МҰҚАҒАЛИ, ЭРИК БЕРН ЖӘНЕ ӨМІРЛІК СЦЕНАРИЙ

МҰҚАҒАЛИ, ЭРИК БЕРН ЖӘНЕ ӨМІРЛІК СЦЕНАРИЙӨсіңіз, жетіліңіз, тасқындаңыз,
Бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.
Сен мықты, анау осал, мен орташа,
Біріміз бір аспанның астындамыз.

Сіздің ой біздің оймен бірікпейді,
Шайқаңыз осы өмірді сүріп мейлі.
Ойлаңыз, арзан атақ, сасық ырыс,
Сіз өлгенде қайтадан тірілтпейді.

Мұқағали Мақатаев. 

Біз қаласақ та, қаламасақ та капиталистік дамуда өмір сүріп жатырмыз. Мұның америкалық, қазақстандық не қытайлық жолы болмайды. Өркениетті елдердің бәрінде бірдей капитализм. Олардың дамуы мен біздің елдің дамуы әрине екі бөлек. Маман ретінде айтар пікірім, қазақта психологиялық денсаулық мықты болуы тиіс. 1961 жылы Америка Президенті өз Жолдауының ең бірінші бөлімін психологиялық денсаулыққа арнаған. Одан соң елде түбегейлі өзгерістер өтті. Адамның психологиялық денсаулығына зор көңіл бөлініп, іргелі зерттеулер жүргізілді. Мықты психологтар сол Америка елінен шықты. Сол себепті адам өз өмірінің құпияларын білген сайын сыртқы орта өзгерістеріне төтеп беруі, бейімделуі, ең бастысы, психологиялық денсаулығы қалыпты болады. Бұл өз кезегінде ауырмаудың, өмірге сүйіспеншілік артудың кепілі. Еліміз капиталистік даму жолында болғандықтан сол елдің прогрессивті психологиялық ұстанымдарын игеру маңызды. Әйтпесе жанға күшті салмақ түседі. Ал зардабы белгілі.    
МҰҚАҒАЛИ, ЭРИК БЕРН ЖӘНЕ ӨМІРЛІК СЦЕНАРИЙСұрақ: Сіз қалай ойлайсыз, өмірлік сценарий деген не? Сізде өмірлік сценарий бар ма? Мүмкін, сіз басқа өмірлік принциптермен өмір сүретін боларсыз?
Трансакттық талдаудың негізін қалаған америкалық психиатр Эрик Берн өмірлік сценарий деген ұғымды құрастырған. Бұл қарапайым тілмен айтқанда сіз бен біз тіршілік етіп жатқан өмірлік жоспар. Оны біз өзіміз ойлап таптық. Оны біз ерте кезде ойлап таптық. Адам өз өмір сценарийін 3 жасқа дейінгі кезеңде жазады. Ересек кезде өмірдің 3 жасында не болғанын еске түсіру тым қиын. Адамдардың көбісі тек жеке деректерді ғана есіне түсіреді. Көбісі ұмытылып қалған.
Э.Берн өмірлік сценарийді әрбір адам жазады дейді. Ол кез келген адамда бар. Сондай-ақ, әрбір адам өмір бойы өзі жазған өмірлік сценарийін орындап, жүзеге асырады. Өзгерістер болады, бірақ бұл өзгерістер үлкен және көпшілік сипат иеленбейді. Өмірлік сценарийін өзгертетін адамдар бар, олар мұны жақсы жаққа өзгертеді. Бірақ мұндай адамдар өте аз. Адамдардың көбісі өмірлік сценарийге кішкене ғана, косметикалық өзгеріс жасайды. 
Сонымен қатар, көптеген адамдар өмірлік сценарий жөнінде бас қатырып жатпайды, жай ғана өз бетінше өмір сүреді. Олар өмірді құдай солай бере салған деп тіршілік етеді. Олар өз өмірлік сценарийін басқара алатынына мән бермейді. Дегенмен, басқару қиын, бірақ өмірлік сценарийді қайта жазуға болады. Өмірлік сценарийдің не екенін, өзіміздің мұны қалай ойлап тапқанымызды, қалай жазғанымызды білсек, оны қайта жазу тіпті қиын емес. 
