратын Ионас Александраивичустан сұрап білейін деп Жақсылықтың қызуын зорға бастым. Ол кездері кеңес әскерінің жауынгерлеріне саяси сабақтар жан-жақты мықты жүргізілетін. Жауынгерлер елдегі саяси оқиғалар мен халықаралық жағдаймен қанық болатын. Көсем В.И.Лениннің коммунизм дегеніміз – елді электрлендіру деген қағидасы өзінің өміршеңдігін көрсетіп, ұлы бастамаларды жүзеге асырып жатқан кезде Н.С.Хрущев көсемнен қалыспай осы қағидаға «коммунизм дегеніміз, елді электрлендіру-химияландыру»-деп ұран тастады. Оның бұл ұраны көпке дейін өзінің заманында баспасөз бетіне жарияланып, жүзеге асырылып жатты. Жасыратыны жоқ, елді химияландыруға бетбұрыс жасалды. Бүкілодақтық химия өнеркәсібінің құрылыстары басталды. Солардың бірі Жамбыл қаласындағы суперфосфат зауытының құрылысы еді. Сондай алып құрылыстардың қатарында Литва ССР-індегі Ионнова қаласындағы одақтық құрылысқа айналған химия комбинаты болатын. Ионнова химия комбинаты Балтық жағалауындағы Республикалардың ірі өнеркәсіп орны еді. Сондықтан да бұл қалаға одақтың түрлі өңірлерінен жастар келе бастады. Біз оны республиканың теледидар, ақпарат құралдарынан біліп отырдық. Менің қызметтесім Ионастан Ионноваға қазақ жастары да келіпті деген хабардың анығын біліп беруді өтіндім. Ол бұл хабардың шындығын растады. Оның айтуынша, Оңтүстік Қазақстаннан тәжірибе алмасуға және мамандықтарын жетілдіруге қазақтар келіпті деп бізді қуантты. Сонымен Жақсылық екеуміз жексенбі күні бой жазар алып Ионноваға қалаға бардық. Мақсатымыз химия комбинатына келген қазақтармен танысу. Ол кездері қалаға бой жазуға барған солдаттардың жолы жіңішке болатын. Патруль, әскери кезекші, бір сөзбен айтқанда, тексерушілер көп. Комбинаттың жатақханасына барып, комменданттан бір қазақты шақыртып беруін өтіндік. Ол өтінішімізді орындады. Бізбен кездесуге ұзын бойлы, бидай өңді, бізден екі-үш жас үлкен-деу жігіт келіп амандасты. Ол біздің әдейі жолығуға келгенімізді біліп, үлкендігін танытып, елді сағынып жүрген біздерді өзіне тарта бастады. Біз де өзімізді таныстырып, кездесуге келгенімізді айтып, мәре-сәре  болып әңгімемізді солардың жатақханасында жалғастырдық. Бұлар Жамбыл қаласындағы суперфосфат зауытындағы жұмыс істейтін, мамандықтарын жетілдіру мақсатында тәжірибе алмасу үшін, екі жылға келген бір топ қазақ жастары екен. Арада жарты жыл өтпей Балтық жағалауының ауа-райы жақпай, денсаулықтарына байланысты бір сыпырасы елдеріне қайтып кетіп, бес жігіт, үш қыз ғана қалыпты. Біздердің бұл таныстығымыз жалғаса берді. Кейіннен оларға бізден басқа сол маңдағы бөлімдердегі қазақ жауынгерлері де танысып барып жүрді. Есімде қалғаны топ жетекшісі Шымкенттің химия-технология институтын бітірген инженер-химик Аманжол деген азамат еді. Фамилиясын ұмыттым. Біздің таныстығымыз достыққа айнала бастады. Жақсылық оларға жиі баруды шығарды. 
