ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ, БІЛІКТІ БАСШЫ

Ұстаздық – ұлағат тарататын шығармашылық мамандық. Шынайы ұстаз-нәрлі білім кәусарына сусындатқан дәріскер, ақыл-ойыңды байытқан ғұлама, азаматтық тұлғаңды қалыптастырған тәрбиеші. З.Қабдолов айтқандай, “Ұстаз – бар асыл қасиетті бойына дарытқан бүтін бітім.” Әрине, мұндай зор  құрметке, шексіз сүйіспеншілікке бөлену кез келген ұстаздың қолынан келе бермесі анық. Осындай ұлылықтың ақ жолынан адаспай, осы бір ардақты есімнің қадір-қасиетін жете түсініп, ұстаздықты, ұлылықты тең ұстаған жандардың бірі – Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Марат Тобашов. Өнегелі өмірін, ғибратты ғұмырын білім, ғылымға арнап, бүгінгі күні алпыстың үшеуіне келген доцент Марат Шайхисламұлы 10 жылдай колледжді басқарып келеді.
Ол 1954 жылы дүниеге келді. Алғашқы еңбек жолын 1972 жылы Жалағаш ауданы, Жаңадария кеңшарында бастады. Білімге деген құштарлық оны Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына алып келіп, 1978 жылы инженер-механик біліктілігін алып, жолда¬мамен Қызылорда «Ремстройдеталь» өндірістік бірлестігіне цех мастері қызметіне орналасты. 1981-2008 жылдар аралығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарып, ғылыммен айналысып, Минск қаласындағы Ауылшаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурантурасында кандидаттық диссертация қорғап, ғылым кандидаты дәрежесін алады, 60-қа жуық ғылыми еңбектері жарық көріп, екі өнертапқыштық куәлікке ие болды.
Марат Шайхисламұлы 2008 жылдан бастап «Қызылорда гуманитарлық заң колледжіне» директорлық қызметке тағайындалды. 2010 жылы колледж «Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжі» болып  қайта құрылған кезден жаңа басшы техникалық мамандықтар ашуды белсене қолға алды.
Колледж гуманитарлық, заң, педагогикалық және техникалық бағытта, кәсіби оқытудың мамандықтары бойынша күндізгі және сырттай оқу бөлімінде мамандар даярлайды. Бүгінгі таңда колледжді бес мыңнан астам түлектер бітіріп, мамандық салалары бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет жасауда. Ұжым Марат Шайхисламұлы басшылық жасаған уақыттан бері біршама жетістіктерге жетті, атап айтсақ, облыс бойынша өткен “Үздік колледж-2009” байқауында “Үздік” номинация иеленіп, республикалық “Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орнының үздігі” сайысына жолдама алып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Инновациялық жұмыс әдістерін енгізгені үшін” номинациялы дипломымен марапатталды.  Кейінгі жылдары облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген “Үздік әдістемелік кабинет-2015” байқауының жеңімпазы атанды. Бәсекелестік қызған шағында сапалық құрамды арттырып, жетістікке жеткен білім ордасының өзге де марапаттары жетерлік. “Ұлттық бизнес рейтингі” Қазақстанның көшбасшысы мекемелерін сараптаушы мемлекеттік рейтинг бағдарламасы негізінде колледж республикалық мекемелер арасында ондықта болса, Қызылорда облысы бойынша III орынды иеленіп, ал колледж басшысы “Сала көшбасшысы-2015”, “Үздік мекеме басшысы-2015” сынды сертификаттармен марапатталды.
Марат Шайхисламұлының басшылығымен ұстаздар қауымы мен шәкірттері Республикалық “Алтын диск-2016”, облыстық “Үздік оқытушысы» байқауларында, “Қанатты қадам” EXPO-2017 көрмесінде, облыстық “World Skils-2016, 2017” байқауларында жүлделі орын алып жеңімпаздар қатарында көрінді. Сонымен қатар, Тэквондо күресінен Рио-де-Жанейро жаздық олимпиадасына қатысушы, ҚР құрама командасының мүшелері, бокстан, самбо күресінің Азия чемпиондары жетерлік. Бұл жетістіктер, әрине, басшының жұмысты ұйымдастырушылық қабілетінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді.
Қазіргі таңда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Баршаға тегін оқу” бастамасы бойынша қабылданған “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында колледжде жұмысшы мамандықтары даярлануда.  ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес 2016 жылдың қыркүйек айынан бастап дуальды оқыту бойынша эксперименттік режимде жұмыс жасау мақсатында “Дизайн”, “Мектепке дейінгі тәрбие”, “Тасымалдауды ұйымдастыру және көліктегі қозғалысты басқару” мамандықтары бойынша экспериментальді бағдарлама әзірлеп, әлеуметтік серіктестіктерімен, өңірдегі шағын  кәсіпорындармен, Қызылорда “Көркем и Компания”, “Қызылорда Дизайн”, ”Әбу Сер” ЖШС-мен келісім-шартқа отырып, жұмыс жүргізілуде. Оқу жүйесіне модульдік құзыреттілік жүйесі енгізілді.
Қазақ әрқашанда дінін ұмытпаған. Ислам болашаққа жол сілтеп, адамгершілікке, адалдыққа, сыпайгершілікке салауатты өмір салтын қалыптастырып, болашаққа сенімділікке тәрбиелейді. Марат Шайхисламұлы күллі әлем мұсылмандарының орталығы – Мекке қаласында болып, мұсылмандық парызын өтеп, қажы атағына ие болды. Бұның өзі діни сауаттылыққа, жастарды имандылыққа тәрбиелеуде алатын орны ерекше.  
Қоғамда басты роль атқаратын ұйымның бірі – отбасы. Жұбайы Нәзипа екеуі бес бала тәрбиелеп, он үш немере сүйіп отыр. Оларға жоғары білім беріп, мамандыққа баулып, отау иеліктеріне жеткізді. Бақ-береке қонған бақытты отбасы баршаға өнеге болатындай.
Колледж басшысы Марат Шайхисламұлының ерең еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі  мерекелері медальдарымен, 2010 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін “Ы. Алтынсарин”, 2015 жылы “ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төс белгілерімен және 2016 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Құрмет грамотасымен”, «Ең үздік директор» атанып, Қазақстан педагогикалық қауымдастығының «Құрметті педагог» төсбелгісімен марапатталды.
Нарық сұранысына нақты жауап бере алатын маман даярлап келе жатқан көпсалалы Қызылорда қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң және техникалық колледжінің басшысы Марат Шайхисламұлының аз уақыт ішінде бағындырған белестері, жеткен жетістіктері жетерлік.  

Ахметкәрім ЕСНИЯЗОВ,
Қазақ гуманитарлық заң және
техникалық колледжінің бөлім меңгерушісі.

ТАНЫМ 11 желтоксан 2017 г. 1 536 0