Өмірлік сценарий туралы көптеген пікір бар. Тіпті трансакттық талдаудың өз ішінде де көптеген ағымдар бар. Психологтың бірі өмірлік сценарийді жай ғана әдет деп те атайды. Өмірдің алғашқы үш жылы өте маңызды, 5, 7 ,10 ,12 және тіпті 15 жаста біз өмірлік сценарийімізді өзгерте аламыз, алайда онша үлкен көлемде емес. Өзіміздің үш жасқа дейін үйреншікті көргеніміз, сезгеніміз, естігеніміз, түсінгеніміз, ойлауымыз және с.с. жай ғана одан арғы өмірде қайталанады. 
Үш жасымызда ересек өмірді мүлдем көзге елестете алмадық. Бірақ ересек өмірдегі сценарийді сол кезде ойлап таптық. Оның негізгілерін эмоционалдық бояуға сүйеніп қабылдадық. Алдағы өміріміз көңілді немесе мұңды, драматикалық немесе қым-қуыт, шытырман оқиғалы болады деп шештік. 5 немесе 12 жаста белгілі бір мамандық болатынын есіткен немесе 3 жасқа дейін білмеген өмір ерекшеліктерінің болатынын білген кезде біз жай ғана бұларды өз өмірлік сценарийімізге қосып алдық. 
Егер бір мамандықты алатын болсақ, онда әртүрлі өмірлік сценарийі бар адамдар болады. Олардың бірі жақсы өмір сүреді, бұл мамандықта өзін көрсетеді, жүзеге асырады, жақсы тіршілік етеді және оның қалған өмірі де, жұмысы да жақсы, бақытты болады. Алайда, сол мамандықта, сол қалада, бір мекемеде қатар жұмыс істейтін әріптестердің бірінің жақсы, екіншісінің онша жақсы емес өмір сүруі мүмкін. Бұл өмірлік сценарийде назар аударуға тұрар маңызды тұстар.
Эрик Берн бойынша өмірлік сценарийдің типтері (түрлері)
* Жеңімпаздың сценарийі;
* Жеңілгеннің сценарийі;
* Орташа сценарий.
Жеңімпаз деген не? Қазақ тілінде жеңімпаз деген біреуді жеңу, бірдемені жеңу, күресіп жеңіске жетуді білдіреді. Бұл дұрыс сөз емес, дегенмен осы сөзді қолдануға тура келеді. Алайда, жеңімпаз сценарийін бақытты адамның сценарийі деген дұрыс болар еді. Бұл өз өміріне риза адамның сценарийі. Мұндай адамдардың жеңіл өмір сүретіні соншалық, оларға күресудің тіпті қажеті жоқ. Жағдаяттармен де, басқа адамдармен де, жақын немесе алыс адамдармен де. Мұндай адам өзі өмір сүретін тіршілікте үйлесімді, шат-шадыман ғұмыр кешеді. Адам өмір үдерісіне де, өмір нәтижесіне де риза. Мұндай адам дүниеден өтер кезде де жеңіл кетеді. Мен лайықты өмір сүрдім, еш алаңсыз өлуіме болады дейді. 
Қарама-қарсы нұсқа – жеңілгеннің сценарийі. Оны кейде бақа сценарийі, жолы болмағанның сценарийі деп те атайды. Мұндай адамдар әдетте өмірге, өмірдің үдерісіне де, оның нәтижесіне де риза емес. Жеңілгеннің сценарийі бар кәрі адамнан "Егер сіз балалық шағыңызға немесе өмірдің қалаған бір белесіне қайтып оралсаңыз, өміріңізде бірдемені өзгерткіңіз келе ме?” деп сұрасаңыз, ол: "Әрине, міндетті түрде, бәрін өзгерткен болар едім, бәрін басқаша істер едім” деп жауап береді. 