Бірде мынандай жағдай болды. Ол қалаға бой жазуға барғанда, жігіттердің азаматтық киімдерін киіп алып, олармен бірге қаланы еркін аралауды, көңіл көтеретін кафе, т.б жерлерге баруды шығарған. Осылай сайраңдап жүргенде, қалада патрульдік кезекшілікте жүрген, өз бөлімшесінің офицер кезекшілері ұстап алып, әскери тәртіп бұзғаны үшін бес тәулік гауптвахтаға отырып шығуына тура келген еді. Кеңестер одағы кезінде Балтық жағалауындағы республика халқының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы, одақтың басқа республикаларына қарағанда, көш ілгері болатын. Ол республикалардың өзіндік артықшылығы да болды.  Ел соғыссыз азық-түліктің карточкалық жүйесіне көшірілгенде,  ол елдің дүкендері азық-түлікпен, киім-кешекпен толып тұрды. Олар Кеңестер одағының халқын батысқа көрсететін эталон елдері болған еді. Сол жылдары бұл республикаларға Орталық Ресейден халық ағылып келе бастады. Ал жаппай орыстандыру саясатын ол елдер жақсы қабылдаған жоқ. Мемлекеттік және іс жүргізу тіл өз ана тілдерінде болды. Қызметіміздің соңғы жылы басталды. Мамыр айы болатын. Аспанмен таласқан орман ішіндегі көкорай шалғында жатып, елге қайтудың, жақындап келе жатқанын, қиялдап, сырласып отырғанда Жақсылық ағынан жарылып, сырын ақтара бастады. Мен деді Жақсылық, Тынышкүлді сүйемін, өзің білесің біздің танысып, достасып жүргенімізге бір жылдан асты. Достығымыз махаббатқа жалғасып, оның қазір аяғы ауыр. Менің де, оның да әкесі соғыста қаза болған. Екеуміз де соғыс жетімдері болып өскен жанбыз. Менің шешем 13жасымда дүние салды. Мектеп-интернатта жатып оқыдым. Зауытта токарлық мамандықты игердім. Тынышкүлдің шешесі ағасының қолында Жаңатас жақта тұратын көрінеді. Елде бізді күтіп отырған ағайындар да жоқтың қасы. Ойлана келе екеуміз де осы жақта, өз-өзімізге келгенше қалып жұмыс істеуді шештік. 
Тынышкүл комбинатта комсомол жастар бригадасында үлкен беделге ие екен. Оның үстіне комсомол белсендісі. Осы ойын комбинат басшыларына айтқанында, олар да қуана қарсы алып, тездетіп үйленулерін, үй кезегіне тұруларын айтып, ақыл беріпті. Ал мен болсам ертең осы жағдайымды айтып, әскери бөлім командиріне рапорт жазамын. Осы ойымды өзіңе айтып отырмын деп Жақсылық жаңалығымен бөлісті. Сол жылдың қыркүйек айының үшінші жұлдызында біздерді әскерден қайтаруға бұйрық шықты. Біздер өзімізді еркін сезіне бастадық. Олардың екеуі де орыс мектебінде оқыған, орыс тіліне жетік, батыл да еркін қимылдайтын жандар еді. Жақсылық бізден бұрын сол айдың соңында әскер қатарынан босанып Ионновадағы химия комбинатына жұмысқа орналасты. Үйлену қамына кірісті. Біздер елге кетіп қалмай тұрғанда, қазақ жігіттерінің қатысуымен үйлену тойын жасамақшы болды. Ол кездері комсомолдық той өткізу, интернационалдық тәрбие беру кеңестік идеологиялық саясаттың басты мақсаты болатын. Комбинат басшылығының қолдауымен жұмысшылар асханасында Жақсылық пен Тынышкүлдің комсомолдық үйлену тойы дүркіреп өтті. Біз бір топ қазақ жауынгерлері осы тойға қатысып, қазақша өлең айтып, домбыра жоқ, гитарамен ән шырқап тойдың мерейін арттырған едік деп Рүстем сол бір қызықты жастық шағын еске алды.  

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ТАНЫМ 06 наурыз 2014 г. 1 419 0