Әрине, мұндай адамдар бақытсыз ғұмыр кешеді. Әдетте айналасындағыларға, өз туыстарына, жұмысына, елге, ел басшысына шағым айтады. Негізінен олар ас үйде жиналып, бір сценарий бойынша әңгімелеседі. "Халің қалай?” деген кезде "О, бізде жұмысымызда масқара болды. Бастығымыз ауысты. Бұл елде жақсы өмір сүру мүмкін емес. Жаңадан дағдарыс толқыны келе жатыр” дейді және с.с айтады. Яғни, әрқашан сыртқы себептерді табуға болады. 
Шын мәнінде мұндай адамдардың өздері жеңілгеннің сценарийінде өмір сүреді. Мұны өздері ойлап тапты. Енді бұларды саналы ұқпай, өз өмірлеріне енгізеді. Мұндай адамдар достарының тарапынан болған кез келген өзгерістерге қарсылық көрсетеді. Егер мұндай танысыңыз болса, ол ұдайы өмірге шағым айтады. Егер оның көзін басқаға жеткізуге тырыссаңыз, мысалы: "Ертең саған бақытты күн жасайық. Таңертең біз анда барамыз, одан соң саябақта қыдырамыз, одан соң кино көреміз. Кешкісін кафеде отырамыз” деп сол адамға бір күндік бағдарлама жазып беріп, оны толықтай өз қамқорлығыңызға алсаңыз, әдетте бұған жауап ретінде сылтау естисіз: "Бірдеңе біздің ойлағанымыздай болмайды. Дұрысы, менің үйде отырғаным жөн. Ауа райы бұзылады, фильм ұнамайды, орын жетпей қалады” және с.с. айтады. Мұндай адамдар шынымен "Бұдан да жаман болуы мүмкін” нұсқасында өмір сүреді. Сондықтан жұлқынудың қажет жоқ деп есептейді. 
Орташа сценарийдің критерийі әдетте "жолақ” өмір. "Жолақ” өмір ақ және қара жолақ болатынын аңғартады. Оның өлшемі, бағытталуы тек ойын ғана. Ақ "жолақтың” бойымен ұдайы жүру бұл қулық. Дұрыс нұсқа "жолақтық” өмір болмаған кез, яғни бір ғана позитивті, бақытты өмірге бағытталу. Өмірлік сценарийді адамның өзі дұрыс шешім қабылдап өзгертуі керек. Сценарийді қайтадан жақсы етіп жазу қажет. Барлық адам бақытты өмір сүру үшін, жеңімпаз сценарийінде болу үшін дүниеге келген. Бар адамның бақытты өмір сүруге құқығы бар. Мұны трансакттық талдау бойынша мықты маманмен бірлесе отырып жасаған жөн. Алайда, қазақтардың психологтарға барып күйзелісін жеңу бойынша кеңес алуы өкінішке орай әлі дәстүрге кеңірек енбеген. 
Кейбір адамдарға үш жасында жақсы жағдай сәйкес келеді. Дегенмен, адамдардың көбісінде бұлай болмайды. Мәселен, бір жұмыртқадан өнген егіздер бір жағдайдың, тәрбиенің бірдей болғанына қарамастан, әртүрлі өмір сүреді. Бірінің өмірі позитивті, ал екіншісінікі позитивке онша келе бермейді. Ұлы ақын Мұқағали Берннің кім екенін және оның ілімінің не екенін білмесе де өмірлік сценарий және өмірлік позициялар туралы өз ойын білдірген. "Жеңімпаз” сценарийі Мұқағалиша "Мықты”, "Жеңілген” сценарийі "Осал”, ал Берн де, Мұқағали да "Орташа”. Міне, трансакттық талдаудағы өмір сценарийінің қысқаша мазмұны осындай.  

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,
дәрігер-психолог. 
ТАНЫМ 15 ақпан 2014 г. 3 660 0